Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Журналистика факультетінің деканы: ҚАРҚАРАНЫҢ ӘР ТАСЫ ТҰНҒАН ТАРИХ…

– Сағатбек аға, кезінде «Ана тілі» ұлт апталығында еңбек етіп жүргеніңізде осы газетке «Қарқара» деген ғылыми-танымдық мақалаңыздың жарық көргені есімде…
– Туған, өскен жерімнің атауы мені бала күннен қызықтырған. «Қар­қара» деген сөз «не мағына береді екен» деп сан ойланғанмын. Іздей келе бел­гілі бір деңгейде жауап тапқандай бол­ғанмын. Сонсоң «Қарқара» деген сөзге қатысты аңыз, әңгімелерді жи­нақтап, «фольклорлық барлау» деген тақырыппен бердім. «Қарқара» деп аталатын тұрмысымызда пайдаланылатын жабдықтар мен жасаулардың, киім кешектердің, саймандар мен құралдардың суретін сызып, оларды «этнографиялық байыптау» деп ұсындым. «Қарқара» деп аталатын жер-су аттарын жинақтай келе «географиялық шарлау» деп кірістірдім. «Қарқара» деп аталатын кісі есімдеріне қатысты деректерді «этнонимдік аңдау» деп топтастырып бердім.Ең қызығы – осы сөздің қайдан шыққаны және қандай мағына беретіні болды. Оны «этимологиялық талдау» деп енгіздім.Ол мақала 1995 жылдары жарық көрген. Бірақ мен сол жариялаудан кейін тоқтап қалған жоқпын, әлі де іздеу үстіндемін. Тұтас бір энциклопедиялық жинаққа жүк болатын деректер жинақталды. Жариялау алдағы күндердің еншісінде. Тек әлі де байқасам «Қарқара» деген сөздің халықаралық аясы ауқымды екен. Грузиндер құмыраны «қарқара» дейді екен. Оларда «Каркарашвили» деген фамилиясы бар тарихи тұлғалар бар. Бізде де осы күнде «Қарқара» есімді қыз-келіншектер кездеседі. Ауғанстанда бір электр стансасының аты – «Каркара», Израйльдің әскери қару-жарақтарының құрамында «Каркара» деген танк бар. Әзірбайжан жерінде «Қарқара» деп аталатын ежелгі қала орнына археологиялық қазба жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Испанияда «Каркара» деген елді мекен бар. Демек, өз жеріміздегі Қарқара деп аталатын бұл мекен – Елбасы меңзеген Қазақстаннның киелі жерлерінің қатарына кіруге толық айғағы бар жер.
– Осы Қарқарада болған ұлт-азаттық көтеріліс туралы да үнемі жазып, жариялап келесіз. Ұмытпасам, бұрын «орыстарға қарсы оқ атылған», «реакциялық характері бар», «кедей табының емес, бай-манаптардың, болыстардың бүлігі» деп кеңестік саясат зерттетпей келген тың тақырыпқа түрен салып, 1986 жылы «Қарқарадағы көтеріліс» деген көлемді мақала жарияладыңыз. Содан кейін-ақ, ғылыми санаға жаңа серпін келіп, сол азаттық үшін күрес ошағы – Қарқара көтерілісі туралы ғалымдар тарапынан үнемі айтыла бастады..
– Кеңестік тарих осы көтеріліс туралы ештеңе айтпады деу – қате. Кеңестік тарих бұл көтерілісті кеңестік идеология тұрғысынан зерттеді де, өздеріне тиімді жақтарын ұтымды пайдалануға тырысты.Қазақ тарихшылары оның ұлттық мәні туралы айтуға тырысып та бақты, бірақ солақай саясат айтқызбады.
1985 жылы сәуір айынан басталған «жариялылық», «пікір еркіндігі» деген ұрандардың аясында талай-талай тарихи шындық айтыла бастады.Солардың бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы ақиқаттар еді.
