«Мейірім» шуағы

Елбасы ел арасындағы мүмкіндігі шектеулі топтардың қоғамнан тыс қалмай өмір сүруіне, олардың өз замандастарымен қатар жүріп-тұруларына, оқып, білім алуларына және жұмыспен қамтылу мәселелеріне барынша жағдай жасауды халыққа арнаған Жолдауларында назардан тыс қалған емес. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті білім беру жүйесін дамыту басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. 

Ресми дерек бойынша, Алматыда 100 инклюзивті мектеп бар. Олар жер­гілікті әкімшіліктің қолдауымен тәжірибелік жоба ретіне жүреді. Осы орайда жуыр­да Алматының Түрксіб ауданында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Мейірім» атты ерекше реабилитациялық орталық ашылғанын айта кетейік. Орталық 2007 жылы әкімдік уақытша пайдалануға берген №250 балабақша базасының негізінде ашылып отыр. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асса, алматылық кәсіпкер Қайрат Боранбаев құрылысқа 2 млрд теңге жеке инвестициясын салған.
«Мейiрiм» атты жаңа орталық церебралды паралич ауруына және басқа да сырқаттарға ұшыраған, интеллектуалдық дамуы төмен, сонымен қатар Даун синдромымен туған 3-тен 15 жас аралығындағы мүмкіндігі шектуелі балаларға есептелген.
Мамандардың айтуынша, Даун синдромы – генетикалық мутация. Түрлі инфекциялық аурулар, радиация қаупі жоғары аймақта өмір сүру, генетикалық модифицирленген тағамдарды пайдалану бұл ауруға әкеледі деу – қате түсінік екен. Бұл жағдайға жүктіліктің ауыр өтуі мен ауыр босану да әсерін тигізбейді. Сондықтан ата-аналар Даун синдромы туындауына өздерін кінәлі санамауы керектігін айтады дәрігерлер.
Бүгінде қоғамда белең алған Даун синдромын 1862 жылы ағылшын дә­рігері Джон Лэнгдон Даун ашты. Ол 21-хромосоманың трисомиясы, яғни адамда барлығы 23 жұп хромосома болса, соның 21-іншісінде екі емес, үш хромосома болады да, жалпы хромосома саны 47 болып кетеді. Сау адамда ол – 46 болады екен. Ал осындай ерекше жағдайда туған балалардың мүмкіндіктерін жасау да оңай емес екенін ескеруіміз керек. Ашылған мекеменің бір ерекшелігі, мұнда әр бала үшін коррекциялық және реабилитациялық дамудың жеке әдісі жасалған. Балалар коррекциялық-даму сабақтарына қатысады, оларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі, емдеу физкультурасы, массаж, физиотерапия, әлеуметтік-еңбек реабилитациясы, музыка, көркем және ойын терапиясы жұмыс істейді. Сол себепті де алматылық науқас балалардың ата-аналары бұл орталыққа сенім артып, бала болашағын біліммен қамтамасыз етіп, қоғам арасында өмір сүруіне жағдай жасай алады. Бұл сөзіміздің дәлелі, аталған орталық аумағына айрықша инклюзивті балалар алаңы орналасқан, мұнда олар түрлі жаттығулар жасайды, өздерін тік ұстап, координацияларын, жалпы және шағын моториканы, күштерін, ептілігін, көру қабілеттерін, тактильді сезінулерін жетілдіреді және топ болып ойнауға бейімделеді. Жалпы, орталық айналасында мүгедек арбасындағы және мүмкіндігі шектеулі балалардың еш кедергісіз қозғалуы үшін барлық жағдай жасалған.
Орталықтың ашылуына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, балалардың ата-аналарымен аз-кем тілдесті. Әкімнің айтуынша, алматылық кәсіпкерлердің басым көпшілігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұндай әлеуметтік бағдарламаларға қолдау білдіруде екен.
«Болашақ» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде аутизм проб­лемасымен біз кеңінен айналыстық. Жеке қаржыны тарта отырып, инклюзивті қолдаудың 20 кабинеті ашылды, оның 7-і Алматыда. Алматылық тұрғындар арасынан сәбидің арбасын сүйреген аналарды, қарттарды және мүмкіндігі шектеулі жандарды көруге болады. Қазіргі кезде реконструкция аясында біздің қаламыз ерекше қолдауды қажет ететін адамдар үшін барынша қолайлы болуда» деді Бауыржан Байбек балалардың ата-аналарымен кездесуінде.
Айта кетерлігі, Алматыда әлеуметтік саланы қаржыландыру соңғы үш жылда 2,5 есе өсті. Биылғы жылы тек мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға ғана қала әкімдігі 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Қазіргі кезде Алматы қаласында 23 реабилитациялық орталық жұмыс істейді, олардың тең жартысы жекенікі.
Әлеуметтік қоғамның басты мәні – адамдарды жалғыз қалдырмау. Мемлекет басшысы бұған айрықша назар аударуда. «Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы» және «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педаго­гикалық көмек көрсету туралы» ҚР-ның Заң­дарына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек етек жинап, ел бол­ғалы толастаған емес. Ал осы мүмкіндігі шектеулі жандар тек қоғамдық қамқорлық қана емес білім беру саласында да басты назарда. Мұндай жарымжан жандар оң-солын танып, білім алып, толыққанды азамат болуы үшін білім беру саласы да өз мүмкіндіктеріне орай біліммен қамтамасыз етуде.

Ақбота ҚУАТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.