Жаңа жазуға көшу – уақыт талабы

Жамбыл облысы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ­«Латын графикасына көшу – уақыт талабы» атты кездесу өтті. Шараға Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, тіл мамандары, ауыл әкімдері, мектеп мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Жиынды Жамбыл ауданы әкімі­нің орынбасары Үміткен ­Найманова сөз сөйлеп ашып, қазақ әліп­биін латын графикасына көшірудің аса маңызды міндет екенін айта келіп, кездесуге арнайы қатысқан Тіл ­саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашевке алғысын білдірді.
Ал облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова Елбасының «Болашаққа бағдар: ­рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы 6 міндеттің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру екенін атап өтті. Осы орайда терминология бағыты бойынша қызу талқылау жүріп жатқанын тілге тиек еткен Қуат Борашев негізгі атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Әрине, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін дайындау оңайға соққан жоқ. Бұл ­ретте Премьер-министр басқаратын арнайы Ұлттық комиссия құрылды. Аталған комиссияның бір жыл ішінде 6 отырысы өтті. Комиссия жұмысы төрт бағытқа негізделді. Олар – орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық-технологиялық бағыттар. Мен орфографиялық жұмыс тобы жағында болдым. Жыл ішінде орфографиялық топтың 12 кеңесі өтті. Кең көлемде ой, пікір, ұсыныс жинау үшін тіл саласының ғалымдары әр ауданға барды. Ауылдардағы жұрттың пікірін тыңдады. Бұл жерде де төл дыбыс­тар, дәстүрлі фонетика бар. ­Кириллица нұсқасында 42 әріп болса, қазіргі латын графикасында 32 әріп қалғанын білесіздер. Біраз әріп түсіп қалды. Ол туралы да ұзақ кеңестік. Біз әуелі осы жолдардан өткен Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің зерттеулеріне сүйендік. Олар өтпелі кезең ретінде дәстүрлі орфографияны сақтап қалған екен. Бізде осы тәжірибеге сүйеніп, орфографияның 80 пайызын сақтап қалдық. Осыны Ұлттық комиссия мақұлдап, емле ережелерді бекітті» деді ол.
Қуат Қахарманұлының айтуын­ша, 2025 жылға дейін уақыт берілген. Осы кезге дейін 5 ­миллион тұрғын латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін танып, үйреніп ­жатыр.
Жамбыл өңірінде де латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін онлайн курс арқылы үйрету мақсатында «qazalipbi.kz» бағдарламасы дайындалған. Бұл латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуде интернет-технологиялар мүмкіндігін пайдалануға қол жеткіздік деген сөз. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті,филология ғылымының кандидаты Гүлзинат Қарымбаева аталған электронды бағдарламаның дайындалу, тиімділігі жөнінде кеңінен әңгімелеп, «qazalipbi.kz» бағдарламасының 18 сабақтан тұратынына, әр сабақта үш әріпті жан-жақты қамтитынына тоқталды.
Сонымен қатар облыстық «Aq jol» газетінің директоры – бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Знамя труда» газетінің директоры – бас редакторы Бекет Момынқұлов пен облыстық «Arai» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді өз ойларымен бөлісті.

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Оқушы

    Бекітілген ресми қазақ латын әліпбиі жайында видео:
    https://youtu.be/qsOSw1__CmU

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.