«Ана тілі» – чемпион!

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ана тілі»

Өткен жұма күні Алматы қаласындағы халықаралық ­«Бастау» бильярд клубында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті қаламгер Шерxан Мұртазаның жүлдесі үшін «Егемен Қазақстан» газетінің ұйымдастыруымен бильярдтан қаламгерлер мен БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі турнир өтті. 

Биыл екінші рет ұйымдастырылған тастаяқ шеберлерінің айтулы жарысында елімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, телерадио қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері өз бақтарын сынады. Ұзын саны елуге тарта үміткер қатысқан жарыс екі топқа бөлініп ойнады, бірінші – ағалар командасын Мамадияр Жақып, Аян Нысана­лин, Мереке Құлкенов, Ғалым Есенсариев, Бекет Момынқұл, Бауыржан Жақып бастаса, екінші топ Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебаев, Еділ Анықбай, Мәди ­Алжанбай сынды жастар командасынан құралды. Жарысқа елімізге белгілі спортшы, бильярдтан халықаралық дәрежедегі төреші Юрий Пикалов төрелік жасады.
Бас төрешінің ұйғарымымен жарыс «Америкалық пирамида» нұсқасы бойынша олимпиадалық жүйемен өтті. Яғни жеребе бойынша түскен қарсыластардың жеңгені жарысты жалғастырып, жеңілгені бірден жарыстан шығып отырды. Таңнан кешке дейін ұласқан жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Нәтижесінде жастардың тобында бес ойын өткізіп, бәрінде айқын басымдықпен жеңіске жеткен «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан чемпион атанды. Ол финалда «Жетісу» газетінің қызметкері Мәди Алжанбайдан екі партияда да айқын басымдық көрсетті. Үшінші орынды «Қазақ радиосының» қызметкері Еділ Анықбай ұтып алса, Айдос Сарым арнайы ынталандыру бәйгесіне ие болды. Ал ардагерлер арасында Ғалым Есенсариев бірінші орынды жеңіп алды. Ол финалда турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің Бас редакторы Бекет Момынқұлдан басым түсті. Ал үшінші орынға көрнекті журналист, ақсақал қаламгер Мамадияр Жақып ие болды. Жеңімпаздар арнайы кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.