Мүгедек жанның жағдайын сезініп көрді

Алматылық қоғам белсенділері бір сәт мүмкіндігі шектеулі жандардың кейпіне еніп, олардың өмір сүруі мен шынайы ахуалын сезініп көрді. Флешмоб мүгедек адамдарды қолдауға және олардың мәселелеріне назар аударуға бағытталған. Қабанбай батыр көшесінің бойымен мүгедектер арбасымен жүріп өткен олар осы уақыт аралығында қарапайым халықтың мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын білді. Сонымен қатар көздерін жауып ас ішіп, зағип жандардың өмірін сезінді.  

«Алматы» әйелдер клубы, мү­гедектер бірлестігі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімінің ұйымдас­ты­руымен өткен шарада мүмкіндігі шек­теулі жандарға қоғамда не нәрселер кедергі екені анықталды. Мәселен, арбамен келе жатқан адам метроға түсе алмайды және сауда орталықтарына емін-еркін кіріп-шыға алмайды екен. Өйткені олардың қоларбасына арналған жолдар бір жерде бар, бір жерде жоқ.
– Мен мүгедектер арбасына отырдым және физикалық тұрғыдан күшті емес екенімді түсіндім. Тіпті метроға кіре алмадым. Қоңырау шалу түймесі де жоқ. Яғни арбадағы адам кісі көмегінсіз, өзі еркін жүре алмайды. Бұл олардың біздің қоғамның толық мүшесі екенін сезінуіне мүмкіндік бермейді, – деді белсенді Гүлнар Кәрібаева.
«Алматы» әйелдер клубының басқарма мүшесі Раушан ­Мамырханова: «Дәрменсіздік сезімі, өзін қоғамға қажетсіз сезіну – бұл шындық. Бірақ егер адам ­немесе оның отбасы мүшелері осы жағдайға тап болмаса, онда бәрі бірдей «әлемде» күн кешеді деп есептейді. Біз бүгін мұны сезіндік» десе, Қазақстан мүгедектер ұйымы одағының төрағасы Әли Аманбаев: «Бұл кем дегенде насихат тұрғысынан өте пайдалы. Бізде мүгедектердің құқығы туралы ратификациялаған конвенцияда сегізінші бап бар. Онда білім беру қызметіне назар аударылады, сондықтан қоғам осындай азаматтар бар екенін біледі» деді.
Көшенің жоспарын жасағанда осындай мәселелерге мән берсе деген қоғам белсендісі Бауыржан Серік небәрі 20-30 минуттың ішінде айтарлықтай қиындықтарға тап болғанын атап өтті.
– Өзіңді керексіз адамдай, үміті жоқ жандай сезінесің. Қыдыруға ыңғайлы, отбасылық демалысқа ар­­налған орталықтағы ­Панфилов көшесінің өзі мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналмаған екен. Мүге­дектер үшін жаяу жүргінші жолағынан өту тіпті қиын. Сондай-ақ жаңа Алмалы метросына барып, түсуге тырыстық. Шақыра­тын қоңырау жоқ. Ал балмұздақ жейін десек, дүкендерге қол арба­мен ба­руға мүмкіндік қарастырылма­ған, – дейді ол.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.