Қалалық ұлтқа қалай айналамыз?

Қаланың дамуы – мемлекет дамуының бір өлшемі. Қала – қоғамның түрлі салалары мен адами капитал шоғырланған орта, ол елдің экономикалық өсіміне тікелей ықпал етеді. Өркениет те, ғылым мен білім де қалада қалыптасып, дамиды. Саяси шешімдер қалада қабылданады. Қала қай тілде сөйлесе бүкіл ел бойынша сол тіл үстем. Осы тұрғыдан келсек, қазақ қоғамының түйткілді мәселелерінің дені қазақтың қалалану-кенттену деңгейіне соқпай кетпейтіні анық. Сондықтан Қазақстандағы урбанизация деңгейі неге төмен, қазақтың монолитті қалалық ұлт болып қалыптасуы неге баяу, жалпы қаладағы қазақ факторы және біз, қазақтар, неліктен ауылды аңсай береміз деген сауалдар ұлт мүддесі тұрғысынан өте өзекті.

Урбанизация немесе адамдар­дың үлкен қалаларда шоғырлану процесі бүкіл әлем елдеріне тән. Урбанизация, яғни кенттену де­ге­німіз адамдардың үлкен қалада көбірек шоғырлануын білдіреді. Кенттенудің негізгі көрсеткіші – қала тұрғындарының пайыздық үлесі. Бүгінгі таңда озық елдерде тұр­­­ғындардың 70 пайыздан астамы қалаларда тұрады. Қалада өзіне тән ерекше мәдениет қалыптасады. Қа­лада азаматтардың жан-жақты дамуына мүмкiндiк мол. Жаңа тех­но­логияларға, жаңа кәсiптерге үйренедi. Қазіргі жаһандық экономика көрсетіп отырғандай, елдің экономикалық қуаты ірі елді мекендерде – қалаларда шоғырланады. Олардың арасында тұрғындар саны 1 мил­лионнан асатын қалалар жетек­ші позицияға ие. Сондықтан дамыған елдерде орасан зор өндірістік қуат, ақпараттық, инновациялық және мәдени әлеует шоғырланған мегаполистер ұлттық байлықтың негізгі өсімін қамтамасыз етеді. Ал өз елімізге келсек, Астана мен Алматы еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайыздан астамын қамтамасыз етіп, донор, яғни бюджетке ақша құятын қалалар болып отыр. Бірақ Қазақстандағы қалалардың инфра­құрылымы кәсіпорындар мен тұр­ғын­дардың жедел өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай келе бер­мейді. Мұны жуырда Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты Жолдауында атап айтты.
– Еліміздегі қала тұрғындарының үлесі 57 пайыз болса, ауыл тұрғын­дары 43 пайызды құрайды. Яғни қала халқының саны – 10 млн 555 мың, ауыл халқы – 7 млн 755 мыңнан астам. Бірақ ауыл тұрғындары жалпыұлттық ішкі өнімнің (ЖІӨ) бар болғаны 5-7 пайызын береді.

Ал 95 пайызы қалаға тиесілі. Осының өзі ауыл мен қаланың айырмашылығын көрсетеді. Халықтың көп бөлігінің ауыл­да тұруы, ең алдымен, экономикалық жағынан тиімсіз, – дейді Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының директоры, экономика ғылымының кандидаты Жәнібек Айғазин.
Жалпы, Қазақ­стандағы қазіргі урбанизация екі түрлі сипатта жүріп жатыр, оның біріншісі – қала агломерациясының өсуі, екінші жағынан, қалалардың ел аумағында әркелкі орналасуы, кенттелмеген территорияның көптігі. Қазіргі ішкі көші-қон негізінен ірі қалаларға, сауда және өндіріс орталықтарына бағытталуда, яғни экономикалық себептерге негізделген. Мәселен, бір нәсілдің ғана басын оздыруды күйттеп қалада қазақтың тұруын шектеген, өндіріс пен техниканың басты салаларынан шеттеткен кеңестік билік келмеске кеткен соң Алматы сияқты қалалардың тұрғын саны жергілікті халық есебінен күрт өсті. Әсіресе, 1990 жылдары ауыл тұрғындары күнкөріс, жалақы мен жұмыс іздеп қалаға ағылды. Бұл үдеріс бүгін де жалғасуда. Соның арқасында қаладағы қазақ саны көбейді. Қала көшелерінде қазақ тілі еркін естілетін болды. Бірақ бұдан Алматы және басқа қалалар тұтастай қазақтанып кете қоймады. Ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің шешімін табуы әлі де аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп келе жатқаны алаңдатады.
