Ел болудың басты шарты

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі ұлы даламызды мекен еткен байырғы қазақ халқы мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын біріктірген, теңдік пен татулық мұраттарын ұстана отырып, бейбіт азаматтық қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлт рәмізі екені белгілі.

Халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа ұлт болуы үшін бі­рінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі­нің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орам­ды, терең тіл жоқ» деген екен. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тілдерді дамыту бағытында нақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақ тілінің терминологиялық базасы құрылып, жетілдірілуде. Терминология комис­сиясы қазірдің өзінде айналымға 5000-нан астам жаңа терминдер енгізді. Алғаш рет терминологиялық сөздіктер серия­сы 31 том болып шығарылды. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді мең­геруге деген ынтасы артып ке­леді. Бұл көрсеткішті қазақ тіліне көр­се­ті­ліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы­ның «Ана тіліміз – бізді ғасыр­­дан-ға­сырға, заманнан-заманға аман жет­кізген бірден-бір арымыз да, нарымыз да» деп айтқан сөзі болашақ ұрпақты тіліміздің құдірет-қуатын кемітпей, оның рухын биік ұстауға шақырады. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Мемлекеттік тіл – азаматтық сәй­кестіктің басты нышандарының бірі. Әлеуметтік-лингвистикалық модель тұрғысынан алғанда, ол – ең алдымен, осы мем­ле­кеттегі сан алуан ресми қарым-қатынастарды жүзеге асыратын тіл. Атап айтқанда, заң актілерінің, ісқағаздарының, қызметтік-іскерлік жазбалардың, ресми, оның ішінде халықаралық қатынастың, сот сала­сының тілі. Есеп-санақ, қаржылық және техникалық құжаттамалар да осы тілде жүргізілуі тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары, қарулы күштер, ғылым мен білім беру салалары да осы талаптарға жауап беруі қажет.
Елбасымыз «қазақ қазақпен қа­зақ­ша сөйлессін» дегенде, мемле­кеттік тілдің дамуы, көп жағдайда, өз қан­дас­тарымыздың ұлттық намысы мен жіге­ріне байланыстылығын атап өтсе керек. Мемлекеттік қызметте жүрген қазақ азаматтары немқұрайдылық танытпай, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге белсенді атсалысуы тиіс. Ал­­­дағы уақытта, мемлекеттік тілді мең­ге­руге қатысты талаптар күшейтілуі керек.
Қандай мемлекет болмасын оның, ең әуелі мән беріп, ұлық­тай­тын тілі – әрине, мемлекеттік тілі. Өйт­кені мем­­лекеттік тіл – әлемдік қауым­дастықтағы мемлекеттердің сипатты белгілерінің бірі, ұлттық саяса­ты­ның көрсеткіші. Міне, осы бағытта еліміз ең әуелі, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға күш салып отыр. Бұл мәселе – тек қазақ халқының ғана емес, елімізде тұратын өзге ұлт өкіл­дерінің де алдында тұрған міндет. Еліміздегі ең жоғарғы лауазым – Президенттікке үміткер тұлғаға қо­йылатын талаптың бірі – мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеретін сынақтан өту. Осындай қатаң талап неге мемлекеттік құрылымның басқа да лауазымды тұлғаларының алдына қойылмайды?! Мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет жоғарыдан бастау алып, қарапайым халыққа үлгі болса, қазақ тілінің тұғыры беки түсер еді. Әрбір маманның, қызметкердің өз қызметі шегінде, өзінің кәсіби біліктілігі аясында мемлекеттік тілді меңгеру межесі нақты айқындалып, жаңа міндеттер жүктелуі қажет.
Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қазіргі уақытта жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Оны қайталап айтудың қажеті жоқ шығар. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері Конституция алдында тең құқылы. Ал мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әрбір азаматы үшін парыз. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгеру үшін Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім керек.
Қазақ тілін мемлекеттік басқару құрылымдарына жедел енгізудің ең басты ықпалды жолдарының бірі материалдық ынталандыру болып табылады. Бұл «тәсіл» Кеңес өкіметі кезінде-ақ сынақ­тан өткен. 1930 жылы «Қазақ тілін біле­тін мамандарға жеңілдіктер жасау туралы» Қаулы қабылданып, соған сәйкес қазақ тілін білу дәре­же­сіне байланысты мамандарға көте­ріңкі еңбек ақы төлеуді енгізу қарас­тырылды. Ауызша сөйлей білген және ісқағаздарын оқи алғандарға – 10 ­пайыз, тілді толық меңгергендерге – 15 пайыз үстеме қосылды.
Қазіргі уақытта шетелдің беделді жоғары оқу орындарын тамамдаған көп­теген қазақстандық түлектер Отанына оралып, мемлекеттік қызметке белсенді түрде кірісуде. Шетелде білім алғысы келетіндер өз елінің тілін ғана емес, сондай-ақ оның тарихын, салт-дәстүрін білулері керек. Өйткені олар біздің мемлекетіміздің бүгіні мен бола­шағы емес пе?! Елбасының өзі «Болашақ» бағдарламасымен шетелге аттанатын Қазақстан азаматтарының ең бірінші кезекте мемлекеттік тілді жетік білуі – негізгі мақсат» деп шегелеп айтты. Елбасының бұл талапты аталған бағдарламаның ережесіне қосуды тапсыруы – елдігімізді ойлаудан туындаған сарабдал саясат.
Қазақ тілі мемлекетіміздің бүкіл ау­мағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында толық қолданы­лып отыр деп айта алмаймыз. «Мемлекет тіл ретінде қазақ тілі неге өр­кен­демейді, оны үйренуге өзге ұлт өкіл­дері неліктен жаппай ықылас та­нытпайды?» деген сұраққа тіл саласын зерттеуші ғалымдар бұл сауалдың жауабы біреу екенін алға тартады, ол – біздің қоғамымызда мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тіліне деген өмірлік қажеттіліктің әзір туындамай отырғандығы. Демек, өмірлік қажеттілік туғызу керек. Тіл мәселесі күштеуді көтермейтіні белгілі. Сал­мақты саясат сабырлы жүзеге асырыл­ғанда ғана ол жемісті болмақ.
Тіл мұраты – халықтық мәселе, көп­тің қамқорлығы мен құрметі негі­зін­де кең өріс алады. Оның тұғырын биік­ке көтеріп, жан-жақты дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыс істеуіміз керек. Біріншіден, отбасы, мектеп, бала-бақша жұмған жұдырықтай бірлікте еңбек етуге тиісті. Еңбек, оқу, іс-әрекет – ұлттық мұратқа адалдықты көрсетуі қажет. Бұл отбасы мен Отанға адалдықтан, тұрақтылықтан, перзенттік қарызбен парыздан көрініс табады; екіншіден, білім жүйесі, тәлім-тәрбие ісі, қарым-қатынас аясы – қазақ тілі арқылы жүзеге асуы тиіс. Отбасындағы тәрбие ұстаз ұлағатымен ұштасып, бірін-бірі байытып, асқақ арманға, ұлы мұраттарға қанат қағуы қажет; үшіншіден, қазақша ойлап, оқып, жазу – әрбір ұлт өкілінің төл міндетіне айналуы керек; төртіншіден, ауыл, қалаға талап-талғам, көзқарас бірдей болуы шарт. Тіл тұғыры мен тамыры ауылда, қала – өркениет өрісі екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осындай, келелі мәселелер шешімін тапқанша қазақ тілі – тәуелсіздік қаруы міндетін атқара береді деп сенеміз.

А.САБИРОВ,
А.ҚОЖРАҚОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік
университетінің оқытушылары

АТЫРАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.