№37-ші СКВАЖИНА

– Өрттің дес бермеген кезі деп 1985 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығындағы 6 айды айтуға болады. Бұл кезеңде скважинаның фонтаншы мамандары мен арнаулы техникалар бара алады-ау деген бірінші белдеуі 140, одан кейінгі бөлігі 250 градус аптапқа жетсе, ал мұнараның нағыз кіндігіндегі от қызуы 1200 деген температура цифрынан түспей тұрып алды. Аспанға шапшыған алау болса ол әу бастағы 15-20 метр­ден 90, одан 140, ең соңында 190 метрге бір-ақ секірген жайы бар.

Бұл оқиға 1985 жылғы 24 маусымда басталып, белең алған еді. Бірақ сол кездегі орталық алғашында оны көп ешкімге дабыра етпеуге тырысты. Солай болса да өрт бақылаудан шығып кетіп, жағдайды жасырып-жабудың еш реті келмей қалды. Осыдан бастап апатты алаудың алапат екпіні КСРО-дағы үш бірдей министрлікті қатты дүрліктіріп, аймақтағы елді жан шошытарлық күйге түсірді. Содан арада апта.., ай өтті. Бұл уақытта Волгоград, Баку, Полтава, Грозный қалалары мен өзіміздің Атырау және Маңғыстаудан келген 600-ге жуық атпал азамат апатпен ашық айқасқа түсіп, жан алып жан берісіп жатты. Осы мерзім ішінде мұнда жіберілген түрлі техникаларда да есеп жоқ-тын. Алайда скважина сағағындағы 1200 градустық от қызуы мен биіктігі 190 метрге шапшыған дүлей жалын бәрібір басылмады. «Айдаладағы алапат алаудың жарығы сол кездегі түн ішінде 90 миль жерден анық көрініп тұратын еді» дейді оған куәгер болған мамандар қазір. Теңіз төріндегі құба белдердің құйқасын күйдіріп, оны құс ұшпас, шөп шықпас өлі жерге айналдырған бұл тажалды ауыздықтау тек 1 жыл, 1 ай, 7 күннен кейін ғана мүмкін болды.
Қалай? Қайтіп? Бұл сауалдарға деген жауап 2000 жылдан бастап айтыла бастағандай. Оны сөз етіп қозғаушылар 1985-1986 жылдары №37-ші скважинада жұмыс істеп, сондағы оқиғаның басы-қасында жүрген мұнайшы мамандар дер едік. Иә, жылдар бойы жасырылып келген жабық тақырыпты жария етуге құқы бар жандар міне, солар, тек солар ғана болуы керек. Өйткені бұл оқиғаны олардан басқа ешкім де өз мәнінде толық айтып, түсіндіріп бере алмасы анық.
Сондай жандардың бірін Мағауия Тәжіғараұлы Шырдабаев деп айтуға болады. Ата-бабасынан бері қарамай өндіруді кәсіп етіп, басынан бақайына дейін мұнай иісі сіңген ол Теңіз кенішіндегі 400 күндік өрт кезінде “Ембімұнай” бірлестігі бас директорының орынбасары еді. Сол кездегі аласапыранда №37-ші скважинадағы апатты ауыздықтау жөніндегі штабтың мүшесі болған, біз кездесіп әңгімелескен 2006 жылы “Ембіведьойл” бірлескен кәсіпорнының Бас директоры қызметін атқарып жүрген бұл кісімен арадағы әңгімеміз оған мынадай сұрақ қоюдан басталды.

– Мағауия Тәжіғараұлы, алдымен сіз бізге мына мәселе жөнінде мағлұмат берсеңіз. №37-скважина дегеніміз не өзі? Ол қандай нысан еді? Оның қазылып, игерілуіне кімдер мүдделі болды деп ойлайсыз?
