СӨЗДІҢ ҚҰНЫ МЕН КӨЗДІҢ НҰРЫ

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Баққожамен қызметтес болу сынағы осынау ғұмырдың ұзынды-қысқалы ағысы үстінде үш мәрте бұйырып, шәлкем-шалыс жағдайдың ахуалында іргеміз екі  жолы ажырапты. Мансап санатына жататын болса егер, бас редактор тұғырына қондыруға бір рет зор септігін тигізген екен. Қызметке сатылап жылжу мен оған орнығудың ғылыми жолы қандай, оны ұйымдастырудың оқу-тоқуы бола ма, өміріңе өзгеше ажар бере түсетін шаралар турасында іні-бауыр, дос-жаран алдына барып, өтініш жасап көрмегеніме өзге тұрмақ өзім сенбейтіндей жағдайға тап болатыным бар кейде… Жұмыссыз қалған жылдары Баққожа кеңсесіне шақырып, таныс-біліс жоғары лауазым иелерінің тауып берген тікелей телефонын көзбе-көз отырып тергізетін. «Алмаса екен» деген ішкі тілегімді Құдай құп көре ме, арғы жақтан әлгінің көмекшісі «ол кісі жоқ» деп жауап қатады. «Аты-жөніңді» айт деп Баққожа ым қағып қоймайтын. Одан бері де көп уақыт өтіпті-ау.

Өткен ғасырдың сексенінші жылда­рының бас шені, республикалық жас­тар газеті «Лениншіл жастың» ­насихат бөлімінің жетекшісі – Жанболат ­Аупбаев. Бастықтар шақырғанда я басқа ­шаруалар килігіп, шығып кеткенде ғана шырылдаған телефон тұтқасын алып, жауап беру міндетіміз еді. Дәу де болса сондай сәттің бірі-ау, шамасы. «Алло» деп дыбыс қатқанымыз сол еді, «Бұл кім?» деген сұраққа бөгеліп барып аты-жөнімді ұяңдау айтқаным есімде. «Өй, сен өзің мықты жазушы емессің бе» деген сөзі ойнақылау шықса да, әсерінің аңысын баққан тосылысты аңдауын аңдадық. Бір ауыз сөздің құдыреті-ай, шіркін, жұртқа таныла бастаған екем-ау деген қуанышқа ұқсас пендәуи сезім көкіректі кернеп ала жөнелді. Жоғары оқу орнын сырттай бітіріп, зиялы қауым арасына мезгілінен тым кеш қосылған жазғанға «атшу» деген қолдаудың өзі үміт отыңды жандыра түсіп, өңмеңдеп алға ұмтылуыңа себепкер болған екен қазір ойласаң. Баққожа Мұқай бұл кезде ел-жұртқа кеңінен таныла бастаған жазушы, роман-повестері оқылымды, пьесалары қазақ сахнасынан ары асып, Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі театрларының репертуарына еніп, арасында қойылымдарына барып-келіп жүрді. Жазған хаттары мен оқыған шығармалары туралы білдірген пікірлерінде Л.Толстой «чувство меры» деген сөзді көбірек қолданып, өзгеше мән беретіні аңғарылады. Ар-ұят сыпайылығы мен сынықтығының өлшемін мөлшерлейтін осы ұғымға толық жауап бере алатын ажар иесі еді Баққожа. «Өкпеге қиса да, өлімге қимайды» дегенді қазақ атамыз тегіннен тегін айтпаған-ау, сірә.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары­ның бас шенінде «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық ұйымының құрметті төрағасы Баққожа Мұқай да, орынбасары – осы жолдарды жазып отырған пақыр. Коммунистік партияның әтуері кетіп, қыры сына бастаған шақ. Қазақ тілін дамытып, өркендету шаралары қолға алынып, іске қызу кірісу барысында облыстық атқару комитетінің әртүрлі деңгейдегі қызметкерлерімен күнара жүздесіп, мәселе қоюдан жалықпаймыз. Баққожа