Заря-дос

Нұрперзент Домбай
«Ана тілі»

Әр шаңырақта отбасылық достар деген болатыны белгілі. Бізде де сондай, тіршілікте біте қайнасқан, бірге тумасақ та туғандай болып кеткен етене жақын жандар бар. Өкініштісі, отбасының тұтқасы, тірегі болып отырған екі азаматымыз өмірден ертерек өтіп кетті. Амал нешік, ажалға қайтіп араша тұрарсың. «Арты қайырлы болғай» деп өксік жұтып қала бердік.
Қырық жылға жуық уақыт арамыз ажырамай, жарық дүниенің қуанышы мен кездескен кедергілерін бірге өткеріп келе жатқан аяулы достарымыздың бірі – Заря. Кәдімгі жазушы, белгілі қаламгер Заря Жұманова.
Ол о баста ұяң да биязы мінезімен өзіне тартқан. Адамға тіке қарап сөйлемейді. Жұмсақ үні, дауыс көтеріп сөйлемейтіні отбасынан тағлымды тәрбие көргендігін сездіретін. Осы қасиеттері қыз кезінде қандай болса, жиырманың үшеуін артқа тастаған бүгінгі күні де сол қалпында. Адамдардың бәрін жақын тартады, қолдан келгенше қолұшын беруге, қамқорлық көрсетуге дайын. Ең болмаса жылы сөзімен, қылаусыз ниетімен…

Заряның бала кездегі арманы журналист болу еді. Бұған себеп те жоқ емес. Мектепте жүргенде-ақ аудандық, облыстық газеттерге материалдары шығып тұрды. Арасында әңгіме ауылына да ат ізін салып қоятын. Мұнысы бекер емес екен. Нәтижесінде тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде республикаға танымал «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») бетінде тұңғыш новелласы жарқ ете қалды. Ал студент кезінде «Жаңбыр исі» атты көлемді әңгімесі сол кездері оқырманы мол «Қазақстан әйелдері» журналының айқарма бетінде басылды.
Біз еңбек жолымызды қасиетті Ұлытау өңірінен бастадық. Заря облыстық телевизияда жемісті еңбек етті. Көрермен қызыға тамашалайтын көптеген телехабарлардың жарық көруіне ұйытқы болды. Бұдан кейінгі шығармашылық жол «Хабар» телеарнасында, ең соңында әдеби басылымдар – «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдарында жалғасты. Өмірге деген өзіндік көзқарастың қалыптасуына, шығармашылық істегі жұртшылық сүйінерлік жетістіктерге жетуде бұл еңбек ұжымдарында өткізген жыл­дардың әсері өте зор еді.
Қызығы да, шыжығы да жетерлік жазушылық кәсіпке біржолата ден қоюы 2002 жылы басталды деуге болады. Осы жылы Қазақстан Жазушылар одағы төл әдебиетіміздің классигі Ғабиден Мұстафиннің туғанына 100 жыл толуына байланысты үздік әдеби туындыларға жабық бәйге жариялады. Көп күттірген бәйге қорытындысында «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» атты хикаяты анау-мынау емес, бірінші жүлдені жеңіп алды. Негізі адал еңбекке берілген қандай марапат түрі болмасын жігерге жігер қосып, алға ұмтылдыра түсетіні анық. Заря да осындай күйді бастан кешірді. Күдіктің ауылы алыстап, зор сенім пайда болды. Сөйтіп, жүрегі қалаған іске білекті түріп, батыл кірісті.
Қателеспеген екен. Жазушылық қолы болып шықты. Осы уақытқа дейін «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» атты төрт-бес кітапты өмірге әкелді. Талай әдеби бәйгелерге қатысып, шеберлігін, қалам қарымын байқап та көрді. Соңы жаман болмады. Біз білетін «Сорос» Заманауи орталығы мен ЕҚЫҰ-ның халықаралық жабық конкурстарына, «Қазақмыс» тобы мен Қазақстан Жазушылар одағының «Балауса», «Рақымжан Отарбаевтың мәдениет қорының» бәйгелеріне ұсынған шығармалары жүлделі орындардан көрінді. 2010 жылы «Алтын қалам» бәйгесінде «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойыншы жүлдегер атанды. Өткен жылы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі «Ақбота» атты кітабын сатып алды. Кітап алдағы уақытта бес мың таралыммен еліміздің кітапханаларына таратылмақ және әлемнің алты тіліне аударылады деп күтілуде.
