ТІЛДЕР ОНКҮНДІГІ

Қазақстан халқы тілдерінің ХХ республикалық фестивалі және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру шеңберінде Павлодар облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен жарияланған «Тілдер онкүндігі» «Шаңырақ» концерттік залында тілді кеңінен насихаттап, халық санасын серпілтуді және әр ұлттың ерекшелігі мен құндылығын көрсетуді мақсат ететін «Тіл – достық құралы» концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Алайда, Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан 100-ден астам этностардың бұл бағыттағы жетістіктерін бір күндік концерттік бағдарлама шеңберіне сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан жоғарыда аталған «Тілдер онкүндігі» шеңберінде өңіріміздегі қалалар мен аудандарда бірлік пен келісімді білдіретін шаралар аясында өнер шеберлерінің концерттері, тілдерді меңгеру бойынша конкурс­тар, дөңгелек үстел мен тіл апталықтары, фестивальдер ұйымдастырылды.
Ана сүті арқылы бойға дарыған тіл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ол байланыс құралы ғана емес, тарихымыздың ажырамас бөлігі, діліміздің тірегі, мәдениет пен әдебиеттің биік тұғыры болып саналады. Осы мақсатта жыл сайын бұл мереке Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстарды мәдени-рухани қолдау бағытында аясы кеңіп, алар асуын айқындаған игі шара ретінде биыл Қазақстан бойынша 20-шы рет өткізілуде.
Мерекелік шара барысында шақырылған қонақтар үшін қазақ ұлттық аспаптар ансамблінің орындауында қазақ әуендері шырқалып тұрса, фойеде этномәдени бірлестіктерінің қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарламаның ашылу салтанатының алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары М.Бегентаев алып, ұлтаралық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңызына тоқталып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Аталған іс-шараға этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, өңіріміздің тіл жанашырлары, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мекеме және ұйым басшылары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, барлығы 300-ге жуық адам қатысты.
Этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама аясында көрермендерді өз өнерлерімен тамсандырып, ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.