Әлима ақын

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз. Оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқының, елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де дүйім жұрттың нағыз азаматы болып қала бермек» деген болатын. Осы тұжырым негізінде әңгімеміз елдің батыс аймағында, көрші Қарақалпақстан Республикасында сағынышқа толы өлеңдерімен, «Әлиманың әні» атты толғауымен ел жадында қалған ақын Әлима Қабылқызының өмірі турасында болмақ. Оның есімі облыстық «Ақтөбе» энциклопедиясына енгізілген. Ақын ХIX ғасырдың екінші жартысында қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Ұлықұмның бір бөктеріндегі Жіңішкенің бойында дүниеге келген. Тегі – Алшын, алты Ата Әлім ішіндегі Қабақ руының Жарас тайпасында Қорлыбай аталығынан. Әкесі – Қабыл, қолы ашық бай кісі болған. Анасы – Байшым, қырғыздың Бәйімбет аталығынан тараған. Өзі бір шаңырақтың тұңғышы, тетелес Жапар мен Әбді есімді екі інісі бар. Әбдіден ұрпақ болмаған. Жапардан Бисен, одан Әпу әулеттері болып жалғаса береді.

Әлима ақын турасында белгілі журналист Тілеужан Шойғариннің 1970 жылы Қоңыраттағы Емберген ақсақалдан жазып әкелген 15 шумақ өлең, Бәкір Тәжібаевтің «Жұлдыз» журналының 1985 жылғы №5 санында жарық көрген «Ару Әлима» атты деректі әңгімесі, ақынмен рулас Амантай Шотовтың«Ақтөбе» газетінде басылған «Әлиманың әнін шығарған Арыстан ба?», шал­қарлық Тіркес Ахмедиевтің аудандық «Шежірелі өлке» газетінде жарияланған «Әлиманың әнін шығарған – Әлима» атты мақалалар жұртшылық назарын аударды.
Сөйтсе де зерттеу жұмыстары түбегейлі жүргізілмегендіктен нақты мәліметтер аз. Біз Қабыл байдың шөбересі, Ұлы Отан со­ғы­сының ардагері, марқұм Әпу ақсақал­дың екі мыңыншы жылдардың басында бей­нетаспада қалдырған әңгімесінен Бөген­бай, Сәлік атты балалары болғанын анықтадық. Руы Кішкене Шектіде Татыран-Күлік делінген. Әрине, бұл баға жетпес құнды құжат еді.Нәтижесінде аудандық «Шалқар» газетінің 2017 жылғы 30 қарашадағы санында «Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық», «Ана тілінің» биылғы №4 санында «Қоңыраттан жеткен ән» атты мақалалар жарық көрді. Бұл еңбектер ақын тарихын нақтылау жолында жасалған зерттеу жұмыстарының басы еді.
Жылдың басында Маңғыстау облысына қызметке ауыстым. Сәуір айының соңғы күндері. Темір жол қызметкерлері, әріптес інілерім Нұркен Нұржанұлымен, Ахат Айдосұлымен бірге шежіреші ­Назархан Жылқышыұлының шаңырағында бас қосқанбыз. Назархан – әңгімешіл адам, ата-тек жайында сыр ақтарды. Қасымдағы серіктерім Адайдың Түрікмен бөлімінен, ер Қосайдың ұрпақтары. Ел аузындағы аңыз әңгімелерде: «Баба Қыдыр атаның қолын алған» делінеді. Сан ұрыста туы жығылмаған ер Қосай сонау Қарақалпақ елінің Бестөбе елді мекенінде мәңгілік қоныс теуіпті. Ұрпақтары жыл сайын садақа беріп, зираттап барады екен.