– Көп адам білмейді, КСРО деген атақты елдің алып экономикасы ­70-ші жылдардың аяғында-ақ сыр беріп, оның түрлі бағыттағы экономикалық көрсеткіштері күрт төмендей бастады. Әсіресе ол сол кездегі аса қажетті деп есептелетін азық-түліктің жетіспеушілігі мен мұнай өнімінің жетімсіздігінен анық байқалған еді. Осыған байланысты СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі түрлі қаулылар қабылдап, одақтас республикалардан оның орындалуын жанұшыра талап етіп жатты. Жағдай 80-ші жылдардың басына келгенде тіпті ушығып кетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұған мынадай мысал келтірелік. Мұнайдың сол кездегі одақ бойынша атағы дүрілдеп тұрған жері Батыс Сібір емес пе еді?! Міне, 1982 жылдан бастап ондағы кәсіпшіліктер өздерінің межелеген көрсеткіштерінен шыға алмай, алдымен 4, одан соң 7 миллион тонна кем өнім бере бастады. 1984 жылға келгенде олар 10 миллион тонна мұнайға берешек болып қалып, бұл бізден баратын құбырға тәуелді болып отырған Шығыс Еуропадағы 6 социалистік мемлекетті у-шу қылды. Сол кезде ғой, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Б.Е.Щербинаның Мәскеуде өткен үлкен жиында: «Мұнайға мұқтаждық сұмдық! Ендігі үміт – Каспий маңы ойпатында. Оны асты-үстіне келтіріп қазыңыздар. Қопарыңыздар! Қалайда мол мұнайға қол жеткізетін болайық. Орталыққа осылай қолұшын бермесеңіздер, онда біздің жағдайымыз қиын» деп ышқынатыны. Міне, осыдан бастап Атырау даласындағы Теңіз кенішіне шабуыл басталды дейсіз!.. Жер астындағы бұл мұнай теңізі академик И.М.Губкиннің зерттеуінде одаққа бұрыннан-ақ белгілі болатын. Бірақ ол Батыс Сібірдегідей жер үстіне жақын емес, өте тереңде жатуы себепті игерілмей келген-тін. Енді жан қысылғанда байлықтың 7 мың метрде жатқаны мен кеніштің тұз күмбезі деп аталатын қыртысын тесіп өту кезіндегі қауіпке және оның 25 пайызының күкіртті сутегінен тұратын зияндылығына қарамастан тез әрі шапшаң игеру қажет болды. Осылайша, 1982 жылдан бастап құрамында Волгоградтан шақырылған мамандары бар «Прикаспийбурнефть» өндірістік бірлестігі мен біздің «Ембімұнай» бірлестігінің адамдары Теңіз мұнай кенішін кең көлемде тереңдетіп қазу жұмыстарын қолға алды. Соның нәтижесінде 1985 жылға дейін Волгоград бұрғышылары №1, 2, 3, 4, 5, 7, 9, 14-ші скважиналарды ойдағыдай қазып шықса, біздің атыраулық мамандарымыз да №23, 19, 44, 38, 41, 36, 34-ші ұңғыларды жоғары дәрежедегі тереңдікке жеткізуде жақсы табыстарға қол жеткізді. Кезек №37-ші скважинаға келген. Оған бұрғы салып қазу «Ембімұнай» бірлестігіндегі Балықшы барлау-бұр­ғылау басқармасына жүктелген еді…
– Апатқа қалай жол берілді. Өрттің алғашқы күндердегі ауқымы мен оны ауыздықтауға байланысты атқарылған жұмыстар туралы не айтар едіңіз?
