Той тудырған ой

Той жөніндегі пікірімді бұдан екі жыл бұрын жазған едім. Бұл тақырып менің ­назарымнан әлі де шыққан жоқ. Оның себебі неде? Той көбей­ген сайын (бұл біздің қанымызға сіңген, жақсы қасиет) ол туралы жарамсыз ұғымдар да, өкінішке қарай, жаңғырып жатыр ғой. Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында да сана-сезіміміздің кейбір теріс ұғымдары жөнінде айтылады. Солардың кейбіреуін әңгіме етейік. 

Несін жасырайын, біздің ұрпақ кеңес заманында атеизмнің ресми идеологиясының әсерінде өсті. Енді олардың көпшілігінің өмірге деген көзқарасы күрт өзгерісте, рухани сауаттылықты жетілдіруге тырысып жатыр. Сондықтан ысырап­шылдықтан аулақ болайық деген ниетпен жазып отырмын. Осындай оңтайлы өзгерістің мүмкін екенін көп адамдардың өмірінен көре отырып, рухани жаңғыруға отандастарымды шақырамын.
Қалай айтсақ та, басқа ұлттарды қай­дам, мына біз, қазақ үшін «тойсыз» өмір жоқ сияқты. Қазақ жағдайы болмаса да, қазіргі кезде қарыз алып, қауғаланып немесе банктен несие алып дегендей, әй­теуір, қалай да той жасап қалуға қолдағы бар мүмкіндігін пайдаланады. Өйткені досқа – күлкі, дұшпанға – таба болмауға ты­ры­сады. Ысырапшылдық тақырыбына өмірлік тәжірибемде байқаған бір оқиғаны назарларыңызға ұсынамын.
Қазақтың бір Сәрсенбайы баласына былай дейді: Ей, балам, кеше сен анау Сейсенбайдың баласының үйленген тойында болдың ғой? Қанша адам жиналыпты?
Баласы: Ой, әке, онда бір 300 адамдай болды ғой. Дастарқандары мол жайылған екен, онда құстың сүтінен басқа барлық дәм қойылыпты.
Әкесі: Ендеше, балам, сенің үйлену тойыңа біз 500 адам шақырайық. Дастар­қанымыз одан да молынан болып, халық­тың есінде қалатындай таң­дай қақтырайық. Мен одан кеммін бе?
Баласы: Әке, сіздің ақшаңыз ондай тойға жетпейді ғой?
Әкесі: Ей, балам, сол да үлкен мәселе ме екен? Банктен барып, пайызбен несиені молынан аламын. Мұндай несиені алу қазір оп-оңай болып кетті ғой.
Баласы: Әке, сіздің бұрынғы өте көп қарыздарыңыз бар ғой, біздің пәтер кепілдікте тұр емес пе? Қайтесіз тағы да қарыз алып?
Әкесі: Иә, оны білемін, әрине. Шы­нымды айтайын, баламсың ғой, мені итеріп тұрған күш – менің бәсеке­лес­тігім, намысшылдығым. Даңғойлық – өзіміздің атадан қалған, санамызға сіңген әдет-ғұрып, жоқ емес, бар.
Сөйтіп, Сәрсенбай көрпесіне қа­­ра­май көсіліп, баласының тойын дүр­кіретіп, халықтың есінде қа­латындай, өзі мақтана­тындай етіп өт­кізді. Өкі­нішке орай, жастар өзара келісе алмай, үш айдан кейін ажырасып кетті. Бұл-бұл ма, Сәрсенбай үлкен не­сиелері бола тұрып, тағы бір несиені мойнына артып алып, өзіне-өзі үйсіз қалу қаупін тудырды.Сәрсенбайдың от­басында бір ғана қиындық емес, ауырт­пашылық екеу -үшеу болып кетті.
Сәрсенбай сонда ғана «Қап, бекер осындай ысырапшылдыққа барған екенмін!» деп санын қағып қалды. Осындай даңғойлыққа барғанына қатты өкінді. «Балам, мен де, сен де, үлкен қателік жібердік. Болашақта осындайды қайталамайық! Жөнсіз бәсекеден, даңғойлықтан аулақ болайық!»
Сәрсенбайдың осы сабағын әр­дайым есімізде сақтап жүрейік, халайық!
Автор бұл әңгімеде үйлену тойын өткізбейік деген ойдан мүлдем аулақ! Ұлды – ұяға, қызды – қияға қон­дыру – әр ата-ананың Жаратушымыз ал­дындағы парызы Бірақ айтайын деген ойымыз – тойды, әсіресе мерей­тойларды ысырапсыз, арақ-шарап­сыз, өзіміздің ұлттық қымыз бен шұбатты дастарқанға қойып, шектен шықпай, орынсыз бәсекеге түспей өткізейік. Банктен пайызбен қарыз алу, сөйтіп, түрлі тойды өткізу харам екенін ұмытпайық, өте ауыр күнәға білместікпен батпайық, қапыда қалмайық! Әр адам адал еңбек етіп өзінің қалтасына қарап, ертеңін ойлап өмір сүргені дұрыс! Ысырап­қа жіберген ақшаны қайырымдылыққа жұмсаған әлдеқайда рухани тұрғыдан, материалдық тұрғыдан да артық емес пе? Осы біздің құрметті кәсіпкерлеріміздің ­назарында болғай…
Айта кетуге мәжбүрмін, кейбір аза­маттардың сана-сезімінде қалып­тасқан мынандай тағы бір теріс ұғым бар. Қазақ «құдасын Құдайдай сыйлайды» деген осы сөзді жақында бір үлкен тойда тағы да естідім. Бұл құдалардың бастары қосылғанда жиі айтылады екен. Бұлай сөйлеу – үлкен күнә, өйткені Аллаға серік қосу болып есептеледі. Біліп жүрейік ағайын, «Ықылас» сү­ресінде «Алла біреу, оған ешкім тең емес» деген мағынада Аят бар.
Қазір кейбіреулер тойларда аузына келгенді айтатын болыпты. Мысалы, «арақ ішкен чемпион, арақ ішпеген шпион» дейтіндер жоқ емес, бар.
Неге біз бір-бірімізді ішімдікке ша­­қырамыз, ал ішпейтіндерді келе­меж­­дейміз? Жақсылыққа шақы­рудың орнына, жұртымызды жамандыққа итермелейміз. Айта кетейін, халықты күлдіретін, көңілін көтеретін, мәдени оңтайлы әзілдер молынан бар ғой. Осыны білу үшін білімді, байсалды, сөз қадірін білетін, зиялы, рухани, яғни ислами сауатты, тура жолмен жүретін азамат болу баршамызға керек қой, халайық.
Сонда біздің тойларымыз рухани таза, мәдени жағымды, үлгілі болар еді. Сонымен қатар қазақ музыкасы, ән қазынасы қайталанбас жағымды және өте бай.Ең бастысы, өлеңнің де, қара сөздің де мағынасына мән беріп, рухани талаптарға сай болуына көңіл бөлу қажет. Осының бәрін ескерсек, біздің тойларымыз ұлттық брендке айналар еді. Ләйім солай болсын!

Ораз Баймұратов,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Әлеуметтік экономикажәне қаржы институтының директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.