Менің Әлима ақын хақында әңгімемді зейін қоя тыңдаған Назархан: «Мәке, «Өлі разы болмай тірі байымас» деген бар, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ізденіс жасаған екенсіздер, Алла сіздерге сәтін берсін» деп, сәл кідіріп: «Осы «Маңғыстау – Нүкіс» бағытына қатынайтын жолсерік Жанұзақ деген ағамыз бар емес пе?» деп, жігіттерге қарады. Бір аптадан соң аталған азаматпен кездесудің сәті түсіп, біраз әңгімелестік. Жәкең ақкөңіл азамат екен, сөзге келмей бірден іздестіру жұмыстарына көмегін беруге келісті. Туып-өскен жері Қоңырат өңірі. Әңгіме арасында: «Қоңырат, Қазақ­дария, Мойнақ, Қызылжар болып қатар­ласып жатқан елді мекендер ғой» деді.
«Қызылжар»… Апа өлеңдерінен мына шумақ еріксіз есіме түсті:
Ауылым Қызылжардың жағасында,
Дұшпанның қалып жүрмін табасына.
Тілекті қыз сұраған құдай беріп,
Шалқардың барар ма екем қаласына… – дейді.
Сонымен, бағыт-бағдарымызды жобалап алған соң, мамыр айының 12- сінде Жәкең Нүкіс бағытына жұмыс сапарымен жүріп кетті. Арада екі тәулік өткен соң одан жақсы хабар келді. «Қоңырат локо­мотив депосының техникалық бөлі­мінде қызмет жасайтын Сұлтанай Үрге­нішбайұлы Ешниязов деген 1955 жылғы тумаңыз табылды» деді. Әлима апаның Бөгенбай (1898-1968жылдары өмір сүрген) дейтін баласынан үш қыз қалған екен, үлкені – Сарбике 1928 жылғы, қазір Қазақ­дарияда, кенжесі – Ұлмекен 1947 жылғы, Мой­нақта тұрады екен. Сұлтанай – Бөген­бай­­дың ортаншы қызы Шолпанның (1932-2009 жылдарда тірлік кешті) үлкен баласы.
Сұлтанай ағамен ұялы телефон арқы­лы амандасып, есендігін сұрасқан соң ұғыныстық. Жанұзақ: «Мәке, бә­рін өзім тын­дырамын, бейнетаспаға түсіріп, үш-төрт күн шамасында өзіңізге жеткіземін» деді.
Атам қазақ бұл фәнидің өлшемін «Қам­шының сабындай ғана» деген. Тарих үшін қас-қағым ғана сәт. Осы орайда ақын өлеңдерінен төмендегі бір шумақ ойға оралды:
Еліме жете алмадым қашқанменен,
Құс болып ұшар едім аспанменен,
Ойыма үш қайнаса кірмеген ед,
Баласын осылайша тастар деген.
Қайран, Әлима апа! Сан жылдар бойы мазалап келген шынайы шындық анықталатынын сеземін.
Айтқандай көп ұзамай Қоңыраттан күткен хабарымыз да келіп жетті. Бейнетаспадан Мойнақтағы Ұлмекен апаның үйінде болған әңгімені тыңдадық. Ұлмекен апа берген мәлімет бойынша, Ниязбек пен Әлимадан төрт қыз, екі ер бала болған. Үлкені Мамық, Жазық. Тете екі ер бала Бөгенбай, Сәлік және Қалбике, Сырғабике есімді қыздары бар екен. Бәріде бақилық болған. Қазір Жазықтың үлкен баласы Жылқыбай 86 жаста, Шахаман деген жерде тұрады. Үрім-бұтағы баршылық, кемпірі екеуі Алматыдағы балаларына қонаққа кетіпті. Кенже қызы Сырғабикенің Ермек деген баласы Тақтакөпірде тұрады. 1937 жылғы болу керек. «Әлима әжеңіздің төркіндерінен бұрын-соңды хабар алып тұрушы ма едіңіздер?» деген Жанұзақтың сауалына Ұлмекен апа:
– 1960 жылдары Қазақдарияда оқып жүргенімде Қызылордадан ба, әлде Шалқардан ба… Әлима апаның ұрпақтары бар ма? деп, іздеу қағазы келді білем…Мойнақтан біреулерден беріп жіберген. Оған мен жаспын, жауап қайтаратындай шамада емеспін. Әлима әженің руы – Қабақ болу керек…Бәрін есіме сақтадым, ұмытқан жоқпын. Әрі қарай Сарбике ападан сұрағанымыз дұрыс, – депті. Оның Рахима деген қызына қыдырып, Сағыллық деген ауылға келгенін айтады. Мойнақтан 22 шақырым жер екен.
