Ұшқыр ой мен шешендік сынға түсті

Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар қатарында кітапханашылар арасында өткен облыстық байқау көпшіліктің көңілінен шығып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Мақаттағы аудандық мәдениет үйі бұл күні ерекше сәнге бөленіп, жергілікті қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдарынан жасалған көрме көрермен назарына ұсынылды. «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеде тілді дамытудың саясаты, тілді білудің маңыздылығы жөнінде мағлұматтар берілді.

Тіл тұтастығы – ел тұтастығы«Ұшқыр ой мен шешен тіл» тақыры­бымен өткен сайысқа облыстағы бар ауданнан және Атырау қаласының кітапханасынан қызметкерлер қатысты. Үміткерлер қазақ өнері мен мәдениетінен біліктіліктерін ортаға салып, жанкүйер­лерін де шабыттандыра білді. Өйткені кітапхана – оқырманмен кітап арасын­дағы алтын көпір болса, кітап пен кітап­хананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы кітапханашылар.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау және тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында ұйымдастырылған кітап­хана­шылар байқауын аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев құттықтау лебізімен ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бес бөлімнен құралған байқауда кітапханашылар білім деңгейлерімен қатар, өнерден де кенде емес екенін дәлелдей білді. Қай уақытта да кітап­ха­нашыға қойылатын талап көп. Ол білімді, ақылды, сабырлы, өнерлі болса, жұмысының жанғаны.
«Мен және менің өлкем» тақыры­бымен таныстыру бөлімін әр қатысушы өзінше қорғап шықты. Жалпы бүгінгі заманауи құрылғыларды пайдалана біліп, оны туған жермен тоғыстыра білгендер көп болмады.
Рухани қазына ордасында қызмет етуші қызметкерлер оқырман алдында әдебиетке, ғылымға жақындығымен ерекшеленері сөзсіз. Сондықтан келесі кезеңде биылғы жалпыхалықтық оқуға таңдалған авторлардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай «Еңлік-Кебек» дастанынан берілген шумақты әрі қарай жалғастыру тапсырылды. Бұл жерде мүдірушілер де көп болды. Өйткені түгел дастанды жатқа білудің өзі – өнер.
Байқаудың келесі «Алтын қалам» аталған кезеңінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен елімізде 2007 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдап алынған үш кітап: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары насихатталды. Яғни аталған шығармаларды нақышына келтіре орындау тапсырылды. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» шығармасындағы басты кейіпкерлер образына ене білген байқау үміткерлерінің өнері көрерменнің көзіне еріксіз жас үйірді. «Асыл сөздің алдаспаны» аталған кезеңде қатысушылар аты аңызға айналған қазақтың қаhарман батыры Бауыржан Момышұлының шығармаларын насихаттады. Соңғы кезеңде тіл туралы мақал-мәтелдерден біліктіліктері сыналды.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені Мақат аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Қаракөз Ақтаева, І дә­режелі дипломмен №1 қалалық орта­лықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінің кітапхананы дамыту, әдістеме-библиографиялық жұмыс бөлімінің әдіскері Гүлнұр Құспанова, ІІ дәрежелі дипломды Қызылқоға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Ойыл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ажар Шоңбасова иеленсе, ІІІ дәрежелі дипломды Махамбет аудандық орталықтандырылған кі­тапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлзира Әлібекқызы иеленді.
Барлық қатысушылар да аудан әкімдігі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің арнайы дайындаған сыйлықтарына ие болды. Сайыс соңынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы шараны өткізуге атсалысқан ұжымға алғысын білдірді. Әрине, мұндай шараларды өткізудің мамандардың біліктілігін көтеруде маңызы зор екенін құптаған көрермен көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Гүлзада САЛИКОВА
Мақат ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.