– Бұл жерде сол кездегі КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары В.И.Игревскийдің күнделігіне жүгінгеніміз жөн шығар сірә. ­Валерий Иванович осы оқиға басталған күннен Теңізге ұшып келіп, орын алған жағдайға байланысты штаб бастығы ретінде түрлі шараларды қолға алған адам. Сол кісінің сөзіне қарағанда 1985 жылғы маусым айының 23-інен ­24-іне қараған түнде бұрғышы-мастер Ілес Оңайбаевтың бригадасы вахта журналына жобалық тереңдіктің 4467 метрге жеткенін, оның 4403 метрге дейінгі бөлігі ережеге сәйкес цементпен шегенделіп бекітілгенін жазады. Ал ілеспе газдарды бұқтыру үшін ұңғыдан одан әрі қарай жіберілген ерітінділер жер қабатының басқа бір жарығына жол тапқандай әсер қалдырып, тұңғиыққа мүлдем жұтылып кете берген. Не істеу керек? Осы жерде қандай қағидаға сүйенгенін кім білсін, бас инженер ­Эдуард ­Черкасов бүкіл құрал-жабдықты кері суырып, оны 3900 метрге дейін көтеруге бұйрық береді. «ВолгоградНИИнефть» ­институты ұсынған нұсқауда ешуақытта да бұлай етуге болмайтындығы анық жазылған еді. Соны айтқан ­смена бастығы Асқар ­Хателов бас инженердің алдында шыр-пыр болады. Бірақ анау айтқанынан қайтпайды. Тәжікелесуден түк шықпасын білген Асқар Эдуардқа ақыры: «Қол жүрген жерде бас жүреді. Жабдықтарды көтер деген бұйрығыңызды қағазға жазбаша түсіріңіз» деп вахта журналын оның алдына қояды. «Шешінген судан тайынбас» деген. Бас инженер енді екі сөйлеуге арланып, қолды қойып кеп жібереді. Содан не болған дейсіздер ғой. Құрал-жабдық кері суырылғанда, бұрғымен бұғып тұрған жер астындағы газ гу етіп жоғары көтеріледі де үйкелістен ысып кеткен құбыр демімен лезде жан шошырлық жалынға айналады. Өкініштісі, осындай қауіпті ­залалсыздандыратын жер үстіндегі мұнара превенторын жабуға мүмкіндік болмай, ол жартылай ашық күйі қалады.
Алғашқы күні ешкім ешқандай шешім қабылдай алмады. Тек екінші тәулікте ғана В.А.Игревскийдің жетекшілігімен арнайы штаб құрылып, төмендегідей шараларды жүзеге асыру қажеттігі белгілі болды. Бірінші, мұндағы өртті жергілікті күш көмегімен өшіру мүмкін емес. Сондықтан бұл жерге еліміздің әр қиырынан осы салаға маманданған фонтаншылар бригадаларын шақыру қажет. Екінші, апатты ауыздықтауға ең керекті нәрсе су! Онсыз мұндағы жұрт ештеңе істей алмайды. Сондықтан жаз шыққалы бері аспаннан бір тамшы жаңбыр тамбаған мына айтақырға су әкеліп, №37-ші скважина маңайы оның мол қорымен қамтамасыз етілуі тиіс. Үшінші, мынадай сұмдық өртті өшіру бір апта немесе бір айдың шаруасы емес. Оны ауыздықтауға ұзақ уақыт қажет. Ендеше бұл тажалға көп адам күші мен мол техниканы шоғырландырып алып барып кешенді түрде кірісу керек.
Бұлардың ішіндегі бірінші және екінші міндеттерді шешу сол кездегі орталық үшін онша көп қиынға түскен жоқ. Себебі ол бәрімізге белгілі кеңестік жүйеге тән тікелей әкімшіл-әміршілдік бұйрыққа байланысты орындалатын нәрсе ғой. Бізді әуре-сарсаңға салғаны екінші міндет, яғни қу медиен даладан су көзін тауып, оны өрт болып жатқан жерге шұғыл жеткізу болды. Артезиан құдығын қазуға бұрыннан сызылып, хатталып-шотталған жоба-жоспар керек. Ақыл-кеңес беретін гидрогеолог пен геофизик қажет. Аттың жалы, түйенің қомында жүрген мынадай қарбалыс шақта оларды қайдан табарсың. Өстіп бас қатыра айқайласып жатқанбыз. Сол уақытта көшпелі вагон үйшіктің көлеңкесінде қалғып отырған күзетші қария: «Әй жігіттер! Көктемде теңіздің суы көтеріліп, соның біразы жайыла келе осы төңіректегі қазаншұңқырларға толып қалатыны бар. Мен білсем мына мосыағаш – репер тұрған төбеден 10 шақырымдай жердегі қолтықта биылдан қалған сондай бір тоспа болуы мүмкін. Соны барып көріңдерші» деп үзіле жаздаған үміт жібін жалғап жібергендей болды. Ақсақал дұрыс айтыпты. Нұсқаған жерді барып көрсек, айдын шалқар көл толқып жатыр!