Біз сөз етіп отырған әріптесіміздің шығармаларының негізгі тақырыбы – әйел өмірі. Бұл да түсінікті. Әйелдің жанын әйел ғана түсіне алады. Сондай-ақ жазушы Заря Жұманованың өзіне тән енді бір ерекшелігі – тақырыпты ашарда кейіпкерінің жандүниесіне терең үңілетіндігі. Психологиялық иірімдер бірден көзге шалынады. Сол себепті де сіз жазушы шығармасын атүсті, жүрдім-бардым оқи алмайсыз. Арнайы уақыт бөлуіңізге тура келеді. Сол кезде ғана туындының қандай мақсатта жазылғанын, қаламгердің не айтқысы келетінін ішіңіз сезеді. Мәселен, «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» хикаятын алайық. Тақырыбының өзі көп нәрсені аңғартады. Быжынаған көп шыбын емес. Жалғыз шыбын. Неге? Себебі жазушы жалғыздық жайлы сөз қозғап отыр. Адамның жалғыздық күйін бейнелерде жалғыз шыбынды «пайдалануы» – қаламгердің тапқан тәсілі. Және ол ойдағыдай шыққан.
«Ақ босаға» хикаяты да – жазушы шеберлігін байқататын тұшымды дүние. Шығарманың бас жағында оқырманға «түсініксіздеу» сөз болатын арбада аяғы салбырап келе жатқан қыздың, есек жетектеген тақиялы шалдың, бастарын төмен түсіріп, әлгілердің соңынан еріп келе жатқан екі еркектің кімдер екеніне хикаятты оқи келе қаныға аласыз. Әлгі «түсініксіздіктің» өзі – бұл да тәсіл. Оқырманды тартудың бір жолы.
Жазушының кейбір әң­гіме-хикаят­тарының та­қырыбы да елең ет­­кізерліктей. Шығар­ма­ны оқымасқа шараң қал­майды. «Періштелер құ­лағы шалған сөз» әңгімесін алайық. «Періш­телері несі?», «Бұл не сөз болды екен?» деп таңырқайсыз. Сосын оқи жөнелесіз. Сөйтсек таңырқайтын ештеңе жоқ екен. Таңырқатып отырған жазушы екен. Ауызекіде өзіміз жиі қолданатын «Періш­тенің құлағына шалынсын» дейтініміз бар емес пе? Осы сөздің сырын ашуға арналған әңгіме екен бұл. «Салтанат немесе құмырадан шыққан құрбақа» да тақырыпты ашу жағынан жаңағы әңгімеге ұқсас. «Тырбыңдап-тырбыңдап, шикі сүтті майға айналдыратын, сосын соның үстінен басып, сыртқа секіріп түсетін құрбақа» тірлігі шығарманың кейіпкері Салтанаттың өміріне дөп келетіндей. Небір ауыртпалықтарды бастан кешкен Салтанат ақырында көңілі жайланып, жайлы өмірге қол жеткізеді.
Қаламгер шығармаларында көркемдік тәсілдерді де орынды пайдалана біледі. Бұған мына сөйлемдерді оқысаңыз өзіңіз де көз жеткізерсіз: «Осынау аяулы сәт сәл үркітсе қайтып орнына қонақтамас құсқа ұқсайды ма?!», «Кеудесін тепкілеген тентек жүрегінің дұңкіліне құлақ түріп, біраз жатты», «Қапырық ауа тынысын тарылт­қан алып қала жағалауында желбезегін ашып, алқына аласұрған орасан зор балық сияқты еді», «Шықпа, жаным, шықпамен тұрған жапырақ-тірлікте не мән бар?!», «Адамдары дүркін-дүркін алмасып жатқан жолаушылар поезы мен дүрия-дүния арасында осыншама ұқсастық бар деп бұрын-соңды кім ойлаған», «Зымыраған желаяқ жылдардың шалғайына жармаса өскен, сәмбі талдай солқылдаған ұл-қыздарға ұядай ғана пәтерлері тарлық ете бастады»…
Жалпы, жазушының қай шығар­масы да талдап-зерттеуге тұрарлық. Өйткені ол дүниелерде бүгінгі өмір тынысы, айтар ой бар. Олай болса асығыстық танытпай кеңірек әңгімелеуді, жан-жақты сараптауды әзірге кейінге қалдыра тұрайық.
Әдеби ортаның бел ортасында жүрген ол әдеби, мәдени шаралардан қалыс қалған емес. Ондайда ортаға шығып, көкейіндегі ой-пікірлерін бүкпесіз жайып салады. Сондай бір кештің бірі әнебір жылы өзіне де арналған. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен басқосуға еліміздің танымал қа­ламгерлері де қатысып, шығар­маларына қатысты жылы лебіздерін білдірді. Осының өзіне көңілі мар­қайып, әжептәуір қайраттанып қайтты.
