БІРЛІГІМІЗДІ БЕКЕМДЕЙ ТҮСЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап елімізде қазақ тілі әліпбиін латин графикасына көшіру туралы айтқан болатын. Осыған орай еліміздің қоғамдық-саяси үдерісіндегі аса маңызды аталмыш реформаны жүргізуге қатысты Мемлекеттік комиссия құрылып, латын қарпіндегі ана тілі әліпбиінің нұсқаларын жұртшылықтың назарына ұсынды. Сарапшылар Қазақстанда бұл үдеріс латын графикасына көшкен басқа елдерге қарағанда асқан ыждағаттылықпен, жан-жақты дайындықпен және халықтың талқылауы арқылы жүзеге асқандығын атап өтеді. Латын графикасына көшу – тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса көлемді және әрбір қазақстандыққа ықпал ететін реформа. Латын графикасына көшу еліміздің жаңа ғасырдағы, яғни XXI ғасырдағы саяси, әлуметтік, экономикалық дамуына, сондай-ақ жалпы қоғамдық ой-сананың жаңғыруына ықпал ететін өзгеріс.

Қазақстандық қоғамдағы маңызды реформаларға ой-тұжырымдарын айтатын және аса ірі қоғамдық құрылым ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы осы іргелі реформаға өз пікірлерімен үн қосты. Атырау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми сарапшылар тобы, Достық үйі өкілдері облыс көлемінде бірнеше кездесулер мен талқылаулар жүргізді, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар ұсынды, жаңа әліпбиді қолдау және ұсыныстар беруге арналған бірыңғай күндер ұйымдастырды. Бір сөзбен айтқанда, сарапшылардың пікірі бойынша, латын негізді қазақ жазуының реформасы – рухани жаңғыру ең басты шешуші факторы және терең мәнге ие бастама, стратегиялық бағдарлама.
Қазақ тілін латын графикасына көшіруді жүйелі жүргізу үшін құрылған Ұлттық комиссияның жұмысшы тобы бас­тамасымен көптеген жұмыстар жүр­гізілген. Олардың қатарында 2,5 мыңнан астам ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысқан 20-дан астам ғылыми-ұйымдастыру және ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар бар. 2017 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында болған түркологтардың халықаралық құрылтайында да тақырып қарасты­рылып, халықаралық деңгейде қолдау табады. Сарапшылардың пікірінде бұл мәселе жалпы халықтық талқылауға ұласқандығын қазақ әліпбиін реформалау туралы екі мыңға жуық сараптамалық мақалалар мен пікірлердің, әлеуметтік желілерде 1800-ден астам көлемді жаз­ба­лардың жариялануы дәлел бола алады.
Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған бұл реформа жалпы өркениетті мемлекеттердің мәдени даму үдерісінде оң нәтиже берген жұмыс болып табылады. Бүгінгі таңда әлемнің 100-ден аса мемлекеті латын графикасын өз әліпбиінде қолданады. Түркі тілдес елдерден Ата Түріктің реформалары тұсында Түркия мемлекеті өз жазуына реформа жасап, латын графикасын қолдануға 1929 жылдан көшті. Ал КСРО құрамында болған түркітілдес елдерден 1992 жылы Әзербайжан, 1993 жылдан Өзбекстан мен Түркменстан латын негізді әліпбиді қолдануға ауысты.
Қазақ халқы үшін бұл алғашқы жаңалық емес, өйткені 1929-1940 жылдар аралығында латын қарпі қолданыста болды. Жалпы өткен ғасырда қазақ халқы үшін жазу реформасы 3-рет жүргізілді: 1929 жылға дейін араб графикасында қазақ (төте жазу) жазуы, 1929-1940 жылдардағы латын негізді әліпби және 1940 жылдардан енгізілген кириллица негізіндегі әліпби.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында елі­міздің саяси, әлеуметтік, эконо­микалық дамуы мен нығаюын­дағы орын алған өзгерістер қатарында осы кезеңдегі этникалық, демографиялық, мәдени үдерістердің алатын орны ерекше. Қазақстандық даму моделі­нің қалыптасуында елдегі этнодемо­графиялық процестердің өзіндік атқарған рөлі жоғары болып табылады.
