Қайта оралған «Сүйікті ағай»

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. 93-театр маусымының кезекті премьерасы – Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасы.
Жаңа қойылым қазақы қоғам мұратта­рының да озығы мен тозығын ­зерделеуге ой салары анық. Себебі онда кейіпкерлердің, әсіресе Иван Войницкийдің тағдыры арқылы жалған немесе күні өткен идеал­дардың соңында жүрген және тіпті онысын мақтан тұтқан, әлі де соны үлгі ететін бүтін бір ұрпақтың тағдыры өзек болады.

Иван Войницкий жиені Соняның үйінде тұрады. Екеуі кішігірім шаруа­шы­лықтың тұралап қалмауы үшін күндіз-түні бір тынбай еңбек етеді. Тапқан табысының бір тиынын қалдырмай қаладағы ғалым жездесі, Соняның әкесі Александр Серебря­ковқа жібереді. Себебі оның ғылымға қосып жатқан үлесіне сенеді және соған көмектесуді парыз санайды. Иван­ның анасы да күйеу баласын жақсы көреді. Бірақ бұл картина Александр­дың отставкаға кетіп, жас әйелі Елена ­Андреевнамен бірге оралғанда өзгереді. Ол ғалым емес екен, ғылыммен айналысқаны тек аты ғана, шындығында «өнер туралы жазады, бірақ өнердің иісі мұрнына да бармайтын» адам болып шығады. Бірақ қаншама жыл бойы өзіне көмектескен һәм сенген жақындарына қайтарымы жоқ, керісінше, кәрілігін міндетсінеді. Сонымен қоймай, үйді сатып, фин ­саяжайын сатып алу туралы ойлайды. Ал ондай кішкентай үйге әйелі екеуі ғана сиятыны ойына да кіріп шықпайды. Бұл біреудің арқасында күн көретін паразитті еске ­салады. Бірақ қойылымның басты мақсаты – осы паразитизмді көрсету ме? Олай болмаса керек…
Войницкийдің 47 жасқа келсе де өмірін күнделікті күйбең тіршілікпен өткізіп, түк бітірмегеніне, жалғыз қалғанына және сенген «қойының» сиқын көргенде қапаланып айтқан сөздері ойландырады. «Қап, қалай қапы соғып қалдым десеңші! Әлгі профессор-сымақты, белін көтере алмай жүрген безгелдекті сондай қадірлеуші едім-ау, ол дегенде көк өгіздей көнтеріленіп, бар жұмысын бітіріп беруші ем! Соня екеуміз мына қонысының бар ­шаруасын жайғастырып ек; екеуміз кулактар құсап, тұзсыз май, бұршақ, сүзбе бәрін сатып сауда жасайтын едік. Сонда солардың шетінен ауыз тиіп те көрмейтінбіз. Тиыннан-тиын балалатып, мыңдаған сомды өзіне салып өсе беретінбіз. Оның ғылыми еңбектеріне мақтанып көкірегімізді көтеруші ек. Оларсыз өмір сүре алмайтындай, тіпті ауа жұта алмайтындай көруші ек! Оның қаламынан туған, аузынан шыққан әр сөз данышпандықтың шырқау шыңындай көрінуші еді… Ал енді қазір… Міне, ол отставкаға шықты, не бітіріп, не тындырғаны енді белгілі болды: өлгенде оның артында қалар бір бет мұрасы жоқ екен, оның есімін бір жан білмейді екен, ол былайғы жұрт үшін ешкім де емес екен! Сабынның ақ езу көпіршігі екен, әншейін! Сөйтсем мен алданыппын, ақымақ екем!» деп күйінеді. Тіпті ­Серебряковты атып тастамақ та болады… Оның өшпенділігін өршітіп тұрған тағы бір себеп – Елена Андреевнаға деген сезімі.
Елена Андреевна – Серебряковтың әйелі. 27 жаста. Өз сөзімен айтсақ, көрген түстей, сағымдай тез жоғалатын көп күңкілдек кездейсоқ адамдардың бірі… «Өнер қуып та, күйеуге шығып та, ғашық болып та баянды ештеңе таба алмаған, төбеден түскендей кездейсоқ адам». Ол да көптеген қыздар сияқты махаббат пен қызығушылықты шатастырып алған. Бірақ жағдайды өзгертуге құлықсыз. Мұны қойылым барысында шешіп тастаған «қарғыбауын» күйеуі Иванның оғынан аман қалғанда қайта киіп алуынан көруге болады.
Уақыт көзі ашық адамды да аямайды. Оны дәрігер Михаил Львович Астровтың образынан көреміз. Адамдарды да емдеп, орман шаруашылығымен де айналысуға уақыт табады. Чехов осы Астровтың ­аузымен экология тақырыбын да қозғайды: «Орманның түбіне ақыры ақ балта жетіп тынады. Миллиардтаған бәйтерек босқа күйреп, талай аң-құс пана мен ықтан айрылды, талай өзен тартылып, талай арна құрғады: талай көрікті көрініс көз көрмеске жоғалды. Соның бәрі – қайдағы бір кер жалқаулардың аяғының астында жатқан тегін отынды иіліп теріп алуға ерінгендігінің салдары. Соншама көз жауын алар көрікті отқа өртеп, өз қолыңнан келмейтін кереметті оп-оңай құртып жіберу үшін ақылдан атымен саңылауы жоқ жабайы біреу болу керек шығар. Адамға өзіне мирасқа бұйырған асыл қазыналарды одан әрі көбейтсін деп ақыл-ой мен орасан зор творчестволық күш берілген, ал ол болса, әліге дейін жайнатудың орнына жайратумен, құлпыртудың орнына күйретумен келеді. Орман болса, азайған үстіне азая түсуде. Өзендер болса, тартылған үстіне тартыла түсуде. Аң мен құс болса, ауып кетіп жатыр. Климат болса, бұзылды. Жер байғұс күннен-күнге құнарынан, көркінен айырылып барады. Кім біліпті, шынында да, бұным әпенделік шығар. Бірақ озбыр балтаның аузынан өзім ­айырып алып қалған шаруалардың шағын тоғайларының қасынан өткенде немесе өз қолымнан отырғызған балапан шыбықтардың жайқалып өніп, сусылдай сыбдырлағанын естігенде, климат, аз да болса, менің ықпалыма көнгендей, егер бұдан мың жыл кейін адамдар өздерін бақытты санаса, соған менің сәл де болса септігім тигендей сезінемін. Бала қайыңды отырғызып, оның бүр жарғанын, желмен тербеліп желкілдей бастағанын көргенде көкірегімді мақтаныш кернейді» дейді. Десе де, бір кездері уездегі жөні түзу екеудің бірі осы Михаил болса, айналасы он жылдың ішінде тоғышар қауым оның да қанын улап, өзгелер сияқты босбелбеуге айналдырған.


