«ТАЛАНТҚА ДА ТӘРБИЕ КЕРЕК…»

Бір кездері «Ана тілі» газетінде қызмет атқарған белгілі көсемсөзші, Орта Азиядан бірінші болып Андерсен атындағы сыйлықты алған жазушы Марат Қабанбай арамызда жүргенде биыл мерейлі 70 жасқа толар еді. Қаламы қарымды, сөзі өткір, сыны орынды журналистің жазғандары әлі күнге дейін мән-маңызын жоғалтқан жоқ. «Бұл зиялы – қай зиялы? Қазақ интеллигенциясы бар ма өзі?», «Талант тас жарады. Бас жаруы да мүмкін» және т.б. мақалаларында айтқан ойларына сүйене отырып, ретроспективалық сұхбат құрдық…

– Талант деген кім?
– Бұл – ескі рим сөзі. Таза алтыннан құйылған, су астына жүз жыл тастасаң да тат баспайтын ақша бірлігі. Кедей-кепшік алыстан көргеніне мәз, патша, патрициилердің қадірлі қалталарында ғана жүретін қымбат ақша. Келе-келе бұл сөз біртуар, аса қабілетті адамдарға арнап айтыла бастады. Ондай жампоздар ұлт үшін алтыннан ардақты, күмістен салмақты деген ым ғой (…) Тарихты гегемон емес, талант жасайды. Жер бауырлаған адамзаттың еңсесін қалай көтеремін деп жынданып өлген Фридрих Ницше айтқандай, өресі биік адамсыз (Сверх человек ) біз жануардан айырмашылығымыз шамалы, ішкен-жегеніне мәз қарабайлар мен майбасарларға айналамыз. Осы биік өрелілерге – күнде көріп жүрген Абай, Шоқан ескерткіштеріне қарап, бой түзейміз, тәубаға келеміз.
Таланттарды адамзат тек соңғы ғасырларда ғана тәңір тұта бастады. Қазір қай ұлт озық, қайсысы тозық, оны білу үшін әлемнің ірі-ірі қалаларының алаңдарына көз салсаңыз – жетіп жатыр. Даналары мен бабаларына орнатқан ескерткіші қанша болса, оның даму дәрежесі де сол шамада!
Таланттың қадірін түсіну мен демократия әрқашан да қатар жүреді. Демократияның ең басты заңы – адам бойында бұғып жатқан қабілеттердің жан-жақты барынша ашылуы үшін жағдай жасау, адам жанын азат ету. Сондықтан ірі-ірі тұлғаларға ескерткіш ашу науқаны демократия алғаш бүр жарған ежелгі Элладада қау беріп, Рим империясында ұласып, Қайта Өрлеу ­заманында барынша шарықтады. Ол ­деген «Болмасаң да ұқсап бақ» ­деген әдемі сілтеменің гранит тасқа, полотноға түскен жарық сәулесі болатын. Талантты бағалау сананың дамуымен қатар жүреді. Жерорта теңізі төңірегінде адам ойы бір кездерде сауда-саттық, тағы басқа сан қилы қарым-қатынастар арқылы шарықтай дамып, Афины, Александрияда пәлсафашылар мектебі қалыптасып, содан дәріс алған императорлар таққа мініп үлгерді. Олар өз пәлсафашыларының ілімдерін мемлекет басқаруда азық етіп, талант иелерін қамқорлыққа көміп тастады. Александр Македонскийдің император ағзам басымен бөшкеде бықсып жатқан ­Диогенге әдейі арнап барып, сәлем беруі, әне, сол заман. Өздері өнер космосын жасай алмаса да, жасайтындарға жағдай туғызып, қорғап-қолпаштады (…)
Соған қоса талантқа да тәрбие керек екен. Тас емес, бас жарған талантың кім десең – ол Гитлер, Муссолини… Яғни ерекше қабілетті адамдарды бала жастан гуманистік, патриоттық, т.б. ізгі сезімдерде тәрбиелейтін мықты жүйе керек. Адамның жаны дұрыс дамыса, таланты дұрыс түзілсе, мемлекет оны іске қоса білсе не болатыны Жапония мысалынан белгілі.