Мен де осы көтеріліске байланыс­ты мақала жазу ниетімен Қазақ КСР Мемлекеттік орталық мұрағатына бардым. Ұлты қазақ емес бөлім бастығы: «Бұл – клерикалды топтардың орыс халқына жасаған бұзақылық әрекеті. Оның реакциялық сипаты басым, жазуға болмайды» деп шығарып салды. Екінші рет облыстық мұрағат бастығының рұқсатымен қолыма берілген құжаттарды қарап шықтым.Тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейісов ағаның жеке кітапханасынан «Орта Азия және Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс құжаттары» деген жинақты ақтардым. Солардан табылған деректер негізінде жазылған көлемді мақалам «Қарқарадағы көтеріліс» деген атпен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне 1986 жылы жарияланды. Айтайын дегенім, осы жылдарға дейін 1916 жылғы көтеріліс туралы шындығында ақиқаты деректерге негізделген мардымды ештеңе айтыла да, жазыла да қоймаған-ды. Тарих пәні оқулықтарынан оқитынымыз тек Амангелді Иманов көтерілісі еді. Онда да ол уақыт жағынан Қазан төңкерісіне жалғасқаннан кейін ғана революция ошағының бірі ретінде қарастырылды. Бекболат Әшекеев бастаған көтерілісті әдебиет пәнінен Иса Дәукебаевтың поэмасы бойынша ғана білетінбіз. Ал Қарқарада болған ұлт-азаттық көтеріліс туралы бір ауыз сөз айтылмайтын. Бұл көтерілісті кеңес үкіметі әдейі жабық тақырыпқа айналдырып жіберді. Оның мынандай саяси астары бар еді: біріншіден, бұл көтеріліс бір Албан тайпасының ғана көтерілісі болып қалған жоқ. Оның дүмпуі бүкіл қазақ даласын шарпыды. Жер-жерде патшаға қарсылықтар көбейді. Бүкіл қазақты бір ұран астына топтастырған азаттық көтеріліс тұтанды. Бұл көтеріліс тек қазақтың ғана емес, жалпы Кіндік Азияны мекендейтін «бұратана» ұлттардың да санасына қозғау салды. Барлығы да Патшалық Ресей жүргізіп отырған отар­лау саясатына қарсы көтерілді. Егер бұл туралы шындық айтылса, отар елдің тарихи жады тіріліп, ұлттық рухы оянар еді. Ұлттардың оянуы кеңес өкіметіне керексіз-тұғын, өйткені кеңес өкіметі жаппай орыстандыруды одан сайын үдете жүргізіп жатқан болатын. Екіншіден, көтеріліс орыс ұлты өкілдері тарапынан аяусыз басып-жаншылды. Ресейден азып-тозып келген мұжықтар қазақтың жерін иеленіп, қазақтан малшы, жалшы, күң ұстап, ұрты майланып шыға келген еді. Олар да қазақ көтерілісін басып-жаншуға патшалық казак-орыстарға жәрдемші болды. Өйткені Жетісу облысына көшіп келген 210 славян келімсекті генерал-губернатор Фольбаум астыртын түрде жергілікті қазақтарға қарсы мұздай қаруландырған-ды. Кілең славяндардан тұратын патша әскері көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамай, көзіне көрінген қазақты атты, шапты, асты, тонады, зорлады, қорлады… Мұның бәрінің дәлелі ел жадында да, мұрағат құжаттарында да бар. Дерек келтірейін: Қарқара жәрмеңкесіне кіреберістегі жерде 8 адамды қылышпен шапқылап өлтірген. Бір жүкті әйелді қолтығының астынан шауып, ішіндегі баласын ақтарып тастаған (Сыбантай Баянбаев естелігінен). Поселкеден қашқан орыстар қазақтарды өлтіріп, Төте деген асуда жерге шаншыған ағашқа таңып кеткен (Іргебай Дәлденбайұлының естелігінен. Қазақстан ОМА.427 қор, бір-тізбе, 158-іс). Асы жайлауында жүздеген киіз үйді сықырлауығын сыртынан жауып, ішіндегі бала-шағасына қарамай өртеп жіберген. Осылайша, патша әскері қазақтардың жек көру, жирену психологиясын қалыптастырды. Егер Қарқара көтерілісінің тарихи шындығы ашылса, ол ең әуелі қазақтың баяғы ескі кегін, баяғы жек көру пиғылын қайта оятар еді.
Сондағы кектің ең үлкені Жердің қайтарылуына, Елдің саяси азаттық алуы­на қатысты тұтанар еді. Сондықтан да кеңестік тарих ғылымы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы айтуға құлықты болмады.
– Сіз сол көтеріліс туралы бала күннен талай әңгіме естіген де шығарсыз…
– 1916 жылы дүниені дүр сілкіндірген ұлт-азаттық көтерілістің қанды ошағы – қасиетті Қарқара. Онда менің сол көте­ріліске қатысқан Сабырбек, Мамырбек, Білісбек аталарымның, Рахмахан, Әниқа, Сейіп әжелерімнің сүйегі жатыр. Бала күннен сол аталарымыздан, әжелерімізден естіген қырғында оқиға туралы әңгімелерді 1976 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған Серке Қожамқұловтың (жазушы Бексұлтан Нұржекеев әзірлеген) «Ереуілтөбе» деген естелігі толықтыра түсті. Одан кейін Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесіне құнды деректер берген Оқан Жолдас­байұлы ақсақалдың айтқандары көзімді ашты. Коммунист қарттар білсе де білмеген болып, сол кездегі саясаттың ауанымен сөйлесе, бүкіл ауыл сыйлайтын Оқан ақсақал мен атам Сабырбектің тарихи шындықты бүкпесіз айтқанына кейін мұрағат құжаттары мен ғылыми-зерттеулер арқылы толық көзім жетіп, арқам шымырлады. «Қилы заманды» қайта-қайта оқып, ұлы Мұхаңның аруағының алдында басымды идім. Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу уезі» және «Жетісуды орыс алуы» тарихи-этнографиялық һәм әдеби зерттеу жазбаларымен танысып, «Ілияс ағаға бүгінгі ұрпақтар жиналып Қарқара төріне алтыннан ескерткіш қойса, артық емес» деген ойға қалдым. «Қарқара көтерілісі туралы әңгімеге жас кезіңізден құлақ құрышыңыз қанған болар» деп ойларсыз. Жоқ, құлағымның құрышы қанбай қалды. Аталарым айтқан әңгімелерді мен кеңестік кесік құлақпен тындадым. Әжемнің әңгімесінің соңын «Біз бесеуміз, бесеуміз, бес тармақты ұл-қызбыз» деген тақпақ басып кететін. Атам жарықтықтың:
«Менім атым– Шалтабай,
Асылдан соққан балтадай,
Шалтабайдай жалғызды
Кім іздеп барып қайтады-ай» деген өлеңін жүре тыңдап, «Біз – пионер, біз– ертеңгі, Ерлеріміз ұлы істің, Орындаймыз «оқы» деген, Өсиетін Ильичтің» деген әнді бар даусыммен мақтана айттым.
