Әлеуметтік бастамаларды іске асыру маңызды

Бүгінгі таңда бизнесті дамытып, аяқтан нық тұруға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Парламентінің біріккен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастама жолдады. Бүгінде кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік артылуда. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Сондықтан осы тұста кәсіпкерлік өкілдерінің Президенттің әлеуметтік бастамаларын іске асырудағы орны мен маңызы ерекше.

Бастамалардың ішінде айтылған тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беру бүгінгі таңда өңіріміз үшін өзекті және кезек күттірмес мәселелердің бірі саналады. Бұл үшін облыс деңгейінде бизнес-климатты жақсарту үшін бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер палатасы өткен жылдан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау» жобасын іске асыра бастады. Аталған жоба аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде жұмыссыз және кәсіпкерлікке ынтасы бар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылған.
«Бастау» жобасы бойынша оқуға қатысушылар бір ай ішінде бизнес ашу мен жүргізуді және салық, маркетинг, құқықтық сұрақтарды, бизнес жоспарлау­ды үйренеді. Курс соңында қатысушыға шәкіртақы төленеді және бір жыл бойы жобаны сүйемелдеу жүргізіледі. Былтыр облыста жоба бойын­ша 1312 адам оқып, оның 285-і жалпы сомасы 1,008 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Ал биыл «Бастау» жобасы бойынша 1681 азамат оқуын тамамдап үлгерді. Оның ішінде 250-ге тарта қатысушы жалпы сомасы 984 млн теңге болатын шағын несиеге қол жеткізді.
Жалпы «Бастау» жобасы біз күткен нәтижелер­ден асып түсті. Сондай-ақ ол қаржыландыру мен бизнесті қолдау құралдарын арттыру қажет екенін көрсетті. Жақында Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарында өңірлік әкім­діктерді шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын белсенді қолдауға және кәсіпкерлік негіз­дерін оқыту бағдарламалары бойынша көмек көрсетуге шақырды. Бес әлеуметтік бастама ая­сында кәсіпкерлік субъектілері тұрғын үй құры­лысына, жатақхана салу жұмыстарына да қарқынды қатысуда.
Айта кетейін, сегіз айдың қорытындысы бойын­ша облыста құрылыс-монтаж жұмыстары 1,3 пайызға ұлғайып, 454 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге «7-20-25» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 589 пәтерлі 17 үйді іске қосу көзделген. Шағын және орта бизнесті дамыту, отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау біздің негізгі міндетіміз. Осы бағыттағы бизнес өкілдері мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға ықпал етеді деген сенімдеміз.

Нариман ӘБІЛШАЙЫҚОВ,
Алматы облыстық кәсіпкерлер
палатасының басшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.