(…) Қазір ғой, қаласақ та, қаламасақ та, артымызға енді қайрылып қара­мастай, капитализмге апыл-тапыл басып көшіп жатырмыз. Оның ең басты шарты – адам факторын алға шығару, оның миын шаруаға жегу. Есебі, талантсың ба – тауға шық, емессің ­бе – еңіске түс! Кезінде ­Наполеон Бонопарт маңайына құл-құтан демей, таланттарды жинап, капралдан қолбасшы жасады. Феодолизмді Еуропада түпкілікті қиратып, капитализмнің орнауына алғышарт жасады. Сол Наполеоныңыз талантты таразылауда бір-ақ рет қате жіберді және ол қатесі оны ақыры жер жастандырып тынды. Ата жауы – Англияға ауыр армиясын Ла-Манш бұғазы арқылы өткізе алмай, шаршап жүрген кезінде Фультон өзі ойлап тапқан бу кемесінің схемасын көлденең тартқан ғой. Сол пароходтың отыз шақтысын жасай салса, Англияға жүзіп өтіп, табанына салғандай екен де. Мейманасы асып тұрған император Фультон талантын тәрк етіпті. Ақыры дер кезінде бу мен судың көмегімен жау­лап алынбаған Англия атақты Ватерлоо ұрысында герцог Веллингтонның қолбасшылығымен императордың сазайын берді.
Сол сияқты біздің ел де қазір өзінше «өтпелі дәуір» атты терең де жалпақ бұғаздың жағасында «келешек күніміз не болады?» деп қалтырап-діріл­деп тұр (…) Міне, дәл осы тұста бізге қазақ, қазақстандық Фультондар өте-мөте қажет. Және әр саладан, әр тұстан, әр ұлттан. Жоқ болса, халық ішінен, құм арасынан алтын іздегендей, қопа­рыстырып жүріп табу керек. Ал талант дегеніміз – мінезі өте қиын халық. Өзіне ғана түсінікті, өзгеге жұмбақ идеяның соңында миы ашып, көзі алайып жүріп, далада қалады. Түйенің таяқ жейтін жері – нақ осы тұс. Міне, дәл осы кезде мемлекет, қоғам оған көмекке келіп, қолтығынан сүйеп, қабілетіне қарай лайық орын тауып беруі, оларды ұйымдастыруға тұтқа, мұрындық болуы керек. Кезінде АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік-шығыс Азия елдері солай еткен. Олар таланттарынан ақшасын да, атағын да, лауазымын да аямады, есесіне оның хиуазы он, жүз еселеп қайтты. Бұл Елбасымыздан малшымызға дейін бас қатырып ойланатын нәрсе.
– Таланттарды қалай тәрбиелейміз?
– (…) Марқұм М.Цветовтың телерепор­тажын көріп ек. Токио базарының бір бұрышында алым-жұлым жас жігіт қышқырып тұрып, қайыр сұрап тұр. Сөйтсек, әлгі қайыршымыз Жапонияның жоғары бизнес мектебінде оқитын, жә деген байдың баласы екен. Аста-төк өмірдің ортасында бұлаңдап өскен бұл бозымды ұстаздары: «Қайыршы кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын, оны түсінсе, қор болмайды әрі қайыршылықты өзі бастан кешкесін келешекте жапон тіленшісін аштан өлтірмейді» деген мақсатта базарға әдейі жіберіпті. Оның үстіне бұл бала король де, қайыршы да жүретін базарды – халықты зерттейді. Қысқасы, өмір сүруге икемі бар екенін дәлелдейді. Көрдіңіз бе, бір қайыр сұраудың астарында қаншама аспектінің тігісі жатқанын. Жер жүзін жұтуға айналған Жапония өз ұланын осылай тәрбиелейді!