Сөйтсек, бұл үрдіс еліміздегі өнер­кәсіптің, индустрияның кенже қалуымен тікелей байланысты екен. Жалпы индус­трияландыру – урбанизацияның маңызды алғы­шартының бірі. Индустрияландыру деңгейі өскен сайын урбанизация да көтеріледі. Алайда өнеркәсіпті дамыту жөніндегі көптеген бағдарламаларға қарамастан, еліміз тіпті Кеңес кезіндегі өндірістік көлемге қол жеткізе алмай келеді. Қаладағы қазақ көбейгенмен, өнеркәсіп өндірісінің аясы тарылуы себепті жұмыссыздық қаланы да шарпыды. Көпшілік халық күнкөріс үшін ғана ілдәлап жұмыс істеуге мәжбүр. Ал маңызды салаларға тартылмаған, экономикалық әлжуаз топтың даусы да құмығып шығатыны, оны елеп-ескеретіндердің аз екені бесенеден белгілі.
Бұған «Өнеркәсіп – ең алдымен қаланың элементі. Қазақ қалалық ұлт, яғни индустриялық ұлт болып қалыптасуы үшін көптеген мәселе­лердің шешімін табу қажет. Соның ішінде қазақтардың өнеркәсіп, өндіріс салаларына барынша көп араласуы маңызды. Бірақ қазір үлкен қалалардың сипатты белгісі болып табылатын өнеркәсіп өркенін жая алмай отыр. Бұрын қалаға көшіп келгендер экономиканың драйвері – өнеркәсіпке жұмысқа орналасып, еңбек ресурсының белді мүшесі болатын. Ал қазір қалада өнеркәсіп жоқ. Кеңес кезіндегі аграрлық-индустриялық ел Қазақстанда шикізаттық өнеркәсіп басым болса, әлі күнге дейін еліміздің экспортындағы басты тауар – көмірсутегі шикізаты. Ал жоғары технологиялы өнімдер ауыз толтырып айтарлықтай емес. Тіпті өз халқымызды азық-түлікпен, киім-кешекпен толық қамтамасыз ете алмай келеміз» деген уәж келтірді Ж.Айғазин. Әрине, бұның барлығы қазақтың қалалану үрдісіне ықпал етпей қоймайды.
Урбанизацияның басты шарты бойын­ша қала адамдардың өмір сүруі, оқуы, жұмыс істеуі үшін қолайлы болуға тиіс. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы. Бұның барлығы қалалық ортаны құрайды. Алайда көбінесе қала орталығын гүлдендіруге баса мән беріліп, периферия назардан тыс қала береді. Мәселен, соңғы жылдары Алматы қаласы облыс аумағы есебінен кеңейтілді. Жаңадан Наурызбай, Алатау аудандары құрылып, көптеген елді мекендер қосылды. Үлкен қалалардың агломерация есебінен барған сайын ұлғаюы – Қазақстандағы урбанизацияның сипатты белгісінің бірі. Осы орайда қалаға келіп жатқан ауыл халқының көпшілігі негізінен қала орталығынан гөрі ауылды еске салатын қала маңына қоныстануда. Бұл негізінен қаржылық жағдайға да байланысты. Алматы сияқты қалаларда баспана құнының тым қымбат болуы себепті орталықтан пәтер сатып алудан қала шетінен жер алып үй салу арзанырақ. Бірақ қалаға көшіп келді деген аты болғанмен, қала орталығындағы өмір сапасы мен шеткері аудандардағы өмір сапасының айырмашылығы жер мен көктей. Ірі қаладағы әлеуметтік контраст – орталықтағы жайлы тұрмыс пен қала шетіндегі кедейшілікте өмір сүретіндер бір-біріне қатысы жоқ екі әлем секілді.
