Мұрат ӘБЕНОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері:Студенттік өмірім әлі жалғасып келеді

Бұл есім жұртшылыққа жақсы таныс. Кім дейсіз ғой? Ол – Мұрат Әбенов. Әрдайым қоғамдық өмірдің бел ортасында жүретін азамат кез келген маңызды мәселеге үн қатып, өзінің көзқарасын ортаға салып жүреді. Әлеуметтік желілерде де белсенділігі жоғары. Телеарналардағы сұхбаттары да елді елең еткізеді. Себебі пікірін ашық айтады. «Біздің курс» айдарына Мұрат Әбеновты таңдап, хабарласқанымызда бірден келісімін берді. Мұның өзі кейіпкеріміздің журналистерге деген ашықтығын білдірсе керек. Өзінің студенттік жылдарын сағына еске ала отырып, сыр шертті…

– Мектеппен қоштасу кезінде директорымыз Марк Захарович Подольский «Балалар, мен сендерге өмірде көп қиыншылық тілеймін» деді. Ұстаздар түлектерге әдетте ақ жол тілеп жатады ғой. Біз мұның сырын түсінбегендіктен үнсіз қалдық. Біраз үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғап, «Қиындықтан өтіп үйренсеңдер, өмірге үйренесіңдер. Бәрі жеңіл болса, ештеңеге бейім болмайсыңдар» деп түсіндірді. Сөйтіп, мен 1982 жылы мектеп бітіріп, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика және информатика факультетіне оқуға түстім. Ұстазымыздың сөзі айдай анық келе бастады. Осы жылдан бастап біз ғана емес, еліміз көп қиыншылықты бастан өткерді. Дәл осы жылы мемлекетімізді көп жыл басқарған Леонид Брежнев қайтыс болды. Қарап отырсаңыз, Кеңес одағының соңғы жылдары ғой. Мемлекетте көп өзгеріс орын алды. Жұмыссыздық, экономиканың құлдырауы, үлкен мәселелердің басы осы жылдан басталды.
– Мектеп директорының сөзін жиі еске алған шығарсыз?
– Иә, кейін де ауылға барып жүргенде, талай жолығып жүрдім. «Марк Захарович, қалай біліп айттыңыз? Біз оқуға түскеннен қиындықтан көз ашпай келеміз» деп сұраймын. Өйткені қиындықтар Брежневтің қайтыс болуымен шектелген жоқ. Біздің студенттік өміріміздің 1-курсы ғана студенттік өмірге ұқсайды. Ал қалған жылдары күреске толы болды. 1982 жылы оқуға түссек, 1983 жылдан бастап студенттерді де әскерге алатын бұйрық шықты. Осылайша студенттер оқуларын тас­тап, әскерге кетуге мәжбүр болды. Осы жылы курстастарымыздың біразы кетсе, мені 1984 жылы әскерге алды. Моңғолияда арнайы барлау батальоны бригадасына түстім. Екі жыл әскерде болып, оқуға қайта оралдым. Әскери өмірді көрген адамның ойы да, көзқарасы да өзгереді, өзі есейеді. Математика факультетінде оқу оңай емес, сабақ та әлдеқайда қиын. Әскерге барып келген жігіттердің көбі сабағын дұрыс игере алмады, өздерін, таңдау жолдарын жоғалтып алды. Оқуларын тастап, басқа тіршілікпен айналысып кетті. Жігіттерге ғана емес, қыздарға да қиын болды. Ұл-қыз араласып оқитын еді, осы жылдары тек қыздар оқуға мәжбүр болды. Әскерге білімді жастардың келгені жақсы болғанымен, студенттердің өміріне кері әсер еткені рас. 1984-89 жылдары әскерге алу жалғасып, 1989 жылы тоқтады.


