ТҰРАРТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН СҮБЕЛІ ЕҢБЕК

Публицист-қаламгер «Тоғанай Т» баспасынан 2018 жылы шыққан Көлбай Адырбекұлының «Алты алаштың ардақтысы» атты кітабы ойда-жоқта қолымызға түсті. Бар өмірін ұлт үшін күреске арнаған көрнекті тұлғаның ғұмырнамасынан сыр шерткен қаламгердің бұл еңбегі сол сабақты тақырыптан жаңа бір тармақ өрбіткен бұтағы сияқты көрінді бізге. Айтпағы дәлелді, дерек-мағлұматы дәйекті бұл еңбек көңілге түрлі ой салды. Соны оқырман қауыммен бөлісуді ұйғарған едік.
Ең бастысы, еңбек ұлт қайратке­рінің азаматтық, күрескерлік, саясаткерлік тұлғасы мен пенделігінің қыр-сырын бұрынғы білетінімізден әрі бірталайға тереңдетіп тастады.

Тұрар Рысқұлов 1919 жылы наурыз айында Ташкентте өткен Түркістан компартиясының II конференция­сында Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Осы конференцияда РКГ(б) Орталық Комитеті жанынан Мұсылман бюросын құру жөнінде шешім қабылданып, оның төрағалығына Тұрар бірауыздан бекітіледі. Ал құрамында Н.Ходжаев, Ю.Алиев, Ю.Ибрагимов және А.Мұхитдинов кірген бұл ­саяси ұйым айналдырған аз уақыттың ішінде өз жұмыстарын елдегі мұсылман халықтарының мүддесі тұрғысынан жүргізудің арқасында зор бедел мен мүмкіндікке ие болады. Сөйтіп, бірте-бірте Түркістан республикасындағы қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларына араласып, басшылықтың негізгі буынының біріне айнала білді. Осы тұста айта кету керек, Тұрардың Түркістан республикасы басшылығының құрамына қабылдануы жергілікті түркітектес ұлт өкілдерінің жауапты қызметтерге тартылуының бастауы еді. Сол кезден бастап Мұсбюро еуропалық нәсілді басшыларды республикадағы өзекті мәселелерді шешуде өздерімен санасатын жағдайға келтірді. Бұл, сөз жоқ, Мұсбюроның саяси аренадағы үлкен жеңісі болатын. Мұны мәскеулік «пролетариат көсемдері» байқамай қалған жоқ. Осы жеңіспен бірге келімсек большевиктермен арбасқан, жағаласқан, билік үшін текетірескен саяси күрес те басын қылаңытып, көрініс бере бас­тайды. Өйткені мұншама аз уақыттың ішінде Мұсбюроның жергілікті түркі халықтарының арасында зор беделге ие болуы олардың тынышын ала бастаған еді. Басқасы басқа, Рысқұлов қандай мәселеде сөйлесе де, қай мәселені көтерсе де ұлт мәселесіне келгенде өз ұстанымынан таймады, айтқан сөзіне берік принципшіл екендігін танытты. Ал бұл Мұсбюро мүшелеріне сенімділік ұялатқаны анық. Айтпақшы, осы кезеңде Мұсбюро Түркістан республикасындағы басқару мекемелерінде іс құжаттарын орыс тілімен қатар, түркі тілінде де жүргізу керектігін басты мәселе етіп қойғанын айта кетуіміз керек. Әрине, астамшыл орыс большевиктері үшін бұл тосын жаңалық болды. Қазір қарап отырсақ, біздің мемлекеттік тіл үшін күреспен өткізіп жүрген бүгінгі күнімізді Тұрар Рысқұлов сол кезде-ақ ойлаған екен-ау дейміз!.. Қалай десек те, оның алысты көздеген болжамына салсақ, жергілікті ұлт тілдерінің болашағына соншама алаңдап, түркі тілінің орыс тілінің шырмауында кетіп қалмауын көздегені анық. Кітапта Т.Рысқұлов қызметінің осы кезеңіне барынша зер салыпты.
