ҚЫС ҚЫЗЫҒЫ – «ОЙ-ҚАРАҒАЙДА»

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»

Еліміздің көркем де әсем табиғаты туризм саласын дамытуға қолайлы екені белгілі. Соңғы жылдары аталған бағытта қолға алынған кешенді шаралар отандық туризмді өркендетуге негізделуде. Осы орайда тау шаңғысымен байланысты демалыс орындары да халық тарапынан жоғары сұранысқа ие болып келе жатқанын байқау қиын емес. Алматының әйгілі «Медеу», «Шымбұлақ» тәрізді демалыс кешендері еліміздің ғана емес, шетелдік меймандардың жиі атбасын бұратын жері. Десек те, бай табиғатымыз мүмкіндік беріп тұрғанда жалғыз Шымбұлақ немесе Медеумен шектеліп қалуға тағы болмайды. Бұл ретте Алматының өзге де аймақтарында тау шаңғысы кешендерін дамыту қолға алынуда. Жуырда Алматы облысының Талғар ауданында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде «Ой-Қарағай-Лесная сказка» тау шаңғысы курортының салтанатты түрде ашылуының куәсі болып қайттық. 

Таң азаннан солай қарай ағылған жұртшылықтың қарасы көп болды. Табиғи парктің орналасқан аймағы да халық үшін ыңғайлы екен. Қаладан онша ұзақ емес, жеке көлігіңіз болса, айналасы­ ­жарты сағаттың ішінде жетіп аласыз. Жаңа нысанның ашылуына ұйымдастырушылар тыңғылықты дайындалғаны байқалады. Кіре берістен бастап түрлі өрнектермен көркемделген әсем жазулар, көлікті қаңтаратын арнайы тұрақтар, шаңғы, сноу­борд, шана және т.б. сырғанау түрлеріне арналған спорттық құралдарды жалға беру орындары, табиғат аясында серуендеу жолдары, бәрі-бәрі ыңғайлы жасалған. Шараның ресми түрде ашылуы­на Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, құттықтау сөзін сөйледі. Облыс әкімі бұл айтулы оқиға аймақтағы қысқы туризм маусымының ашылуының басталуымен байланысты екенін тілге тиек етті.
– Елбасы облысқа келген сапарында туризм кластерін қалыптастыру туралы тапсырма берген еді. Соның ішінде Шымбұлақтан бастап Түрген шатқалына дейінгі аралықта тау туризмін дамыту қажеттігін айтқан болатын. Соған байланысты бүгін, міне, жаңа тау-шаңғы кешенін ашып отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, республикалық маңыздағы автокөлік жолынан кешенге дейінгі 6,2 км жолға күрделі жөндеу жасадық. Осы тау-шаңғы курортына инвестор өзінің жеке қаражаты есебінен 60 мың АҚШ долларын құйды. Бұл – отбасымен келіп, таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы теуіп, сырғанап, демалуға таптырмайтын орын. Келіңіздер, игілігін көріңіздер, сырғанаңыздар, шаттаныңыздар, – деді А.Баталов.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылған туристік жоба саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуға ықпал етпек.
Мұнан соң инвестор, «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев сөз алып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, «Қазақ Туризм» ҰК-ға, тау-шаңғы кешенінің құрылысына қатысты кәсіби ақыл-кеңес берген австриялық әріптестеріне, «Alina» компаниясының мамандарына, құрылысшыларға – барлығына ризашылығын жеткізді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов демалуға келген кішкентай балғындармен бірге жаңа нысанның тұсаукесер лентасын қиды.
Тау-шаңғы кешенінің жалпы аумағы жайында айтар болсақ, ол 85 гектарды құрайды екен. Теңіз деңгейінен 1500-1800 метр биіктікте орналасқан. Мұнда келушілер арнайы арқан жолдармен биікке көтеріліп, төменге шаңғымен немесе басқа да құралдармен сырғанап түседі. Аталмыш компанияның коммерциялық директоры Дмитрий Цайдың айтуынша, мұнда шаңғы, скейтборд, үрлемелі камералармен сырғанауға арналған, түрлі күрделіліктегі 15 арнайы жолақ қарастырылған. Сонымен қатар шаңғы тебуді үйренгісі келетіндер үшін шаңғы мектебі бар, онда шетелден келген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Нәтижесінде 2-3 сабақтан кейін-ақ үйренуші шаңғы тебуді меңгеріп үлгереді. Отбасымен белсенді және алаңсыз демалғысы келетін азаматтардың кішкентай балаларын таңертеңнен кешке дейін жылы жерде бағып беретін бала күтушілер де бар. Мұнда әлемдік бренд фирмалардың сырғанауға қажетті заттары мен киім-кешегін жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Демалыс аймағы күніне 5000 отандық және шетелдік туристер мен демалушыларды қабылдауға дайын. Жаз мезгілінде шаңғы жолдары велосипед тебуге лайықталады. Алдағы жылдары қазіргі 13 шақырымдық сырғанау жолақтарының ұзындығын 40 шақырымға дейін жеткізу жоспары бар.
Қолда бар ресми мәліметтерге зер салсақ, мұндай бағыттағы туристік кластерді дамытуға Еуропа елдерінің, сондай-ақ Ресейдің Сочи шаңғы курорт­тарының озық тәжірибелері қолданылмақ. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен «Ой-Қарағайға» дейінгі курорттық бағытындағы республикалық маңызы бар жолдардың 6,2 шақы­рымы күрделі жөндеуден өткізілген. Қосымша инфрақұрылымдарды дамыту үшін 35 гектар жер учас­кесі бөлінген. Мемлекет басшы­сының Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының аймақаралық форумында берген тапсырмасына сәйкес, біз «Қазақ туризм» және Алматы өңірінің туристік кластерінің Ассоциациясымен бірлесе отырып тау кластерін құру бойынша жоспар жасалған. Бұл жоспар жүзеге асатын болса, 2025 жылға дейін Алматы аймағына келетін туристер санын 4 миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
Ең басты атап өтер мәселе, елімізде тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өз табиғатымызды өзіміз игеріп, заманауи инфрақұрылымды дамытып, уақыт талабына сай дәрежеде туристерге ұсына білсек, нәтижесі де жақсы болатыны анық. Бір қуанарлығы, баяғыдай емес, тау шаңғысымен шұғылдануға, табиғат аясында тынығуға қаракөздеріміз де көбірек келіп жатқанын байқадық. Иә, бір мезгіл шаңғы теуіп, конькимен сырғанап уақыт өткізгенге не жетсін! Бұған «Ой-Қарағай» тәрізді шаңғы кешендері жақсы мүмкіндік сыйлап тұр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.