Журналистер марапатталды

Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, дін атын жамылған экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идео­логиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету мақсатында Алматы қаласы прокуратурасының ­бастамасымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы ұйымдастырған байқаудың нәтижесі аяқталып, жүлдегер атанған БАҚ өкілдері марапатталды.

«Интернет ресурстағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала», «Ең үздік блогер» және дәл осындай орыс тіліндегі аталымдармен бірге бес ынталандыру сыйлығы берілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, әділқазылар алқасының төрағасы Сағатбек Медеубекұлы, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік Адамов, қалалық Дін істері басқармасы діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Ерғали Көшекеев, «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС президенті Досымбек Өтеғалиев және т.б. сөз сөйледі. Жұртшылық назарын дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне аударып, бұқаралық ақпарат құралдары, яғни журналистер арқылы тұрғындарды мемлекеттік саясаттың дін саласындағы әртүрлі бағыттары, қоғамдағы конфессияаралық келісімнің нығайтылуы және сақталуына бағытталған маңызды іс-шаралар жөнінде хабардар етуді көздеген байқауға 54 журналистен 120-дан астам материал түскен.
Қазылар алқасының шешімімен «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымын «Заң» газеті бас редакторының орынбасары С.Қалдыбаев, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымын журналист С.Әмірбекұлы, «Үздік телевизиялық бағдарлама» номинациясын «Азаттық» радиосы «Орталық Азия жаңалықтары» жобасының редакторы, бағдарлама продюсері Ж.Төлеу, «Ең белсенді блогер» аталымын халықаралық «Қазақстан Заман» газеті бас редакторының орынбасары Б.Карипов, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымын «31-арна» тілшісі А.Камал, «Үздік радиобағдарлама» аталымын «Ретро FМ» радиосының редактор-жүргізушісі Г.Биғалиева иеленіп, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» аталымымен «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз!» парақшасы марапатталды. Жеңімпаздарға Алматы қаласы прокурорының дипломы мен 100 мың теңге қаржылай сыйлық берілді.

Аяжан ТІЛЕУБЕРГЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.