Іскерлік байланыс

Өткен аптада Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты іскерлік, әріптестік байланыс орнату мақсатында «Қазақ газеттері» ЖШС ұжымын арнайы шақырып, кездесу өткізді. 

«Ақиқат» журналының бас ре­дакторы Аманхан Әлім, «Мысль» журналының бас редак­торы Аяған Сандыбай, «Ана тілі» газе­тінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Теңге монитор» газеті бас редакторының орынбасары Амангелді Шопан, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы Ершат Асматов және ұжым мүшелерін аталған институттың басшысы, ғылым ­докторы Вакур Сүмер қарсы алып, институттың жай-күйімен таныстырды. «ERI TV» қоғамдық телеарнасы, 5 мың кітап қоры бар ­институт кітапханасындағы сирек кездесетін кітаптар қызы­ғушылық туғызды.
2014 жылдан бастап зерттеу жұмыстарымен айналысатын институт жас ғалымдармен қамтылған. Алды сегіз, кемі үш тіл білетін ғалымдар тобы бір­неше зерттеу тобына бөлінген.
Еуразия ғылыми-зерттеу инсти­тутының директоры ­Вакур Сүмер институтта қызмет атқаратын ғылыми қызмет­кер­лерді жеке таныстырып, олардың өз салаларында атқарып жатқан жұмыстары мен жетістіктерін атап өтті. «Институт ғалымдары мен сарапшыларының жан-жақты зерттеуі мен терең сараптама мақалалары төрт тілде жарық көретін «Азия-Еуропа» журналында жарияланады. Кең ауқымда жасалып жатқан шаруаларымызды көпшілікке жеткізу үшін сіздермен жұмыс жасауға ниетті екенімізді жеткізгім ке­леді» дей келе, басшы институт қабырғасында өтетін апталық, айлық іс-шаралар кестесі жөнінде де хабардар етіп, қойылған сауал­дарға тыңғылықты жауап берді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын институт мамандары жедел түрік тіліне аударып, қазақша-түрікше екі тілде жариялап, дер кезінде түрік жұртына жеткізуге атсалысқан.
«Біз баспасөзге көңіл бөлеміз, кез келген уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Түркиядағы баспасөзбен де тығыз қарым-қатынасымыз бар. Сіздер мен Түркия баспасөзі арасында дәнекер болуға әзірміз» деді кездесу соңында институт басшысы.
Бұл көңілге шуақ құйған кездесу болды. Екі жақ та ал­дағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уағ­даласты. ­Институт ғалымдары қажет болған жағдайда «Қазақ газеттері» ЖШС өтініші мен қызығушылығына орай зерттеу жұмысын бірлесе жүргізуге ниетті екенін байқатты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институты Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филиалы екенін еске салғымыз келеді.

Б.МҰРАТҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.