– Әскерден келген соң, сіздің студенттік жылдарыңыз қалай жалғасты?
– Біз әскерден келгенде, қыздарымыз бізден екі курс жоғары оқып жүрді. Біз өзімізбен кішілермен оқуды жалғастырдық. Оқуды бастап, аяқтамаған жастар көп болды. Таза математик болып немесе ғылым жолына түскен ешкімнен хабарым жоқ. Көбісі өз-өздерін таппай қалды. Өйткені менің курстастарымның студенттік өмірі қарапайым студенттік өмірге ұқсамады. Қызық қуып, кітапхана жағалап жүре алмады. Қазір бәрінің қайда екені белгісіз, бірге түскенімізбен, бірге оқымадық, бірге бітірмедік.
– Демек, курстастарыңыз туралы көп нәрсе айта алмайсыз ғой?
– Көп нәрсе емес, ешнәрсе айта алмаймын. Өйткені студенттік өмірдің қызығын 1-курста ғана көрдік. Сосын әскерге кеттік. Әскерден келген соң, оқи жүріп, 21 жасымда отбасын құрдым. Оқу бітіргенше екі балалы болып, отбасын асырау қамымен түрлі жұмыс істеп жүрдім. Түнде көше сыпырамыз, нан дүкенінде, ет комбинатында жұмыс істедім. Күзетші болдым. Тек жұмыс істедім. Сондықтан менің студенттік өмірім толық болмады, дегенмен, әлі де жалғасып келе жатыр. Адам өмір бойы оқумен өту керек қой. Одан кейін де бірнеше оқу оқыдым, бірнеше топта курстастарым болды.
– Алғашқы курстастарыңыз қазір мектепте, оқу орындарында математикадан сабақ беріп жүрсе, біздің газетті сөзсіз оқуы керек. «Біз Мұрат Әбеновтың курстасымыз деп мақтанып жүрсек, ол бізді ұмытыпты» деп ренжиді деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, ренжімейтін шығар. Курстастарым туралы айтқанда бір ғана курстасымды айта аламын. Ол – үйдегі жеңгелерің. Оқуымды аман-есен аяқтап, балалы-шағалы болып, бүгінге жеткеніме курстасым, жарым Ардақ Әбенованың еңбегі зор. Әскерден келген соң, өте нашар оқыдым. Жетелеп жүріп сабаққа, кітапханаға апаратын. Есепті бірге шығаратынбыз.
– Ендеше, студенттік шағыңыздың жарқын бейнесі болған үйдегі жеңгей туралы әңгімелесейік. Қашан, қалай таныстыңыз? Қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?
– Әскерден қайтып, оқуға оралдым. Келсем, жеңгелерің деканатта студенттердің жазғы өндірістік іс-тәжірибесінен өтіп жүр екен. Сөйтіп, құжаттармен деканатқа келіп жүріп таныстым. Бір күні, қызық болды. Сегіз қыз келіп тұр, «Мұрат, сен әскерден келдің ғой, ойын ойнайық. Бізде сабан той деген ойын бар» дейді. «Ол қалай ойналады?» десем, «Біздің арамыздан бір қызды таңдайсың, үйленесіңдер, екі жақ құда-құдағи болып, саяжайдан үй жалдап, 2-3 күн той-тойлап, ойнап, демалып келеміз» дейді. «Ал, жарайды» деп ішіндегі Ардақты таңдап алдым. Содан күйеу жолдас, қыз жолдас, қалыңдық, күйеу, құдалар дегендей, ұлан-асыр тойға дайындық басталды. Ойынның шарты қызық болды, «Ойын-ойынымен, сен екеуің загс-ке өтініш берулерің керек» дейді ұйымдастырушылар, ол неге десеңіз, үйленуге өтініш берген студенттерге жеңілдіктер, той киімдеріне арнайы талон беріледі екен. Ол кезде бәрі тапшы кез ғой. Оны да орындадық. Екеуіміз 24 қазан күні сол ойын үшін неке қиюға өтініш бердік. Сөйтіп, 2-3 күн ойнадық, күлдік, биледік, демалып қайттық. Сол «ойыннан от шығып» (осы жерде риза болып күліп алды – ред), бір жылдан кейін, тура сол күні 24 қазанда шын некелесуге өтініш бердік. Бұл күн әрі жеңгелеріңнің туған күні. Осылайша 1987 жылы үйленіп, сол «ойынды» ойнап жүргенімізге міне, биыл 31 жылдан асыпты.
–«Біздің курс» бұл жолы әдеттегіден өзгеше шығатын болды. Басқа кейіпкерлеріміз студенттік жылдары, курстастары туралы әңгіменің майын тамызып тұрып айтушы еді. Сіз курстастарыңыз туралы да, ұстаздарыңыз туралы да сөз қозғағыңыз келмей отыр. Мұның сыры неде?
–Былтыр БҰҰ адамның жас шағы деп 49 жасқа дейін бекітті, бұған дейін 29 жас еді. Яғни 49 жасқа дейін оқуға, ізденуге болады. Шетелде адамдар әр бес жылда бір мамандық ауыстырады екен. Ал біз әлі Кеңес үкіметінің кезеңімен өмір сүріп жүрміз. Ол кезде мынадай болды: жас кезінде мектеп бітіреді, сосын институт бітіреді, одан кейін 35 жыл бір мамандықпен жұмыс істейді. Сыныптастар жиналады, курстастар бас қосады, қызықтарын, өткен шақтарын еске алады. Сосын 55 жасқа келген кезде ардагер болады, зейнетке шығуға дайындалады.
Қазір – өмір басқа. Уақыт та, заман да басқа. Тоқтап қалуға болмайды. Мысалы, мен бастапқыда математиканы таңдап оқыдым. Математика дегеніміз – логика. Бұл мамандықты оқысаңыз, кез келген мамандықты игере аласыз, ал кез келген маман математик бола алмайды. Бұл сөзімнің дәлелі – мен көп мамандық ауыстырдым. Әскерге бардым, танкист, барлаушы болдым, нан пісіріп саттым, таксист, заңгер болдым, әкімдікте, ішкі саясатта істедім, құрылыспен айналыстым, бизнесмен, депутат, вице-министр де болдым. Бір кезде еркін шығармашылықпен айналысуды қалап, бәрінен бір-ақ сәтте бас тарттым. Журналис­тиканы оқып алдым. Қазір психологияны оқып жүрмін. Адам өзгерістерге дайын болу керек. Кезінде мектеп директорымыз тілеген қиындық қабыл болып, біз студенттік жылдарда көп қиналдық. Нәтижесінде өмірге бейімделдік, шыңдалдық. Сондықтан адам бір орында тоқтап қалмау керек. Өзін үздіксіз іздеуі керек. Өзіне, жанына не керек, не жақын сонымен айналысу керек. Яғни студенттік өмір сол 5 не 4 жылдық оқумен аяқталмау керек. Адам өмір бойы оқып, өмір бойы студент болу керек. Студенттік өмір туралы естелік айту – стандартты көзқарас, адам өміріндегі білім алаңдары өзгеріп тұрады. Сондықтан менің студенттік жылдарым әлі де жалғасуда. Өткен шақта естелік ақтарып, бүгінім мен ертеңімді тасада қалдырғым келмейді. Міне, бар құпиям – осы.

Әңгімелескен 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.