Наурыз тойы қалай өтіп жүр?

Бектұр Төлеуғалиев,
Маңғыстау облыстық
«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жұртшылыққа жақсы белгілі. Автор ел тарихына жаңаша көзқарас тұрғысынан қарап, халқымыздың ежелгі тарихын қайта зерделеу, түрлі пайымдарды қайта тұжырымдау қажет екендігіне назар аудартады. Қазақ халқының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесін қайта саралап, зерттеу жүргізуді ұсынады.
Осыған сәйкес Наурыз – еліміздің негізгі ұлттық мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттары­ның көбі тойлайды. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Олай болатын себебі, наурыз айының ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңесіп, қыс өтіп, жазғұтырым басталады.

Мәдениеті жоғары, ғылым мен техникасы дамыған, зауыты, фабрикасы бар елдер қыстың қысымын казақ сияқты біле бермеген. Бұрқасын боранға, жауын-шашынға, шыққан бұлттың түріне, желдің қай жақтан шыққанына, жаңа айдың қалай туғанына қазақтың зор мән беруінің өзі тегіннен-тегін емес. Барлық күнелтісі алдындағы малы болғандықтан, ауа райын болжау арқылы қыс жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт екеңдігін тәжірибе арқылы білген.
Амандасқанның өзінде «мал-жаның аман ба?» деп амандасатын қазақ көктемнің туғанына қалай куанып, тойламасын. Жылдың басы, жаздың басы – Наурыз бізге сондықтан үлкен мейрам.
Қазіргі енді есейіп келе жатқан балаларымызға ұлттық дәстүрімізді бойына дарыту – бәріміздің міндетіміз болып саналады. Осыған дейінгі бойы­мызға сіңірген, көріп келе жатқан тәлім-тәрбиемізге топырақ шашуға болмас. Олай деп түсіну дұрыстыққа жатпас деп ойлаймын.
Ол кездегі ортаның өзі солай болды. Біздің сол кездегі зиялы қазақ азаматтарының өзі балаларын ғылым мен техниканы оқып және тіл үйрену мақсатында орыс оқуларына берді. Соның салдарынан келіп, бірте-бірте, әсіресе қалаларда қазақ мектептері өзінен-өзі жабыла бастады. Біздің кейбір азаматтарымыз «Қазақ мектеп­те­рін күштеп жаптырды» деген жалған әңгімелер­ге де барып жүр. Бұл туралы Д.Қонаев ақсақалдың жазған еңбектерінен әділдігін анықтауға болады.
Қазірдің өзінде де кейбір азаматтарымыз өз републикамызда оқу орындары жеткілікті бола тұрса да, балаларын шетел экономикасы мен тілін үйрену мақсатында Англия, Америка, Түркия, т.б. елдерге жіберіп жатыр емес пе?!
Енді біз егеменді ел болдық. Өз дәс­түріміз, өз дініміз, Конституция­мыз, Парламентіміз, Прези­дентіміз бар еркін елдер санатына қосылдық. Сондықтан да біз, ең бірінші, тәрбиені жас ұрпақ зор тағлым, терең білім алатындай етіп бастасақ деп армандаймыз.
Наурыз тойы деп аталатын тойды да жасап жатырмыз. Сөйтсек те, жастарға қызғылықты етіп, тәлім-тәрбие алатындай дәрежеде өткізе алмай жүрген сияқтымыз. Наурыз тойында сауданы ұйымдастыратынымыз сондай, тіпті наурыз тойы емес, жәрмеңке сияқты көрінеді. Ақындар айтысы да көбінесе, жабық залда өткізіледі. Концерттерге де өзіміздің термеші жыршыларымыз аз қатысады.