Ал бізде ше? Әке-ше­шелері кеше ғана номен­клатураның мықтылары болған біздің шешектер өлдік десек те көк базардан қайыр сұрай ма? Күні кеше балалар бақшасына, мектепке кеңестік машинамен барған, бүгінде өздері иномарка мінген бұлар қазақ қайыршысының қолына теңге тастар ма екен? Қазақтың қайыршысына айналған әдебиет пен өнердің алға созған қолына теңге тастамақ түгілі, жалаңбұт ұлтының бойындағы бары мен жоғы – тіліне, тіні, діңі, діліне ашық та, жасырын да күресіп жатқан жоқ па? Шетел «түкке тұрмайды» деп бағалаған Мәскеу поп «жұлдызсымақтарының» жолына қоржындап ақша шашып жүрген бұл «марқасқалар» қазақтың маңдай терінен жиналған осы капиталға ондаған таланттар мектебін ашуға болатынын білмейді дейсіз бе? Олар және номенклатура әдебиет пен мәдениет, өнер бірдеңе сұрап барса, неге екенін қайдам, қатты қуанып қалады. Ақыры, келемеждеп, сұрағанын бермей жібереді. Немесе АҚШ миллионерлерінің жаз болса бензоколонканың қасынан табылатын баласындай, қазақ байының жазғы демалыста қолына сыпырғы ұстаған перзентін көрдіңіз бе? АҚШ азаматы, бай болсын, кедей болсын, Америка туына адал баланы тәрбиелеуге тырысады. Ондай адалдық банкет үстелінде емес, бензоколонканың түбінен бас­талатынын жақсы біледі. Патриот емес балаға жұмсалған еңбектің бәрі рәсуа, оларша. Өз ұлтының тіліне бүгін тиіскен ұландар күні ертең жасыл туымызға адал бола ма? Бүгін тілін, өз ұлтын сыйламаған бұл азаматтар күні ертең капиталын шет елге ойланбас­тан шығарып жіберетініне бәс тігуге бармыз. Шығарып та жатыр. Олар ұлт емес, өз төңірегінде ғана сәулетті өмір жасайды.
(…) Қазақстанда қазір көбіне талант, адал еңбек емес, алдап-арбау, сауда-саттық, коррупцияның сөзі өтімді. Оған күйреп, күйзелмеу керек, өйткені кез келген елдің өтпелі дәуірінің сиқы осы. Бұрынғы кадр таңдау жүйесі жаңа заманда талант таңдауға айнала алмады. Бармақ басты, көз қысты тұрғанда, оған орын жоқ. Аға, орта буынды бұған беріп алдық, енді жас ұрпақты құтқарып қалуымыз керек. Талант пен адал еңбек алға шықпаса, Қазақстанның осы қалғаны қалған. Тұлпардың таланттысы Құлагер еді. Құлагерді өлтіріп ек, орнына басқа Құлагер табылды ма? Махамбеттің басы шабылғасын, талай жас ­Махамбеттер Махаң болудан безіп кетті. Мұқағали мен Асқардың өлімі болашақта талай Мұқағалилар мен Асқарлардың жолын кесіп тастаған жоқ па? Қазіргі Мұқағали, Асқар, Тө­леген, Оралхан, Сағаттар базарда телмеңдеп жүр (…) Провинцияның Парижді жасағаны рас болса, алдымен халық арасына неге көз талғанша үңілмейміз? Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесе – бұл біздің мемлекеттің соры. Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпар озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына қоятын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышандар жоқ емес, бар. Әйтсе де ілуде біреу (…)
Президентімізді біз талант емес дей алмаймыз. Мартен пешінің қасынан гербті креслоға жету – таланттың жолы. Егер Нұрекең бойындағы сол талантты дер кезінде ел ағалары, ақсақалдары байқамаса, алға сүйремесе, осы күні Қазақстанның қай түкпірінде жүрер еді, кім білсін. Талант – ұлттың қалтасына құдай сала салған алтын ақша. Респуб­ли­каға бір Нұрекең аз. Жалғыз ағаш орман емес. Бізге жүздеген Назарбаев керек.