тәулік бойына әлденеше рет телефон шалып, атқару комитеті төрағасының орынбасарына айтатын сөздерімізді алдын-ала жұптап беретін әдеті. Арасында өзі келіп, тиісті адамдармен жолыққан кезде өзін жоғары жақтан келген уәкіл кейпінде ұстап, мәселені бірден борандатып әкетпей сыздықтата баптап шығарып, мән-жайды кеңінен толғап түсіндіре жөнелетін. Әуелі жұмыс атқару үшін кеңсе керектігін құлаққағыс қылудан бір танған емес. Даусын әсте көтермей үлкен көздерін таңырқау шалыстандыра төңкере тастап барып тіктеп қадаған кезде жанары әнтек қылиланған мезет өңіне өзгеше тартымдылық үйіріліп өтетін. Сол уақытта екі шықшытының сәл шығыңқылығы аздап сәнін бұзбаса пішін үйлесімділігі мінсіз көрінетін. Кескін-кейіптердегі құбылыстарды талдаған тұжырымдарынан пенделік осалдықтарды сезгіштігі аңғарылатын. Адамды ығыр ғып жіберетін сәттерін өршелене өрекпіп, дәлелдей бастасаң: «Шапылдама!» дейтін сабырлы қалпынан танбастан. Әлденеге қуанып, сүйінші сұрағандай боп жетіп барсаң «Лапылдама!» деп екпініңді дереу басып тастайтын. Мезетінде асып-төгіліп қуана қап, лезде сабаңа түсетін мінезіңді қалыпқа салатын Баққожа ұстанымы біраз еңбек сіңіргенін еріксіз ойлайсың. Облыстық атқару комитеті төрағасының қабылдауына кіріп, бір сағаттан астам уақыт әңгімелескен еді. Одан арғысы көп есте жоқ, ұмытылған. Бірнеше жыл өткеннен кейін дастарқан басында: «Облыстық атқару комитеті төрағасының қабылдауынан шықсам: «Бәке, бір сағаттан астам уақытқа орысшаңыз жеткені ме, сонда?..» деп мына батыр өрт сөндіргендей ентіккен кейіпте лапылдап тұр».
«Егер тағдыр онымен табыстырмағанда қайтер едім?» деген сұрақ санамды кейде сан-саққа жүгіртіп, тап басатын жауап таба алмай қиналатыным бар. Әкесі Сейдін ақсақал қилы кезеңдерді еске алып, шерткен сырлары әлі күнге дейін құлақта.Көп жылдар ұжымшар төрағасы қызметін атқарғанына қарамай қалбалақ қаққан шағын денелі кісі еді. Ораз Жандосовқа серік болып біраз ел аралаған кездері атақты қайраткердің мінез ерекшеліктерін тәуір баяндайтын. Сөздерін тұздықтай түсу үшін Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» өлеңдерінің шумақтарын жатқа соғып жіберіп, мысал келтіретін.Тақырып туған-туыстары мен бала-шағасына қарай ауысқанда қария сақтықпен «Тельман менің ұлым» дейтін ақырын сыбырлап. Жүрекжарды әңгіменің үстіне күтпеген жерден Баққожа келіп қап: «Не айтып отырсың?» дейтін әкесіне тергеушідей түйіле қадалып. Қуыстана сасқалақтаған қария: «Кет, ары» дейтін зілсіз үн қатып. Келіні Нұржамалдың көтерімді мінезіне тоқтала кеп құдағиын мақтайтын. Баққожаның анасы, жарықтық, қосағынан бір мүшел кішілігінен бе, жүрісі ылдым, қимылы ширақ, бір кездегі бастық зайыбына мүлде ұқсамайтын аса қарапайым еді. Әке-шеше, іні-қарындастарымен қауышқан кезде Баққожаның өтімі мен еркелігі сезілсе де, ешкімнің көңіліне кірбің түсірмейтін ахуал аттанып кеткенше бұзылмай сақталатын. Мұның бәрін өмірдің өткерілуі тиіс сәттеріне ұйғарсақ та, ет-жүрегіңді елжірететін қимастығы барына жүгінбей тұра алмайтының да шындық.