Дүниежүзі мұсылман елдерінің көбінде Наурыз – 21 наурыз күні болып есептеледі. Сол күні түнгі сағат үште Қыдыр ата келеді, ол барша адамдарға жақсылық куаныш, шаттық алып келеді. Қыдыр ата келгеннен кейін адам пенделерінің үйлеріне бас сұғады, әрине, барлық үйге емес, ақ тілекті, ақниетті еңбекқор, иман дарыған үйге барады. Кімнің үйінде көрінетіні, әрине, белгісіз. Әр жанұя біздің үйімізге бас сұғатын шығар деген ойда болмақ. Қыдыр көрген адам бақытты болмақшы деген халқымыздың мифологиялық түсінігі осындай болып келген.
Осыған байланысты сол күні түнде Қыдыр ата есігімізді кағады деп күтуіміз керек. Ол үшін ақылы болсын, ақысыз болсын, Қыдыр-Ата қызметін ұйымдастырған дұрыс сияқты Қыдыр ата болатын адам білімді, қазақша жақсы сөйлейтін, ақынжанды, ұстамды, көргенді болғаны дұрыс. Әрине, қала бойынша Қыдыр ата әрбір шағын ауданнан екі адамнан болғаны дұрыс шығар. Қыдыр атаның қасында жас жігіттерден жетіден кем емес жолдастары болмақ керек. Олардың әрқайсысында қолын­да шырақ болуы керек немесе қол фанарларын ұстайтын болар. Сондық­тан да әр жанұя Қыдыр-Атаны қарсы алатындай айрықша дайындық жасайды.
Балаларға Қыдыр атаның келетінін, оған дауыстап сәлем беру қажеттігін, ақ тілектер, тақпақтар айтуды үйрету керек. Қыдыр атаны күткен дастарқан үстінде Наурыз көже, жеті шелпек, сүр ет, сүт тағамдары, күріш, жүгері, тары, т.б. тағамдар қойылмақшы. Қыдыр-Ата есіктен енгенде шашу шашып қарсы алынады. Қыдыр-Ата ұлтына қарамастан терезесінің жарығы өшпей тұрған үйлердің кез келгеніне бара береді.
Алдын ала сіздің үйге барамыз деп әзіл де болса айтылатын болса, онда үлкен үят болмақшы. Бұл жақтары қатты ескертілуі қажет.
Қыдыр ата киімі де сәнді ұлттық киімдер болмақ: ақсақалды, орта бойлы болса, жарасымды болады. Сағат түнгі үштен бастап, есігі іштен кілттенбеген ашық, адамдары ұйықтамаған, қоңырау басқанда кідіріссіз есік ашатын үйлерге кірмекші. Қыдыр ата кірген үйге құр қол бармайды. Қасындағы жолдас жеті жігіті барған үйдің балаларына – түрлі қуыршақ, ойыншық, кәмпит, бауырсақтар береді. Жаңа жылдан қандай тілектері бар екендігін сұрайды. Дастарқандағы астан, наурыз көжеден ауыз тиіп, бата беретін болады. Осылай болса, наурыздың жаңа жыл екені, Қыдыр атаның келетіні, оның қарсы алудың рәсімдері әр баланың көңілінде мықтап ұялар еді, шыршаны да, Аяз атаны да біртіндеп ұмытқан болар еді.
Наурыз тойы біздіңше наурыздың 22 күні, барлық жерлерде, ауылда, аудан орталығында, облыста бір уақытта өткені жөн. Бізде кейбір жерлерде 14 наурыз күні Наурыз тойын өткізіп жатады. Қандай елдің қағидаларында да жаңа жыл екі рет келмейді.
Дүниежүзі мұсылман елдерінің көбісінде Жыл басы күн мен түн теңел­гендіктен, 22 наурыз – жылдың бірінші күні екенін мойындағанымыз дұрыс болады. Бұл той сол күнгі ауа райына қарамастан өткізілгені дұрыс.
Егеменді ел болғасын, бабалары­мыз­дың ардақты салтын қайтадан дұрыс жалғастыруға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын мезгіл жеткен сияқты. Әрбір ұйымдар мен ұжымдар, ірі мекемелер басшылары бұл қызметке өздері араласып, қазақтың 6-7 қанат әдемі киіз үйлерін тіккізіп, басқа да ұлттар мен ұлыс өкілдеріне әдет-ғұрыптарымызды танытқанымыз, мойындатқанымыз құптарлық іс.