Қазіргі кездегі қоғамдағы ахуалды зерттеу ісінде тәуелсіздік жылда­рындағы этникалық және демо­графиялық, мәдени үдерістердің дамуы мен жүру барысын зерттеудің маңызы аса жоғары. 2016 жылдың 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламалық құжаты негізінде 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру басталды. Аталған реформаның 4-ші бағы­тында «Біртектілік пен бірегей­лік» бойынша іске асырылатын міндеттер анықталып, негізгі жұмыстар «Мәңгілік ел» идеясының құндылық­тарына бағытталды. Қазақстанда еліміздің этномәдени әртүрлілік деңгейіндегі ерекшеліктерді ескере отырып, оны дамудың маңызды тетіктерінің біріне айналдыруға жағдай бар. Қазіргі таңда тәуелсіздіктің жиырма жылдың үстіндегі даму сатысында қазақстандық ұлт, Қазақстан халқы ұғымы қалыптаса бастады. Бұл ұғымның ортақ түсінікке айналуында күрделі этнодемографиялық процестер орын алды. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда ­этносаяси және этномәдени үдерістер – аса маңызды көкейкесті мәселенің бірі. Бұл үдерістер арнайы мамандардың, саясаттанушылар мен социологтардың, тарихшылардың полиэтникалық талдаулары мен зерт­теулерін қажет етеді. Саяси және мемлекеттік құрылымның қазақстандық даму моделі жалпы демократиялық қоғамның ортақ заңды­лық­тарынан құралады. Полиэт­никалық қоғамда түрлі этникалық, діни, тілдік жанжалдар болып тұратыны, өкінішке қарай, жиі кездеседі. Оған халықтың мәдени, тұрмыстық, әлеуметтік деңгейлері де ықпал етеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы ­Ассамблеясы елімізде бірлік пен келісімді сақтауда қазақстандық модель ретінде халықаралық беделге ие айрықша инс­титут. Бұл ұйымның қоғамдағы атқарып отырған қызметі қазақстандықтардың этникалық және діни ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақстандық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыруға негізделген.
Қазіргі қоғамдағы түрлі сын-қа­терлер қатарында ұлтаралық және конфессияаралық шиеленістер жаһан­дық қауіп-қатерлердің қата­ры­нан орын алады. XXI ғасырдың қауіп-қатерлері тұсында ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениеті, төзімділік пен сыйластық полиэтникалық ортада айрықша маңыз­ды құндылық болып табылады. Бұл орайда жастар арасында көпұлтты білім кеңістігінде өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру аса маңызды орын алады.
Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше этностардың пікірі бойынша, «Латын негізді қазақ әліпбиі – бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға және еліміздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатары­на енуге ­ар­­налған прагматикалық қадам, ол елімізде жүргізіліп жатқан қоғамда ­мо­дер­низа­циялаудың логика­лық біртұтас құрамдас бөлігі» деп тұжырымдар, барша қазақстандықтарды аталған рефор­маны қолдауға шақырған болатын.
Қорыта келгенде, бүгінгі қоғамда латын графикасы негізінде қазақ әліпбиі қазіргі таңда этностарды біріктіруші, жаһандану жағдайындағы халықтар­дың өзара татулығы мен біртектілігіне оң ықпал етіп, заманауи мәдени үде­рістерге лайықты болуға қажетті және қазақ тілінің дамуына да ықпалды өзгеріс ретінде қабылдап отыр. Атырау облысындағы этностар­дың ҚХА құрмындағы іс-тәжірибесі халықтар арасындағы татулықты қалыптасты­руда оң ықпал етуде. ҚХА институты ұлтаралық қарым-қатынастарды зерттеу мен талдауға және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған ғы­лыми-сараптамалық кеңестердің диа­логтық алаңы ретінде жұмыс жасайды.

А.ДӘЛУБАЕВА,
Г.ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің оқытушылары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.