Осы ретте қала агломерациясына қо­ныс­тан­ған жаңа тұрғындарға жағдай жасалмауы олардың маргиналдануына, яғни қоғамнан шеттетілуіне апаратын төте жол болып саналады. Мамандардың айтуынша, түрлі әлеуметтік кикілжіңдер, қылмыстық іс-әрекеттер де сондай орталарға тән.
– Әрине, қала барлық келген адамды қа­был­дай салып, бірден баспанамен, жұ­мыспен қам­тамасыз ете алмайды. Ол үшін орасан зор қаражат керек. Сондықтан мемлекет алдымен инфрақұрылым жасауға – жол, коммуналдық желілер, әлеуметтік нысандар салуға тиісті. Содан кейін барып үйлер, мәдени орталықтар салынады. Кезіндегі «Шаңырақ», «Бақай» ауыл­да­рында болған қайғылы жағдай қайталанбауы үшін осының барлығы алдын ала ескерілуге тиіс. Бұл оқиғалар бас­қа­рылмаған урбанизацияның айқын көрінісі болатын, – дейді Ж.Айғазин.
Мысалы, Алматы қаласында 2 мил­лионға жуық халық тұрады, жақын аудан­дардан күнделікті жұмысқа қаты­найтындар бір бөлек. Ал қала инфрақұрылымы бұл цифрларға сәйкес келмейді. Яғни халық саны­ның артуы коммуналдық жүйеге, әлеуметтік салаға салмақ салады. Ал Алматының экологиясы туралы айтпаса да болады. Қала орталығына көліктердің кіруін қанша шектесе де қара түтін барған сайын көбейіп қаланы басып тұр. Қалада тұрмыстық жағдай ғана емес, экологиялық ортаның да қолайлы болуына баса назар аударылуы керек. Сол сияқты Астана, Шымкент қалаларында үш ауысымды мектептердің бар екені де халық санының мөлшері алдын ала ескерілмеуінен.
– Бүкіл әлем елдерінде қала халқы ұл­ғайып, ауыл тұрғындары кемуде. Бұл – бүкіл дүниежүзілік тренд, – дейді Ж.Айғазин. – Ең бастысы, урбанизация процесі басқарылып отыруы керек. Егер тұр­ғындар бейберекет қоныстана беретін болса, көптеген проблемаларға әкеп соғады. Мәселен, Африканың Нигерия секілді дамушы елдерінде, Латын Америкасындағы Бразилияда, Үндістанда қала маңын­дағы лашықтар әлеуметтік мәселелердің ошағына айналған. Жалпы кез келген адамның жақсы өмір сүруге ұмтылатыны – түсінікті жайт. Біз де қалаға көшіп келушілерге тыйым сала алмаймыз. Әр адамның өз еркімен қалаған жеріне көшіп-қонуға құқы бар, бұл – олардың Конституциялық құқығы. Ауылдағы жұмыссыздық, мәдени орындардың болмауы себепті тұрғындар қалаға ағылады. Олар келген соң жұмыс тауып, қоғамға пайдасын тигізуі үшін тиісті жағдай жасалуы керек. Бірақ бізде патерналистік көзқарас басым. Мемлекетке арқа сүйеудің де шегі бар. Ең бас­тысы, мемлекет нарықтық экономикаға сәйкес жеке бизнеске жағдай жасап беруі қажет, ал азаматтар түзеуге өз тарапынан отбасының әл-ауқатын тырысуы, туған жерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек.