Бұның да «әттеген-ай» дейтін жақ­тарын көріп қалып жүрміз. Үй тігіледі, жасаулар ілінеді, наурыз тойын тойлаушыларды «комиссия келіп көретін еді, қонақтар келетін еді» деп кіргізбей қақпалайтынымызды, қалай түсінуге болады? Бұны біздің ата-баба дәстүріне қайшы келетін жат қылық екенін түсінуіміз керек. Тігілген үйлердің ішін жасаулап әдемілегеніміз дұрыс, комиссия емес, тойшы қауымның олардың ішіндегі басқа ұлт өкілдерінің көруі үшін, ауыздан-ауызға айта жүруі үшін, біздің дәстүрімізге қызығуы үшін керек.
Наурыздың сахналанған көріні­сі­нен гөрі, өзінің табиғи түрде өт­ке­ні дұрыс. Ол үшін қала сыртын­дағы далалық жерден 50-60 киіз үй сиятындай биіктеу жерге үйлерді жарты ай форма­сында, ара қашықтығы бір-бірінен 5 метрдей тігіліп, тө­мендегі жиналған халыққа жақсы көрінетіндей болғаны дұрыс.
Тойшыл қауым жиналып болған соң төрт жігіт атпен көпшілікті аралап, жарамазан айтады. Жарамазан өлең түрінде айтылса, тәуір болмақшы.
Содан кейін тігілген киіз үйлердің ортасындағы тоғыз жас жігіт пен тоғыз жас келін шығып, ортаға аласа үстелдер әкеліп, дастарқан жаяды. Дастарқан жайы­лып болғасын, жаңағы жастар ыдыс-аяқтарды әкеліп орналастырады. Ет, сүт, жеміс, жидектер, т.б. тағам түрлерін әкеліп қояды. Осыдан кейін барып ортадағы жеті үйден ақ жаулықты жеті ана шығып, дастарқан басына наурыз көже, сүт тағамдарын, шұбат, қымыз әкеледі.
Содан соң барып, жеті үйден жеті ақсақал шығып, дастарқан басындағы ақ жаулықты аналарға «той құтты болсын» айтып барып, дастарқан басына орналасады. Дастарқанның айналасында жетерліктей дәрежеде отырғыштар болуы қажет.
Бұның бәрі домбыра тартылып, «Ақжарма», «Сары арқа», «Адай», Абылдың күйлерімен қосталып тұрса, бұл көрініс, әсіресе дәстүрге шөліркеген жастар мен балалардың есінде мәңгі калар еді.
Бұл айтылып отырған Наурыз дәстүрлері ойдан шығарылып отырған жоқ, ол ата-бабаның ­Наурызды мерекелеу дәстүрлерін бізге жеткізуші – Сәбит Дөнентаев, Ахмет Байтұрсынұлы, бүгінгі Қойшығара Салғариндердің Наурыз туралы жазған деректері басшылыққа алынды. Содан кейін тігілген үйлерден мүмкіндігі болса, түгелдей жеті шелпек нан әкелінеді. Бұл шелпектерді әкелетіндер жас келіндер мен қыздар. Жарты ай формасында тігілген киіз үйдің ортасына ұзындығы 30-45 метрден кем емес дастарқан немесе аласа үстелдер орнатылып, тағамдардың бары соған қойылады. Көптеген самаурында шай ыстық күйінде қайнап тұрады.
Осыдан кейін барып, осы өңірдің имамы дастарқан басына келіп, аруақтарға арнап аят оқиды. Аят микрофон қойылып, репредукторлар арқылы барлық жұртқа естілетіндей болуы керек. Аят кезінде жиналған көпшілік міндетті түрде жүрелеп отырады. Аят оқылып, қол жайылып болғаннан кейін, дастарқандағы шелпектерден, наурыз көжеден көпшілік ауыз тиетін болады.
