Сәби болмысты ұстаз

Ол кісі дүниеден өткелі бері екі-үш рет түсіме кірді. Сол күндері жүрегім біртүрлі ауырып ояндым. Соңғы бір көргенімде көк майса шалғынның ішінде жүр. Бір ауыз тіл қатпады. Өңі жүдеу емес, бірақ әдеттегідей күлімсіреп те қараған жоқ, байсалды кейіпте. «Ұстазымыздың арғы дүниесі жайлы, жақсы болар, лайым солай болса екен!» деп жорыдым.
Шынын айтсам, Үмбетбай ағай Уайдиннің бұл өмірде жоқ екенін әлі қабылдай алмаймын, өйткені көңіл сенбейді. Кітаптарын оқысам, жазған хаттарына қарасам, ағайдың өзі «Кәмшат, айналайын!» деп күмбірлеп сөйлей жөнеледі. Барып әңгімелескендей қуанып қалам.

Бір жазбасында:«Сексенінші жылдары жастар басылым­дарының бірінен Мейірханның (Ақдәулетов) «Сабақ әже» деп аталатын шағын шығармасына көзім түскені бар. Онда Сабақ әже үйінің тұсынан олай-былай өткен немесе мектепке бара жатқан, мектептен келе жатқан балаларды шақырып алып, ауыздарына сөк құйып, қолдарына құрт, кәмпит, пешеней ұстатады. Шығарманың сол кейіпкері менің анам болатын.
Анамның құжаттағы ат-есімі – Сырға. Бірақ неге екенін білмеймін, ел ішінде Сабақ, Ақсабақ атанып кетті. Қазір ойлап қарасам, сонда бір гәп бар-ау…»
Бұнда бір емес, бірталай гәп бар екен, ағай! Сырт келбетіңіз ғана емес, көркем мінез-құлқыңыз да анаңызға тартқан болар, бәлкім?…
Үмбетбай ағай анасы жайлы айт­қанда ол кісінің атын «Сыр-ғаа» деп әде­мілеп айтушы еді.Анасының ғана емес, кімнің атын атаса да ағайымыз мәнерлеп, нақышына келтіріп айтатын. Ол кісінің адамның ат-есіміне, өзіне құрметі кісі таңғаларлық болатын. Жерде бір жапырақ қағаз жатса: «Онда біреудің есімі жазылмаған ба екен? Біреудің аты аяқ астында тапталып жатпасын» деп әдейілеп иіліп алатын. Жай қағазға осылай қарайтын адамның газет-журналдарға құрметі қандай болғаны айтпаса да белгілі. Ары қарай ағайдың өзі сөйлесін (фотожурналист Зейнел Жекейұлы екеуінің әңгімесінен үзінді):
«Тау туралы әңгіме періштелерге қарай бұрылды.
З.Ж.: – Менің байқауымда, аға, дандайсуды білмейтін, қалпын өзгертпейтін екі нәрсе бар. Бірі – биік тау, екіншісі – періштелер. Шахматтан балалар арасында әлем чемпионы атанған Жансая есімді мектеп оқушысын естуіңіз бар шығар?
Ү.У.: – Тұра тұр, ендігісін мен айтайын, чемпионның ат-есімі – Жансая Әбдімәлік Даниярқызы. Мен бұл періш­тенің ат-есіміне басылымдардан жақсы қанықпын. Бірнеше суретін басылымдардан қиып алып, дәптерге жапсырып қойдым…
З.Ж.: – Со-лай ма?… Жансая қаланың бұрынғы әкімі Тасмағамбетов пен қазіргі әкім Есімовтің қабылдауында болды. Екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстады. Қай кездесу, қуанышта да онда мәз болу бар, ал желпіну, дардай болу жоқ. Таудан шығып кетті ғой. Жансаяның суреттерін басылымдардан қиып алып, дәптеріңізге жабыстырып қойғаныңызға ойланып отырмын.
Ү.У.: – Енді… Қаршадай болса да ұлттық мақтанышымыз ғой. Тіл-көзден аман болғай де».
Үмбетбай Уайдиннің жолда бір теңге жатса да аттап өтпейтінін танитын жандар біледі. «Елімнің елтаңбасы тапталмасын!» дейді ол кісі. Бірде «Хабар» арнасының бір бағдарламасына түсіріп жатып: «Ағай, осы ісіңіз жайлы біз арнайы тоқталсақ дейміз. Қазір мына бір теңгені жерден иіліп аласыз ба, біз таспаға түсіріп алайық?» деп өтініш айтсақ, өтірікке, жасандылыққа жаны қас ағайымыз: «Ыңғайсыз болады ғой. Менің бір теңгені де айналып өтпейтінім рас. Бірақ қазір дәл мына бір теңгені иіліп алғаным жасанды ғой» демесі бар ма?! Әрең көндірдік.