Қалай десек те, Т.Рысқұлов жетек­шілік жасайтын Мұсбюро елдегі мұсылман тұрғындарының, оның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік, тағы басқа ұлттардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту жолында көп жұмыс істегенін ешбір тарихшы жоққа шығара алмайды. Ал бұл Өлкелік партия комитеті мен Түріккомиссияға мүлдем ұнамаған еді. Отарлаушылар Түркістанды орыс шаруаларына жеңілдік қарастыру және қаржылай көтермелеу арқылы өз саясатын жүргізуді жөн көрген болатын. Шынында да, отаршылар үшін оңтайлы жол да осы еді. Бірақ Рысқұловтан құтылмай елде еуропа нәсілді келімсектердің бұрынғы үстемдігін сақтап қала алмайтынын олар жақсы түсінді. Сөйтіп, Рысқұловтың қызметін тексеретін Төтенше комиссия ұйымдастырып, қалайда оның саяси беделін түсіру үшін әртүрлі жалған жолмен түркі халықтары алдында арандатып, осылайша барлық жауапты қызметтерден аластау үшін түрлі қитұрқы айлы-шарғылар жасаған, тіпті қылмыскер ретінде тұтқындау әрекеттеріне дейін барды. Бірақ мақсаттарына жете алған жоқ. (Өткен ғасыр аяғындағы «қонаевщина», «асқаровщина» туралы саяси науқанды еске түсіріңіз – Б.Ш.). Алайда жалақорлармен болған қай тартыс­та да Рысқұлов өзінің әділдігімен, ­саяси көрегендігімен дес бермей қорғанып, жеңіске жетумен болғаны зерттеушілерге жақсы аян. Керісінше, коммунистік өтірік идеяны жамылған отаршылардың астыртын жүргізіп жатқан ұлыорыстық шовинистік пиғылдарының бет перделерін ашып, әшкере етті. Осылайша, «рысқұловшинаны» әшкерелеу үшін құрылған Түріккомиссия ештеңе шығара алмаған соң, Мұсбюроның ел арасындағы беделі мен ықпалын түсіру үшін оның басқа жолдарын қарастыруға ден қойды. Әуелі Мұсбюро мүшелерін Түріккомиссия құрамына тартты. Одан да ештеңе шықпаған соң, Т.Рысқұлов төрағасы болып табылатын Түркістан Орталық Атқару комитеті құрамына Түріккомиссиясының мүшелерін кіргізуді ұсынды. Т.Рысқұловты Түркістан бағытындағы райынан қай­тарып, пәрменін басып қою үшін осындай қаншама талпыныстар жасалған. Алайда олардың бұл қитұрқы әркеттерінен де еш нәтиже шықпады. Ол ұлт мәселесінде, әсіресе түркістандықтардың өзін-өзі билеу жолындағы саяси күрестегі алған бетінен қайтара алған жоқ, қайта күресін бұрынғыдан да үдете түсті. Реті келгенде айтып өтетін нәрсе, ХХ ғасырдың бас кезінде Т.Рысқұлов көтерген ұлт мәселелері күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ десе болады. Оны алып империя – КСРО құлағаннан кейін тәуелсіздігін жариялаған тұстағы елдердің ұлт мәселелері мысалдарынан да, қазіргі тәуелсіз мемлекеттердегі кейбір ұлт өкілдерінің бұрынғы авторитарлық ғұмырын аңсаған шовинистік-агрессиялық көзқарастарынан да айқын көруге болады.
