КАМАЛ СМАЙЫЛОВТЫҢ МӘРТТІГІ немесе Бас жаршының қызметтен кету сыры

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, қарымды қаламгер, жазушы-журналист, марқұм Камал Смайыловтың бүкіл ел, замандас, қызметтес, әріптестері, өзгелерге де қол ұшын беріп, көмегін аямай, шуақ шашып ғұмыр кешкеніне айғақ-дәлел жеткілікті. Кімге болса да бақай есепсіз, риясыз, адами тұрғыдан қарап жасайтын (жасаған) жақсылық-шапағаттары көптің жадында. Осы күндерде ойлағанда, алыс­тан келген ауыл мұғалімі – өз басымның да жақсы-жаманды қаламгерлер қатарына қосылуыма себеп болған Кәмекең болатын. Ол жақсылығы ұмытылған емес, көзі тірісінде (өмірінің соңғы жылдарында) екі-үш басылымда кеңінен толғап жазылды да. Қашанда күліп сөйлейтін қалпымен «е, оқыдым» деп қоя салған. Алайда…

Бұл жолы аяулы жанды еске алып, сөз етпегіміз, оның басқалар біле бермеуі мүмкін (сирек құбылыс деуге сыйымды) елден ерек бір мәрттігі хақында. Шынын айтсам, мен өзім де күтпеген сол оқиға жөнінде таяуда Кәмкеңмен қызметтес болған, бір зейнеткер еңбек ардагерінен естідім. Қанға біткен әскеттікпен «рас па?» деп екі-үш қайтара тықақтай сұрап, шындығына көз жеткен соң, оқырманмен бөлісуді құп көріп отырған жай бар. Ендігі әңгіме сол зейнеткер атынан баяндалады.
– Ортаазиялық (көрші) төрт рес­публикада да қазақтар аз емес қой, – деді Жеңіс Кетебаев. – Орта мектепті медальмен бітірген соң, Ашхабадта жоғары білім алып, комсомол саласында тәуір қызметке іліктім. Сол қарқынмен басқа да біраз биіктерге көтерілуім ықтимал еді, бірақ есіл-дертім атамекен боп, Алматыға тартып кеттім. Мұнда жақсы қарсы алып, телевидениеге орналастым. Ойымда дәнеңе жоқ, баршаны бауыр санап, жаңа орта, жаңа дос-жарандар арасында пәруәйім пәлек боп, бұйырған қызметті істеп жүріп жаттым. Ешкім жөнінде қияс пікір, бөтен ой жоқ, жұрттың бәрін тілектес-ниеттес санап, өзімдей көрдім. Шыны да солай-тын. Алайда осы тірлігімді көпсініп, бір саусағын ішке бүгіп жүретіндер де бар екен. Ол пәтер кезегіне тұрмақ боп, кәсіподақ ұйымына өтініш берген кезде байқалды. Үстімнен қарайтын тікелей бастығым: «Саған пәтер жоқ. Алматыға келгеніңе шүкір деп жүре бер, әйтпесе, келген жағыңа қайтып кет» деді бетіме зәрлене қарап. Өңі де, сөзі де әсем, ­бауыр санап жүретін жігіттің мұнысына түсінбей: «Қызмет істегеніме үш жыл болды ғой» дегеніме селт етпестен, бөлмесінен қуып шықты. Бірақ Құдай жар боп, ұзамай жұрт қатарлы пәтерлі болдық. Әлгі бастығым (ол кезде мен басқа бөлімге ауысқанмын) бір жолы коридорда жолығып қап, өткендегі ісіне кешірім сұрады. «Көңіліңе алма» деді. «Мақұл, сіз де ренжімеңіз» дедім. Және мұнысына ішім жылып, риза болдым. Марқұм бір жылдан соң мез­гілсіз дүние салды. Рухы шат болсын.
Қазақ, орысы аралас он адам жаршымыз. Бастық жаршы, бес адам аға жаршы, қалғандар төменгі сатыдағы жаршы. Төменгі сатыдағының бірі – мен. Ауыс-түйіс боп жатады. Күндердің күні аға жаршылыққа сұрандым. Бастық жаршы «есте» деді. Әдетте, өзгерістер жылдың басында болады. Үлкен бастық – Камал Смайылов. Өзімнің бастық жаршым «оған айттым, болады» дейді. Бірақ қызметім өзгермейді. Кәмекеңе пәлен деу өң түгіл, түске кірмейді. Екі жыл өтті. Үшінші жыл басталды. «Не болды» десем, тікелей бастығым тағы да: «Кәмеңе айтқанмын, біледі» деуден аспайды.
Камал ағаның алды кең, кез келген қызметкер еркін кіріп-шығып жү­ретінін білетінбіз. Бір күні тәуекел деп мен де кіріп, жағдайымды айттым. «Қалай, әлі кіші жаршысың ба?» деді ол елең етіп. «Бара бер» деп шығарып салды. Сөйтсем…
Камал ағаның әр жылдың басында шығатын ресми бұйрығы бойынша менің аға жаршылыққа көтерілге­німе үшінші жыл болыпты да, бастық жаршым ол жөнінде маған қасақана айтпайды екен. Сірә, түбі шындық ашылады деп ойламаса керек. Бұлар жөнінде…
Мен қабылдауына барған күні кешкілік үйге телефон соққан Камал ағаның өзінен естідім. Қашанда жайдары қалыпта асығыстау сөйлейтін Кәмекең: «Таңертең жұмысқа барған бойда бірден Мадридке кір (Мадрид Рысбеков орынбасары), айттым, ол біледі» деді.
Таңертең Мадрид Рысбеков жар­шыларды кабинетіне жинап: «Бүгіннен бастап бастықтарың Жеңіс Кетебаев болады, председательдің бұйрығы солай» деп, мені бұрынғы бас­тығымның орнына отырғызды. Бұрынғы бастықты аға жаршы етті. Осымен әңгіме бітті. Ың-шыңсыз…
– Ойда жүрген нәрсе еді де, – деді осылар жөнінде айтқан Жеңіс ­Кетебаев жеңіл күрсініп. – Бұл жерде біреу-міреуді мұқатып, өзімді көтермелеп отырған дәнеңе жоқ. Мақтанудан ­ау­лақпын. Тек дарақ бір жерден көгереді дегендей, кейін сол мекемеде өзге де жауапты қызметтерге жоғарыладым, председательдің орынбасарына дейін өсіп, зейнетке шыққаным да көпке аян, көке.
– Зейнетіңнің қызығын көріп, аман-есен жүре бер, – дедім оған. – Камал Сейітжанұлы Смайылов менің де аға дос, жанашыр ұстазым болған. Сен айтқандай мәрттігіне сан рет куә болғанмын. Сен екеуміз білмейтін жайлар да аз болмауға тиіс, – деп аруағына тағзым еттік.
…Жоғарыда өткеннен сабақ алу тұрғысында айтылған жайларды қос кейіпкер маған жаз деп емес, сөз арасында жай әңгіме ретінде баян еткен-ді. Соны да ескерейік.

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.