Қуанышымызда шек болмады. Содан іле-шала Төлеген Байзақов бастаған Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының 40 жігіті екі топқа бөлінді де дереу іске кірісіп кетті. Олардың алғашқы бөлігі жоғарыдағы көл мен №37-ші скважина арасына дейінгі 12 шақырымдық жерге арық қаза отырып құбыр тартуға кіріссе, қалған топ ­«Комацу» атты алып бульдозер тракторымен әрқайсысына 10 мың текше метр су ­сиятын екі айбар қазуды бастады. Ақыры 3 тәулік ішінде құбыр төселіп бітіп әрі екі ортаға су айдайтын У-8-6 сорабы мен дизельді электр моторы қоса орнатылды. Ал содан он күн өткен соң 20 мың текше метр су сиятын екі қазаншұңқыр да қазылып бітті. Сөйтіп өрт сөндіретін фонтаншылар бригадасының рақметі мен сүйіспеншілігіне ие болдық. Олар алапат от қойнауына беттер алдында әуелі біз жасаған айбардан шапшыған суға брезент желбегейлерін ұзақ малшындырып тұрып алатын. Содан соң барып тапсырманы орындауға аттанатын. Осылайша біз аз ғана уақыт ішінде адам мен оттың, от пен техниканың екі арасына судан шымылдық құрып үлгердік.
– Еске түсіріп көріңізші. Біз сөз етіп отырған алапат өрттің адам шошырлық кезі деп оның қай айлардағы көрінісін айтар едіңіз? Және бір сауал: бұл тажалмен одақтық, республикалық деңгейдегі қандай мекемелер айналысып, олардан нендей көмек болды деп ойлайсыз?
– Өрттің дес бермеген кезі деп 1985 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығындағы 6 айды айтуға болады. Бұл кезеңде скважинаның фонтаншы мамандары мен арнаулы техникалар бара алады-ау деген бірінші белдеуі 140, одан кейінгі бөлігі 250 градус аптапқа жетсе, ал мұнараның нағыз кіндігіндегі от қызуы 1200 деген температура цифрынан түспей тұрып алды. Аспанға шапшыған алау болса ол әу бастағы 15-20 метрден 90, одан 140, ең соңында 190 метрге бір-ақ секірген жайы бар.
Осындай дүлей күшті мүмкінді­гінше тез ауыздықтау үшін сол кездегі орталық пен өз республикамыз ештеңесін аяп қалған жоқ әрине. Бізге жәрдемдесу үшін КСРО-ның 12 қаласынан іріктеп отырып жасақталған мынау деген 8 фонтаншылар бригадасы көмекке келіп, №37-ші скважинадағы өрт мәселесімен сол кездегі Геология, Мұнай және Орта машиналарды жасау, сондай-ақ Газ өнеркәсібі секілді төрт бірдей одақтық министрлік, оған қоса үш ғылыми-зерттеу институтындағы конструкторлық бюролардың айналысқаны есімде. Қалыптасқан жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің сол кездегі Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тікелей бақылап, қажетті көмектің бәрін көрсетіп отырды.
– Бұл ведомстволар мен мекемелер сонда өзіміз сөз етіп отырған апатты жағдайды жою үшін қандай шешім қабылдап, оған қарсы нендей әдіс қолдануды жөн деп шешкен еді?