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев өзінің жаңа Жолдауында Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын «2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын» әзірлеуді тапсырды. Президент өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды, қаржыландыру көлемін арттыруды және әкімдер осы қаражаттың есебінен өңірлердегі мейлінше өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыру жөнінде атап айтты. Міне, осы жоспарды әзірлеу кезінде аймақтардың дамуындағы әркелкілікті жоюға назар аударылмақ. Сондай-ақ Елбасы келешегі жоқ ауылдар туралы да сөз қозғаған болатын. Статистика деректері бойынша, Қазақстанда 6500-ге жуық ауылдық елді мекен бар. Бұл жөнінде экономист ғалым Ж.Айғазин былай дейді:
– Жалпы келешегі жоқ ауылдар бар екені шындық, бұнымен келіспеуге болмайды. Қазақстанда тұрғындардың тығыздығы 1 шаршы шақырымға 6 адамнан келеді. Салыстыратын болсақ, Норвегия, Финляндия сияқты елдерде – 12-15 адам. Бұндай үлкен арақашықтық жағдайында жол және басқа жобаларды іске асыру тым қымбатқа түседі. Бір ауылда оншақты адам тұратын болса оған жол салудың қандай мән-мағынасы бар? Ол жерде мектеп және басқа әлеуметтік нысандар ұстау да – шығын. Сондықтан мемлекет еліміздегі 6 жарым мыңға жуық ауылдың барлығын бірдей ұстап тұра алмайды. Көптеген ауылда тұрғын саны 500-ге де жетпейді. Мұндай ауылдардың тағдыры экономикалық жағынан тиімді шешілуге тиіс.
Рас, ауылда шешімін таппа­ған мәселе көп: әлеуметтік-экономи­калық жағдайдың төмендігі, инфра­құ­рылымның жоқтығы, жұмыссыздық, т.с.с. Соның ішінде шалғай елді мекен­дердегі білім сапасының төмендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеуі, материалдық-техникалық базаның нашарлығы баршаға аян. Соның салдарынан оқушы балалар лайықты білімге қол жеткізе алмай отыр. Ауылдағы халық саяси үдерістерден де көбінесе сырт қалады. Ал халықтың, мемлекеттің маңызды мәселелері қалада шешілетінін ескерсек, мемлекетқұраушы ұлттың бұл үдеріске толыққанды қатыспауы кейбір кезде ұлттық мүддеміздің аяқасты болуына себеп болып жүр. Тіпті, кейбір философ-ғалымдар еліміздің экономикалық жағынан дамымай отырғанына да қазақтың көп­шілігінің ауылда тұратыны, енжар­лығы, бұйығылығы кінәлі деп санайды.
Бірақ соған қарамастан, бүгінге дейін ауыл – халық өсімін беріп отыр­ған бірден бір елді мекен. Айталық, статистикалық деректер бойынша, халық санының өсуі ауылда 10 пайыз болса, қалада бар болғаны 1,4 пайыз екен. Бұл «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін ауыл қазағының отбасы құндылығын басты орынға қоюының арқасы болса керек. Ал қалаға келген соң кез келген адам көрпесіне қарай көсілуді жөн санап, бала санын шектеуге мәжбүр болады.
Десек те қалаға сіңісіп, өзін үлкен шаһардың бір бөлшегі сезінбеу қазақ­тың қалада жетістікке жетпеуінен деген көзқарас бар. Ауылда туған біздің көпшілігімізге үнемі ауылды аңсау, сағыну сезімі тән. Қазақтың то­лыққанды қалалық ұлтқа айнал­мауы­ның да бір себебі осында жатқан сияқты. Қалада қаншама жыл тұрсақ та біз неге ауылды аңсай береміз деген сұ­рақты психолог, Ха­лықаралық психологтар одағының төрағасы Төреғали Батырханұлына қойған едік.
