Ауқымды міндеттер

Текеліде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі ауқымды міндеттерді саралауға арналған қалалық актив жиналысы өтті.

Жиынға «Нұр Отан» пар­тиясы­ның Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар ­Сарыбаев, қаладағы мекеме, кәсіпорын басшылары, Алматы облысы және Текелі қала­сының Құрмет­ті азаматтары, ардагерлер, қала­лық мәслихат депутаттары, саяси партиялар, этномәде­ни орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев Текеліде «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында бой көтерген жалдамалы 80 пәтерлі үйдің кілті кезекте тұрған аз қамтылған отбасыларға Наурыз мейрамында тапсырылатынын атап өтті. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бастамалары жайында таратып айтқан қала әкімі тиісті мекеме басшыларына әр бағыт бойынша тапсырмалар жүктеді.
«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Сарыбаев Елбасының барлық Жолдаулары, айқын бағдарлары мен бастамалары адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мен Қазақстанды бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосуды көздейтінін алға тартып, Президенттің бес әлеу­меттік бастамасының негізгі алғы­шарттары уақытылы жария­лан­ғаны, қажеттілікке жауап бе­ретіндігі, көп деңгейлілігі және нақтылығы екеніне маңыз берді. Ол жаңа технологияларды, ғылыми жаңалықтарды оңтайлы пайдалану арқылы қарыштап дамыған елдердің өмір сүру салты туралы нақты мысалдар келтіріп, пилоттық жоба ретінде биыл Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Тал­дықорған қаласы «ақылды қала» атануға қадам жасайтынын жеткізді.
Басқосу барысында «Қа­зақстан Халық банкі» АҚ Текелі қалалық басқармасының директоры Рамиль Агапов, №8 орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі Любовь Федотова, Текелі кәсіптік колледжінің директоры Дәуболат Нүсіпов, Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов және «Текелі сүт зауыты» ЖШС ­директоры Геннадий Савинов сөз алып, өз салаларындағы әлеуметтік жаңғырулар туралы ой өрбітті.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.