– Заман желі, ең алдымен, балалар­дың жүрегінен өтеді. (…) Бүгінгі бала – ертеңгі жас. Жұмыссыз қалған, оқу-тоқудан үміт үзген жастар қазір қала көшелерінде балақтарымен жер сыпырып, кемпір-шалдарды тонап жүр. Көбі – ауылдан келген қара домалақтар (…) Ұлтымыздың тағдырын шешетін бұл бөлікті бүгінде қараусыз, бағып-қағусыз, тәрбиесіз қалдырып отырмыз. Қылмысқа тападай тал түсте қолдан беріп қойған жайымыз бар. Бұл тәуелсіздігіміздің тағдырына атүсті қарау! Тиісті орындар бұған бүгін екі шоқып, бір қарамаса, күні ертең оңбай таяқ жейміз. Жеп те жатырмыз. Жеке де, жалпылай да…
Қазақты таланттан Құдай құр алақан қалдырмаған. Бірақ бізге көп нәрсенің керегі жоқ: кресло, пәтер, машина, саяжай болса бітті, дереу әндетіп, күйлете бастаймыз. Талай таланттың басын осы жұтты. Абай нұсқаған өзін-өзі алдау деген осы. Талант өз бойындағы барын түгел сарқып бермегені үшін ұлт алдында жауапты: өйткені оны тәрбиелеп, баулып өсірген халқы! Бұ жағынан ұлтымыздың алдында түгелге дерлік ұяттымыз. Профессионализм, әр істі түбегейлі тындыру жетіспейді бәрімізге де.

– Қазіргі қазақ интеллигенциясы ­туралы не айтасыз?
– (…) Бізде дәл қазіргі жағдайда зиялыға қазақ жұрты қалтасында қақпақтай дипомы бар кез келгенді апарып, сондай аңғал жомарттықпен таңа салатын сыңайлы. Егер зиялының басты анықтамасын «алдымен өз ортасына, одан ұлты мен халқына, қалды бүкіл өзге тіршілік өкілдеріне жаны ашу» деп түсінсек, дұрысы да осы болар, онда диплом зиялылықтың өлшемі емес. Жоғарыдағы анықтамаға жан дүниесі сай келіп, сонымен іштей ырғақ тауып жатса, өзге дегенде өгіз қара күші бар қарапайым шопыр, малшы да зиялы. Ал өзім дегенде өзегі үзіліп тұратын академигіңіз зиялы да емес. Ол тас жүрек диплом иесі, білім-ілімге бар жай ғана боқ қарын. Есебі, қарабайырлай айтсақ, ванна жиегінде отырып, дәл сол ваннаның тірі атомдардан құралуы мүмкін екенін және оның: «Абайлап құйрық бассайшы, ауырттың ғой жанымды, қинадың ғой тәнімді» деген атомдық жан айғайы бар екенін ұға алатын адам ғана шын мәнінде зиялы.
Бұл критерийлерге біздің қазіргі қоғам жауап бере алуы неғайбыл. Әлемді біртұтас жанды, нәзік ­организм деп түсінетін зиялы бізде саусақпен санарлықтай. Жалпы қазіргі қазақ қауымында, негізінен, білімді ­номенклатура мен тәуелсіз ой ойлауға қабілеті жоқ, оған бағынышты функционер сауаттылар тобы ғана бар. Төрт құбыласы түгел қоғамда дәл «құл иеленуші» мен «құлдардың» арасын ылғи да әшкерелеп, алдыңғысының тәубасын есіне түсіріп отыратын, ал құлдардың бейшаралығын бетіне басып, адамилыққа үндеп отыратын зиялы бар. Бұл зиялыны қазақ топырағында бүр жара бастағанда-ақ кеңестік система көктей орды.
