Тарихи мұра – асыл қазына

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәжіліс залында Ғалымдар кеңесі мен «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жиналысы өтті. 

Жиын таяуда өмірден өткен ғалымдарды, «Әділет» қоғамының мүшелерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мұнан соң Тіл білімі институтының басшысы ­Ерден Қажыбек сөз сөйлеп, жиналыс мақсатымен таныстырды.
Институт басшысынан кейін сөз алған «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес Жаңалық ауылында ашылған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ­жайын тілге тиек етті. Музейге ғылыми кеңес керек екенін, ол үшін тарихшылармен, архив мамандарымен жұмыс істеу мәселесін жолға қоюды ұсынды. ­«Репрессия тақырыбының ашылғанына 30 жыл болды. Ашаршылық, халық көтерілісі, 37-38 жылдардағы үлкен террор тақырыптарын дұрыстап зерттеп, халыққа жеткізу керек. Себебі соңғы кезде Алаш арыстары туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің шығып жатқаны жасырын емес. Биыл Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Телжан Шонанов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығын, Құдайберген Жұбановтың 120 жыл­ды­ғын атап өткен кезде белсенді идеологиялық жұмыс жүргізбесек, тағы сондай әңгімелер шығуы мүмкін. Сондықтан ғалымдарға арқа сүйейміз» дей келе, Ғ.Әнес сөз соңында екі ұсыныс білдірді. Бірі – 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай дәстүрлі түрде халықаралық конференция өткізу. Екіншісі – әр ғылыми институттан «Әділет» қоғамының жұмысына жауапты өкіл сайлау. Мұны ғалымдар бір ауыздан қолдады. Жиынға қатысушы басқа да ғалымдар мен ғылыми институт басшылары Алаш арыстарының мұрасын іздестіру, зерттеу және насихаттау мәселелерін талқылады.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.