Өмір ағымындағы кейбір сыйымсыз мінезін қазақ зиялылары әңгіме арқауына айналдырған кезде келеке-мазақ қып тұрып, бетпе-бет ұшыраса қалса, алдарын қиып өтпей «Сәкелеп», «Мәкелеп» жөнелетін кішіктігі нандыратынына сенер-сенбесіңді білмей дағдаратының бар. ­Тельман Жанұзақов туралы жақсы лепестерді ести келе оның өн бойынан әлгіндей осалдықтарды кездестірмей, нағыз зиялы жандардың санатына ішкі таразымыз арқылы сеніммен қосатынбыз. Міне, сол кісінің ықпалымен Баққожа Баққожа боп жеткен де шығар, өйткені аса танымал азаматтардың алдында қаршадайынан етене өскендей өзін сыралғы да еркін ұстайтын. Олжас, Әнуар, Шерхан, ­Сейдахмет, Қалихан, Әкім секілді аңызға бара-бар тұлғалармен әріптестік тұрғыда тең дәрежеде сөйлессе де, бәрібір қия баспас ішкі өлшемінің арқасында әркімді орын-орнымен құрметтейтін әділетін аңғаратынбыз. Олар да Баққожаның бұл қасиетін жіті сезініп, ой-пікірлерімен санасатындарын ашық білдіретін еді. Баққожаға деген көзқарастарында өзгешелеу мағына бардай көрінетін.Бірде ренішін жасыра алмай өрекпи сөйлеген жазушы Қуаныш Жиенбаев: «Бізді үлкендердің алдында ойымызды ашық айтқызбай жасық қып тастаған сенің ағаң Сейдахмет Бердіқұлов» дегені арагідік ойға оралған сайын шындығына еріксіз мойынсұнасың. Жер хабар бермесін жарықтық, анда-мұнда жаза басып, жаңсақ кеткен жағдайда жер-жебіріңе жетіп, жекен тауынан асырып жібере жаздайтын. Міне, сол кісінің өзіне Баққожа көзкөрген қатарында кіріп, қол алысқанда інілік ілтипатын өтімді базынасы арқылы білдіретін. Тіпті сол Сейдахмет басымен «анау Баққожа маған не деп кетті?» деп шала бүлінетін кездерін көзіміз көрді де. Алдыңғы толқын ағалардың алдында өзін бұлай тең ұстауы арқылы дүние құбылыстарынан молынан хабардар, сөзге шешен,ойға көсем қалпы есіңде қалатындай. Бастық пен бағыныштының қазақ қауымының арасындағы қарым-қатынасына Баққожа ешкімге ұқсамайтын тұрғыда келгендей көрінеді де тұрады. Әріптестік жораға ет-жүрегі елжірей қоймайтын қатаң талап иесі салқын қалпын әсте бұзбайтын.Айлыққа үстемелетіп сыйлық қосып үлестірсе де, «мен сөйтіп жатырмын» деп міндетсіп өктемсімейтін. Есесіне жұмысқа деген талап-тілегі кісі шошырлықтай кірпияз, орындалған тапсырмаға деген бағасын көбіне ашып-жарып айтпайтын. Мұншалықты талмас та тұрақты қажырлы ғұрып жасыратын несі бар, қатып-семіп қалған ескі мектептің үлгісіндей көрінетін. Содан да шығар, кейде ашық қарсылыққа барып қап, тоң-торыс ахуалдың сызды ызғарына шыдас берместен ақыры қоштасып тынғанбыз. Енді көрмегенім Баққожа болсынға ұйғарып, біраз уақыт ат құйрығын үзісіп, хабар-ошарсыз кеткен жайымыз бар еді. Күндердің бір күнінде Баққожа телефон шалып, арада еш нәрсе болмағандай хал-жағдайымды біліп, не істеп жүргенімді сұрады. Баққожаның тілімен айтқанда «лапылдамау да» бір керемет өнер-ау қайтсе де, мұңды сарынды сөздерім арқылы ашылып-жарыла сыр беріп қойған шығармын, бәлкім…
