Еуропаны тәнті еткен өнер сапары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деген еді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық ұжымы Еуропаның Польша, Чехия және Венгрия Республикаларына барып қайтты. Сапардың мақсаты – ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күні аясында қазақ ұлтының төл мәдениетін Еуропаның үлкен қалаларында насихаттау, елдер арасында шығармашылық байланыс орнату және тәжірибе алмасу.

Өнер сапары Польшаның астанасы Варшавада басталды. Қазақстанның Польшадағы елшілігінде ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған поляк депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен сол елдегі қазақ диаспорасы шақырылды. Олар өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынас жағдайын сөз етті. «Қазақстанмен ынтымақтастығымыз берік. Қазақ елі – Орта Азияның көшбасшысы. Осы күні студент алмасып, екі ел азаматтарының емін-еркін қатынауы үшін бар жағдай жасалған. Поляктарға визасыз режим енгізілді. Тікелей әуе рейстері қатынайды. Қазақстанға тек табыс тілейміз» деді Польша Республикасы Сеймінің депутаты Барбара Бартущ.
Ал EXPO-2017 Польша ұлттық павильонының комиссары Анджей Стефаньский болса, Польша мен Қазақстан арасында жақсы қарым-қатынас орнауына Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылы Польшаға және Анджей Дуданың 2017 жылы Астанаға жасаған сапарлары серпін берді деп санайтынын айтты.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан да қос ел арасындағы байланыстың жыл сайын бекіп келе жатқанын бағамдады. Оның айтуынша, бизнес пен инвес­тиция тарту мәселесінде екі жақ жоғары нәтижеге қол жеткізген. Биылғы жылы арадағы алыс-беріс 2 миллиард долларды құраған. «Польшаның Қазақстан нарығына салған инвестициясының нақты нәтижесі бар. Мысалы, Түркістан облысында 15 миллион еуроға жылыжай кешенін салды. Ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін өңдеу, химия және фармацевтикаға басымдық беріледі. Қазақстанға қатысты келесі жобалар жиһаз шығару, жаңа технологиялар, экономикамыздың түрлі салаларын цифрландыру бойынша жүзеге асады. Туризм саласындағы әріптестік те нығайып келеді. Польшалықтар қазақ жеріне жиі сапарлап, көрікті жерлерімізді аралай бастады. Еуроодақ­тан елімізге келетін әрбір үшінші турист – Польша азаматы» деп атап өтті Елші.
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА проректоры Шәріпбек Әмірбеков өз кезегінде қонақтарды өнер сапарының мақсатымен таныс­тырды. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ музы­калық мәдениетінің мыңжыл­дық жетістіктері аталған, сол себептен дәстүрлі қазақ өнеріне ерекше көңіл бөлдік. Шетелдік қонақтарды қазақ мәдениетінің жетістіктерімен таныстырғымыз келді» деді ол.
Салтанатты қабылдаудың соңы қазақстандық өнерпаздардың концертіне ұласты. Дәстүрлі ән айтылып, қос ішекті домбыраның сағағынан күмбірлеген күй төгілді. Өзге де музыкалық аспаптарда түрлі шығармалар орындалды.
«Елшіліктің ұлтымыз үшін айтулы екі мерекені салтанатты түрде атап өтіп, оған бізді шақырғанына қуаныштымын. Қазақстаннан ­Рамазан Стамғазиев, Нұрлан Албан, Нұрхат Сегізбаев, Нұрсұлтан ­Сабиров, Аружан Жұмағали және «Алатау» фольклорлық ансамблі сынды ­айтулы өнерпаздар келген екен. Дәстүрлі ән мен күйді тыңдап, бишілердің биін көргенде Отаныма оралғандай күй кештім. Әсіресе батырлардың рөлін сомдаған актерлерді ерекше атап өткім келеді. Оларды көргенде есіме бірден «Қобыланды батыр» жыры түсті. Оған қоса ұлттық киімдер, көк байрағымыз елге деген сағынышымды оятты. Қазіргі таңда Польшада оқып жатқан, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар көп. Күнделікті күйбең тіршілік салдарынан ұлттық құндылықтарымыздан қол үзіп қалмауға тырысамыз. Ал осындай шаралар біздің кім екенімізді еске салады. Ондайда сол ұлттың бір бөлшегі екеніңе мақтанасың» деді концерттен шабыттанып шыққан Kazakh Community Center in Poland (KCC) ұйымдастырушысы Әлия Әбілбаева.
Сондай-ақ өнерпаздар Польша­ның Фридерик Шопен атындағы әуежайында да концерт қойды. Домбыра, қобыз, жетіген сынды ұлттық аспаптардың үні әуелеп, күмбірлеген күй ойналды. Күйдің соңын ала тал шыбықтай иіліп, мың бұралған бишілер ортаға шығып, думанның сәнін келтірді. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы­ның өнеріне тәнті болған жолаушы­лар қошемет көрсетіп, ризашылы­ғын білдірді. «Маған музыка мен би өте қатты ұнады. Қазақ ұлтының мәдениеті мен музыкасы әдемі. Қазақстанға барып көрмеппін, бірақ ондай мүмкіндік туып жатса, қуана-қуана барамын» деді Ханна есімді көрермен.


Мерекелік-мәдени көш Варшава сапарынан кейін Прага қала­­сында жалғасып, Будапештте өз мәресіне жетті. Бұл қалада да Қазақстан Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай арнайы мере­келік шара ұйымдастырылды. Венгриядағы Қазақстан елшілігі өнерпаздарды салтанатты түрде қабылдады. Оған Венгрияның мемлекеттік жиналысының депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, мәдениет және ғылым қайрат­керлері, БАҚ, іскер топтар, дипло­матиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасы мен студент жастар қатысты. Қазақстанның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан жоғары халықаралық беделге ие болып, Орталық Азия өңірінде және әлемде өзінің геосаяси рөлін нығайта түскенін атап өтті. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, Қазақстанның одан әрі дамуына бағытталған «Қазақстан – 2050», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайында дамудың жаңа мүмкін­діктері» бағдарламалық құжаттардың негізгі ережелері туралы баяндап берді. Сонымен қатар Елші Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сапасын арттыру» Жолдауының мажар тіліне аударылған мәтінін жұрт назарына ұсынды.
Іс-шара аясында академияның талантты музыканттары, әншілері мен бишілері еуропалық қонақтарға Ұлы Даланың өнерін кезекті рет паш етіп, жоғары бағасын алды. Қазақтың ұлы композиторлары Құрманғазының, Дәулеткерейдің және Н.Тілендиевтің күйлерінен, халық әндерінен, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен костюмді сюжеттік ұлттық билерден тұратын бай репертуар қонақтардың көңілінен шықты. Академияның «Алатау» фольклорлық ансамблі қазақ фольклоры мен композитор Иоганнес Брамстың классикалық шығармаларын орындады. Домбыра, қобыз, шаңқобыз, дауылпаз, шертер, саз-сырнай және қонырау-асатаяқ сияқты ұлттық аспаптарымыз мажар қауымын тәнті етті.

Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.