Қазіргі зиялы деп жүргеніміз сол ертеңнің орны, күл, күресіні ғана. Ендеше біз «зиялы» екенбіз деп иегіміз қышымасын, біз тек ой жүйеміз құр­малас емес, жай сөйлемдерден ғана тұратын қарадүрсін, зиялыға кандидаттар ғанамыз. Біз бұл күнде өткен мәдениет үлгілерін жинаумен ғана айна­лысып жүрміз. Аңшылықпен, жеміс жинаумен алғашқы қауымдық құрылыс айналысқан ғой. Осыған қарап-ақ мәдениеттің қай кезеңінде тұрға­нымызды шамалауға болады. Жи­нағанды қорыту, бағалау – алда. Ал тың өскін мәдениет, толық қанды төл зиялы жасау тіптен көз көрмейтін алыста.
(…) Санға жүгінсек, ырғынбыз. Сапа жағын қойдық. Социология зиялылық үшінші ұрпақтан басталады дейді. Қайнар бұлағы тұнық, тәлім-тәрбиесі түзу болса… Біз болсақ, қанында ханзадалық пен бектік бар Мұхтар, Қаныш, Әлкей сынды біраз тұлғалардан басқаны – төңкеріске дейін оқыған-тоқығанымызды тып-типыл қырып алған бейбақпыз. А.Д.Лихачев, Л.Н.Гумилев жоқ бізде. Қалғанымыз – құл-құтанның балалары. Кеңестің көрінбейтін түрмесінде өскен көргенсіз, жарымаған ұрпақпыз. Біздің арамызда Патша лицейінде өскен дворян Пушкин де, князь ­Чаадаев та, ақсүйек Тургеневтің баламалары да жоқ. Немесе кітапханаларда Маркс, Энгельстің толық шығармаларын алып оқуға болатын патшалық Соғыс академиясынан білім алған сері де ізгі офицерлер қауымы маңдайға жазылмапты. Пәлсафашыларымыз шетінен комунизмді кезінде «тыныш жатқан ұйқысынан түртіп оятып жіберген» гегель, қантшылдар. Әдебиетте күні кешеге дейін «бай, феодал» Едігемен «алыстық». Ілкі сәт ояна бастағанымыз – осы соңғы қарын аша бастаған төрт-бес жылдың күзі ғана. Бұл Андрей Платоновтың терең шұңқырынан («Котлованды» оқыңыз) тырмысып шыға бастағандар тек нақты ғылымның (точная наука) өкілдері ғана. Ал әлгі кеңес тұсында өсіп-өрбіген гуманитарларымыз өздері ғана ол қырсық шұңқырда отырып қалса бір сәрі, қолма-қол инкубатор жасап, дәл өздеріндей мыңдаған түк білместерді дайындап үлгерді. «Бахтин кім?» десең, быттиған мұрнын басып көрсететін дәлдүріштер «егемен ел болып», Жоғары аттестация комиссиясының тізгіні өз қолымызға тигесін құмырсқадай қаптады. Түп-түгел ғалым болып кете жаздадық.
