АЛТЫН ОРДАДАН ЖЕТКЕН АЛТЫН ТОСТАҒАН

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» деп атап көрсетіп,  «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігін алға тартқан. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ  Еуразия ғылыми-зерттеу институты ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп «Ұлы дала қазынасы: Қазақстанның жаңа археологиялық ашылымдары» атты жиын өткізді. 

Жиынның ашылу салтанатында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілеттік кеңес төрағасы Мұса Йылдыз сөз сөйлеп, түркі халықтарының атажұрты Қазақстан жерінен табылған археологиялық қазбалардың бүкіл түркі халықтары үшін маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының маңызды бөлігі – археологияға қатысты зерттеулердің кең көлемде басталғанын тілге тиек етіп, бұған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ айрықша үлес қосатынын, бұл жиын болашақта атқарылар істердің бастамасы екенін жеткізді.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер: «Қазақ, түрік және жалпы түркі халықтарының ортақ тарихын зерттеу үшін археологиялық қазба жұмыстарының маңызы зор. Бұл салада ғылыми-зерттеу орталықтары көптеп ашылуы керек. Осы тұрғыдан Еуразия ғылыми-зерттеу институты алтын көпір бола алады» дей келе, түркі елі тарихының тамыры өте тереңде жатқанын меңзеді.

Жас ғалымдардың археологиялық қазба жұмыстарын жоғары бағалаған тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов: «Қазақстанның орта ғасырлық ескерткіштерді зерттеудегі аса өзекті мәселелердің бірі Оғыз қалалары. 2019 жылға дейін жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барысында Оғыз мәдениетіне жататын кейбір қазба ­жұ­мыстары толық анықталғанымен, олар кең көлемде зерттелген жоқ. Оғыз қалаларын зерттеуді жандандырсақ,Қазақстанның ортағасырлық қалаларының пайда ­болуы, дамуы туралы жан-жақты деректер ­алатынымыз анық» деді.
Ауқымды жиынның өтуіне түрткі болған негізгі мәселе – Ұлытаудағы «Болған ана» мазарынан табылған көне жәдігерлер.
PhD доктор, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетек­ші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин «Сарыарқаның ­Алтын Орда археологиясы: жаңа зерттеулер» атты баяндамасында бұл мәселені жан-жақты ­баяндап, қойылған сауалға толыққанды ­жауап берді. Жас археологтың айтуынша, былтыр қазан айында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде екі метр тереңдіктен адам қаңқасы, дәлірек айтқанда әйел адамның сүйегі, жібек матадан тігілген көйлегі, сұрақ белгісі тәріздес екі сырға, шашқа арналған түйреуіш, былғары етігі және алтын тостаған шыққан. Тостағанның ішінде Алтын орда дәуіріне тән гүлдің бейнесі, ал жиегінде қошқар мүйізді ою бедерленген. Жібек матаға алтын түстес арнайы өрнектер салынған. Қазір шетелдің жетекші зертханаларында сараптама жүргізіліп жатыр. Жошы ханның қызы ма, әлде келіні ме, сол сараптама нәтижесінде анықталады.
Памуккале университетінің PhD ­докторанты, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу ­инс­титутының ғылыми қызметкері Сырым Есеновтің «Қазақстан археологиясындағы соңғы зерттеулер» атты тақырыпта жасаған баяндамасындағы тың деректер жиналғандардың археологияға қызығушылығын арттырды.


Жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, архео­логия және этнология факультетінің ­археология, этнология және ­музеология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Ғани Омаров, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, ­тарих ғылымының кандидаты Дөкей Талеев және т.б. сөз сөйлеп, археологиялық қазба жұмыстарына байланысты ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ жиынға қатысушылар қазақ-түрік бірлескен жобасын қолға алуды ұсынды.
Жиын соңында археолог ғалымдардың қазба еңбектерінің ортақ тарихымыз үшін маңызды екеніне тоқталған Вакур Сүмер құнды жәдігерлерді табуда қызмет етіп жүрген жас ғалымдарға алғыс айта отырып, болашақта Еуразия ғылыми-зерттеу институты да археологиялық зерттеулер жүргізумен айналысуға қатысаты­нын айтты. Бұл жолда қазақ және түрік ғалымдарының зерттеулері мен ғылыми жұмыстарына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.
Жиын соңы көрмемен жалғасты. ­Алтын тостаған және басқа да археологиялық мұралар Қазақстанның тарихы өте ескі ­заманнан бастау алатынын көрсетеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.