– Екі ұсыныс болды. Оның біріншісі өртті ядролық жарылыс жасау арқылы сөндіру де екіншісі, от бүркіп, жалын шашып жатқан №37-ші скважинаның аузын көлемі мен салмағы өте үлкен әрі ауыр гидроқондырғы арқылы басып тастап барып превенторды жабуға қол жеткізу керек деген шешім еді. Бірінші ұсыныс бойынша өрт болып жатқан мұнай мұнарасының қос қапталындағы 800 метр жерден №100 және №101 деп аталатын жаңа скважиналарға бұрғы салдық. Мамандардың есебі бойынша әрқайсысы 16 градустық көлбеумен қазылатын бұл екі ұңғы уақыт өте келе №37-ші скважинаның жер астындағы өзегіне келіп түйісуі тиіс. Міне, сол кезде оларға ядролық заряд жіберіледі де Семей полигонындағыдай алапат жарылыс жасалып, одан қопарылған жүздеген тонна топырақ өрт ошағын басып қалмақшы. Жарайды, ештеңеге бой бермей тұрған тажал осылай ауыздықталды делік. Ал оның залалы ше? Ертең атом жарылысынан кейін мұндағы мұнай бәрібір игерілмей тұрмайды ғой. Сонда одан пайда болған радиацияның мың сан рентгендік күлгін сәулесіне шомылған тұз асты қарамайының қауіптілігін қайда қоямыз? Абырой болғанда бізді бұл тығырықтан өмірде көп кездесе бермейтін бір кездейсоқтық құтқарды. Ол СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачевтың сол жылғы 6 тамыздан бастап жер астында ядролық сынақ жүргізуге тыйым салған бір жылдық мораториі еді. Соның нәтижесінде Атырау даласындағы бұл атом жарылысы жүзеге аспай қалды.
Осы кезде өрт ошағын таудай алып темір қалпақпен басып қалып тұншықтыратын екінші әдіс – үлкен гидроқондырғы жасау жұмысы қызу қолға алынып жатқан болатын. Оның авторы Украинадан шақыртылған атақты өнертапқыш Леон Михайлович Кальна еді. Құрылымы өте күрделі бұл дүниенің негізі Грозныйда, ал оны жетілдіру жұмыстары Гурьевтегі Г.И.Петровский атындағы машина жасау зауытында жасалып жатты.
Тамыз, қыркүйек, қазан… Уақыт зырлап өтуде. Міне, қараша да келіп жетті. Лапылдай жанып жатқан алау болса анау. Бізде дегбір жоқ. Ақыры ес кетіп, жан шықты деген мезет – 5 ай өткенде ол да бітті-ау әйтеуір!… Бұл 1985 жылдың 31 желтоқсаны еді. Сол күні көлемі таудай алып гидроқондырғы арнайы жасалған теміртабан жолмен №37-ші скважина сағағына тақап әкелінді. Енді жайдақ платформада тұрған оны әрқайсысы 100 тонналық 4 кран көтеріп алып, от вулканының үстіне қондыруы керек. Сол мезетте оның ішіндегі түрлі ерітіндіге толы жүздеген сұйық қапшықтар жарылып, одан пайда болған көбіктер ұңғы аузына құйылады да алау сыртын кәдуілгі қалпақ сияқты жасалған гидроқондырғы корпусы 700 атмосфералық қысыммен басып қалады. Осы сәтті күтіп тұрған фонтаншылар бригадалары бұл екі арада превентор мен колоннаны жымдастыратын әрқайсысы жеңіл машинаның дөңгелегіндей 9 ірі болтты арнаулы техниканың көмегімен бұрап, гайкаларын қатайтып үлгереді. Одан кейінгі кезек іске тас-түйін әзір боп тұрған цементтеуші агрегат адамдарына келмек.
Әңгімені көп созып қайтейік, ақыры солай болды да. Бұл 31 желтоқсан күнгі кешкі сағат 17.30-дың кезі еді. Неше тәулік бойы қайта-қайта айтылып, қайта-қайта пысықталған істің тағдырын санаулы секундтар шешті де жіберді. Сөйтіп адуын алауға бұғалық түсті. Енді ол бұрынғыдай аспанға шапшып, ойнақ сала алмайды. Бұдан былайғы жерде «бөтелке ішіндегі жын» алып гидроқондырғы қалпағының қос бүйіріндегі арнайы тесіктен ғана көзі жылтырай дем шығарып жататын болады. Сөйтіп 193 күн дегенде өрттің алапат қарқыны қайтып, одан кейінгі 207 күн ішінде ол бірте-бірде тұншықтырыла отырып өшірілгені бар. Бұл 1986 жылдың 30 шілдесі еді.
