ҚАТЕДЕН КӨЗ СҮРІНЕДІ

Кеңес елі компартиясының орталық комитеті өзінің құпия-астыртын әрекетімен қазақ тілін жоюды мақсат еткені жасырын емес. Жүздеген мектептер «коммунизм тілі» саналған орыс тілінде білім беруге ауысып, қазақ тілі «қосымша сабақ» ретінде тек ұлты қазақ балаларға оқытылғаны есімізде. Өз арамыздан шыққан шолақ белсенділер «коммунизм құрамыз!» деп ұрандатып, қоғамдық орындарда өзге ұлт өкілдерінің көзінше қазақша сөйлесуді «әдепсіздік» санады. Осы «жазылмаған ережені» қатаң сақтау үшін олар Мәскеуге, орталық комитетке арқа сүйеді.

КСРО құлаған соң халқымыз: «Жеке ел болдық, енді ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейеді» деп қуанғаны рас. Қазақ тілін «асүйге тыққан» Мәскеу болғандықтан, оны «асүйден алып шығуға» Астананың көмегі қажет болды. 90-жылдардың басында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аты да, заты да дүркіреп тұрды. Сол кезде Үкімет қазақ тілін айтарлықтай қолдады. Мектептерде аптасына 4-5 сағат, өзге оқу орындары 3-4 сағат қазақ тілін оқытып, одан тыс қазақ тілі курстары көптеп ашылып, республикалық «Ана тілі» газетінен қалыспай, өзге газет-журналдар да, теледидар мен радио да мемлекеттік тіл мәселелерін жан-жақты көтеретін. Сондықтан, қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді үйренуге құлшынып кіріскен еді. Жұрт: «енді тым болмаса, халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандарға мемлекеттік тілді білу талабы қойылар» деп үміттенді, әліптің артын бақты. Бірақ ел үміті ақталмады – тілді білу талабы қойылмады.
Сұрауы жоқ дүниенің қадірі болған ба, Қазақстан үкіметі мектеп түлектеріне де, қазақ тілі курстарын бітірген азаматтарға да, ЖОО-ны бітірген жас мамандарға да мемлекеттік тілді білу талабын қоймаған соң, «мемлекеттік тіл» дегені бос сөз екен, қазақ тілін үйренбей жүре беруге болады екен, оны оқып нем бар еді?» деген ой қалыптасты. Бұдан былай қазақ тілі сабақтарына немқұрайды қарайтындар, «қазақ тілін оқыту әдістемесі жоқ» дегендей сылтау айтатындар саны артты. «Мен қазақша білмеймін, маған орысша айт» дейтін бұрынғы кеңестік шолақ белсенділер қайта күш ала бастады. Олардың отбасыларында мемлекеттік тілді құрметтемейтін, қазақ тілін үйренгісі келмейтін ұрпақ өсті.
Осының салдарынан Қазақстанда қазір қазақ тілі қазақтілді азаматтардың күшімен «ана тілі» ретінде ғана дамып келеді. Бұған Қостанайдағы (жалпы, теріскейдегі) жағдай мысал бола алады.
Керекулік телеарналардың да жарнама тілін біршама түзеттік. Бірақ соңғы кезде «Қазақстан» ҰТА-ның қылығы түсініксіз болып барады. Қабылданған латын графикасын сауатты қолдана алмай жүр. «ОТАУ» спутниктік телевидениесі арқылы тарататын, телеэкранға шығып тұратын телехабарлар бағдарламада латын графикасы негізінде: «Тан шолпан», «Шан ырақ», «Менін Қазақстаным», «Ко н іл толқыны», «Баланын көн ілі», «Сенбілік тан» т.б. хабарлардың атаулары қате. Латын графикасына құрылған әліпбиді қолданып, «Ң» әрпінің орнына «Н» әрпін жазып – бір, тұтас сөзді бөліп-жарып тастағаны – екі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне кедергі жасап, тіпті, «қисық» дамуына жол ашып тұрған жоқ па? «Еуразия» телеарнасы бір хабарының атауын бағдарламада да, студияға да латынша «ӘЫЕЛ СИРИ» (немесе «әыел сірі») деп жазған. Бұл қазіргіше, яғни кирилшемен «Әйел сыры» хабары деп топшыладық. «Когам жане айел» («Алау» телеарнасы, 21.10.2018ж.), «Улытау» («Тұран ТВ») т.б.
Қазақша жазғанда кирилше де, латынша да қалай болса солай жаза салатын болдық. Қате жазғанды жазалау заң жүзінде қарастырылмаған. «Жазалау» дейміз-ау, түк болмағандай кейіп танытып отырған басшыларына, билік өкілдеріне, депутаттарға өкпеміз қара қазандай. Қазақ тілінде сауатты сөйлейтін тележурналистер аз, себебі талап болмаса керек.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қазақ тілінің жаңа әліпбиін министрлік бағдарламасына қалай, қайтіп енгізер екен, халықаралық тіл – ағылшын тілін компьютерлік бағдарламада сауатты қоя алмапты. Аты-жөні таза қазақша әріптермен жазылған азаматтар бұның зардабын көріп отыр. Қазақтың Ө, Ү, Ұ сияқты дыбыстары бар есімдерді ағылшын тілінде әр түрлі жаза салған. Құжаттарды берген ҚР Ішкі істер министрлігі жеке куәлікте менің аты-жөнімнің ағылшын тіліндегі нұсқасын: «TURKEN» деп, жүргізуші куәлігі мен техпаспортта «TYRKEN» деп жазған. Дұрысы – «TURKEN», яғни жеке куәліктегі нұсқа. Себебі «Ү», «Ұ» дыбыстары – «У» сияқты еріндік дауысты дыбыстар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Кеңес үкіметі «қысып тастаған» тілімізді халқымыз өзінің «ана тілі» ретінде дамытуға күші жетпей жатыр, енді мемлекеттік тіл мәртебесінде даму үшін биліктен, Үкіметтен қолдау күтеді.
Ол үшін мемлекеттік тілде сөйлеуді 1980 жылдан кейін туғандардан бастап талап етуіміз керек. Себебі олар мектеп табалдырығын аттағаннан бастап қазақ тілі сабағын мектепте 4-5 сағат, колледжде, ЖОО-да – 2-3 сағат оқыды. Ол аз болса, тегін қазақ тілі курстарына жазылып оқуына мүмкіндік бар. Оқысын, естеріне түсірсін!


Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ сөзі, мағынасына қарай қаулы-қарар арқылы түзету көзделсін. Мысалы, құжаты берілгенде әр түрлі: «Тюлюбай», «Тюлебай», «Тулебай», «Толебай» емес – қазақша «Төлебай» болсын. Сондай-ақ, «Умерали», «Омирали», «Омерали», «Омералы» емес – «Өмірәлі» болып жазылсын. Әйтпесе, қазақ есімдерін жаза алмайтын халге жеттік. Құжатын «Мөлдір Мұңайтпасқызы» деп толтырып берсек, құжаты бойынша ол қыз мен: «Молдер Муняйтпасовнамын» деп, болмаса: «Молдыр Монайтпасевнамын» дейді. Бұл – дұрыс емес! Осыны біріздендіру жөнінде ойласуымыз қажет. «Мөлдір», «Өмірәлі», «Іңкәр» сөзінің қазақша сауатты қалай жазылатынын біле тұра, осы есімді әр азаматтың есімін жазғанда: «Есіміңіз қалай жазылатын еді?» деп сұрап отыру бейшаралық, намыссыздық, ана тілімізді ардақтамау, мемлекеттік тілді құрметтемеу емес пе?!

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

Қостанай облысы
Қарабалық ауданы
Өрнек ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Көшелерді қазақыландыруда, жеке куәлік сынды небір құжаттарды ретке келтіргенде қазақ тілінің сауаттылығына қатты мән берген жөн болар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.