«Жасасын, мына сәбет жасатады,
Қорасын мың қойлының босатады.
Тақырға қалқоз, сапқоз құрып алып,
Тасадан байға кедей тас атады» деген Рыскелді ақынның өлеңін әкем ішек-сілесі қата айтып отырғанда, мен ішімнен «Алға, комсомол, туың қолыңда, алға комсомол, жеңіс жолында!» деп күбірлеп тұрдым…
Мұның бәрін неге еске алып отырмын? Мұнда бір заңдылық бар. Анау Сабырбек атам Шалтабайды еске алады. Неге? Өйткені Шалтабай – патшаға қарсы шыққан батыр. Шалтабай өзіне дейінгі Тазабек, Саурықтардың ісін жалғастырып, Колпаковскийдің әскерімен соғысқан. Менің атам оның азаттық үшін жасаған ерлік істері мен серілік мінезін аңсап отыр. Әкем Медеубек болса, кемелденген социализм тұсында бұрын кеңеске қарсы айтылған өлеңді айтып, мысқылдайды. Неге? Өйткені кеңес өкіметінің келеңсіз істерін көңіліне жатқыза алмайды. Жатқыза алмайтыны – билік етушілердің біліксіз қылығын қабылдамау, әділетті болмаса, қарсы шығу – иілгенге иіліп, шіренгенге шіренген біздің елде атадан балаға сабақтасып келе жатқан үрдіс екен. Қараңызшы, 1916 жылғы көтерілісті бастаған ел көсемдері Жәмеңке де, Ұзақ та, Әубәкір де, менің атам Оразай Қожакелдіұлы да – патшалық сайлау ережесі бойынша болыс болып сайланғандар. Демек, олар патшалық Ресейдің мемлекеттік қызметкерлері еді. Бірақ олар өздерін патшаның емес, әуелі халықтың қызметшісіміз деп түсінді. Оның үстіне бұлар кешегі орыс отаршылдығына қарсы күресіп өткен Пұсырман, Тазабек, Саурық, Іліпбай, Солтанбек, Алпар, Шалтабайлардың күрескерлік ісін көзімен көріп, көңіліне түйген ұрпақтары еді. Олардың қанында азаттық, бостандық рухы тулап жатты. Сол азаттық үшін күрес рухы әділдік, теңдік бұзылған сәтте атойлап алға шықты. Патша ағзамның қайсар қазақты орыстың мүжілген мұжығы құрлы көрмегеніне қорланды да, қолына қару алды, казак-орысқа өзгелерден бұрын тарпа бас салды.
– Осы оқиғаға арнап 1926 қойылған екерткіш туралы 1980 жылы, ол кезде бірінші курс студентісіз, «Қазақ әдебиетіне» «Мың сыр тұнған бір төбе» деген мақала жариялағаныңызды білеміз…
– Әскерден келген соң Алла жар болып оқуға түстім. Ауылға келген сайын кеңшар директорына міндетті түрде кіріп шығамын. Сер-ағаңның 1976 жылы «Жұлдыз» журналында айтқан Ереуілтөбе туралы аманатын жеткіземін. «Жақсы екен, аудан басшылығына жеткіземін» деді марқұм Кеңесжан Әлиев. «Қолға аламыз» деді одан кейінгі директор Ізбасар Есбергенов. «Мынау жүзеге асырылуға тиіс іс екен» деді одан кейінгі директор Бексырға Данышпанов. 1980 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жаңа сен еске салған «Мың сыр тұнған бір төбе» деген мақалам шықты. Жұрт Қарқара жайлауында ұлт-азаттық көтеріліске 1926 жылы ескерткіш орнатылғанын, ол ескерткіш Ереуілтөбе деп аталғанын да, соны қорғау керек екенін де білді. Бірақ үстел басында отырғандар бел шешіп кірісіп кете алмады. Қаракемердегі суретші ұстазым Яхия Исақов аға: «Байқа, сол көтеріліске ескерткіш орнатқаны үшін «орыстарға қарсы көтеріліске шыққан байларды жақтады, соларға ескерткіш орнатты» деп Ораздарға кінә тағылған заман болған» деді. Ораз, Ыдырыс, Әубәкірлер ақталғалы қашан! Ал Ереуілтөбе ақталмапты! Өйткені 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің «реакциялық характері» бар екен. «Қазақтар орыстарға қарсы көтеріліс» жасапты! Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманының» дер кезінде жарық көрмей, авторының басына қара бұлт төнгені де содан екен! Одан бері де қанша су ақты. Қанша таң атты!