– 400 күндік осы өрт кезінде талай оқыс оқиғалар болған шығар…
– Иә. Ондай жайттар өте көп.
– Солардың ішінде қайсысы есіңізде ерекше сақталып қалды деп ойлайсыз?
– Екі оқиға… Сол екі оқиға әлі көз алдымнан кетпейді. Өрт басталғаннан кейін бір айдан соң ғой деймін штаб бастығы В.И.Игревскийдің жан дауысы шығып, тыпырлады да қалды. Сөйтсек №37-ші скважина маңындағы жалынға оранған вагон үйшікте геофизикалық приборлар сақталған темір жәшік қалып қойыпты. Оның ішінде радиоактивті зат – «Цезий-437» капсулы бар екен. Бұл жөнінде бұрын-соңды ешкімге тіс жарып айтылмаған. Енді соны тауып, залалсыздандыру керек. Өйткені ол күлге айналып жанып, ауаға ұшып кетсе жақсы. Ал радиация тарататын тажал аяқ астында қалып, күлгін сәулесін сәт сайын төңірекке шашып, адам өміріне қауіп төндіріп жатса ше? Қалай болғанда да енді оны таппай тыныштық жоқ. Үстілеріндегі зіл батпан скафандрдан белдері бүгіліп кеткен фонтаншылар бригадасының мүшелері жалын ішінен әлгі пәлекетті ал кеп іздесін дейсіз. Осылайша үш күн өтті. Төртінші… иә, төртінші күні олардың қолдарындағы радиометр «Цезий-437» капсулын қапты-ау ақыры. Сөйтсе ол темір жәшік скважина сағағынан 70 метрдей жердегі топырақ астына 50 сантиметрдей кіріп кеткен екен. Қауіпті «олжа» сол бойда ­арнаулы контейнерге салынып, тікұшақпен ­Гурьев маңындағы радиоактивті заттарды сақтайтын қоймаға жөнелтілді. Осыдан кейін барып қана «уһ» деп жүрегіміздің орнына түскені бар.
Есімнен кетпейтін екінші оқиға ол өзіміз сөз етіп отырған алапат өртті ауыздықтау кезіндегі бір айқаста бізге көмекке келген Полтава фонтаншылар отряды командирінің көмекшісі Владимир Павлович Бондаренконың қайғылы қазаға ұшырауы. Ол өте батыл әрі тәжірибесі мол азамат еді. Бойы 2 метрге таяу еңгезердей жігіт-тін. Володя 29 қазан күні аждаһа аузына фонтаншылар тобын бастап барып, тапсырманы орындағаннан кейін қайтуға бет алады. «Бізді алға оздырып жіберіп, артымыздан жүру оның әдеті еді» дейді жолдастары. Олар от арасынан шығып бір-бірін түгендесе, командирдің көмекшісі жоқ. Топ ішінен бөлінген екі адам іле-шала кері бұрылып, әріптесін іздейді. Сөйтсе ол скважина сағағынан 8-10 метр жерде ұйпа-тұйпа болып жатыр екен. Баяғы зор дененің орнында әншейін бүріскен бір құр кеуек қана қалыпты. Қандай жағдайда, нендей себеппен мерт болғаны түсініксіз. Өте жоғары от қызуынан басы айналып құлады ма, жоқ әлде сол мезетте қатты шаң борап, топырақ құйыны басталып еді, содан ба, ешкім білмейді. Күйкентайдай болып күйген бір уыс мүрдені от арасынан алып шығу оңай болған жоқ. Марқұмның денесі вагон үйшік жанына әкелінген соң оған соңғы құрмет ретінде басымызды үнсіз идік те тікұшақпен Гурьевке жөнелттік. Ертесінде достары оны өз еліне апарып жерлеу үшін Полтаваға алып ұшты.