Бейнетаспадан үлкен апа Сарбикенің де әңгімесіне назар салдық. Тосаңдау еститін болса керек, Апа дауысын шығарыңқырап мән-жайды баяндаған.
– Елден Әлима әжеміздің інілері іздестіріп жүр. Туғанына жүз елу жыл толуын еске алып өткізгісі келеді. Осы кісілерді мән-жайды анықтасын деп жіберіпті. Өтептің баласы Ербол арқылы Сұлтанайға шығып, бізді тауып алып отыр. Содан Мұздыбай деген (яғни мен – осы жазбаның авторымын)жасы 90-ға келген үлкен апаны сөйлетіп, суретке түсіріп әкел деп тапсырыпты, – деген кезде Сарбике апа сенер-сенбесін білмей біраз абдырап қалған еді. Жанұзақ сөзді жалғастырып, дауыстаңқырап: – Әлима апаны көріп пе едіңіз? – дегенде үлкен апа көзінің жасына ерік беріп: – Көрдім, неге көрмейін, емшегін емген жоқпын ба?!. – деді.
Сәлден соң өз-өзіне келіп, жай ғана: – Бөгенбай кемпірімен ана жақта (Қазақдарияда) қалатын… Біз әжем, көкем үшеуміз Тоғызтөреге жайлауға кететін едік. Түйеміз, қой-ешкілеріміз болды, – деп балалық шағын еске түсірді, сөзін жалғастырып: – Әжем ұрыс жылдары қайтты, көкем ұрыстан кейін болу керек. Мен 1947 жылы мына үйге келгенімде (келін боп) ме… әлде бір жылдан соң ба…қайтты… Тоғызтөредегі қорымда, ашықтықта төртеуі (Әлима әжесі, ­Ниязбек көкесі, Бөгенбай, Сәлік) қатар жатыр ғой, – деді.
– Енді сіздер көп кешікпей барып қайтуларыңыз керек, үлкен апа 90 жаста екенін білесің, апаңыз туралы әңгімені сол кісіден ғана сұрайсыз, – деді. Жанұзақтың сөзінің төркіні түсінікті еді. «Бәрі бір Алланың қолында. Егер де көз жазып қалсам өкінішін өмір бойы ұмыта алам ба екен» деген ой келді. Дереу марқұм Әпудің Ақтөбеде тұратын баласы Серікбайға қоңырау шалдым. Қабыл байдың тікелей ұрпағы ғой. Ағамыз денсаулығына байланысты бара алмайтынын айтып, риза­шылығын білдірді, бізге сәт сапар тіледі.
Сонымен, үстіміздегі жылдың ­мамыр айында жолға шықтық. Жолай қатарымызға Сұлтанай аға мен Ұлмекен апа қосылды. Не керек, біраз жол жүріп, Қазақдарияға да келіп жеттік.
Тоқтаған үйіміз сол үлкен апаның (Сарбике) қонысы екен. Есік алдында толы адам қарсы алды. Бір-бірімізді көптен білетіндей, жатырқамай шүйіркелесіп, қал жағдайымызды сұрап, «үйге кіріңіздер» деп, ілтипаттарын көрсетіп жатты.
Төрде отырған үлкен апаның қолын алып амандастым. «Көкем әжемнің теңі емес еді ғой», – деп, менің қолымды ұстаған күйі біраз көңілі босап отырып қалды. Қаумалаған ағайындар сабырға шақырып басу айтты. Апаның үлкен қызы Рахима әзіл араластырып:
– Қамшыларыңыз тиген болу керек, осы екі-үш күн қатарынан жеңешем алаңдап ұйықтай алмапты. Әжемнің інілеріне қонақасы береміз деп мазасызданыпты, – деп күліп қояды.
Өтеп (Өтепберген) ақсақал бата қылды. Әуелі зиратқа баруды жөн көрдік. Қазақдарияның күншығыс жағын бетке алып, жеңіл көліктермен жүріп кеттік.