Ағымдағы баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде өзі оқыған кітаптары жайлы пікір білдіруді де дағдыға айналдырған. Шәрбану Бейсенованың, Рақымжан ­Отар­баевтың, Әлібек Асқаровтың… шығар­малары хақында сүбелі ой қосты. Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» деген романы көңілді баурап, «Мен ашқан «Америка» деген жүрекжарды дүниесін жазды. Әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас жазушылардың аяқ алыстарын бақылап, үлкендік ақыл-кеңесін беріп отыруды да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, жас ­жазушы Лира Қоныстың «Құлпынай қосылған балмұздақ» дейтін романына қатысты пікірлеріне оқырмандардың дені қолдау білдірді.
«Сөз өнері дертпен тең». Туа бітті сол «дертке» шалдыққандар қандай қиындықты бастан кешсе де бәрібір жазбай тұра алмайды. Кейде өмір бойы иықтан түспейтін бір ауыр міндет арқалап жүргендей сезінемін» деген екен басылымға берген бір сұхбатында Заря. Әдебиеттің жауапкершілігін түсінген және жазушы деген салмағы зілбатпан ауыр жүкті арқаға артып жүргендер ғана осылай дей алады. Демек, тілге тиек етіп отырған әріптесіміз алдағы уақытта да кітапқа, әдебиетке құмар жандарды ойлы да мазмұнды шығармаларымен қуанта беретініне сенім мол.
Қаламдас досымыз тәрбиелі, өнегелі отбасынан түлеп ұшқан. Ата-анасы балаларының бойына адамгершілікті, имандылықты, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті жастай сіңіргені байқалады. Өздері де айнала-төңірекке абыройлы, сыйлы адамдар болған. Бірде, осыдан оншақты жыл бұрын, алпыстың о жақ, бұ жағындағы егде кісімен сапарлас болдық. Өзінің туған жерінен қоныс аударғанына да біршама жыл болған екен. Әңгіме арасында оның Зарямен ауылдас екенін білдім. Мұны ести сала жалмажан замандасымыздың отбасын, әке-шешесін сұрап жатыр. «Әмір ағам Алматыда екен ғой. Қайда жүр екен деп ойлаушы едік. Ол кісі ауылымыздың ең сыйлы азаматтарының бірі болды. Адамдарға көп қамқорлық жасады. Егер ұлықсат болса, маған Әбекеңнің телефонын берсеңіз. Біраздан бері хабар үзіп алып едік. Хал-жағдайын білейін» деп сол бойда қуанышы қойнына сыймай іздеген кісісімен тілдесіп жатты.
Заряның әкесі Әмір көкеміз алдыңғы жылы дүние салды. Анасы қазір арамызда. Алла тағала екеуін де жан-жақтарына мейірім шуағын төгіп жүретін жандар етіп жаратқандай. Кездескен сайын жағдайымызды сұрап, ақ-адал пейілдерін білдіруден жалыққан емес.
Заря – ардақты ана. Жұбайы Қалас ағамызбен үш баланы өсіріп, бүгінде тәп-тәтті немерелерінің қызық-қуаныштарына кенелуде. Қалекең де өмірден көрген-түйгені мол зиялы азаматтардың бірі. Ғылымдағы ізденістері арқасында философия ғылымының докторы атанды. Бүгінгі таңда ізіне ерген шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, ұстаздық парызын ойдағыдай орындап жүр.
Заря төрт ағайынды. Бір қызығы, төртеуінің де аты-жөндері аспан дүниелерімен байланысты. «Заря» сөзі «арай» мағынасын беретіні белгілі. Екі інісі – Марс пен Мерген, сіңлісінің есімі – Айнұр. Осыған қарап олардың әке-шешесі бұл есімдерді жайдан жай қоймағанын байқар едік. Қандай ата-ана да перзенттерінің мерейі үстем, мәртебесі биік болғанын қалайды емес пе? Әлгі есімдердің берілу сыры да осында жатса керек. Біздің кейіпкеріміз сол сенімнен шығып та келеді. Әдебиетті көктегі аспанға, қарымды қаламгерлерімізді санаулы жұлдызға теңейтін болсақ, біздің Зарямыз да сөз әлеміндегі сәулесін молынан төккен бірегей жұлдызымыз. Жұлдызың биікте жарқырай берсін, қаламдас дос!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.