«АҚСАУЫТ»

Қазақтың  көрнекті суретшісі, батырлар жырына арналған әйгілі «Ақсауыт» кітабының иллюстрациясын жасаған Әлімхан Смағұлов көзі тірі  болғанда биыл сексеннің сеңгіріне  толар еді. Өнер майталманының әз есімін құрметтеу, шығармашылығын насихаттау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Біз осы орайда Әлекеңнің туған ағасы Төлеухан Смағұловпен  жүздесіп, әңгімелескен едік:

Әлімхан Смағұлов
Әлімхан Смағұлов

– Әлімхан мектептің қабырға газетін безендіруге, мейрам кезінде колхоздың, мектептің плакаттарын жазуға шебер болатын. Ауыл адамдарының, оқушыларының суреттерін айнытпай салатын. 1962 жылы 2 курс оқып жүргенде әскерге алынып, хат-хабарсыз кетті. Мен жазған хаттардың біріне де жауап берген жоқ. Сөйтсем, ­бауырым денсаулығына байланысты ұзақ уақыт ауруханада жатыпты. 1,5 жылдан соң әскерден босатылып, үйге келді. 1965 жылы училищедегі оқуын жалғастырып, 1966 жылы Д.Қонаевтың нұсқауымен училищеден жақсы оқитын бірнеше студенттерді Мәскеу, Ленинград жоғары оқу орындарына жіберді. Әлімхан осы жылы Мәскеудің полиграфиялық институтының графика факультетіне түсіп, 1971 жылы оқу бітіріп келді. Содан «Жазушы» баспасына бас суретші (бөлім бастығы) болып орналасты. 1970 жылдардағы «Семь звезду востока», «Шығыс жұлдыздары» кітаптарын безендіргенде кирилл әріп­терін араб стилінде жазуды енгізді. Оның кескіндемеге берері көп еді, – дейді Төлеухан ақсақал.
КСРО суретшілер одағының мүшесі Әлімхан Смағұлов 1939 жылдың наурыз айында Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл колхозында дүниеге келген. Әкесі Смағұл арабша, латынша хат танып, тәп-тәуір орысша да білген азамат болған. Сол уақыттағы дәулетті адамдарға тағылған айып Смағұлға 1940 жылы тағылып, 1943 жылы Жезқазғанда қайтыс болған. Анасы Қаба – үй шаруасындағы әйел. Ағаларының бәрі соғысқа кетіп, қайта оралмаған. Шеше қолында қалған Төлеухан мен Әлімхан жетімдіктің де, қиындықтың да дәмін татады. 1957 жылы орта мектепті тәмамдаған Әлімхан ағасы қалада оқуда болғандықтан анасының қолында қалады. Жастайынан сурет салуға құмар болса да, екі жарым жыл ауылда тіршіліктің қамымен болады. Ағасының ауылшаруашылығына ыңғайлы мамандық таңдауын өтінгеніне қарамастан, қолымнан сурет салудан өзге ештеңе келмейді деп қасарысып тұрып алған Әлімхан 1960 жылы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түскен.
Иә, Әлімхан Смағұлұлының есімі кейінгі буын өкілдеріне таныс бола қоймауы мүмкін. Алайда оның суреттері балалар оқып, жаттап өскен «Ақсауыт» батырлар жыры жинағына енген. Ат үстіндегі ердің, қаруланған батырдың бейнесі әрбір баланың көз алдына келері сөзсіз.
Аталған кітаптың суретпен өрнектеліп, шебер безендірілуі таңқалдырады. Әрбір жырдың өзіне тән нақышты салынған суреттер кейіпкердің дара мінезін, болмысын шынайы бейнелейді. Әрине, ол замандағы даңқты батырлардың кескін-келбеті сурет тілінде көрініс таппады. Бірақ Әлімхан Смағұлұлындай қылқалам шеберінің арқасында қаншама бүлдіршіндер, жас жеткіншектер батырлар әлеміне саяхат жасап, Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс және т.б. ержүрек тұлғалардың бейнелерін зерделеріне түйіп өсті. Сол суреттердің тәлім-тәрбиелік мәнін бойларына сіңіріп, өздері де батыр бабаларына ұқсап бақты.
Міне, біріміз біліп, біріміз білмеген Әлімхан Смағұловтың болмысы осындай еді. Ол 1980 жылы ауыр науқастан небәрі 41 жасында дүниеден қайтты. Әйелі де суретші болған, ол да бүгінде арамызда жоқ. Артында бір ұл, бір қызы қалған. Өзінің жолын қуған жалғыз ұлы да училищені бітірген, өкінішке қарай, бір әулеттің ұрпағын жалғастырар жалғыз тұяқ та жол апатынан көз жұмды. Төлеухан Смағұловтың жанына бататыны да осы. Төлтума еңбектері де жоғалды. Түрлі жағдайлармен кейбір шығармашылық дүниелері жоғалған. Көзі тірісінде келіні (Әлімхан Смағұловтың әйелі) ондай заттарды Ә.Қастеев атындағы музейге алынғанын айтқан екен. Алайда оның бар-жоғынан хабарсыз ақсақал інісінің мұрасын оның сексен жылдығында бір көруді армандайды.
Біз осы орайда Ә.Қастеев атындағы өнер музейіне хабарластық. Қазақстан суретшілерінің туындыларына «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімі жауапты екен. Өзін Лаура Әбілдаева деп таныстырған осы бөлімнің ғылыми қызметкері музейде Әлімхан Смағұловтың еңбектері жоқ екенін айтты.
Биыл «Ақсауытты» әрлеген Әлімхан Смағұловтың туғанына 80 жыл толады. Еліміздің көркемсурет өнеріне аз да болса саз еңбек сіңірген өнер иесінің мұраларын қайта жаңғырту керек-ақ. Бұл игілікті іске республикамыздың Суретшілер одағы ұйтқы болса құба-құп.

«Ақсауыт» – қазақ батырлар жырлары­ның екі томдык ғылыми жинағы 1977 жылы «Жазушы» ­баспасынан 100 мың данамен жарық көрді. Жинаққа ­«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» (1-том), «Ер Қосай», «Қарадөң батыр және ұрпақтары», «Қарабеқ батыр», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Шынтасұлы Төрехан», «Арқалық батыр» (2-том) жырлары енген. Бұл жинақты жазушы-ғалым О.Нұрмахамбетова құрастырды. Батырлар жырындағы суреттер мен кесіндемелер Әлімхан Смағұловтың қолынан шыққан. 

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.