Жаңалықтағы жаңа мұражай

Қазақ  халқы үшін ХХ ғасырдың ең ауыр қайғысы – ХХ ғасыр басындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін апаты. Осы қасыретті кезеңде қазақтың мыңдаған беткеұстар зиялылары мен қарапайым азаматтарына «халық жауы», «шпион», «қарақшы» деген жалған айыптар тағылып, әртүрлі мерзімге концлагерьлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Қандықол биліктің озбыр саясаты салдарынан қазақ халқы іс жүзінде жер бетінен жойылып кетуге шақ қалды. Осынау қанмен жазылған тарихты білу, оған құрмет көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа серпін алып отыр.

Жаңа жыл қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Бұған дейін осы маңда 1937-1938 жылдары сталиндік ­репрессия кезінде жазықсыз тұтқындалып, қаза тапқан боздақтарға арнап ескерткіш орнатылған болатын. Жуырда Алматы ­облысы әкімдігінің қолдауымен мемориалды музей келушілерге есігін айқара ашты.
Музейдің салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық ­Баталов, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары және ауыл тұрғындары қатысты. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, одан кейінгі «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы негізінде өңірімізде осындай іргелі жұмыстар істеліп жатыр. Біз болашағымыз дұрыс болсын десек, бұрынғы тарихымызды ұмытпауымыз керек. Қазақта «өлі разы болмай, тірі байы­майды» деген үлкен сөз бар. Бұл жерде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ораз ­Жандосов және басқа боздақтарымыз жатыр. Солардың топырақтары торқа болсын. Енді елімізде мұндай қасіретті жағдай ешқашан болмасын. Солардың рухтары бізді әрқашан қолдап-қорғап жүрсін, – деді облыс әкімі.
А.Баталов өз сөзінде бұл аумақта алдағы уақытта біртұтас мемориалды кешен бой көтеретінін атап айтты. Облыс әкімі музей лентасын қиғаннан кейін ғимаратты аралап көрді. Музей үш залдан тұрады. Бірінші залда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейінгі қазақ халқының тоталитарлық жүйеге қарсы қозғалыстары көрсетілген.Екінші зал «Аза тұту залы» деп аталады. Онда жазықсыз атылып кеткен 1425 адамның аты-жөні тақтаға жазылған. Мұнда төрт электронды тақта тұр. Тақтаның түймесін басқанда аты-жөні тұрған адам туралы екі тілде мәлімет беріледі.
Үшінші зал «Әділет» тарихи-ағарту қорының қызметіне арналған. Жалпы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш пен музейдің ашылуында осы «Әділет» қоғамдық қорының қызметі зор. 1990 жылы Алматы түбіндегі Жаңалық елді мекеніндегі саяжайлар үшін бөлінген аумақтан басынан оқ тиген адам сүйектері табылған болатын. «Әділет» қорының мұрындық болуымен қазып алынған сүйектерге сот-медициналық сараптама жасалды. Сөйтіп, республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйектері екенін, үлкен террор жылдары атылғандардың сол маңға, ашаршылықта босап қалған Әли ауылының орнына көмілгенін мойындады. Сот-медициналық сараптамадан өткізілген құрбандар сүйегі 1993 жылы Жаңалық аумағында қаралы-салтанатты рәсіммен жер қойнына берілді. Осы істің басы-қасында болған жазушы Бейбіт Қойшыбаев музейдің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде:«Қуғын-сүргін тарихын зерттеу шын мәнінде сталинизм тарихын зерттеуді білдіреді. Сол кезеңдегі үш дүркін соққан аштық апаты халықтың жартысынан астамын алып кетті. Соның бәрін жастар білуі керек.«Әділет» қоғамы сол кезеңнің шындығын ашу үшін ҰҚК-мен бірлесе отырып көп жұмыстар атқарып келеді. Бұдан кейін де атқара бермек. Сондай-ақ Сталинизмнің халыққа жасаған қылмысын толығымен әшкерелеу үшін де еңбектеніп жатырмыз. Мұның барлығы ең әуелі жастардың тарихын біліп, Отаншыл азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету мақсатында істеліп жатыр» деді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі, «Әділет» қоғамдық қорының төрағасы, филолог-ғалым Ғарифолла Әнестің айтуынша, музей ­маңа­йында 15 гектар жер бар. «Біздің мақсатымыз – осы жерде үлкен ғылыми орталық құру. Мәселен, Қазақстанда кеңестік жүйеге қарсы 284 көтеріліс болған. Әр көтерілісте ондаған, жүздеген адам атылған. Солардың көпшілігінің аты-жөні әлі белгісіз. Және репрессияға ұшырап аман қалған Әлімхан Ермеков сияқты тұлғаларымыз да бар. Одан бөлек, Моңғолияда, Қытайда атылған қазақтар бар. Біз солардың бәрінің тізімін жасап қойдық. Алдағы уақытта музей осындай мәліметтермен толығатын болады. Және осы 15 гектар жерде үлкен пантеон жасалады. Ресейдің әр қалаларында атылған зиялылардың сүйектерін немесе топырақтарын әкеп қоюды жоспарлап отырмыз» деген музей директоры ұлт тарихы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетіп отырған Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлына алғыс айтты.
Музейде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына баса назар аударылмақ. Мәселен, мамыр айында халықаралық ғылыми конференция өткізу жоспарланып отыр. Жалпы ғылыми зерттеулердің негізгі бағыты саяси қуғын-сүргін тарихының беймәлім беттерін ашу, ашаршылық, халық көтерілістері тақырыбын қамтиды. «Әйгілі «халық жауларына» арналған 28-баппен қоса сол кездегі қылмыстық кодексте «бандитизм» деген 59-бап болған. Халық көтерілісіне қатысқандар осы баппен сотталған. Міне, осы адамдар әлі ақталған жоқ. Осы мәселелерді көтеретін боламыз» деді музей меңгерушісі. Сондай-ақ 2019 жылы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды тұлғаларымыздың 125 жылдығы келе жатыр. Олардың сүйегі қайда жатқаны белгісіз, сондықтан осындай тұлғаларымызға арнайы естелік белгілер қойылады.
Музейдің басты құндылығы ондағы жәдігерлер екені белгілі. Уақыт өткен сайын қуғын-сүргін куәгерлерінің қатары азайып барады. Алматы қаласындағы бұрынғы НКВД болған жерде ашылған музейдегі жәдігерлер ғимарат сатылып кеткен кезде жойылып кеткен екен. Сол себепті жаңадан басталған жәдігер жинау жұмыстары одан әрі жалғасып, музей қоры толыға бермек.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.