Соня. Бір қарағанда Еленаға кереғар образ. Өмірінің негізгі ұстанымы – еңбек пен мейірімділік. Бұл оның әкесімен, ағасы Иванмен диалогынан байқалады. Қойылым соңында ағасына айтқан сөздері естіген жанға үміт ұялатады: «Біз! Ваня ағай, өмір сүреміз. Әлі талай ұзақ-ұзақ күндер мен ұзақ кештерді бастан кешеміз, тағдырдың жіберген қай тауқыметін де тайсалмай бағамыз: қазір де, ертең қартайғасын да біреу үшін сілейіп қатып еңбек ете береміз; шекті мерзім жеткенде үн-түнсіз жан тапсыра саламыз; табытқа түскесін қандай азап шеккенімізді, қанша рет жылағанымызды, қанша қасірет тартқанымызды тапжылтпай айтып береміз; сонда тәңірдің бізге мейірімі түседі, ағатай, сүйікті ағатай, сіз екеуміз сонда әсем, сондай тамаша өмір кешеміз, қатты қуанамыз, тіпті осы қазіргі бақытсыздықтарымыздың өзіне күлімдеп сүйсіне көз тастаймыз, сосын ағыл-тегіл рақатқа батамыз. Мен бұған, ағатай, ынты-шынтыммен сенемін. Біз сонда ғана демаламыз! Сонда ғана рақатқа батамыз! Ақ қанатты періштелерді көреміз, бүкіл аспанның меруерт моншақ тағынғанын көреміз, біздің көрген тауқыметіміз күллі дүниені жайлап алған мейірім мұхитына батып жоқ болады; біздің өміріміз сондай жайдары, сондай нәзік, сондай тәтті аялы алақанға айналады. Мен бұған сенемін, қатты сенемін…» дейді ол.
Айта кетейік, «Сүйікті менің ағатайым» осымен екінші рет сахналанды. Бір кездері Әзірбайжан Мәмбетов қойған қойылымда Әнуар Молдабеков Иван Войницкий образын асқан шеберлікпен ойнап, күллі кеңес көрерменін тәнті еткен еді. Енді міне Асхат Маемировтың сахналауымен қайта оралды. Енді онда елімізге танымал Ғазиза Әбдінабиева, Төлеубек Аралбай, Бахтияр Қожа, Азамат Сатыбалды, Берік Айтжанов, Салтанат Бақаева, Зарина Кармен, Асан Қырқабақов, Еркебұлан Дайыров сынды актерлер ойнайды. Ендеше, сахнаға қайта жол тартқан қойылым көрерменін немқұрайлы қалдырмайды деп сенеміз.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.