«Қазақ әде­биетіне» Бексұлтан Нұржекеев аға­мыздың «Тарихи төбе» деген мақа­ласы жарық көрді. Бұл мәселеге жазушы Тұрсын Жұртбаев та өз үнін қосты. Ұлт-азаттық қозғалыс, әсіресе Қарқара көтерілісі туралы басқа пікір айтқандардың Ереуілтөбені ауызға алмағаны кемде-кем. Осылайша, қоғамдық пікірдің қалып­тасуынан кейін ғана Кеген ауданының коммунист басшылары іске кірісті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ескерткіш қойылды. Ол ескерткіш нағыз Ереуілтөбенің үстіне емес, басқа төбеге орнатылды. «Ереуілтөбе осы» дегенге жұрт нана қоймады. Өйткені бұл төбенің басында, не айналасында, баурайында, тым болмаса етегінде кешегі 1926 жылы бүкіл халық екі қабат үйдің биіктігіндей етіп үйген тастардың бірде-бірі жоқ еді. Шығысындағы Желқарқара да, батысындағы Басқарқара да алыс. Жаяу-жалпы да, арбамен де, қоржынға салып бөктеріп те тас тасуға тым шалғай еді. Осындай күмәнді төбеге қойылған ескерткіштің тақтасына «Тасүйік» деп дүдәмал атау жазылды. Аудандық коммунистер «реакциялық характері бар көтеріліске ескерткіш қойды» дей ме деп облыстық коммунистерден жасқанса керек. Бірақ «бұл төбенің аты «Тасүйік» емес!» деп дабыл қақанымыздан кейін, жоғары жақ нұсқау беріп, көп ұзамай ескерткіштің аты өзгертілді, «Ереуілтөбе» делінді. Ескерткіш 1996 жылы қайта жаңғыр­тылды. Жаңғырту жұмыстарын және мәрмәр тастан қашап сом ескерткішті қайта тұрғызуды кәсіпкер Рысбек Тұңғатаров бастаған жігіттер атқарды. 2006 жылы осы жерде көтерілістің 90 жылдығы атап өтілді. Ескерткіш айналасы қоршалды, шыршалар отырғызылды. Тағы да жақсарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды кәсіпкер Болсынбек Тұрғынов бастаған жігіт­тер жүзеге асырды. Көтерілістің 100 жылдығының қарсаңында қайраткер азамат Жанболат Жөргенбаевтың бастауымен сол кездегі ауыл әкімі Кеңес Күнесбаев қоштап, жергілікті тұрғындардың күш біріктіруімен бұл мемориал тағы жа жаңғыртылып, жаңартылып, айналасы бұрынғыдан да абаттандырылып, мұражай толықтырылды. Бәрібір нағыз Ереуіл­төбенің қайда жатқанын білетін бұқараның жүрегіне жаңа Ереуілтөбе бірден орныға алмады.
Сер-ағаңдардың аманатын білетін менің санам өзін-өзі былай деп сабырға шақырды: Қарқара жазығында жатқан кез келген төбенің басына белгі қойып, «мұнда 1916 жылы болған қырғынның құрбандары жатыр» деп жазып қойса, еш артық болмайды. Өйткені Фон Берг деген қанішер бастаған 23 солдаттан құралған жазалаушы отряд үш күннің ішінде Қарақолдан Текес өзеніне дейін 1110 қазақты атып, асып, шауып, өртеп өлтіргенін мақтанышпен жазып қалдырған. Ал Иванов деген қанішер бастаған отрядтың қырғыны бұдан да асып түскен. Өлген адамдардың сүйегін кім арулап жерге тапсырды дейсіз?! Сол Қарқара жазығында қалған жоқ па көмусіз… Ендеше, бүкіл Қарқара жазығы тұтасымен ұлт-азаттық көтерілістің ордасы және сол жолда шейіт болғандардың сүйегі жатқан киелі жер ретінде тәу етуге тұрарлық. Қарқараның рухани жаңғыру жағдайында Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына жатуына дәлел болар айғақтың бірі осы.
– Өзіңіз еңбек етіп жүрген жылдары «Ана тілінде» Сіз жариялаған «Сырмақ шерткен сыр» деген мақалаңызды ғалымдар Американың беделді университетінде дәріс оқығанда пайдаланғанын, сонда шетелдіктердің біздің халықтың оюмен ой айта алатындығына таңғалғанын журналист Раушан Молдахметқызының сұхбатынан оқып қалдым…
– Ел кезіп жүргенде кірген үйімнің еденінде жатқан текемет я сырмақтың, керегесіндегі тұскиіздің, басқа да заттар бетіндегі оюлардың бұрын өзіме кездес­пеген үлгілерін дереу қағазға түсіріп, сол жерде ойып алатын әдетім бар. 1990 жылдары «Өнер» баспасында редактор болып жүргенімде мені Ресейдегі Таулы Алтай қазақтарының арасында ұлттық өнерді насихаттайтын үлкен шара ұйымдастырып қайту үшін іссапарға жіберді. Бірінші барған үйім Қосағаш аудандық атқару комитетінің төрағасы Оралхан Бапинов деген азаматтікі еді. Есіктің алдына аяқкиім шешер жерге төселген кішігірім сырмақты көріп аңтарылып қалдым. Табаныммен басарымды не баспасымды білмей, аяқкиімімді сырмақтан алыстау жерге шешіп есік аштым. Япыр-ау, «орыстанып кеткен» деген жердегі ою мен өрнектердің көздің жауын алардай айшықты нұсқаларына қарап аң-таңмын. Есіктен төрге дейін ою мен өрнек салынған сырмақ, текемет, киіз, төсеніш, төр көрпе, тұскиіз өзіндік мәнерімен тартымды-ақ. Мен осы үйдің отанасына разы болдым, «не деген шебер адам» деп сүйсіндім. Көңіліме ерекше әсер еткен сырмақтың бетіндегі оюдың қағаз үлгісін жасап алдым. Бұл үйден көргендерім ою мен өрнектің шеті ғана екен. Қосағашта әр үй осылай безендіріледі екен. Бірінен бірі өтеді. Сөйтсем, тіл мен дін жойылып бара жатқан соң, қазақтар саналы түрде тым болмаса қол өнеріміз жойылмасын деп сырмақ сыру, текемет басу, көрпе тігу, киіз басуды үзілмес салтқа, айнымас дәстүрге айналдырған. Бойжеткен қыз өз жасауын өзі жасайды екен. Оны бүкіл ауыл арнайы сарапқа салып, бағалайды екен. Қыз жасауының өзара бәсекесі қалыптасқан. Ал енді киіз үй ішінің жасау жабдығы кешегі ғасырлардан жеткен үрдіс бойынша безендіріледі. Сол сапарда Оралхан ағайдың үйіндегі Зина жеңгей сырған сырмақтың әлгі үлгісін үйге келген соң үлкен етіп қайта ойдым. Ойдым да ойға қалдым. Мына иірімдер мен қайырымдарда, оюдың түрінде, жиегінде, өрісінде бір бейнелер елестегендей болды. Сол елестерді жан-жануарлармен салыс­тырып көрдім. Көбі ұқсайды екен. Сөйтіп, қиялыма қиял қосылып, шағын ертегі дүниеге келді.