«Парасат» журналының басшылығына ұзамай Баққожа келді. «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері маған ол тағы да телефон соғып, журналда қосымша жұмыс істе деген өтінішін білдірді. Қосымша деген қу тамақ шіркін адамды жайына қалдыра ма, ойланып-толғанбастан бірден келісімімді бердім. «Алатау» демалыс үйінде бәйбішесі екеуі демалып жатқан Бәйкен Әшімовтен сұхбат алуға Баққожа өзі бастап барып таныстырды да, дайындап қойған дәмнен ауыз тиіп, өз жөніне кете барды.Көрнекті мемлекет қайраткері мінезі ауыр, байып­пен баяу сөйлейтін кісі екен. Өмір жолының желісін бұзбай баяндаған кезде баурағыш қуаты ұзына бойында солғындамай елітті де тұрды. Бірде-бір сұрақ қойғызбай аяқтаған сөз аумағының өн бойынан жалған көлгірліктің жұқанасы сезілсе ше?!. «Жазып болған соң маған осы жерге әкеліп оқытып аласың ғой» дегенде: «Көңіліңізден шыға ма, шықпай ма, бір құдай білсінге» сайып, қарт кісінің әлпетін көз жазбай бақыладық. Бәйкен Әшімовтің ой ұялаған жүзі сазара іркіліп барып: «Бағанағы жігіт сіз туралы жақсы айтты ғой» деді түйіле қараған қалпы.Өзіңе бір ауыз жылы лебіз жармай, аса ірі тұлғаға мақтағаны жағымды етілсе де, еңсеңді басып көтертпей тұрған зіл батпан жауапкершіліктің салмағын арқалап кетпекке ыңғайлана бергенде: «Көлігің бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» ­деген ­жауап естіген мезет дереу телефонға жармасып: «Өзімше қоттиып отырғанда, тыңдай қойса жақсы ғой» деді де, аты-жөнін айтып, өзіне келген журналисті қалаға жеткізіп тастау керектігін өтінді. Ар жақтан дереу апаратын машинаның нөмірі хабарланып, «сыртқа шыға берсін» деген өкіміне дейін естідім.
Сұхбат жарияланған бетте көрнекті мемлекет қайраткеріне баспасөз біткен үйірсектеп, шеттерінен әңгіме өткізіп, көлемді мақалалар жазып қана қоймай, қолына қалам ұстағандардың көбі ол кісіні тойларына шақырып, бата беретін абыз ақсақалға айналдырып үлгерді.
«Парасат» журналы ол жылдары сайдың тасындай атпал азаматтарды жұмысқа шақырып, «қазақтың көсегесі қайткенде көгереді?» деген тақырыпты тереңнен қозғады. Ағымдағы жайларды әр тараптан талдап, алға жылжытудың тегершіктерін іздеді. «Жанкешті ізденудің өтемі оқушыдан қайтады» деген сенімге әлі селкеу түсе қоймаған кез. Осындайда өз пендешілігің жадыңда жаңғырыққан сайын ыңғайсыз күйге душар қылатыны бар. «Журналға жазыл» деген Баққожа өтінішіне «жарайды» дей салғам, бір күні сұрағанда «жазылдым» деп шімірікпестен жауап қатқам. Жаңа жылдың алғашқы апталарының бірінде телефон соққан ол: «Пошталарды тексерттім, сен ешқандай жазылмапсың» деп, бірер сәт менің ­жауабымды күтті. Қақ маңдайдан салып өткендей сілейген күйі қалдым. Құйрығы бір-ақ тұтам өтірігімнен бұрын осының бәрін тексеруге күш-қуатты қайдан алады екен деп еріксіз таңырқайтының рас. Жанашыр саналғандардың оған қол ұшын созбағаны оңай тимеген де шығар… Тірісінде осы бір өтірігім үшін кешірім сұрамағаныма кей-кейде қатты өкінетінім бар. Бұған ренжіп кек тұтты ма, тұтпады ма, оған қайтып оралған емес. Ойда жоқта телефон соғып: «Кешкі бестерде министр сені қабылдайды, галстугіңді тағып, дұрыстап бар, алдында лапылдап сөйлеме» деп қатты ескерту жасады. Маңайлаған адамдарыңды ой сарабына салып қарасаң, алым-салым, берешек-ерешек ұғымдарынан ауылы алыс адал жандар екенін ойлаған сайын жұмыр басты пенде болған соң ақыреттің қиямет-қайым сынына жүрексінбей баратын-ақ сияқтысың.