(…) Әдеби зерттеуде баяғы Мұхтар Мағауин ағамыздай жаңалық ашқан ғалымның атын соңғы кезде естісек, құла­ғымыз керең болсын. Әдеби көк­жие­гімізден жаңа Мұқағали, Бердібек, Төлеген, Оралхан, Сағат, Асқар­лар жоғалды. Баспасөзде бүгінгі күннің суретін салудың орнына қайдағы бір емші, әулие, бақсы, құшынаштардың ұпайын түгендеп, орыс журналистерінің мазағына қалып жүрміз. Ал той-томалақ десе, елдің алдымен ентігіп жетеміз, ертеңінде ішкен-жегенімізді ертегі ғып жазамыз. Халық болса аштықтың алдында. Қысқасы, рухани дүниеміз теңге сықылды жаппай инфляцияға ұшырады (…)
Жалпы диссертациялар қорғау­дың фордтық конвейеріне жаңа көзқараспен қарайтын уақыт әлде­қашан жетті. Қазір ғой кейбіреуіміз: «Тәркілеу жылдарының Бейімбет ­Майлин шығармаларындағы бейнеленуі» деген сияқты «мәңгі өлмес» тақырыпта диссертация қорғап жібереміз де, күні ертең университетке барып, әдебиет тарихының кез келген буынынан сыпыртып лекция оқимыз. Біздей «білімділерге» Орхон-Енисей жазбалары, кеңес әдебиеті ме – бәрібір, «алып та, шалып та жығамыз». Қысқасы, ботқа! Ондай ботқа ұстаздар ботқа шәкірттерді тәрбиелеп жатыр. Бұл көп ботқа жиналып, күні ертең ботқа корреспондент-мүшені, академикті сайлай салады. Өйткені бұрынғы Одақтық қырағы бақылау тексеру жоқ. Өзіміз би, өзіміз қожа болған соң аяғы кинорежиссер, марқұм Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібекті» түсіріп жүріп, қашай салған кино таңбалы тасынан «әлемдік жаңалық ашып», масқара болған кезіміздей, ауадан академик жасап жүрміз. Бізден әлденеше көш озық, мәселен, Францияда білімді жазушылардың бәрі еш қорғаусыз-ақ Сорбонна, Нант секілді сайыпқыран университеттерде сабақ береді, бәрі де дағарадай профессор. Ұлт мақта­нышына айналған ол академиктерге: «Диссертацияң қайда?» десең, «Ол не?» дер еді. Француздардың бүгінгі ой ағымына баға беріп, келешегін нұсқаған мақала, кітаптары бар ма, бітті – академик! Білімсіз екенсіз, студенттерге жақпайды екенсіз, он жерден академик болсаңыз да айтатыны: «Ары тұрыңыз!»
Ең жаманы – сақалды көрінген жерде сапситып, саудаға салатын болдық. Өлер алдында жиырмаға жуық ақын-жазушыға батасын беріп кеткен ұлы Мұхаңның қадірлі сақалы ұмыт. Біздің кейінгі қазақы сақал – кеңес заманында өскен, кеңес қайшысымен күзеліп, түзелген сақалдар (…) Қазір құлшына-құлшына жазатын үйреншікті кеңестік «жетістіктер мен табыстар» жоқ. Тарих таусылуға таяу, архив қазуға құйрық үшкір. Кемшілікті қаза жазуға жалған намыс жібермейді, оны көретін көкірек көзіміз әзірге соқыр, шеберлігіміз шамалы. Жаңа өскінді мына жынды базар табанының астына топырлатып салып, көз алдымызда аяусыз таптап жатыр. Жазушылар одағы күн көрісімен мұң. Қазандық басында шаң-шұң ұрыс шығарып, қатынбасша атанып, бала-шаға алдында ұятқа қалдық (…) Қазақ зиялысына бас-көз бола ма деген қаламгерлер өстіп жерге қаратып отыр. Шынымен әлгі «екінші сорт» деген деңгейге жылжып барамыз.
(…) Негізінен, зиялы – қазақ топырағынан бастап, әлем мәдениетін толық меңгерген, өз ұлтына жөн сілтейтін, асып жатса, өзге ұлыстарға да үлгі болатын, қара халық пен бола­шақтағы аристократияны жалғас­тырушы алтын көпір – тұлға. Орыс тілдіміздің басқа жарағы сай болса да, өз ұлтын білмейді. Қазақ тілдіміз өзін білсе де, өзгеден хабары аз. Екеуі де жарым жанды, жарты санды, жартыкеш. Екеуінің де қарны аш. Сондықтан қомағай. «Біз бармыз!» деп өзімізді-өзіміз алдамайық. Бар секілдіміз… «Секілділерден» тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр. Келешек – күңгірт. Қазанның қақпағындай дипломмен интеллектілікті шатастырып алдық. Ұлтқа бас болу үшін алдымен өзіне қарау керек.