Үмбетбай ағайдың асқан ұқыпты­лықпен жинаған қалың мұрағатында бас алмай қарайтын құнды дүниелер көп. Соңғы бір кездесуімізде бізге шет жағасын көрсеткен еді. Не жиса да мәні мен мағынасына мән беретін еді. Ол кісі келтіретін «Алматылықтар күніне 20 тонна нан ысырап етеді» немесе «Поляк зерттеушісі Адольф Янушкеевич «Баланы қазақша тәрбиелеуге кеңес бермекпін» депті» деген сынды мысалдары тыңдаған жанды елең еткізеді.
Ағайдың көзін көргендердің дені, тіпті бәрі деуге болады, ол кісіні құрметпен еске алады. Өмірінің біраз жылын ұстаздыққа арнаған қалам­гердің мына ойлары да талай жылғы тәжірибеден туғаны сөзсіз:
«Түн ішінде, аулада ұйықтап жатқан ұстазын төсегінен аударып тастап, таяққа жыққан мектеп оқушыларын кінәлаймыз ба, жоқ мұғалімді кінәлаймыз ба? А мүмкін мұғалім оған зәбір берген шығар? Мүмкін басқа реттері болған шығар? Қалай десек те, жақсылық емес. Жалпы, шәкірттеріне зәбір беретін, намысқа тиетін сөздер айтып, класта, аудиторияларда оларды қуантып ұстаудың орнына қатаң қабақпен немесе сұрланып, қорқытып ұстайтын ұстаздар жоқ па?
Әңгіменің орайы келіп қалды: күліп-ойнап отырып ішкен тамақ сіңімді ме, қорқып, қалтырап отырып ішкен тамақ сіңімді ме? Әрине, қуанып отырып ішкен тамақ сіңімді. Сабақ та солай.
Бұл жолдардың қайырмасы: қабамын деп адамды ит те қорқытады, жарамын деп адамды қабан да қорқытады. Адам қорқыту мақтаныш емес, гәп адам қуантуда ғой!
Адам қорқытқан біздің қайсібір замандастарымыз әжептәуір болады. Қатал адам, қатал бастық, қатал мұғалім деген сияқты сөздер олар үшін кәдімгідей мақтаныш».
Қаламгер ұстазымыздың кітапта­рын тағы парақтап отырмын. Мына тұсқа келгенде үнсіз күрсіндім:
«Студент жастар жиналған бір ортада бір ағамыз сөзін маған қаратып: «бәленшенің сатириктігінің қасында… сен… көңіліңе келсе де айтайын, жіп иіре алмайсың» деп қалды. Ауырлау сөз. Ауырлау болғанымен өз пікірі, қарсы не деуге болады. Іштей булығып быттиып отыра бердім.
Бір кісідей-ақ намысымыз бар, «быттиып отыра бермей»: «әр жүйрік өз шама-шарқынша шабады. Әр қаламгер де өз шама-шарқынша жазады. Әр жүйріктің жүлдесін анықтайтын – әділ қазылар алқасы, әр қаламгердің жазғандарын бағалайтын – халық. Так што, сіздің қаламгерлік бағаңызды беретін мен емес, менің жазған-сызғандарымның бағасын беретін сіз емес, өзіңіз не айтып отырсыз?» деп орнымнан атып тұруыма болатын еді. Әдеп сақтадым. Әдеп сақтауымның реті: біріншіден, екі-үш көйлек бұрын тоздырған реті бар. Екіншіден, әлгіде айттық, өз пікірі. Үшіншіден, жақында ғана жолдасын жоғалтқан адам. Қамкөңіл. Төртіншіден, шығармашылығына да, қайраткерлігіне де құрметпен қарайтын кісім. Бір ауыз сөзіне бола мен неге айлап-жылдап жинаған пікірімді, сезімімді бір сәтте жойып жіберуім керек? Және оның қаламгерлігін, қайраткерлігін дәріс-дәрістің арасында жас студенттерге насихаттап жүрмін, олар не ойлап қалады?»
Сені сөз-қамшының астына алған адамға жүрегің жылап, жаның күйзеліп тұрса да, осындай биіктен қарау үшін рухың қаншалық биік әрі мықты болу керек?!

Жоғарыда «Үмбетбай ағайдың жоқтығына әлі сене алмаймын» дедім ғой. Сөзімді түйіндердің алдында «Дәл осындай бала пейіл жанның бар екеніне де сенбес пе едім, егер көзбен көрмесем?» деген ой келеді. Үмбетбай Уайдин яки ол кісі сияқты шын жақсыларға жұрттың мақтау, мадақ, марапатының түкке керегі жоқ, расын айтқанда. Ондай жандардың ұпайы түгел. Ізгі жандар қоғам үшін керек. Жай ғана мына әлемнің бүтін сақталып, аман болуына, жаңбырдың дұрыс жауып, күннің шығыстан шығуына жаны ізгілердің себі көп сияқты көрінеді де тұрады өзіме.

Кәмшат ӘБІЛҚЫЗЫ,
шәкірті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.