Ер адамның ою оюы әлдекімдерге тосын көрінуі мүмкін. Тосырқаудың қажеті жоқ. Ол – біздің төл өнеріміз. Арғы Балуан Шолақ бабамыз да, бергі Бауыржан Момышұлы атамыз да ою ойған. Тіпті, бұрын әр қазақ ою ойған ба деп қаласың. Себебі ағашты оймыш­та­ған, тасты бә­діз­деген, темірді ше­кімелеген, те­ріні батыр­ма­лаған әр шебер оя білмесе жа­са­ған бұйымын қалай безендіре алады. Біз оюды сән­дік үшін ғана емес, бір-бірі­мізбен ақпарат алмасу үшін де пайдаланғанбыз. Бірақ оюға қарап ой оқитын қабілетімізден кеңестік тоталитарлық жүйе ажыратып жіберді. Десе де, соңғы жылдары жастардың ұлттық ою-өрнегімізге ден қойып келе жатқаны қуантады. Киген киімдеріне, ұстаған бұйымдарына ұлттық ою нақыштарын қосуды сәнге айналдыруда. Ою – иірімінде ұлттық кодымыз жатқан тарихи тылсым құндылық. Сондықтан да оны бағалау арқылы ұлттық кодтарымыздың оянуына ықпал етеміз..
– Сізді ана жылдары домбыра жинайды деп естіп ек… Оған қоса «Ана тілі» газетінде «Ал, қолыма тидің бе, қарағайым…», одан кейін «Қыл­қобызға жағады қарағайдың шайырын…» де­ген ғылыми та­нымдық мақа­ла­ларыңыз да жарық көрген. Екеуі де ұлттық му­зыка аспаптары туралы болатын…
– Бала күннен домбыра ұстап өстім ғой. Атам Сабырбек те, әкем Медеубек те домбыра тартады. Оларға еліктеп мен де домбыра тартып үйрендім. 3-сыныпта алғаш домбырамен сахнаға шықтым. Есбол ұстазымыз ұймдастырған 60 адамнан тұратын мектеп оркестрінің мүшесі болдым. Сонда мені қызықтыратын бір сұрақ бар еді. «Осы екі ішектен осынша дыбыс қалай шығады?» Құпиясын білгім-ақ келетін. Әрине, физикадан заттардың дыбыс өткізгіштік мүмкіндігін оқығанбыз. Акустика заңдылықтарынан там-тұм хабар алғанбыз. Ал енді мына аспаптың сыры неде екенін білуге деген құштарлық кейін өзіме домбыра жасап көруге итермеледі. Сатыш Кенжеғараев деген аспап жасаушы шебермен бірге ақылдаса отырып домбыра жасадым. Талай домбыра жасаушы шеберлермен таныстым. Ақыры мен домбыраның әр бөлшегін жеке-жеке зерттеп көрдім. Домбыра атауының этимологиясы, домбыраның шығу тарихы, таралуы, типологиясы, жасалуы, жетілдіруі, әр бөлшегінің атауы, атауының этимологиясы, атқаратын қызметі өлшемі, орналасуы, құрастырылуы кәдімгідей зерттеуге тұрарлық болды. Үлгісін өз қолыммен сызып шықтым. Сөйтіп, 1996 жылы «Домбыра» деген кітап дүниеге келді. Бұл бұған дейін жарық көрген Болат Сарыбаевтың зерттеу кітаптарынан өзгеше болып шықты. Бәлки домбыраның неден, қалай құрастырылуын айтатын алғашқы кітап-ау деймін. Кейін шебер О.Бейсенбекұлымен бірігіп «Сазды аспаптар сыры» деген кітап шығардық.Қазір тек домбыра емес, барлық аспаптарды аспаптанушылық және аспапжасаушылық таным тұрғысынан зерттеуді аяқтап қалдым. Енді әл-Фараби бабамыздың «Музыка туралы үлкен кітабындағы» аспаптармен салыстырып одан сайын толықтырмақпын. Ал енді домбыра жинау мәселесіне келсек. Ол істі бастағаныммен жалғастыра алмадым. Оның да әртүрлі себептері бар. Екі домбыра туралы айырықша айта кеткім келеді. Бірі – Қапез Байғабылұлы ұстаған қалақ домбыра. Оны бетқақпағы жоқ күйінше ел ішінен тауып аспап жасаушы шеберлерге берген едім. Өтпелі кезең жылдары бір-бірімізден адасып қалдық. Ол домбыраның тағдыры не күйде екенін білмеймін.Бірақ сызба үлгісін жоғарыда айтқан «Домбыра» деген кітабыма енгізген едім. Соған қарап отырып қайта жасатсам ба деймін. Екіншісі – бір өзі жеті-сегіз қиссаны жадына сақтап, кейінгіге жеткізген жалаңаштық Нұрақын Қасымбекұлы деген жыршының өз қолымен шауып жасаған домбырасы. Ол балам Мақсаттың «Әлем халықтарының музыка аспаптары» деген коллекциясының құрамында.