Алтынбек Сәрсенбайұлы кабинетінің төрінде тұрып, жайдары кейіпте қарсы алды. Көп ашылып сөйлесіп көрмеген еңселі жігітпен анда-мұнда жолыға қалсаң тұла бойыңды түгел шолғанда ойыңдағыңды оқып қойып, назарын қиғаштау салқын тастап кететіндей көрінетін. Бұ жолы үлкен көздерін кең аша барлай іркілген кезде болмысыңды сынап үлгеріп, ішкі түйінінің растығына көзі жеткендей сопақ кескініне жылылық үйіре: «Сіз үлкен газеттің бірінші орынбасары болып барасыз, одан арғысын содан кейін көре жатармыз. Ертең тура осы уақытта келіңіз, мәселеңізді шешеміз» деді. Келесі күні шешімін шұғыл өзгертіп, «Заман-Қазақстан» газетіне Бас редактор қызметіне жіберген еді. Министр басымен «газет тіріліп келе жатыр» деп жиі-жиі телефон шалатын. Кей-кейде: «Үкіметті жасақтау құқығына ие болдыңыздар ма?» деп ренішін үйіп-төгіп айтпаса да, басшылыққа журналист ұсынған кандидат жөнінде ащы кекесінін білдіретін. Шешен соғысындағы әйелдер мен балалардың оққа ұшып жатқаны жөніндегі хабарларды құптап, «Мұны сіздерден басқа ешкім жаза алмайды» деп қадап тұрып айтатын. Алтынбек Сәрсенбайұлы апталық газеттің ой еркіндігін құптаса да, «Қазақ басылымдарына не кедергі» деген сауалдың көтеріліп, талқыланғанын, неге екенін кім білсін, аса қабылдай қоймады. «Бояушы бояушы десе сақалын бояйтын» жайттарды қатты сөксе де, «Баққожаға мынауыңыз түсініксіз адам екен» деп бір ауыз лебіз жармаған сияқты. «Берген уәдесі басқаша еді, неге өйтті» деп Баққожа әйтпесе көпке дейін қоймастан айтып жүрмес еді ғой. Басылымды көз жазбай бақылаған ол: «Газет тура өз мінезіңнен аумай шығып жатыр, кейде тізгініңе ие бола алмай қаласың, енді бір қарасаң момақан» деп хал-жағдайыңды білместен бұрын өз пікірін ортаға тастайтын. Нығыз басып, өзін мығым ұстайтын әдетін ақырғы күндеріне дейін ұстанғанында жаратылысына сүтпен еніп, сүйекке сіңген ірілігі сезілетін. Тап осы ойдың астарына үңіліп, түсінікті ғып жеткізудің бір қарағанда күрделі түгі де жоқ сияқты. Бірқатар қимас адамдарды аттандырып салғаннан бұрын дүниенің мағынасына үңілудің басқаша жолы бар ма деген мазаң ой санаңды ыңғай торлап алатыны бар. Өмірінің санаулы күндері мен санаулы сағаттарына дейін Баққожаның жан дүниесі бір тыным таппады. Шығармаларының төрт томдық таңдамалысын шығарып үлгеруге тырыс­ты. Өз иелігіндегі «Парасат» журналының болашағына қатты алаңдады.
Баққожаның қас-қабағы өзі қалайтын адамдармен тілдескен кезде жайма-шуақ тартып, жүзіне үйірілген жымиысында пенде баласының ешбірінде жоқ өзгеше мағына бардай көрінетін. Алматы облысы Жамбыл ауданының Жамбыл ауылына ертеректе соққанда Шаштай ақсақалмен қос қолдап амандасып, уысынан босатпай біраз ұстап тұрды. Жастау мейманға барлай қарап, сәл қуақы жымиған қария: «Сен біздің ауылда Көйкел дегеннің қызы бар, соны аласың ба?» деді.Түктің де мәнісін түсінбей көрнеу сасқан кейіпке көшкен Баққожа: «Ол сонда қалай болмақ?» деп жүзіне әлгі сирек ұшырасатын күлкісін үйірді. Қазір бәрі өтіп кетті, тап солай тілдескен Баққожа да, оң жақта отырып қалған балдызын ұсынған ақсақал да о дүниелік. Кісіні селт еткізетін сәттердің шымыр да шынайылығын қарабайыр тіршіліктің соңынан барып бір-ақ аңғарған кезде жанарыңа қимастықтың ыстық жасы үйіріледі. «Әкеңнің көзінің нұры әлі қашпапты» деп әсерін бір ауыз сөзбен тұжырған Баққожаның ешкімге ұқсамайтын сөз алқабы көкарай реңінен айрылмасын. Қайран, Бәкең…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.