Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі: БІЗДІ ТАНЫСТЫРҒАН ҚАСИЕТТІ ӨНЕР

Мен екі жыл Отан алдындағы борышымды өтеп, әскерден келген соң 1987 жылы Алматыдағы Эстрада-цирк өнер студиясына оқуға тапсырдым. Бұл оқу орнын бала кезімнен аңсаған едім. Қазақтың үлкен қара шаңырағында Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Мағауия Хамзин, Бақыт Қарабалина, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Зейнеп  Қойшыбаева сынды әнші-күйшілер қызмет атқаратын. Ұмытпасам,  емтиханға 56-шы немесе 75-ші  болып  сынаққа кірдім. Сол 60-70-ке тарта үміткердің ішінен 10 бала оқуға  қабылдандық. 

Сол кезде арман қуған жастар Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен келді. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың табанының ізі қалған жерлерден келген жастар Ақан серінің әңгімесін айтып отыратын. Сонда не деген білімді жігіттер деп ойлайтынмын.
Менің курстастарымның ішінде Көкше­тауда Қажыбай Жахин дейтін жігіт бар. Ән айтқанда дауысы керемет еді. Емтиханда Біржан салдың «Айбозым» деген бір-ақ әнін айтып оқуға түскен. Кейін байқасақ, оның «р»-ға тілі келмейді екен. «Ыл-ыл» дейді. Біз «өткен жолғы емтиханда сен тәп-тәуір айтып шықтың ғой» дейміз. Сөйтсек, «Айбозымның» ішінде «талады қарай-қарай екі көзім» деген жолда ғана «р» бар екен. Мәтіндегі «қарай-қарай» деген сөзді «жол тосумен» деп өзгерте салған екен. Бір әннің ішінде бірде-бір «р» дейтін әріп болмаған, сөйтіп, оқуға түсіп кеткен жігіт. Кейін оқу орнының мамандары қолға алып, Қажыбайдың тілін жаттығулар жасап, ұштады.
Ғалымжан Серікбаев деген курстасымыз болды. Ол да Хан-Тәңірінің баурайынан. Екеуіміз бала кезден армандап, Алматыға бірге келдік. Ғалымжан да Қайрат ағамыздан тәлім алды. Кейін консерватория бітірді. Қаншама экспедицияларға қатысты, қаншама әндердің тұсауын кесті. Өкінішке қарай, өмірден өтіп кетті.Талантты жігіттің бірі еді.
Астанада тұратын Айтбек Нығызбаев деген курстасым бейне бір Қайрат ағамыздың көшірмесі дерсіз. Ұстазымыздың жүрісіне дейін, бүкіл репертуарын, тембрін, домбыра тарту техникасын бойына сіңіріп алған азамат. Қазір үлкен мұғалім. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Театрда Нұрай Танабаев дейтін жігіт бар. Актерлік шеберлігі өте мықты болатын. Театрда да, филармонияда да жұмыс істеді, оркестрмен де ән айтып жүр, спектакльдерде де рөлдерде ойнайды. Ол да қазақ даласындағы керемет әндердің тұсауын кесіп жүр.


