Тұғыры биік тұлға

Есімі күллі қазаққа ғана емес, Орта Азияның да тарихи тұлғасына айналған Темірбек Жүргеновтің еңбегі мен асыл мұрасын насихаттау жолында ұлт қай­рат­керлерінің үлес қосып жүргендігі белгілі. Өнерді дәріптеген, ұлтын сүйген Темірбекке арнап ақындар мүшәйрасы өткізіліп, деректі фильм де түсірілді. 

Тағдырдың сан тауқыметін бас­тан өткеріп, мойымай, мәрттігі мен адами болмыстың биігінен жарқырай көрінген Темірбек Қараұлының биыл 120 жылдығы жер-жерлерде аталып өтіп жатыр. Өзінің туған жері Сыр то­пырағынан басталған еске алу кешінің көші Ұлттық кітапханада жал­ғасын тапты. Аталмыш жиынға «Қы­зылорда облысындағы Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор директоры» Сәпен Аңсатов келіп, Алаш арысының қырық жыл ғұмырында тоғысқан талай толғаулы мәселелерді қолға алып, әдебиет пен өнердің арасына көпір бола білген көрегендігін сөз етті.
Темірбек Жүргенов есімін ұлық­тауға арналған шараға оның туыс ­бауыры Бижан Жүргенов те қатысты. Ел ағасы бола білген дананың түрлі ғылыми еңбектері мен өз қолымен жазылған шығармаларын, айтылған естеліктерді «Темірбек Жүргенов» атты кітап етіп шығарған жинағын кітапхана қорына табыс етті. Сондай-ақ Алаш арысы туралы түсірілген деректі фильмнің режиссері, Ерік Рақышев осы жиында Жүргенов ­туралы түрлі дүдәмәл саясаттың қыр-сырын бірсыпыра аша түсті. Деректер мен дәйектерді айта отырып, әлі де көлеңкедей көмескеленіп жатқан құндылықтары ұрпаққа жетсе деген тілегін білдірді. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шәкірттері Жүргенов туралы жазылған шығармалардан үзінді оқыды.
«Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, 2013 жылы Қы­зылорда облысына әкім болып келген Қырымбек Елеуұлы Темірбек Жүргеновтің ескерткішін орнатып, өңірде «Жүргенов күндерін» өткізіп, орнықты іске бастамашы болған еді. Қиын қыстау кезеңнің кермек дәмін татқандар да «дала базарынан» азайып бара жатыр. Осындай ұл­тын сүйген азаматтарды ұлықтау ар­қылы бейбітшіліктің бейкүнә таңы­ның қадіріне жете түсетініміз рас. Т.Жүр­геновтей тұлғаларды тануға ұмты­латын ұрпақтар аман болғай.

Динара Мәлік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.