Ел аузында қалған аңыз әңгімелерді айтып келемін. Сәлден соң жанымдағы Өтеп ақсақал иығымды басып сөзді жалғастыр­ды: – Ақмамбет деген үлкен атамыздан екі ер бала болған. Үлкені Бегімбет мына әулие Қарағұм ишан мешітінде – сұфы болған, інісі Бекпан (Ниязбектің әкесі) қарапайым шаруа, аңшылықты кәсіп қылған адам. Әжеміздің әкесі бай кісі екен, Бекпан атамызбен киік аулап жүріп кездесіп танысқан, келе-келе дос болып кетіпті. Бір күні бәйбішелері қатар бала көтеріп, екеуі өзара уәделесіпті: «Егер біріміздікі ұл, екіншіміздікі қыз болса бір-біріне қосамыз, белқұда боламыз» – депті. Содан біз жақтан Ниязбек әкеміз, сіздер жақтан Әлима әжеміз дүниеге келіп, екі дос баталасыпты.
Балалар есейіп, күндердің бір күні Бекпан атамыз уәде бойынша досының ауылына келеді. «Жесірімізді алып кетеміз» дейді. Оған бай да, бәйбішесі де үндемейді. Ал, ағайындары «Қызымызды бере алмаймыз» деп, елші адамдарды кейін қайтарады. Содан болған жайды естіген ағасы Бегімбет атамыз: «Біз не болғанда да барамыз, алып қайтуымыз керек» деп, Ниязбек әкеміз­дің қасына мықты деген 4-5 жігітті ертіп, екінші рет байдың ауылына барады. Алдыңғы жағдай тағы қайталанады. Ауыл жігіттерімен жанжалдасатындай жағдайға жетеді. Шындық біз жақта ғой, ал уәде Құдайдың сөзі демекші, әжемізді солай алыппыз, – деді.
Өтекең ары қарай сабақтады:
– Бірақ Әлима әжеміз Ниязбек атамызды қаламаған. Әжеміздің артынан бірнеше салт атты қуғыншы келген екен, оларды Бегімбет атамыз алдынан тосып алып, сөзге шебер адам болған ғой, не айтқаны белгісіз, кейін қайтарыпты. Әжеміздің мінген аты ұшқыр, жүйрік ат болса керек, жарты жолға келген соң кейін қашады. Біз жақта оған жететіндей ат болмаған. Сол кезде сұфы әкеміз абдырап біраз тұрып қалады. Екі қолын жайып: «Енді елге қай бетіммен барам?» деп Құдайдан жалбарынып сұрап тұрғанда әлгі көз ұшында көрінбей бара жатқан ат кенеттен шалынып құлайды. Ат та, әжеміз де құлаған күйі тіп-тік қозғалмастан тұрып қалыпты. Сонымен әжеміздің атын Ниязбек әкеміздің астындағы атпен ауыстырып елге жетіпті.
Қисынды әңгіме тәрізді, ақын апаның өзі былай демей ме:
Жол шегіп Қоңыратқа Шыңнан астым,
Қалдың ғой обалына мендей жастың.
Күйеуге әкем берген көңіл толмай,
Сол үшін жарты жолдан кейін қаштым…
Міне, Тоғызтөреге де жақындадық. Көліктің бағытымен қапталдасып қалқып келе жатқан екі аққуды көзіміз шалды. Құлазыған далада қасиетті аққуды кездестіреміз деп кім ойлапты? Аң-таң болып, не дерімізді білмедік. Шыйхшыханаға (шырақшының үйі) аялдадық. Таңғаларлық жайға тағы да куә болдық. Дәлізге кіре бергенімізде төрт балапан аяғымыздың астына келіп тығылмай ма? Аяқ жолын әрең көретін Рахима апа:
– Мынау біздің әжеміздің құстары, мұрадалы құс қой, тіфә-тіфә мұраттарыңа жетіңіздер, – деп, қуанып сөзін жалғастырды.
Жеңешем (үлкен апа) айтатын: «Әжеміз келгенде, елінен бір құс еріп келіпті» деп, мынау сол құстың балапандары, Құдай алдымызға әкеп көрсетіп жатыр ғой, – деді. Иә, мұны жай кездейсоқтық деуге бола ма екен?!.. Әрине, қайран қаласың..
