ҚАРА НАР

Біз сонау 1971 жылы Алматыда таныстық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен елу баланың маңдайы жарқырап, ҚазМУ-дің ең әйгілі журналистика факультетіне оқуға түстік. Елудің ішіндегі паспортсыз туу туралы куәлікпен оқуға қабылданған Ғабиден (Ғ.Құлахметов ақын, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болған) екеуміз. 

Шын мәнінде сарыауыз балапанбыз. Үлкен қала түгілі шойын жолды, орысты көрмеген едім. Түсі суық, жүріс-тұрысы әскери адамдардай суыт Қараша Қарамановпен таныстық. Әуелі бөлмелеріміз жатақханада көрші болды. Кейін ағалы-інідей араласып кеттік.
Түсі суық болғанмен жүрегі жылы екен. Тек темірдей демейін, кәдімгі тәртіпті қатты ұстанады. Ғабиден екеумізді туған бауырындай баулыды. Жүген-құрық тимеген асау тайдай екеумізді ұзамай бастықтырды. Бөлменің еденін жууды, макарон пісіруді, сәнді киім киюді, шалбар үтіктеуді үйретті. Не керек студенттік тұрмыстың бар машақатына мәтіби болып шыға келдік. Уақытында ­Пушкин кітапханасына жетектеп апарады, не оқып, не жазуды үйретеді. Бұл тәртіпке тек бізден екі жас ересек, қазір үлкен жазушы Серік Байхонов қана көне қоймады. Қарекең екеуі қызылордалық. Бірі – Қазалыдан, бірі – Шиеліден. ­Содан да болар, Серіктің жаратылысы бөлек сияқты көрінеді осы күні. Ғабиден әзілді жақсы көретін. Бірде «Қараша – қатал» деген теңеуді жайып жіберді. Бір оттықтан жем жеп, бір тұнықтан су ішіп жүрсек те, бүкіл курс Қарекеңнен именетін. Бірақ керемет сыйлайтын. Үлкен-кішісі түгел. Марқұм курстасымыз Ержұман Смайлов та сол сойдан еді.
Содан қайран студенттік бес жыл бес күндей болмай өте шықты. Ош қаласында 2 айлық әскери жиында болдық. Дипломмен қоса, лейтенант шенін алып қайтамыз. Бұрын әскерде болған курстастарымыз, бірі старшина, бірі сержант, бірі ефрейтор екен. Шендерін тағып алды. Тағы «сорладық». «Молодайлар» деп қарауылға, асханаға кезекшілікке бізді салады. Сонда Ғабиден марқұм «Старшина Қараша имеет ордена» деп әндететін. Сапта келе жатқанда айтатын ән ғой. Міне, біз Қаракеңді 70-ке келсе де әлі «Старшина Қараша» дейміз. Старшина әскерде солдаттың ең жақын қамқоршысы. Қарекең сол қамқор қалпынан әлі өзгерген жоқ.
Қарекеңнен ендігі бір үйренетін мінезі – тұяғы тиген жерден таймайтын, айтқанынан қайтпайтын, не болсын түгендеп, түбірлеп, зерттеп, жазған-сызғанынан әсте ши шығармайтын. Жолдамамен Үштөбеге, аудандық қазіргі «Қаратал» газетіне барды. Облысқа, республикаға жоғарылап кететіндей мүмкіндігі мол болды. Үлкен жерде, үлкен креслода отырған Ғабиден досымыз кранша көтерсе, тиянақты Қарекеңді талай биіктен көретін едік. Ол қаламы бас білген аудандық газетін тастамады. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Міне, табандылық дегеніміз – осы.
Қарекең жасы зейнеткерліктен асып кетсе де, әлі қатарда. Қасым Аманжолов ағасы жырлағандай, «Сайраған ізі жатыр жер бетінде». Ол – қаламынан туған шығармалары. Өзің туған қараша айындағы қансо­нар­дай жыл сайын үйірімен үш тоғыз боп тұр, Қареке!
Рухани қылышыңыз қынапта, біз – сапта. Сіз – старшина, біз – солдат.

Мағауия СЕМБАЕВ,
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты

Суретте: Қараша ҚАРАМАНОВ және мақала авторы

ҚАРАҒАНДЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.