Тарих – ұлтыңды тану жолы

Адамзат үшін ең басты байлық – оның еркіндігі мен азаттығы, елінің тәуелсіз болғаны. Ал тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Оның жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршыннан қиылды. Кешегі Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты атақты хандарымыз қанын төгіп қорғаған ұлан-ғайыр жер – біздің асыл қазынамыз. Одан бері қарай XVIII-XX ғасырларда қазақ даласында Ресей отаршылдарына қарсы Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттің, Кеңесары Қасымұлының ірі-ірі ұлт-азаттық қозғалыстары болып өтті.

Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­ріліс К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақ­тарын әртүрлі дәрежеде қамтып, бүкіл­қа­зақтық сипат алған көтеріліс болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршыл басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының империа­листік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды. Мұндағы басты мақсат – қазақ хал­қының тәуелсіздігін алып, дербес даму жолға түсу. Ұлт-азаттық қозға­лыс көсемдері қазақ халқының жадында ұлт батырлары ретінде қалды. Кейінірек қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің түкпірінде саяси және ұлттық ой-санасының өсуіне ықпал ететін автономия алу ниеті тұрды.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр­дың басында қазақтың интеллектуал­ды және саяси зиялы қауымының әлемдік аренаға шығуы қоғамдық өмірде қозғалыс тудырып, Алаш партиясы мен «Алашорда» қазақ автономиясын дүниеге әкелді. Кезінде Ә.Бөкейханов: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өзге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады» деп жазған болатын. Сондықтан ол бастаған Алаш азаматтары қазақ болмысын айқындайтын рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөліп, ұлт тарихын, ұлттық сананы бір ізге түсіретін істерге ерекше назар аударды. Алайда Кеңес өкіметі ұстанған саясат Алаш азаматтарының бұл ойын жүзеге асыртпады. Өйткені ол тұстағы ұстаным бойынша аз, кіші халықтардың мемлекет субъектісі ретінде тарихы болмайды, ол тек «үлкен тарихтың объектісі» деп түсіндірілді. Осы ұстаныммен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістер бүлікшілік ретінде бағаланып, оның жетекшілері тарихи тұлғалар емес, елге іріткі салушылар деп қараланды. Ал шындығына келер болсақ, олар – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары. Осындай бостандыққа, тәуелсіздікке, азаттыққа ұмтылған ірі-ірі тұлғалардың көрсеткен үлгісі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табиғи түрде ауыса келіп, 1986 жылғы желтоқсанда жаңғы­руына әкелді. Күллі әлемді дүр сілкінт­кен Желтоқсан оқиғасы қазақ топыра­ғында ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді. Алматыда болған көтеріліс КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл, әміршіл-әкімшіл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі болатын.
Қазақтың қайсар жастарының мұзға жаққан алауы ата-бабамыздың асқақ арманы – Тәуелсіздіктің таңын ­тудырды. Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Сол жолда күрескен батырлар – қазақ елін лаулаған оттан да, тар қапастан да алып шыққан азаматтар. «Ғалымның хаты, жақсының аты ұмытылмайды». Олардың салып берген сара жолы бүгінгі бізге дара жол болмақ…
