Туризмді түлетудегі мүмкіндік

«Шымбұлақ» және «Роза Хутор» курорттары ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Ресей мен Қазақстандағы туризм саласының көшбасшы­лары – «Роза Хутор» және «Шымбұлақ» тау курорттары ынтымақтастық туралы келісімге келді. Тиісті құжатқа «Роза Хутор» ЖШҚ Бас директоры Сергей Бачин мен «Chimbulak Development» ЖШС Бас директоры Ержан Еркінбаев қол қойды.

Меморандум курорттардың танымалды­ғын арттыру, жалпы тау туризмін дамыту, белсенді демалыс, спортпен шұғылдану және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы өзара іс-қимылдарды көздейді. Сонымен қатар екі курорт арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік ағымды ұлғайтуға және екі ел халықтарының арасындағы достық байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
Меморандум шарттарына сәйкес, қазақстандық және ресейлік тау курорттарының әкімшілігі туризм және мәдени-сауықтыру демалысы, конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шараларды өткізу барысында өзара ақпараттық, білім беру, әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуі тиіс. Бұл қадам көрші елдердің тау шаңғысы, тау, спорттық туризм ерекшеліктерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ болашақта қазақстандық белсенді демалыс әуесқойлары арасында «Роза Хутордың», ресейліктерге «Шымбұлақтың» танымалдығын арттырады.
«Өткен жылы «Роза Хуторға» арнайы шақыртумен барып қайттық. Ол – субтропиктік аймақта орналасқан жалғыз курорт. 40 минуттық жерде теңіз бар. Бұл курорттың дамуы мен белсенділігіне өте қатты әсер етеді. Өткен жылы 2,2 миллион туриске қызмет көрсеткен. Барлық жастағы демалушыларға арналған демалыс аймақтары бар. Біз олармен екіжақты келісім жасай келе, бірлескен жеңілдіктер қарастырдық. Мысалы, «Шымбұлақтан» апталық ски-пасс сатып алған туристер «Роза Хутордың» әкімшілігі ұсынған қонақүйлердің біріне орналасқан жағдайда осы курорттан тегін бір апталық ски-пассты ала алады және керісінше «Роза Хутордың» демалушылары «Шымбұлаққа» келіп, біз ұсынған қонақүйге тоқтаса, осы жақтың да бір апталық ски-пассын алады» деді «Chimbulak Development» ЖШС маркетинг департаментінің басшысы Владислав Семенов.
Меморандум ерекше оқиғалар мен күндерге – серіктес-курорт күніне орайластырған арнайы мерекелерді өткізуді көздейді. Мұндай күндері «Роза Хуторда» демалатын туристер «Шымбұлаққа» арналған фотокөрмелерді, шығармашылық ұжымдардың концерттерін тамашалайды және қазақ ұлттық тағамдарын татып көруге мүмкіндік алады. Өз кезегінде Іле Алатауындағы ең көне және ең танымал тау курорттары бірінің («Шымбұлақ» 1954 жылы құрылған) қонақтары Сочидегі 2014 жылғы олимпиада мұрасының ең ірі нысаны саналатын Ресей курортының тақырыптық күндеріне қатысуға мүмкіндігі бар. Осының барлығы Қазақстан мен Ресей туризмінің танылуына ықпал етеді.
Айта кетейік, «Роза Хутор» – 2014 жылғы Сочидегі XXII Олимпиада және XI Паралимпиялық қысқы ойын­дардың ең ірі олимпиялық нысаны, Адлер халықаралық әуежайынан бір сағаттық жерде орналасқан әлемдік деңгейдегі тау курорты. Қыста демалушылар үшін жалпы ұзындығы 102 шақырым, 29 көтергіші бар ең үздік әлемдік сарапшылар жобалаған тау шаңғысы трассалары қызмет көрсетеді.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.