Оқушының белсенді болуы маңызды

Бүгінгі заманда білім беру жүйесі жаңа технологиялармен толығып отырмаса, бәсекеге қабілетті бола алмайтыны түсінікті. Сондай бір әдіс-тәсілдің бірі – «оқушыларды уәждеу» деп аталады (орыс тілінен аударғанда «мотивация»). Оқушыларды уәждеу тәсілдері әдетте «сыртқы уәж» және «ішкі уәж» деп бөлінеді. Алайда оларды қатаң түрде екіге бөліп талдағаннан гөрі, ажыратуға келмейтін біртұтас ретінде қарастырған орынды болады. Сыртқы уәжді (оқушыға сырттан әсер ететін факторларға негізделген) арттыруға арналған тәсілдер Б.Скиннер ұсынған бихевиористік қағидаттарға негізделеді. Сөз болып отырған тәсілдер жағымды мінез-құлықты нығайтып, кері тәртіпті шектеуді қамтамасыз ету мақсатында кері байланысты (соның ішінде мадақтау мен кінәраттау) қолдануды көздейді.

Екінші қырынан алғанда, ішкі уәж іштен шығып жатады немесе жеке тұлғаның өзінен туындайтын, бастау алатын уәж, әдетте сыртқы уәжге қарағанда бұл анағұрлым рақымды, ізгілікті табыс деп есептеледі. Оқушылар оқудан рақат алып, оны қызықты деп санағандықтан, оқуға белсенді атсалысу арқылы табысқа жетуін ішкі уәждің мысалы ретінде келтіруге болады. Бұл ретте оқытудағы негізгі мәселе мұғалімдер оқушылардың уәжін, атап айтқанда, ішкі уәжін қалай арттыра алатындығында болып отыр. Мұғалімдер жұмыстың жақсы екенін мойындап, оны мадақтау арқылы сыртқы уәжді қолданады. Айталық, бастауыш сынып мұғалімдері оқушылардың егжей-тегжейлі орындалған жұмысы үшін оқушыларды мақтай алады, ал оқушы жұмысты толық орындамаса, тіпті ол жұмысты жақсартқанның өзінде, мұндай оқушыны мақтамайды. Көптеген зерттеу қорытындысы бойынша, оқушылардың білімге құштарлығы күшті болады, алайда білім алу барысында ол бәсеңдей береді. Мұғалімдер ең бірінші кезекте оқушының осы туа біткен қызығушылығын қолдап, оны білім алу үдерісіне тарту арқылы баланың ішкі уәжін барынша арттыруға ұмтылулары керек. Себебі олар ішкі уәжін жоғалтқан болса, оны ояту қиынға соғады. Ұстаздар сыртқы уәждеуші факторларға жүгінуде абай болғаны абзал, өйткені ол ішкі уәжге кері әсер етуі мүмкін.
Мұғалім оқушылардың зер салып тыңдауын сақтап қалу мақсатында жұмыс үдерісі барынша күрделі және әртүрлі болуын қадағалайды, бұл ретте оларға қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті дағдылар мен білімді береді. Мұғалім оқушыларда «өзіндік мақсат» және «ішкі уәж» деп атайтын қасиеттердің болуына жағдай жасауға тырысуы тиіс. Басқаша айтқанда, оқушылар өзін-өзі ынталандыра алады және осыған орай, оларда ұмтылыс пен қызығушылық пайда болады. Бұны жазалауға ұшырамау немесе емтиханнан құламау түрткі болып табылатын сыртқы ынтадан ажырата білген жөн.
Осы тұрғыда мұғалімдер жұмыс үдерісіне мақсатқа жету жүйесін енгізеді, нәтижесінде оқушылардың жоспарлау мен белгілі бір деңгейге жету жетістігіне көңіл толады. Дәріс беру жүйесі оқушылардың нақты жайға ­назар аудару қабілеті дамитындай және сабақтар топтамасының материалын жүйелі түрде игере отырып ұзақ уақыт назарда ұстайтындай құрыла-ды. Мұғалімдер оқушыларды жұмысқа ынталандырады және сыныпта болатын жағдайлардың бәріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Бұған қарап отырып, оқушы оқу үдерісіне белсенді қатысқанда ғана материалды терең меңгеруге қол жеткізетінін түйіндеуге болады. Кеңірек айтсақ, жеке бағдарланған оқыту шеңберінде, оқушылардың сыныпқа келген кездегі бастапқы сенімдерін, білімін және өзіндік ойын негізге ала отырып, өз пайымдауын жасауға қабілетті екенін мұғалім түсінеді. Егер оқу үдерісі оқушы мен оқу материалын қосатын «көпірді салуға» негізделсе, онда осы үдерісті үйлестіретін мұғалімдер көпірдің екі жағын да қадағалай білуі тиіс. Мұғалімдер оқушылардың не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ олардың қызығушылығын, әр оқушының нені жақсы көретінін және не істегісі келетінін түсінуге тырысады.
Білім мазмұны жаңару жағдайында оқу мақсатын түсіну – өте маңызды. Мақсаттың маңыздылығы оқытудағы уәждеу деңгейіне тура пропорционал. Маңыздылығы жоғарылаған сайын, уәж де арта түседі.
Егер оқушылар тек біреу үшін ғана оқыса, мысалы, ата-анасы, мұғалімі үшін, онда оны уәждеу оңай болмайды. Әр сабақтың басында мақсатымызды ауызша ұдайы айтып отыруы­мыз керек, сабақтың өн бойында бірнеше рет қайталауымыз маңызды. Тіпті оқи алатын жағдайға келгенде тақтаға жазып қою ­керек. Осы шағын ғана сөйлем оқушылардың оқуындағы қозғаушы күшке айналуы мүмкін.

Айман БИПАЖАНОВА,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалының аға менеджері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.