Ендігі біздің мақсатымыз – ата-бабамыздың қанымен, жанымен, маңдай терімен келген осынау қасиетті Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, Егемен­ді­гіміздің баянды болуын қамтамасыз ету. Ол – әрине, оңай шаруа емес. Ол үшін біз ұлттық сана сезімі нық қа­­лып­тасқан, білімді, жан-жақты да­мыған, кез келген саланы жіті меңгере алатын, өзін-өзі жетілдіруге дайын, өзгерістерге бейім, өзіндік ойы бар тұлға болуымыз қажет және оқытушы ретінде осындай ұрпақтарды тәрбиелеуіміз керек. Осы аталған қасиеттердің ең бастысы және маңыздысы – халық болып дамудағы негізгі аспекті – ұлт­тық сананың қалыптасуы, жаң­ғыруы. Ұлттық сананы қалыптас­тыру бағы­тында бірнеше ауқымды іс-шаралар атқа­рылды және атқарылып келе жатыр. Солардың бірі және бірегейі ретінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын айтуға болады. Президентіміздің мақаласында қарастырылған мәселенің бәрі де мәнді, өзекті. Бұл, әрине, қоғамға ұлттық дамудың жаңа міндеттерін жүктей отырып, жаңа сенім, жаңа леп әкелетіні сөзсіз. Рухани жаңғырудың басты мақсаты – қазақтың ұлттық қал­пы­нан айырылып қалмауын, яғни ұлттық кодты сақтау және тәуелсіз еліміз бен халқымызды тарих шаңына көмілуден сақтайтын бәсекелік қабілетін шыңдай отырып, жаңа кезеңге аяқ басу. Мен тарих пәнінің мұғалімі ретінде ұлттың рухани жаңғыруын ұлттық сананың жаңғыруымен байланыстырамын. Ұлттық сананың ұясы – ұлттың тарихы. Ұлттық сананың ең негізгі белгісі – әр ұлттың өзін-өзі танып, дінін, тілін, мәдениетін өзге ұлттардан айыра білуі. Ал адамзат­тың өзін-өзі танып білуі тарих пәні­нен бастау алады. Міне, сол тарих пәнін оқытуда тыңдаушыларға тура жол көрсетіп, әлеуметтік-кәсіби жаңғыруды әлдеқашан бастарынан өткізген, тарихи ой-сананы дұрыс қалыптастыруға ұмтылған, ұлттық тарих пен ғылымның халықаралық танымалдығын арттырған тарихшы-ғалымдардың еңбектерімен танысуға бағыт-бағдар беру – біздің, яғни тарих пәнінің оқытушыларының міндеті деп білемін. Ондай ғалымдардың алдыңғы қатарына М.Қойгелдиев, М.Қозыбаев, Б.Байтанов, Т.Омарбеков, Қ.Әбеуов секілді тарихшыларды жатқыза аламыз. Сонымен қатар соңғы кездері өзім де оқып жүрген М.Бесбаев ең­бек­терінің қазақ тарихына берері мол.
Сонымен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы да зиялы қауым тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Тарихшы-ғалым, тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелдиевтің «Елбасымыз ел тарихы мәселесіне көп көңіл бөлетінін атап өткен жөн. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала – осыған дәлел. Президенттің мақаласында біз қазақ тарихын тереңірек оқып білетін боламыз. Атап өткен жөн болар, біз Кеңес заманындағы репрессиялау саясаттың салдарынан тарихи шындықтан алыс­тап кеттік. Сол дерттен енді-енді арылып келе жатырмыз. Тарихшы ретінде Елбасымыздың «Архив-2025» жобасын жүзеге асыру туралы ұсынысын толықтай қолдаймын. Халқымызға өзіндік тарихымызды қайтаруымыз керек, оны қалың елге, әсіресе жастары­мызға жеткізуіміз керек» деген пікіріне қосыла отырып, елдің бірлігі тарихты білгенде ғана болады демекпін.
Иә, біз – бақытты ұрпақпыз. Себебі ата-бабамыз көрген шапқыншы­лықты, табаны тілім-тілім болған босқын­шылықты, бір түйір дәнге зәру болған аштықты, талай боздақтың жанын, жақынын алған сұм соғысты көргеніміз жоқ. Біз – бейбіт өмірмен қатар, ата-бабаларымыз армандаған, күрескен кең байтақ жеріміз бен бай тіліміздің, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүріміздің, ең бастысы тәуелсіздігіміздің тәтті дәмін татып жатқан ұрпақпыз. Осыған орай келер ұрпақ та ұлттың осы асыл мұратқа қол жеткізудегі қиындығын және мемле­ке­тіміздің тағдырлы кезеңдерін мейлін­ше жадында сақтап өсуі тиіс деп ойлаймын.

Зейнеп ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының
оқытушысы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.