– Қазақтың қалаға сіңіспеуінің басты себебі – қала қазақты еш­қашан бауырына басқан жоқ. Ол өзін қаланың иесі сезін­ген емес. Қазақ қа­лаға келгеннен ал­дынан ылғи ке­дергілер шығады: тіркеу, жұмыс табу, баспана, орысша тіл сындыру, т.б. Міне, осы кедергінің барлығы қазақты күйзеліске түсіреді, сағын сындырады. Ал сағы сынған соң ауылға кеткісі келмегенде қайтеді? Өйткені ауылда өз ортасы бар, ата-анасы, туған-туысы, бірге өскен достары, т.б. Естеліктері, алғашқы махаббаты да ауылда, сондықтан ауылының әрбір талы көзіне ыстық көрінеді. Ал қалада ол орта жоқ, содан қазақ сөзсіз жалғызсырайды, жетімсірейді, ауылды аңсайды. Қазақи орта болса, пәтерде жүрсе де қаланың кез келген бұрышын өзінің үйі сияқты сезінер еді. Кеңестік кезеңде біз қаланың қазағы, ауылдың қазағы деп бөліндік. Ауылдың қазағы қазақша ойлайды, сөйлейді, ал қаланың қазағының тілі орысша. Орта бөлек болған соң тіл табысу да қиын. Мәселен, ақын-жазушылар қалаға тез сіңісіп кетеді, өйткені оларда орта бар, жазушылар ұйымы бар. Бірақ елдің бәрі жазушы емес қой. Әрине, арасында қалаға сіңіп кететін шыдамдылары да болады. Бірақ олардың да тамыры ауылда, той-томалақ, өлім-жітім болса ауылға барады, байланысын үзбейді. Себебі қалада ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр жоқ. Неше түрлі кедергілерге шыдап, бәрінен өтіп, «мен қалалықпын» дегеннің өзінде олардың көңілінде қалаға деген өкпе-реніш тұрады. Сол себепті көп адам зейнетке шыққан соң қаланы тастап ауылға кетеді. Кезінде отбасы, бала-шағасы, қызметі үшін мәжбүрлікпен жүрді, енді жасы келгеннен кейін өскен жерін аңсайды, сағынады, сол сағынышын басу үшін қалған өмірін ауылда өткізуді қалайды, – дейді Т.Батырханұлы.
Дәл осы сезім, яғни қалада өзін уақытша жүрген сияқты сезінуінің, үлкен қаланы жатсынуының салдары – қала мәдениетін қабылдамау. Мәселен, қазір Алматының кез келген жерінде қоқыс шашылып жатуы үйреншікті көрініске айналды. Көшеде келе жатып түкіру, кө­ліктің терезесінен шылымның қағазын, сусынның қалбырын лақтырып жіберу түк емес. Осындай жаман әдетті қаланың байырғы тұрғындары көбінесе ауылдан көшіп келген қазақтардан көреді.
– Бұның барлығы ең алдымен адам­ның сана-сезіміне байланысты, – деп түсіндіреді психолог Т.Батырханұлы. – Кеңестік жүйе қазақтың көптеген жақсы қасиетін жойып жіберді. Жекеменшікке тыйым салынып, барлығы мемлекеттікі болды. Жеке адамның жауапкершілік сезіміне селкеу түсті. Кеңес өкіметі кезінде ұрлықтың көп болуы содан. Мысалы, үстіңдегі тап-таза киіміңе дақ түссе дереу жуасың ғой, өйткені ол сенікі. Міне, жерге, елге, қалаға деген осындай сана-сезім болмаса бәрі бекер. Адамның бойында меншік сезімі болған кезде ғана ол отбасын, мал-жанын, дүние-мүлкін қорғайды. «Бұл – менің елім, жерім, қалам» деген түсінік қалыптаспайынша, бүкіл Қа­­зақ­стан солай қоқысқа тұншығып жата береді.
Маман айтқандай, бұл Ұлттық «Мен» ұғымының кемшіндігі. Ал әзірге бізде қаладағы көпшіліктің қарым-қатынас тілі де басқа, дін де, мәдениет те басқа, барлығы сырттан келіп жатыр. Ендеше, тобырлық мәдениет пен құлдық сананың ықпалымен жүре бермей, Ұлттық «Мен»-ді ояту, жалпы қазақтың қалалық жұртқа айналуы үшін не істеу керек? Төреғали Батырханұлының айтуынша: «Бұл үшін қаладағы әрбір үлкен үйде тұратын қазақтар сол аумақта өз ортасын қалыптастыруы керек. Бірнеше адам белсеніп шығып көрші-қолаңның басын жиып ұйымдастырса, дастархан жайып барлық мәселені талқыға салса, сонда орта пайда болады. Ол үшін, әрине, көшбасшы болып білек сыбанып шығатын адам керек. Әрбір қазақ қалада кірпіш болып қаланудың жолын іздестіруі керек. Басты кедергі – қазақта ауызбіршілік кемшін».
Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының директоры Ж.Айғазиннің айтуынша, қалаға келген халық аутсайдер болып шетке қағылмауы үшін тұрақты жұмыспен қамтылуына баса назар аудару маңызды: «Мемлекет адамдардың әлеуметтік мобильділігі (материалдық жағдайын жақсартуы, кәсіби жағынан өсуі, т.б.) үшін жағдай жасауға тиіс. Мәселен, шағын және үлкен қалаларда азық-түлік, киім-кешек сияқты қарапайым заттармен өзімізді-өзіміз қамтамасыз ететін өндіріс орындары, жеңіл өнеркәсіп мекемелері көптеп ашылуы керек. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар».
Ал белгілі саясаттанушы Айдос Сарым­ның пікірінше, қазақтар өз қаласының тіршілігіне тікелей араласуы керек.
– Алматы қа­зақ­тың қаласы болмай бағы ашылмайды. Қаладағы қазақ өзін қо­жа­йын сезінуі үшін өзара бірігіп бас қосуы қажет. Мысалы, өзбек­тер­дегі «махалла» тұтас бір әлеуметтік реттеуші қызметін атқарады. Сол аула­ның ішінде белгілі бір құндылықтар, мінез-құлық ережелері, өзара көмек деген бар. Мәселелерін бірлесіп шешеді, той-томалағын өткізеді, бұзығын жөнге салады. Тіпті өзбектер діни экстремизмді де осылай жеңді. Меніңше, біздің қазақы дәстүрлерімізді де кәдімгі қоғамдық саясатқа енгізу керек. Мысалы, 100 пәтерлі жаңа үй салынды делік, оған 100 отбасы келіп қоныстанады. Олар бірін-бірі білмейді, танымайды. Сондықтан, жаңа үй салынған кезде жергілікті әкімдік бүкіл азаматтарды жинап, неге ерулік ұйымдастырмасқа? Сол жиында жергілікті мектептің, аурухананың басшысын, учаскелік полицейді алып келіп елге таныс­тыруға болады. Екі миллион халық тұратын қалада қандай билік болса да сол екі миллион халықтың әрқайсысына жетуі мүмкін емес қой. Сондықтан қоғамның өзіне арқа сүйеу керек. Мұндағы басты міндет – қалада дәстүрлі қазақ қауымын қалыптастыру, қазақтың қоғамдық институттарын қайта жандандыру. Бұл өз кезегінде қалаға деген жауапкершілік сезімін туғызады. Қаланың ұлттануы мемлекеттің көркеюіне алып келеді. Ауылда ешқашан ешқандай революция болған емес. Біз қаладағы эволюциялық өзгерістерге адамдарды біріктіру, ұжым­дастыру арқылы ғана жете аламыз, – деп пайымдайды саясаттанушы.
Иә, заманның көші қалаға бұрыл­ды. Қаланың иесі қазақ болуы үшін урбанизация ұлттық реңк алуы керек. Елбасы айтқан Қазақстандағы басқарылатын ур­ба­низация процесі қаланы бетке алған тұрғындарымызға ірі және шағын шаһарларда қолайлы орта жасауды бағыт-бағдар етуге тиіс. Баспанамен, жұмыспен қамтылған әрбір қазақтың кеудесінде «Менің қалам» ұғымы түбегейлі орнағанда қала қазақтың құтты бесігіне айналады. Бұл – ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды мәселе. Қазір қоғамның, мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк дамуында қала жетекшi рөл атқаратын уақыт. Заманауи әлемде ұлттық мүддесін қорғайтын, саяси сауатты, бірлігі бекем, өркениетті жұрт болудың тетігі қалада топтасуда, ұйысуда жатыр. Қазақ ауыл ая­сынан шығып, саясатта, индустрияда, ғылым мен білімде, мәдениетте үні басым то­лыққанды қалалық ұлт бола ала ма? Бұл сұрақтың жауабы уақыт күттірмей берілуге тиіс.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.