Содан соң, тойбастар айтқан жыр­шыға сыйлықтар халықтың көзінше берілуі керек. Осы кезде ел басшы­лары шығып, халықты құт­тықтап, өткен жылдағы атқарылған істер мен жаңа жылдағы істелетін жұмыс­тармен қыс­қаша таныстырып өтпекші.

Дүниежүзі мұсылман елдерінің көбісінде Жыл басы күн мен түн теңелгендіктен, 22 наурыз – жылдың бірінші күні екенін мойындағанымыз дұрыс болады. Бұл той сол күнгі ауа райына қарамастан өткізілгені дұрыс.
Егеменді ел болғасын, бабалары­мыз­дың ардақты салтын қайтадан дұрыс жалғастыруға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын мезгіл жеткен сияқты. Әрбір ұйымдар мен ұжымдар, ірі мекемелер басшылары бұл қызметке өздері араласып, қазақтың 6-7 қанат әдемі киіз үйлерін тіккізіп, басқа да ұлттар мен ұлыс өкілдеріне әдет-ғұрыптарымызды танытқанымыз, мойындатқанымыз құптарлық іс.

Осыдан соң концерт басталады. Концертте ата-баба дәстүрлерін айтып, бұрынғы жыраулардың жырлары мен термелерін айтып, күйшілер шығып, домбырамен күй сайыстарын ұйымдастырып, ақындар айтыстарын көрсетсе, нұр үстіне нұр болмақшы.
Бұл әңгімемізден славян тұқымдас халықтардың 1 қаңтар жаңа жыл ­тойын Аяз Ата мен шыршасының қажеті жоқ деген ұғым тумайды. Ол той да әрине тойлана беретін болады.
Наурыз тойын өткізудегі ­ата-баба дәстүрінің тағы бір үлгісінде ел басшылары қысқаша хабарламаларын айтпастан бұрын, құбыладан ақ түйеге мінген ақ сақалды, ұзын бойлы, жүзінде нұры бар Қыдыр ата көрінеді. Сол кезде көпшілікке «Жаңа жыл келеді, Қыдыр ата келеді» деп жар салу керек (репредуктор арқылы). Атаны сәлем беріп қарсы алып, түйесін шөгеріп, қолтықтап, үйдің алдына әкелетін жеті жас жігіт болуы керек. Үйдің алдынан дастарқанның басында бұрыннан отырған қариялар, әжелер, ақжаулықты аналар қарсы алып, құтты қадам тілеп жол болсын айтып, сол жердегі тақ іспеттес орындыққа әкеліп отырғызады, тілектер айтылады.
Қыдыр ата: «Тілектеріңді естідім, менің баратын жерлерім көп» деп рұқсат сұрайды, дастарқандағы дәмнен ауыз тиеді. Содан кейін бата жасайды. Қыдыр ата бата жасаған кезде де жүрелеп отырып қол жайылмақшы. Осыдан кейін ойын-сауық жалғасып кетеді.
Наурыз мерекесінде ауа райы мүмкіндік беріп тұрса, қазақтың ұлт­тық ойындарын көрсеткен, әрине, дұрыс. «Ат жарыс», «Көкпар», «Ауда­рыспақ», «Қыз қуу», «Алты­бақан», «Алтынқабақ», «Арқан тартыс», «Қазақша күрес», «Жаяу жарыс», «Тең көтеру», т.б. сияқтылар.
Мәдениет-спорт мекемелері мен «Қазақ тілі» қоғамдары бұл шараларға мән беріп, алдын ала газеттен, радиодан, теледидардан осы мерекені ұйымдастырудың жайын кең көлемде түсіндіріп, ақпарат таратқан дұрыс болар еді. Әуелдегі әзірде Наурыз мейрамына жақсы назар аударылып еді. Қазірде Наурызды тойлаудан жалыққан сияқтымыз.
Осыған байланысты Наурыз тойын осы айтылған дәрежеде өткізсек дұрыс болар еді деген ойдамыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.