– Тығырақтан шығар жол бар ма?
– Бұл екі сырқаттан аман, жаңа қазақ зиялысын әзірлейтін мемлекеттік бағдарлама керек. Әзірше оған мұрша жоқ – қалта таяз. Егер қой емес, ой бақсақ, болашақта нигилистер мен феодал-кеңестік төл зиялысымақтар «тақтан таяды» да, оның орнында бұл «ғасыр шайқасынан» аман қалған ат төбеліндей аз интеллигент қалады. Жалғыз да қалмайды, оларға бұл күнде Президент стипендиясына, өз есебінен оқып жатқан тым орыстық, тым қазақылықтан дені сау жастар үсті-үстіне қосылады. Сөйтіп, екі топтың озығы мен «шетелдіктерден» жаңа үштік одақ – сапалы қазақ зиялысы қалып­тасады. Оған дейін ұлт «сабыр түбі – сары алтын» деп, жылай-жылай тоса тұра ма деймін – бұдан зорына да шыдаған.
Ол көркем заманға дейін «піс, аузыма түс!» деп, қарап отырамыз ба? Әрине, алдымен барлық буында жария­лылық керек. Докторлық тек аса ірі, жаңалық ашқандарға ғана берілуі керек. Мүше-корреспондент, академик дегенде ұлт танып, тік тұрып мойындағандарды ақ шар, қара шар салып емес, ашық түрде бүкіл халықтың алдында үкілегеніміз жөн. Жұрт жылы қабылдаған зерттеу-сын кітаптарға диссертациясыз-ақ ғылыми атақ беріп, талантты қаламгерлерді университеттерге ұстаздыққа тарту қажет. Өз-өздерін таныта жатса, доцент, профессорлықты неге аяймыз, әкемізден қалған атақ емес.
– Жаңа «секілділерден» тәлім-тәрбие алған қазақ баласы қазір көшеде сауда жасап, реті келсе кісі тонап жүр деп қалдыңыз…
– Заман желі, ең алдымен, балалар­дың жүрегінен өтеді. (…) Бүгінгі бала – ертеңгі жас. Жұмыссыз қалған, оқу-тоқудан үміт үзген жастар қазір қала көшелерінде балақтарымен жер сыпырып, кемпір-шалдарды тонап жүр. Көбі – ауылдан келген қара домалақтар (…) Ұлтымыздың тағдырын шешетін бұл бөлікті бүгінде қараусыз, бағып-қағусыз, тәрбиесіз қалдырып отырмыз. Қылмысқа тападай тал түсте қолдан беріп қойған жайымыз бар. Бұл тәуелсіздігіміздің тағдырына атүсті қарау! Тиісті орындар бұған бүгін екі шоқып, бір қарамаса, күні ертең оңбай таяқ жейміз. Жеп те жатырмыз. Жеке де, жалпылай да…
Қазақты таланттан Құдай құр алақан қалдырмаған. Бірақ бізге көп нәрсенің керегі жоқ: кресло, пәтер, машина, сая­жай болса бітті, дереу әндетіп, күйлете бастаймыз. Талай таланттың басын осы жұтты. Абай нұсқаған өзін-өзі алдау деген осы. Талант өз бойындағы барын түгел сарқып бермегені үшін ұлт алдында жауапты: өйткені оны тәрбиелеп, баулып өсірген халқы! Бұ жағынан ұлтымыздың алдында түгелге дерлік ұяттымыз. Профессионализм, әр істі түбегейлі тындыру жетіспейді бәрімізге де.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.