Балалары үлкен апаны арқалап, бейіттің басына жеткізді. Жоғарыда айтылғандай: бірінші Әлима апа жерленген, қасында Бөгенбайдың Орынгүл атты төртінші қызы жатыр.
Көпшілікке түсінікті болу үшін қысқаша айтайын, Бөгенбайдың бірінші кемпірі Күнболсын 1940 жылы Орынгүл дүниеге келгеннен кейін қайтыс болады. Орынгүл екі жасында суға кетіпті. Әлима апа 1944 жылы өмірден озыпты. Қатарласып Ниязбек жездеміз жерленген, белгітасқа «1872ж.-1947 ж.» деп жазылыпты. Демек, Әлима апамыздың да туған жылын 1872 деген дұрыс болады. Қалғандары қайтқан жылдарына байланыс­ты, рет-ретімен қойылған: Сәлік (1902-1951); Бөгенбай (1898-1968); Бөгенбайдың екінші кемпірі Зағипа Тілеулиева (1917-1970) руы – Қаракесек, Ұлмекен апаның анасы; Сәлік баласы Жеңсікбай ­(1936-2009).
Өтеп ақсақал аруақтарға Құран бағыштады. Мен де өз кезегімде ғұрыптан жаңылмадым. Заманында атағы біраз өлкеге мәлім болған ақынның басында белгітас жоқ. Ол, әрине, түсінікті де, ақын соғыстың сұрапыл жылдарында қайтты. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін кезең. Толыққанды қылып қою үшін елден бауырларының келуін күтіп тұр ма? Кім білсін? Бәлкім солай да шығар?
Сонымен, Қазақдария ауылы. Үйдің тап іргесінде — жағалауы көк құрақ, беті жай ғана қозғалып, батысқа қарай аққан Қазақдария өзені. Ауыл үлкендері айтқандай, кезінде кемелінен асып Сарқырауық каналы арқылы Әмударияға қосылатын бұл өзендердің арнасы тарылып, құрдым болғандай теңіз табанына да жете алмайтынға ұқсайды. Мұндай әңгімені естігенде ой тұңғиығына енесің…
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қызыл коммунистер Әлима апаның немере інісі Бисенді «Байдың баласы» деген желеумен елден айдап кетеді. Одан қалған жалғыз тұяқ 14-15 жастар шамасындағы Әпу ағамызды Көптілеу деген нағашысы Шалқардан тауып, Арал арқылы пароходпен екі тәулік жол жүріп, осы Қоңырат жеріне әкелген. Сол бір сәттердегі Әлима апаның көрісіп жылағаны, жездесі Ниязбекті көргені, Бөгенбай, Сәлік ағаларымен кездескені жайлы мұңға толы сырларды естіп, іштей сезіп, көзбен көргендей күй кештік.
Үлкен апа біздің құрметімізге арнап қонақасы берді. Әңгіме арасында Өтеп ақсақал:
–Мен сол кезде алты, жеті жас шама­сындағы бала едім, осы Қазақдариядан жеті шақырым жерде төрт балық өндіретін қожалық болатұғын, сол жақтан ата-әжемізге қыдырып келетінбіз, – деді.
Ниязбек атасын: «Басына ақ тақия киген ұзын бойлы кісі еді» деп еске алды. Балалары Бөгенбай, Сәлік те атасына ұқсайды екен. Ал Әлима әжесін: «Ұзын бойлы, кеуделі, бидай өңді, әдемі адам еді» деп суреттеді.
Әлима ақын турасында естіген, білген әңгімелеріміздің бәрін дерлік жіпке тізгендей түгендеп жазуға болар еді. Оған басылым көлемі көтермес. Ендеше, бұл Қоңырат еліндегі зерттеу жұмыстарының басы болсын, келешекте Құдай қаласа талай жолымыз түсер…

Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ,
өлкетанушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Ұлтқа қызмет еткен адамдардың есімін ұмытпай, өнегесін жалғастыруымыз шарт.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.