– Жуырда біздің газетте «Аятхан»деген эссеңіз жарияланды. Онда Жетісудағы күйшілік-домбырашылық дәстүрді биікке көтерген Мергенбай мектебінің кейінгі өкілдерінің бірі – Аятхан Омарханұлы туралы оқушы кезіңізде өзіңіз куә болған оқиға желісі бойынша талай мәселе айтыпсыз. Айтыңызшы, ұлттық музыкатану ғылымы мен білімінің ақтаңдақ беттерін толтыруға бірден-бір негіз болған «Жетісудың күйлері» және «Жетісу әуендері» атты екі том академиялық жинақтың дүниеге келуіне Сіздің домбыраға құштарлығыңыз себеп болды ма әлде басқа да мәселелер ықпал етті ме?
– Әрине. Сәби кезімнен атамның, әкемнің тартқандарынан құлағыма сіңісті болған күйлерді радиодан естімейтінмін. Оқушы кезімде аруағынан айналайын академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» деген кітаптарын жата-жастана оқитынмын. Ондағы күйші-композиторлардың, әнші-композиторлардың өміріне қатысты қызықты оқиғаларды ауызашарда, соғымбасын бергенде жиналғандардың алдында айта отырып орындап та беретінмін. Ондағы кейіпкерлердің әндері мен күйлері радиодан жиі орындалып жататын. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттің ұлт аспаптары оркестрінің орындауындағы «Қазақ күйлерінің антологиясы» деген плас­тинкалар топтамасынан да құлағымның құрышы қанғанша тыңдайтынмын. Ал енді солардың арасынан отбасында естіп жүрген күйлерді кездестіре алмайтынмын. Оған бала көңіл мән бермейтін де. Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Түркештің, Динаның күйлерін, Ақан серінің, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның, Кененнің әндерін оқушы кезде-ақ үйреніп алғанмын. Маған «атамның, әкемнің тартқан күйлерін оркестр неге орындамайды екен?» деген сұрақтың жауабын ешкім айтқан жоқ. Жауабын кейін өзім таптым. Сөйтсем, Жетісу өлкесінің күйлері мен әндерінің жоқшысы болмаған. Ізделмегеннен кейін, жарияланбаған соң оларды кім елесін, ескерсін. Тіпті ол кезде «қазақтың күйі Батыста, әні Арқада, айтысы Жетісуда дамыған» деген біржақты пікірлер қалыптасып қалған еді. 1988 жылдан «халық жауы» болып кеткен арыстар ақтала бастағанда мен де Майлы Ормановты, Қапез Байғабыловты, Әбен Атамқұловты іздеуге шыққанмын. Сөйтіп, Қапездің әндері табылды. Оларды ел ішінен үйреніп келіп талантты әнші, танымы терең зерттеуші қыршын кеткен Ғалымжан Досанұлына үйреттім. Ол Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклор кабинетіне жаздырды, әр жерде өзі де орындай бастады. Ал Қапез әндерінің бүкіл қазаққа мәшһүр болуына дарынды, қайраткер әнші Рамазан Стамғазиев ерекше еңбек сіңірді. 1990 жылдан бастап шындап ел аралауға кірістім. 1995 жылы ғалым Тоқтар Әлібек, әнші Ғалымжан Досанұлы үшеуміз арнайы оператор және көлік жалдап, фольклорлық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырдық.Экспедияция бір айға созылды. Келе сала ұстазым, қазақ фольклортану ғылымының қара нары Рахманқұл аға басқаратын қалалық М. Әуезов атындағы Халық университетінде «Айтылмай жүрген ақындар мен әншілер» атты дәріс-концерт өткіздік. Одан кейін қала зиялылары көп қатысқан «Қайта оралған Қарқара саздары» атты ашық дәріс-концерт өткіздік. Оған сексеннен асқан Ыбырайымхан Мергенбайұлы, жетпісті алқымдаған Омархан Керім­құлұлы, алпысқа үзеңгі артқан Сауқынбек Шаханұлы, елуді еңсерген Ермұрат Үсенов, қырықтың қырқасына шыққан Базаралы Мүптекеев, отызда орда бүзған Керім Елемес секілді күйші-домбырашылар қатысып, атадан балаға сабақтастығы үзілмеген күйшілік-домбырашылық дәстүрдің бірнеше мектебінің бар екенін дәлелдедік. Осындай қоғамдық мойындатулардан кейін жинаған мұраларды жеке-жеке кітап етіп шығару күн тәртібіне қойылды. Оған бірден-бір бастамашы болған Рахманқұл Бердібаев еді. «Өнер» баспасынан сол дәріске қатысқан Бас редактор Тұрлыбек