Тағы бір курстасым – Мейрам­бек Ахметов деген семейлік жігіт. Жәнібек Кәр­менов­те оқыды. Арасында біздің топқа қосылады. Жәнібек аға гастрольге кеткенде ол кісінің шәкірттері Қайрат ағаға келіп оқитын. Қайрат аға іссапарға кеткенде біз Жәкеңе барып оқимыз. Екеуінің қолынан дәріс алдық. Керемет әндерді үйрендік. Мейрамбектің дауысы биік тембрлі болды. Қазір Семейде филармонияда істейді. Ол оқуға келгенде «Ғазиздің әнін» айтып келді, сонда «диапазоны сұмдық қой» деп таң қалатынбыз. Оның азаматтығы, патироттығы өте биік еді. «Мен елге барам, елдегі жас­тарды көтерем, елдегі жастарға ән үйретем, ауылда үлкен мектеп қалыптастырам, дәстүрлі мектепті жалғастырам» деп жүрді. Ол мақсатына жетті.
Ұстаз болып кеткен бауырларымыз бар. Ербол Қырғызәлиев деген курстасымыздың даусы кейде баритон, кейде бас боп кететін. Қайрат ағамыз «сенің даусың күшті» деп отыратын. Оқып жүргенде отбасылы, балалы болды. Сосын ол педагогикаға қарай бейімделді. Балалармен көп жұмыс істейтін.
Менің қуанатыным, курстастарымның барлығы осы күнге дейін қолынан домбырасын тастамай, әнін айтып, сахнада жүр.
Біз алғашқы күннен бастап дос болдық, сырлас болдық, мақсатымыз бір болды. Ғасырлап келе жатқан қазақтың төл өнерін ары қарай жеткізуге атсалысуымыз керек екенін білдік. Өнердің қамытын кигеннен кейін өнердің көшін алға оздыру керек екенін түсіндік. Өйткені Жәнібек, Қайрат ағаларымыз бізге жалпы өнердің барлық қыры мен сырын шамасы жеткенше үйретті. Адал болуды, өнер – халықтың аманаты екенін, әрбір нүктесін, әрбір үтірін түсіндірді. Кезінде өзі түгіл атын атауға болмайтын авторлардың кейбіреуін құлағымызға сыбырлап айтатын. «Болашақта біліп жүріңдер, заманында әннің сөзін алып тастап, қазақтың адуынды ақындарына сөз жаздырған. Мына ән сол мәтінмен айтылып жүр, негізі сөзі басқа» деп көптеген әндердің шығу тарихын жеткізетін.
Біздің бақытымызға Тәуелсіздік келді. Қазір, шүкір, кез келген студент архивтерге барып жұмыс істеуіне болады, экспедицияға шыға алады.
Әр кезіккен кезде бізде айтатын ортақ әңгіме көп. Бізбен бірге тұрып оқығандар да болды, үйде тұрып оқығандар, қалада туған-туыстарының үйінде тұрған балалар да болды. Жатақханада студенттік өмірді бірге өткізген, сол кездердегі қызықты кештердің куәсі болған жігіттер кездесе қалғанда керемет әндер, әңгімелер шертісіп отырамыз.
Біз Қажыбаймен бірге №30 бөлмеде тұрдық, қалғандары әрбір класқа байланыс­ты бөлініп тұрды. Ұлтумен дос боп жүрген кезіміз. Ол бізге ас дайындайды, тамақ піскен кезде бүкіл курстастарымыз жүгіріп келіп алады. «Бұлар қайдан біліп алады?» деп ойлаймыз. Оның сырын кейін білдік. Қажыбайдың лақап аты «Айбозым» еді, ол сол әнін айтады. Бірінші шумағын қайырмамен айтып тоқтай қояды, бұл тыңдап тұрғандарға «тамақ пісіріліп жатыр» деген белгі екен. Біраздан кейін тағы «Айбозымның» даусы шығады дейді, екі шумағын қайырып, қайырманы екі қайырған кезде «тамақ пісті, келіңдер» деген белгі екен. Сол кезде басқа бөлмеде тыңдап күтіп отырғандар қасықтарын алып жүгіріп келеді екен ғой. Осындай керемет студенттік кездердің қызықты естеліктері бар.
Эстрада бөлімінде оқитын біраз қыз-жігіт­тер бізбен араласты. Солардың ішінде Ұлту да болды. Ұлту – Шымкенттен келген, қазақи ауылдан шыққан, қазақи тәрбиеленген қыз. Маған ұнайтыны ол тік сөйлейтін. Барыңды бар дейді, адамның артынан сөз айтпайды. Тағы бір жақсы нәрсесі – ол сыр сақтай алады. Құпия ұстау керек болса, ұстайды, айтпайды.
Ол кезде студенттерді аймақтарға жұмысқа жіберетін, картоп, темекі, алма жинайтын. Біз Қоғалы ауылына картоп жинауға бардық. Ол кезде күндіз жұмыс істейміз, кешке қоғалылықтарға концерт қоямыз. Сөйтіп жүріп, Ұлту екеуміз дос болдық. Достықтың ар жағы үлкен отбасыға айналды. Біреулер сияқты бір көріп жалт етті, ғашық боп қалдым, құлап қалдым дейтіндей емес. Біз кәдімгі екі жыл бойы бір оқу орнында оқып, дос болып жүріп, қарым-қатынас орнаттық. Мен оның эстрада саласындағы үлкен сапарларына, үлкен концерттеріне куә болдым. Ол сондай сапарларда өзінің жолдастарымен, достарымен келіп араласып жүрді. Кейін бір-бірімізге көмектесе бастадық. Бір-бірімізге қол ұшын бере бастадық.
Біздің негізгі оқу жүйесіндегі бағыт орындаушыларды дайындап шығу еді. Өйткені сол екі жылдың ішінде шыңдалып, білім алып, ән қоржынын толтырған, көптеген конкурсты жеңіп алған балалар тікелей жұмысқа орналасып кететін.
Ол кездерде алаңсыз едік. Алаңсыз болған себебіміз, қазіргідей оқуды бітірген соң қайда барам, «қайда барып жұмыс істеймін?» демейді. Жүйе бар еді. Оқуды жақсы бітірген, конкурс­тарда көрінген балаларды оқу бітіргеннен кейін арнайы облыстардан адамдар келіп, екі әнші, бір күйші, бір бишіден бөліп алып, филармонияға орналастыратын. Жас маман ретінде оларға жатақхана беріп, үйленгендер болса, отбасылық жатақхана беріп, әрбір ансамбль, концерттік бірлестіктерге кәдімгі жұмыскер ретінде қабылдап, ортаға қосып жіберетін.
Қатар оқыған балалардың ішінде мені Алматыға алып қалды. Сөйтіп, «Қазақконцерт» бірлестігі «Жазира» ансамблінде Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың қоластына қызметке орналастым. Сосын сырттай оқыдым, Абай атындағы университеттің «КазПИ» кезінде түсіп, «АГУ» кезінде бітіріп шықтым.
Біз гастрольдік сапарда көп боламыз. Мысалы, кеше ғана Семей қаласында болдым. Сонда жігіттер жиналды. Бәріміз бас қостық. Көкшетауға барсақ, Қажыбаймен жолыға саламыз. «Астана – арқау», «Астана – мың жылдық тоғысында» дейтін фестивальдер жылына бір рет ұйымдастырылады. Сондай кездерде кездесеміз. Бұл киелі домбыраны тас­тамай, шәкірт тәрбиелеп жүргеннің арқасы. Сондықтан біз курстастармен 5 жылдық, 10 жылдық, 20 жылдықты күтіп, арнайы басқосуды күтіп отырғанымыз жоқ. Бұйыртқан уақытта кездесіп, қауышып жүрміз.

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.