Шыны керек, өткен ғасырдың 20-жылдары Тұрар Рысқұловтың тағдыры қыл үстінде тұрды. Өйткені сол жылдың ақпанында В.И.Лениннің құпия тапсырмасымен Ташкентке келген В.Фрунзе шұғыл түрде Түріккомиссиясының мәжілісін шақырып, соның алдында ғана өткен Түркістан коммунистік партиясы Х конференциясы мен Мұсбюроның ІІІ конференциясы қабылдаған, сондай-ақ Түріккомиссия келісімін берген тек түркістандықтардан жасақталатын Қызыл Армия құру және оларды түркі тілінде оқыту, «Түрік Кеңес Республикасының» жергілікті халықтары түркі тілдес болғандықтан «өзін-өзі билеу үшін» мемлекет басқару тізгіні осы халықтар өкілдерінің қолдарында болуы керектігі жөніндегі шешімдерін мүлдем жоққа шығарып қана қоймай, оны «пантүрікшілдік», «панисамшылдық», «буржуазиялық ұлтшылдық» деп қаралап шықты. Ал Фрунзенің пікірімен мүлдем келіспей қойған Т.Рысқұловтың өзін «пантүрікшіл ұлтшыл» деп айыптады. Рысқұлов сонда да алған бетінен қайтпай В.И.Ленинге бірнеше рет «жеделхат» жолдап, бірлескен конференцияның шешімдерін қабылдатуды өтінген. Бірақ сұңғыла Ленин де «сау сиырдың сырығы» емес, әуелде ол хатқа жауап бермей тығырыққа тірейді. Біраз уақыт өткен соң Фрунзенің шешімі жөн деп тапқаны жөнінде хабар жолдаған. Осындайда ой келеді. Әгәрәки, В.И.Ленин осы екі шешімді бекітіп кеп жібергенде Түркістандағы жағдай мүлде басқаша сипат алар еді-ау дейсің… Ең­ ­бастысы, Түркі халықтарының коммунистік партиясы үлкен дербес саяси күшке айналып, ал эмиссарлық құрылым Түріккомиссиясының өзінен-өзі түкке қажеті болмай қалатыны анық еді. Бұл уақытта Т.Рысқұловтың тағдыры қыл үстінде тұрғанын жоғарыда айттық. Өйткені Т.Рысқұловқа партия көсемдері «панисламшыл», «пантүрікшіл» деген ауыр айыптар таға бастаған еді. Ал осы кеңестік кезеңнің үлкен маманы, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің сөзімен түсіндірсек, «…Басқаша айтқанда, «панисламизм» мен «пантюркизм» идеясы саналы түрде ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы қойылған қитұрқы күрес әдісі болатын» (М.Қойгелдиев. Ұлттық саяси элита. «Жалын», 2004 ж.). Осылайша, жоғарыдағы әріптес­терінің қатты қыспағына тап болған ол «Правда» газетінде өз қатесін мойын­даған сыңайда мақала жазуды жөн деп тапқан. Кейбір зерттеушілер М.В.Фрунзенің жалақор айыптаулары мен Т.Рысқұловтың осы «Правда» газетінде жариялаған «мойындауларына» малданып, ТүрОАК-нің төрағасы саяси жағынан қатты қателескен дейді. Шын мәнінде, бұл мақала өзіне төнген қауіпті сейілту және орыс шовинистерін адастыру үшін жасаған кезекті саяси іс-қимыл әрекеті (маневер) болатын. Оны әйелі Әзиза Түбекқызымен болған екеуара әңгімесінде мұны ашық мойындаған: «Қателестім дегенім жай сөз. Жағдайдың ауанына байланысты солай істеуге тура келді» депті (22-бет).
Осы жайтқа бүгінгі күн ­талабынан көз жүгіртіп қарасақ, Рысқұлов «Түрік халықтарының коммунистік ­партиясы» мен «Түрік Кеңес респуб­ликасын құруда қателеспеген деуге ­болар еді. Ол Кеңес өкіметінің жүргізген идеология­сын түркі халықтарының мүддесіне қарай бұрып пайдаланғанын осы құжаттардан-ақ анық байқалады. Ол Түркі халықтарының болашағын ойлап, нақты жағдайларға байланысты батыл шешімдер қабылдаған. Тіптен қызыл большевиктер партиясына бастапқы кездегідей құлай сенуден бас тартып, оның империялық саясатына іштей қарсы болғаны, ­сосын әлгідей шешім қабылдауға барғаны осы айтқанымызға дәлел. Өкініштісі, оның Түркістанды отар­лаушылардың озбырлығынан құтқарып, өздерін өздері билеуіне там-тұмдап жасаған алғашқы қадамы осылай сәтсіз аяқталды.
