ЗИМАНОВТЫҢ ҚАЙСАРЛЫҒЫ немесе М.Меңдібаев аренадан қалай кетті?

Атышулы заңгер-ғалым, академик, қазақтың біртуар перзенті Салық Зиманов жайлы бүкіл ел-жұрт біледі, ардақ тұтады, аялайды, ұмытпайды. Бақиға озғанына көп болмаған ұлы тұлғаны бұдан біраз жыл ілгері өмірден өткен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, философ-ғалым, профессор, атышулы журналист, сан салада қалам тербеген аса зипа, зиялы, қарапайым, кішіпейілділігі шексіз Әбдеш Қалмырзаев екі сөзінің бірінде «қазақтың мен құрметтейтін төрт перзенті бар, олар – Сағадат Нұрмағамбетов, Бәйкен Әшімов, Сәдуақас Темірбеков, Салық Зиманов» деуден жалықпайтын еді, жарықтық.

Әне, таяуда сол сирек тұлға Сәкең, Салық Зимановтың ел басына сан түрлі сын сағаттар туған сәттерде жасаған ерлікке пара-пар қайсарлығы хақында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, жазушы, медицина ғылымының докторы, профессор, Әжібай ата сынды текті тұқымның ұрпағы, «Фармация» компаниясының пре­зи­денті Кеңес Үшбаев айтқан сыр-сұх­батты жұрт білсін деп ортаға сал­мақпыз, ағайын. Қысқаша қайырсақ…
– Қонаевты орнынан алып, Колбин келген соң, әлдебір ойдан шығарылған дақпырт-жала өрістеп, республика басшылығындағы онсыз да сирек қазақтардың орнына ана тіл, ұлттық салт-дәстүрден жұрдай, халық болашағын ойлауға дәрменсіз небір әпербақан, кеу­демсоқ дөкірлер қойылмады ма? Сондайлардың бірі – әуелі Алматы облыстық партия комитеті, онан соң, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде секретарь болған Меңдібаев есіңде шығар, – деп бастады әңгімесін Кеңес. – Сәл-пәл дәлсіздіктер болса басқалар түзете жатар, қарсылық жоқ, есімде қалғаны, сол тұста Жоғарғы ­Советке депутат едім. Меңдібаев секретарлықтан босап, майлы жіліктен дәмесі үзілмеген болса керек, жанын салып жоғары лауазымды қызметке ұмтылды. Ұмтылғанда, Республика Министрлер Советі председателінің орынбасарлығына сайлануды көкседі. Ол кезде ­Республика ­Министрлер Советінің председателі Ұзақбай Қараманов болатын. Жан дүниесі жайсаң, қайырымы мол, игі жұмсақ Ұзекең, сірә, келісім беріп қойды ма екен, нақты білмеймін, әйтеуір, әлгі қызметке Меңдібаевтың кандидатурасы аталып, талқыға салынатын болды. Құдай жарылқап, сол күні мен залдың алдыңғы қатарында отыр едім. Меңдібаевтың фамилиясы аталған ­бойда орнымнан ұшып тұрдым да: – Меңдібаев мырза! – дедім даусымды көтеріп. – Ты совершил кадровый геноцид. Жұртқа не бетіңмен қарамақсың? Тағы да солай етесің бе? Жоқ! Біз енді ондайға жол бермейміз. Солай емес пе, депутат мырзалар? – деп залға көз тастадым. Назарым бірден Салық Зимановқа түсті. Ол да бірінші қатарда отырған. Көздері шоқтай жанған Сәкең екі қолын бірдей көтеріп: «Дұрыс айтасың, Үшбаев інім!» деді маған қарап.
Залдан: «Солай! Солай!» деген дауыстар естіліп, жұрт дүрлігіп кетті.
Уақыт түске таянған еді, соны пай­даланып, әрі жұрт тыншысын де­ді ме, председатель үзіліс жариялап жіберді.
Сыртқа бет алған менімен Салық Зиманов бастаған бір топ депутат ілесе шығып, тамақтануға бармастан әлгі мәселені коридорда талқыладық. Онан соң Сәкең өзге депутаттармен де жеке-жеке сөйлесіп, не керек, Меңдібаевты сайлатпаудың барлық амалы жасалды.
Сессия басталған соң, айтқан­дай-ақ, Салық Зиманов бастап, өзге депутаттың бәрі Меңдібаевты бір ауыздан сайлатпай тастады. Бұларды айтып отырғаным, егер сол жолы Сәкең мені бірден қолдап, депутаттарды соңынан үйіріп әкетпегенде, Құдай біледі деп айтайын, бәзбір бос белбеу пақырлардың көңілшектігінен Меңдібаевтың биік лауазымға қайта сайланып кетуі де ықтимал еді. Салық Зиманов­тың қайсарлығының арқа­сында партиялық форум, съездерде бір ауыз қазақша сөйлемейтін Меңдібаевтың жолы кесілді. Және сол кесілгеннен қайта бас көтере алмастай етіп, біржола кесілді. Табаламаймын, Меңдібаевқа керегі сол болатын. Жолбикеге обал жоқ.
– Салық Зимановқа бәрекелді. Өзіңнің де себің зор бопты ғой, – дедім Кеңеске әзіл-шынын араластырып. – Басқа біреу болса, мен қатырдым деп күпінер еді. Сен болсаң…
– Қылжақты қайтесің. Салық Зиманов онсыз да аруақты тұлға. Ел үшін жасаған ерліктерінде есеп жоқ. Мен өз көзіммен көріп, куә болған біреуін ғана айттым. Рухы шат болсын! – деді Кеңес Үшбаев өңі сәл алабұрта.
– Салық Зимановпен кейін араласып тұрған шығарсыңдар?!
– Әрине, араластық. Өмірден өткенше сыйластық. Керемет адам еді ғой марқұм.
Міне, қадірлі оқырман! Бәзбір пенделер жиырма жыл көз жасын тыя алмай, зарығып күткен (осының түбірін зерделе) кәрі қақсал ­Колбин қазақ билігінің басына ­келгеннен соң оған лайықты қолшоқпар болған, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кіші 1937» атты мақаланың «көзге көрінбес» кейіпкерлерінің бірі – Меңдібаев қасқаның дәуірі осылай аяқталды.
Нұрың пейіште шалқысын, Салық аға Зиманов! Қазақтың ­Зимановы! Ел намысы таразыға түскен күндерде табандылық танытқан тектілігіңді жадында сақтап, теберіктей тәу етіп жүрген іні досың, қадірменді Кеңес Үшбаевтың абыройы асқақтай берсін! Ұлтшыл, намысты, қыран текті қаламгер, ақын, дәрігер, бас фармацевт Кеңес Үшбаев!

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.