– Қалай ойлайсыз, осындай жойқын өрт бұрын әлемнің мұнай-газ өндіретін кеніштерінде орын алған ба?
– Менің білуімше, адамзат баласы бұған дейін нақ осыған ұқсас екі жағдайды бастан өткерген сияқты. Оның біріншісі, 60-шы жылдары Өзбекстандағы Газлиде болыпты. Ашық аспан астындағы сойқан алау 100 күн бойы бой бермей, мамандар ақыры оны ядролық жарылыс жасап өшірген. Екінші оқиға да сол 60-шы жылдары Алжир Сахарасында орын алған. «Гиннестің рекордтар кітабында» оған: «Газ өндіретін кен орындарындағы ең үлкен, ең бір алапат өрт Гасси-Туиль деген жерде болған. Ол 1961 жылдың 13 қарашасынан 1962 жылдың 28 сәуіріне дейін жанған. Жалынының биіктігі 137 метрге жеткен өртті АҚШ-тан шақыртылған маман Пол Адэр 245 кг динамитті ақаулы ұңғыға бағыттау арқылы жарылыс жасап сөндірген» ­деген анықтама берілген. Басқадай деректі білмедім.

…Байырғы мұнайшы, кәсіби маман, зерделі басшы Мағауия Тәжіғараұлы Шырдабаевтың жоғарыдағы әңгімесін тыңдап отырғанымда есіме мына бір жайт түсті. 1987 жылдың шілде айы еді. Гурьев облысында «Лениншіл жас» газетінің күндері өтетін болды. Бұл шараға қатысуға жастар басылымының бұрынғы қызметкері ретінде «Қазақстан коммунисі» журналында жұмыс істеп жүрген мен де шақырылдым. Облыс орталығына келіп түскен соң құрамында газет редакторы Уәлихан Қалижанов, актер Досқан Жолжақсынов, ғалым Есбол Жамалбеков және жастар газетінің бөлім меңгерушісі Өтеген Оралбаев бар бәріміз тікұшақпен сол кездері Венгрия мамандарының көмегімен жаңадан игеріліп жатқан Теңіз кенішіне бағыт алдық. Орта жолға жеткенде атышулы №37-ші скважинаға тоқтадық. Бұл кезде өрттің аяқталғанына бір жыл болған-тын. Бірақ оның сойқан іздері әлі де өше қоймапты. Төңіректі жайлап алған күкірт иісі мен құйқасы күйген жер қыртысы көз алдымызда тұнжырап жатты. Скважинадан 900 метрдей жердегі иесіз қалған вагон үйшікке келдік. Тікұшақ ұшқышы оның ар жағындағы сайда тау төбе болып үйіліп жатқан 2 мыңға жуық тесіліп, күйіп кеткен фонтаншылар скафандрын көрсетті. Осыдан-ақ алапат өрттің қандай болғанын білуге болар еді.
Қайтарымда мен аяғымның астындағы 1200 градустық температурадан балқып кеткен керамикалық топырақ түйіршегі – обсиденді алып қалтама салдым. «Бұл оқиғаны кім біледі?» деп сұрадым сосын жолбасшыдан. «Қайтесіз әуре болып. Бәрібір сізге оны жазғызбайды» деді ұшқыш. №37-ші скважинадан алып қайтқан сол обсиден біздің үйдегі кітап сөресінің жиегінде 19 жыл бойы тұрды. Ал 2006 жылы оның тарихын Мағауия Тәжіғараұлымен кездесудің арқасында жазуға мүмкіндік туды. Бұған да шүкіршілік.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Шолпан Қанди

    Төбе құйқа шымырлап, өксікке шашалып, тебірене оқитын мақала екен. Қарамай «суалғанша» соратын қомағай қауым. Үңгірдегі жалынды «тозақ оты». «Өкпесі» шұрық тесік-тесік Атамекен. Бірлескен алып күш. Жансебіл ерлік… Қазіргі инвестор-акционер мұндай апатты «көтере алмай» шетелге қашады. Шолпан Қанди

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.