Автордың көрсетуінше, тарихшы-ғалым В.Григорьев: «Түріккомиссия мүшелері түркі халықтарының еуропалық­тардан ерекшеліктерін түсінбегендіктен Лениннің өзін шатастырып отырған» деп жазыпты. Біздің кеңестік тарихымызға берілген бұл да бір бағалы мәлімет. Т.Рысқұловтың ұлт алдындағы жанкеш­тілік ісін кейін Я.Э.Рудзутак түсініп, оған тілектестік рәуіште болған көрінеді. Әуелде ол да қателесіп: «Рысқұлов таза мұсылман мемлекетін орнатқысы келеді» деп қарсы шықса, В.Куйбышев: «Рысқұлов партияның Шығыс саясатын жүргізуге аса қауіпті адам» деп көрсетіпті. Ал В.Фрунзе оның саяси көзқарасына баға бере келіп: «Рысқұлов – объективтік жағдайлардың нәтижесінен ғана коммунистік туды көтеруге мәжбүр болып жүрген коммунистік емес элемент­тердің бірі, пантүрікшіл ұлтшыл» деп (37-бет) кінәлап, оған сенуге болмайтынын ескертіпті. Осы шовинистік ­пи­ғыл­дағы пікірлердің салқыны кейінгі зерттеушілердің еңбектерінде әлі күнге дейін сезіліп қалатыны өкінішті дейді автор.
***
Тұрар Рысқұловтың қызметін шартты түрде ташкенттік, мәскеулік және моңғолиялық кезеңдерге бөліп қарасты­ратын болсақ, соның ішінде түркі халық­тарының ұлттық мүддесі жолындағы күресіне қатысты әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Ол 1926 жылы 31-мамырда РСФСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1937 жылы 21-мамырда Кисловодскіде тұтқынға алынып, ұзаққа созылған азапты тергеуден соң 1938 жылы 10-ақпанда «халық жауы» деген жаламен атылып, КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының 1956 жылғы 8-желтоқсандағы шешімімен ақталса да, қазақ ұлты үшін осы бір аяулы адамның есімі әлі күнге дейін большевиктер жазықсыз қаралаған жаладан арыла алмай келеді. Ал кітап авторы Т.Рысқұловтың аса жоғары лауазымдық қызметтер атқарған жылдардағы істеген жұмыстарына байланысты оның Мәскеумен ауыз жаласқан іс-қимылын жоққа шығаратын аса бай әрі құнды құжаттар дестесі сақтаулы екендігін айтады. Бұл құжаттар Ресейдің әртүрлі архивтерінде шаң басып жатқан көрінеді. Ал оның бір бөлігін В.М.Устинов деген мәскеулік тұрартанушы ғалым Рысқұлов туралы еңбегін жазу барысында тауып, пайдаланып ғылыми айналымға түсірген екен. Аса маңызды осы құжаттардың ішінде 1926 күзде Мәскеуде РСФСР Орталық Атқару комитетінің сессиясы өтіп жатқанда, түрлі ұлт өкілдері бас қосқан төтенше бейресми Кеңестің материалдары да бар деп көрсетеді, кітап авторы түркістантанушы және алаштанушы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасап. Тұрар Рысқұловтың өзі тікелей атсалысып өткізген бұл жеке Кеңестің құжаттары КСРО ыдырап тарағанға дейін өте құпия сақталып, оны ешкімнің пайдалануына мүмкіндік бермепті. «Әрине, мұның өзі де кездейсоқ нәрсе емес еді, – деп жазады автор. – Бұл кезде ұлтшылдар іс жүзінде троцкийшіл-зиновьевтік оппозициямен идеялық жағынан да, ұйымдық жағынан да «ауыз жаласып» кеткен болатын, ал оппозиция өзінің антипартиялық көзқарастарын ұлт республикаларында ұлтшылдар арқылы жүргізу мақсатында олармен одақтасуға барынша тырысып бақты» (39-бет). Оның ойынша, И.Сталин, В.Куйбышев, Г.Орджоникидзе бастаған большевиктер Рысқұлов фракциясын антипартиялық ұлтшылдық топ деп тауып, қудалауға ұшыратқандығының түпкі себебі осында жатыр екен.
Осы кезге дейін Тұрар Рысқұловтың күрескерлігі жөнінде аз жазылған жоқ. Алайда оның азаматтық болмысы, қоғамдық қайраткерлігі туралы мәселеге келгенде пікір екіге жарылады. Қалай дегенде де, Рысқұлов – артында қалдырған мұрасы мол, қыры мен құпиясы көп күрделі тұлға. Осы бір күрделі тұлғаның тағдыр-талайына терең үңілген сайын бір қайнауы ішінде, тұтас ғылыми бағасы берілмеген істердің әлі де иіні қанбаған көмескі тұстары аз еместігіне көзің жете түседі.
