ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Облыс әкімінің орынбасарлары Ләззат Тұрлашов пен Айдарбек Байжанов және Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев тұрғындармен кездесіп, қысқы дайындық жұмысын пысықтады. Кездесуге облыстық, аудандық энергетика, тұрғын үй шаруашылық басқармасы басшылары мен газ тарту жұмыстарына жауап­ты мердігер компания жетекшілері қатысты.

Өткен жылы қыс қысқанда Талғар қаласындағы «Мелиоратор», «Бозторғай» ықшам аудандарындағы көп қабатты үйдің тұрғындары қиыншылық көрді. Сондағы жағдайды көріп, мән-жаймен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов тұрғындарды орталықтандырылған газбен жылыту қазандықтарына қосуды тапсырған еді. Аталған ықшам аудандарда жалпы саны 23 үй, яғни, 538 пәтер бар. Осы екі ауданның көп қабатты тұрғын үйлерін газбен жылытуға қосу үшін 6 блок-модульді қазандық салу үшін бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Құжаттама қорытындысын қыркүйектің соңына дейін алу жоспарланған. Сондай-ақ мердігер компания анықталып, құрылыс жұмысын «Buran Boiler», «Асыл Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері міндетіне алған. Кездесуде серіктестік өкілдері қазандықтардың дайындығы 50 пайыз орындалғанын, сонымен қатар үш қазандық орнатылатын жердің іргетасы әзір екендігін айтты.
– Жылыту маусымы жақындап келеді. Алдағы қыстан қысылмай шығу үшін сіздер тұратын көпқабатты үйлерді орталықтандырылған газбен жылыту қазандықтарына қосу жұмыстары жүргізілуде. Әр үйдің ауласына жеткізу үшін бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Енді үй іргесіне келген газды жеке-жеке пәтерлерге тарту және қосу жұмыстарын жекеменшік мердігер компаниялар жүргізетіндіктен оның құны ақылы болады. Сол себепті, пәтер иелері кооперативін құрып, мердігер компания өкілдерімен, әкімшілік, тұрғын үй шаруашылығы басқар­масының мамандарының қатысуымен жиын өткізіп, осы мәселені шешуді жылдамдатып қолға алыңыздар, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов газға қосылу жұмысын жылыту маусымынан ертерек, қазанның 10-на дейін аяқтауды Талғар қаласы әкімі, аудандық тұрғын үй шаруашылық бөлімі мен мердігер компания басшыларына қатаң тапсырды.
Кездесуде көп қабатты үйдің қауіпсіздігі үшін газбен жылыту қазандығына қосыл­маған жағдайда тұрғын үй иелерінің автономды жылыту құрылғыларын, газ баллондарын пайдалануға қатаң тыйым салынатындығы ескертілді. Жылудың берілуі мен есептелуіне дейінгі мәселелер де бүге-шігесіне дейін талқыланып, түсіндірілді.
Көп қабатты үй тұрғындарымен жылу беру маусымына дайындық жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бұған дейін де 18 рет кездесу өткізілген. Онда жертөлелерді жылыту, кіреберістің құрылысын салу және пәтерлердің жылыту желісін тарату мәселесі көтерілген.
Осы орайда, Талғар қаласындағы басқа да ықшам аудандардағы көп пәтерлі тұрғын үйлерді газбен жылытуға қосу мәселесі қарастырылғанын айта кету керек. Анықталғанындай, 163 көп пәтерлі үй автономды жылытылады. Қалаға көгілдір газдың келуіне орай, 18 үй табиғи газбен жабдықтау жүйесіне өз еркімен қосыл­ған. Қазіргі таңда 10 көп қабатты тұрғын үйді (3 қазандық) газбен жылытуға қосу жұмысы тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізілуде.

Ұлбосын Исабек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.