Мамасейітов: «Кітап етіп шығаруды біз мойнымызға аламыз!» деді. Сөйтіп, кітап дайындауға кірісіп кеттік. Менің бағыма қарай Қожеке мұраларынан диплом қорғаймын деп жаяу-жалпы ел кезіп, күй жинап жүрген талантты музыкант, домбырашы Базаралы Мүптекеұлы екеуміздің арман-мұратымыз бір болып шықты. Алты ай біздің үйде бар жиған-тергендерімізді күні-түні отырып хатқа түсірумен айналыстық. Базкеңді құрдастарым «Сағатбектің тұңғышы» атап кетті. О кезде ол бойдақ болатын. Осы жерде айырықша айта кететінім – егер Базаралы жолықпаса ол кітаптар шықпас еді. Өйткені ол музыкатанудың теориясын жетік білетінімен танылғаны өз алдына, бір естігенін бірден жадына сақтап ала қоятын құймақұлақтығымен де мені таңғалдырған да сүйсіндірген. Шындығында менің түңғышымдай болып кеткен Базкең марқұмды сағынып жүрмін қазір. Ол Кореяға барып, ғылыми конференцияға қатысып жүрген жерінде аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, ақыры елге келіп көз жұмды. Қазақ деген ұлы халықтың күйшілік және әншілік мұраларының тасқа басылып, хатқа түсіп, тарихта қалуына өлшеусіз үлес қосқан сол Базаралы Мүптекеевтің есімі мәңгі есте қалдыруға тұрарлық деп білемін. Сол екі жинақтың арқасында қазір Қазақстандағы барлық музыкалық оқу орындарында Жетісудің күйшілік-домбырашылық мектептері мен Жетісудың әншілік-орындаушылық мектептері арнайы оқыла бастады.
– Бәрекелді! Сағатбек аға, Сізді жұрт бірде журналист дейді, бірде баспагер-редактор дейді, енді бірі этнограф дейді, кейде ақын деп те жатады. Сазгерлігіңізді де біледі. Ғалымдығыңызды ел мойындаған. Өзіңіздің жан жүрегіңізге осылардың қайсысы жақын?
– Журналист деген ат жаныма жақын. Журналист деп атаса мен кәдімгідей қуанып қаламын. Өйткені ол бала күнгі арманым еді. Сол арманыма өмірімнің соңына дейін адал болсам деп келемін. Егер мен бейнелеу өнеріне жақын болсам, музыка өнеріне ынтық болсам, фольклорды жанымдай жақсы көрсем, қол өнеріне ынтызар болсам, оның бәрі журналист деген мамандыққа сай болуыма қызмет етіп келеді. 7-сыныпта «кім болам?» деген шығармамда «журналист болам» дегенмін. Ұстазым Тұрсынхан Шәлдибекова «журналист жан-жақты болуы керек» деген еді. Сол жан-жақты болуға әлі күнге тырысып келе­мін. Ал ғалымдыққа итермелеп әкелген де сол журналистік қызмет. Өйткені ұстаздарым |Тауман Амандосов та, Темірбек Қожакеев те «журналист таңдаған тақырыбын зерттеп, деректерді барынша анықтап барып жазуы керек» деген болатын. Сол кез келген деректің анық-қанығына жетемін деп жүріп қалай зерттеушілікке түсіп кеткенімді білмей қалдым. Зерттеушілік жетелеп әкеліп ғылымға қосты.

Қараңызшы, 1916 жылғы көтерілісті бастаған ел көсемдері Жәмеңке де, Ұзақ та, Әубәкір де, менің атам Оразай Қожакелдіұлы да – патшалық сайлау ережесі бойынша болыс болып сайланғандар. Демек, олар патшалық Ресейдің мемлекеттік қызметкерлері еді. Бірақ олар өздерін патшаның емес, әуелі халықтың қызметшісіміз деп түсінді. Оның үстіне, бұлар кешегі орыс отаршылдығына қарсы күресіп өткен Пұсырман, Тазабек, Саурық, Іліпбай, Солтанбек, Алпар, Шалтабайлардың күрескерлік ісін көзімен көріп, көңіліне түйген ұрпақтары еді. 

– Ғылымда да Сіз өз жаңалығыңызбен келдіңіз. Түңғыш рет қазақ ауыз әдебие­тіндегі терме жанрын зерттеп кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Соның негізінде «Ақыл. Нақыл. Өсиет» деп аталатын монографияңыз жарық көргелі де біраз уақыт болды. Қазақтың ауызша публицистикасын зерттеу нәтижесінде докторлық диссертация жаздыңыз. Докторлықты қорғап үлгіре алмадыңыз.Қорғап үлгірмеді дегені болмаса, сол зертеулеріңіздің нәтижесін шәкірттеріңіз көріп келеді. «Шешенсөз» деп аталатын оқу құралыңыз, «Замансөз» деген монографияларыңыз жарық көрді. Енді бұлардың жалғасы бола ма?