Кітаптың «Мылтықсыз майдан» атты бөлімінде мәселенің осы тұсына барынша маңыз беріп, Тұрар Рысқұлов өмір сүрген кезеңнің саяси келбетін парықтай алмай тұрып, оған жала жауып, қаралаған зерттеушілердің іс-әрекетін бір жақты және негізсіз екенін дәлелдеуге тырысады. Бұл жерде әңгіме С.Әуелбеков дегеннің «Апта КZ» газетінің 17 наурыз 2006 жылғы нөмірде жарияланған «Шындық толық айтылуы керек» және жазушы М.Мағауиннің «Дат» газетінде 23 мамыр 2012 жылы шыққан «Ғаламат алапат шындығы» мақалалары ­туралы болып отыр. Бұл қос мақалада негізінен Т.Рысқұловтың 1924 жылы 30 сәуірде РСФСР Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен И.Сталинге жазған хаты жайында сөз болады. Хат мазмұнымен танысқан адам, Рысқұловтың С.Қожанов пен М.Шоқай, сондай-ақ М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы және тағы басқа Алаш арыстарына деген алабөтен көзқарасын байқар еді. Яғни хаттың мәні мен мазмұнын пайымдай білмеген жанға күтпеген тосын жағдай туғызуы әбден мүмкін. Қысқасы, мақала авторлары «Рысқұлов Сталинге жазған осы хаты арқылы Алашордашыларды Мәскеуге көрсетіп берді, сатқындық жасады» дегенді меңзейді. Міне, зерттеуші Көлбай Адырбеков шындықты бұрмалап, ақиқатты бұра тартушыларға өз дәйек-деректерін көлденең тартып, тойтарыс берген. «Хатта айтылған жайттар сол дәуірді зерттеуші тарихшылар үшін жаңалық емес. Олар мұны өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан біледі (75-бет); Рысқұловтың сол хатының мәнін дұрыс пайымдай білетіндер, оның сатқындыққа емес, өткір сынға құралғанын бағамдар еді. Сын ащы келеді. Оны дұрыс түсінетіндер бар да, бұра тартатындар бар. Алаштың айтулы тұлғаларын құрту бағдарында жазылған хат деп баға беру жаламен бірдей ауыр сөз. Керісінше, ол арыстарды сақтап қалу үшін қолынан келгенін аянып қалған жоқ… Біреулерге жоқ жерден дауыл тұрғызу, Рысқұловты орынсыз қаралау, шындықты бұрмалау… не үшін қажет? Түркістанда Рысқұловтың үстінен де жоғарыда арыз-шағым жазған өз адамдарымыз аз болған жоқ, солардың бәріне сатқындық деп қарауға бола ма?» дейді (78-бет).
Орынды айтылған сөз. Түптеп келгенде кеңестік қызметтегі ­Т.Рыс­құловтың әріптесі С.Қожановпен де, эмиграциядағы М.Шоқаймен де, дербес мемлекет құруды көксеген Алаш арыстарымен де ұлттық мүдде жолындағы күресі бір болды. Шындығына көшсек, ұлт ­зиялыларына Рысқұловтай жанашырлық пен құрмет көрсеткен жан некен-саяқ. Мысалы, алаштықтардың көсемі Ә.Бөкейхановты большевиктер жапқан жаладан жанын салып қорғағанын неге айтпаймыз?.. Алаш орда мүшесі Мұхамеджан Тынышпаевты қанатының астына алып, қамқор болғанын неге сөз етпейміз?!. Айта берсе, Т.Рысқұловтың ұлт зиялылары мен ұлттық ғылым мен білімге жасаған жанашырлығы өз алдына бір төбе әңгіме.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов қайнаған от ортасында жүріп қазақ ұлтының болашағы мен түркі халықтарының бірлігі үшін жан аянбай күрескен күрделі тұлғаның бірі. Оған соңғы кезде шаң басқан архивтерден табылып жатқан тарихи құжаттар куә.
Ал мына «Алты алаштың ардақ­тысы» атты кітап тұрартануға қосылған сүбелі еңбек екендігіне онымен танысу барысында көзіміз анық жетті.

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.