«Қазақ газетінің» мерейі
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналған «Ұлттық басылым – «Қазақ» газеті» атты дөңгелек үстел және «Қазақ газеті» жинақтарының тұсаукесері өтті. Шараны ҚР Ұлттық кітапханасы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Қазақстан тарихы және Қазақстан халықтарының мәдениеті» кафедрасы және «Арыс» қоры ұйымдастырды. Жиынға танымал ғалымдар, тарихшылар қатысты.
1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби басылым – «Қазақ» газеті 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін аптасына екі рет шығып отырды. Газетті ұйымдастырушы-редактор Ахмет Байтұрсынұлы болатын. Жиынды жүргізген тарих ғылымының докторы Ханкелді Әбжанов «Қазақ» газетінің шын мәніндегі халықтың көзі, құлағы һәм тілі болғанын атап айтты. «Қазақ» газеті – бір ғасыр бұрынғы қазақ өмірінің айнасы. Басылымнан ұлттық қоғамдық-саяси ойдың қалай қалыптасқанын анық көруге болады. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының ағартушылық қызметі, ұлт-азаттық қозғалыс, оқыған азаматтар арасындағы пікір қайшылығы, міне осының барлығы газеттен көрініс тапты» дей келе тарихшы-ғалым «Қазақ» газетінің жинақ түрінде басылып шығуы мәдени өміріміздегі маңызды оқиға деп баға берді.
«Арыс» қорының басшысы, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес алты жыл үзбей шығып тұрған газет материалдарының автор-жазушыларын айқындап, мақалалардың әрқайсысын өз иесіне қайтару жұмыстарының қалай жүргізілгені жөнінде айтты. Ғалымның айтуынша, газет көлемінің үштен біріне жуығы, яғни 60 баспа табақтай көсемсөз үлгілері А.Байтұрсынұлының қаламына тиесілі екендігі текстологиялық жолмен дәлелденді. Жұрт жұмысына білек сыбана кіріскен Ахаңа кейінірек Міржақып Дулатов қосылады. «Газеттің ел ішіндегі зор абыройы мен беделі оның өзекті жалпыұлттық мәселелерді көтеруінде және осы мақалалары арқылы олар Алаш қайраткері болып қалыптасып, көшбастар көсемге айналды» деді Ғ.Әнес.
Жиынға қатысушылар кітаптарды құрастырушылар – Ғарифолла Әнес, Светлана Смағұлова, Гүлшат Әбикова мен Толқын Зәмзаеваға алғыс айтып, алдағы уақытта газеттің қалған басылымдарының тезірек жарық көруіне тілектерін жеткізді. Айта кетерлігі, «Қазақ» газетінің 3 кітаптан тұратын жинағын шығаруға «Ақжол» партиясы демеушілік көрсеткен.
Сонымен, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірі мен идеологиясы, тұрмысы, әдет-ғұрпы, әлеуметтік құрамы, т.б. туралы деректік мәні зор, қазақ тілінің мәйегі жинақталған маңызды басылым – «Қазақ» газетінің кітап түріндегі нұсқасы оқырманға жол тартты. Өз тарихын, тілін, дүниетанымын білгісі келетін кез келген жас осы еңбектерден зор мағлұмат алары сөзсіз.
Дина Имамбаева