– Жалғасып келеді. Ғылым – тылсым дүние. Осы қазір «болдым», «біттім» деп айта алмайсыз. Бір ойдың соңын екінші ой іліп әкетеді. Ғылыми жұмыс тақырып таңдаудан, тақырыбыңа қатысты ғылыми еңбектермен танысудан, тақырыбыңа қатысты деректерді іздеуден, табудан, жинаудан басталады. Одан кейін ол деректерді сұрыптау, іріктеу, саралау керек болады. Жинағанды жариялап, болмаса іріктегеніңді жария етіп қана ғалым атанамын деу – жартыкеш ұғым. Саралап, сараптағаныңнан шыққан қорытындыңды, тұжырымыңды дәлелдесең, ол дәлелің жұрттың қажетіне жараса ғана сен ғалы­мсың. Бұл ұзақ үдеріс. Ғылыми сана мәдениеті жоғары қалыптасқан жерде сенің еңбегің еленеді, таза пиғылмен сын айтылады, пікір білдірледі. Сөйтіп, сенің ғылыми бағытыңа демеу береді. Орта үнсіз қалса, демек, сенің еңбегің не елеуге, ескеруге тұрмайтын нәрсе, не болмаса ол ортада ғылыми мәдениет жетілмеген. Ұлтымыздың рухани көсемі, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың «әлеуметке дегенін істету үшін айтылған сөз ауызша болса — шешенсөз, жазбаша болса – көсемсөз» деген тұжырымын ары қарай ғылыми дәлелдеумен келемін. Осы бағытта тілімізде бар осы шешенсөзге қатысты үғымдар мен түсініктерді, атаулар мен аталымдарды ғылыми айналымға қосуға күш салып келемін. Біз айту, айтушы, айташы, айтаман, айтқыш, айтымпаз, айтарман, айтылым, айтар немесе аттан, ұран, ант, серт, уәде, наз, лебіз, лепес, т.б. деген атаулардың астарына көп мән бере бермейміз. Осылардың әрқайсысының айқындамасын жасап, мектеп қабырғасынан бастап ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Өйткені кешегі жазу мен сызу кенжелеп қалған замандарда ата-бабаларымыз ақпараттарды ауызша жеткізу арқылы қоғамдық санаға қозғау салып отырған. Біз осы дәстүрімізді қайта қалпына келтіру арқылы ұлттық кодымыздың тағы бір нүктесін іске қосамыз. Осы шешенсөзді зерттеу барысында қоғамдық санаға қозғау салу тек айтумен немесе жазумен ғана жүзеге аспайтынына көзім жетті. Қоғамдық санаға қозғау салуды дыбыс арқылы да, қимыл арқылы да, бейне арқылы да жүзеге асыруға болады екен. Сонда біздің бұған дейін қолданып келген «публицистика» деген атауымыздың аясы таршылық ететін болады. Өйткені біз публицистиканы тек «көсемсөз» деп, яғни жазба публицистиканы ғана қозғап келдік. Қазір қоғамдық санаға ақпаратты қимылсөз, дыбыссөз, бейнесөз, шешенсөз, көсемсөз арқылы тарату нәтижесінде қозғау салу өнерінің жиынтық атауын «Замансөз» деп атау ғылыми айналымға енді.
– Сіз кәсіби қызметіңізді Алматы облыс­тық «Жетісу» газетінде коррек­тор­лықтан бастадыңыз. Одан кейін республикалық «Өнер» баспасында баспагерлік-редак­торлық жолмен жалғастырдыңыз. Ғылым ака­демиясында ғылыми ортада шыңдал­дыңыз. Журналистік қызметіңіз алашқа «Ана тілі» ұлт апталығы арқылы танылды. Қазір ұстазсыз. Өзіңіз білім алған қасиетті шаңыраққа барғалы да жиырма жылдан асып қалыпты. Онда да біраз сатылардан өттіңіз. Бірнеше оқу құралын шығардыңыз. Баспа ісі кафедрасы жанынан «Дизайн» мамандығын ашуға мұрындық болдыңыз. Қазір жоспарыңызда не бар?
– Жақында «Басылымды редакторлық әзірлеу ерекшеліктері» деген оқу құралым екінші рет ҚР БжҒ министрлігінің қол­дауымен жарық көрді. Алда «Замансөз: гензис және типология» деген оқу құралым және «Журналистік шеберлік: таным мен талғам» атты екі томдық хрестоматиям жарық көрмек.
– Шәкірттерімен мақтанатын ұстазсыз.
–Мен «ұстаз» және «шәкірт» деген үғымдарға өте нәзік көңілмен қарайтын адаммын. Егер бір жас мені «ұстазым» деп қабылдаса, «шынымен мен оған ұстаз бола алдым ба» деп ойланамын. Өзім сабақ берген жастардың бәрін шәкіртім деуге де талғаммен қараймын. Ұстаз болу үшін дәрісханада сабақ беру шарт емес. Мен, мысалы, Дәркембай Шоқпарұлын, Жәнібек Кәрменовті, Сағат Әшімбаевты, Мырзабек Дүйсеновті, Рахманқұл Бердібаевты, Кеңес Нұрпейісовті, Байұзақ Қожабекұлын ұстаз тұтқам. Бірақ олардың бірде-бірі маған аудиторияда дәріс берген емес…
– Қазір қазақ журналистикасының қара шаңырағы – Журналистика факультетін басқарып отырсыз…
– Басқару ісінде мен Сағадат Нұрмағанбетов ағамыздың айтқанын ұстанамын. Ол кісі: «басқару – бұйрық беру емес, қарамағыңдағылармен ақылдаса жүріп нәтижеге жету» деген.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен
Жанарбек Әшімжан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.