Сәуле ОТАРБАЕВА, жазушының жары: РАХАҢНЫҢ АРМАНЫ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ АРМАНЫ…

– Көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ағамыздың дүниеден өткеніне де жыл толыпты… Жазушының артында қалған мұрасы – прозасы мен драматургиясы қазақ оқырманына жақсы таныс һәм халықаралық деңгейде де жүйелі насихатталған, көптеген әлем тілдеріне аударылғанын білеміз. Ағамыз­дың аяқталмаған дүниелері бар ма?
– Жыл болды дейсің, мен үшін уақыт тоқтап қалғандай… Күтпеген жерден есіктен кіріп келетіндей болып тұрады… Балалар да қатты сағынып жүр. Ұлы – Ермерейдің түсіне еніпті… Қызы – Қаракөздің қырқы өткенше түсінен шықпады.
Рахымжан саналы өмірін әдебиетке арнаған, жанкештілікпен жұмыс жасаған адам, қазақтың қара сөзіне адал болды. Ешқашан жазуына немқұрайды қараған емес. Мүмкін киіміне, денсаулығына қарамаса қарамаған шығар, бірақ жазу өнеріне, әр сөзіне өте мән берді. Бұл орайда өзіне Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызды үлгі тұтты. Баспасөзде жарияланған барлық публицистикалары, барлық көркем дүниелері үйде қолжазба күйінде қатталып, сақтаулы. Қаламсаппен жазатын. Балалары компьютер де, электронды кітап та алып берді, бірақ «техникадан хабарым жоқ» деп, өмірінің соңына шейін қаламмен жазып кетті. Онда да «жай қаламсап қол жүргізбейді» деп, гель сиямен жазатын. Гель сиялы қаламды қорап-қорабымен алып қоямын. Соңғы жылдары үстінен қарағанға ыңғайлы деп, қызыл, жасыл сиялы қаламдарды да сатып алып қоюымды тапсыратын.
Соңғы кездері тым асығыс, жұмыс үсте­лі­нен бас көтермей жазды. Кейде садақаға, тойға шақырады, біреулер пікір, алғы сөз сұ­райды, сондайда көңілі бөлінсе, ренжитін. Тіпті соңғы кездері көп кісінің келгенін де қаламады.
Жазу үстелінде «Қыз Данайдың қырғы­ны» атты аяқталмаған романы қалды. Сол романның бітпей қалғаны бүгін мен үшін өте өкінішті. Бірақ сонда да, аяқталмаған романды жылына орай баспадан шығарып жатырмыз. Соңғы жылдары «оқырманды алаңдатпай, шығарманың басты идеясы, мақсатынан басқа нәрсеге көңілін аудартқызбай, оқиға шешіміне тікелей алып келетін шығарманың қалай жазылу керек екенін мен енді түсіндім, бұдан былай жазған шығармам қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеретін болады» дегенді жиі айтатын. Жазушылығы әбден кемеліне келген кезде, өмірден өткені жаныма батады… Осындай оймен ол «Босқындар» романын бастамақшы еді. Барлық материалдарын жинақтап, жоспарын жасап, бір бума күйі қалдырды да кетті… Бұл әлемдік проблеманы көтеруге тиіс шығарма еді. Әлемдік масштабта босқынға ұшыраған мұсылман-араб елдерінің хал-күйі, себебі неде, «Босқындар» шығармасы көтеретін мәселе осы жөнінде еді. «Тәуелсіз қазақ әдебиетінің қорын байытатын, кейінгіге өлмес мұра болып қалатын тағы бір шығармасы болар еді-ау» деп, өзекті өртейтін үлкен өкініштің бірі осы. Алайда «Босқындар» жазылар, оны әкесі болашағынан көп үміт күткен талантты қызы Қаракөз жазар деген үмітім де жоқ емес. Сондай-ақ Ақтөбе облысының сұранысымен жазбақ болған Әлия Молдағұлова апамыз туралы драмасы жоспарланып, бірақ жазып үлгермеген күйі қалды… Түріктердің өтінішімен Ататүрік туралы жазбақшы еді. Оспан батыр жөнінде және «Алтын адамның оянуы» деген шығармалары жоспар күйінде қалды…
– Өмірінің соңғы сәттерінде қасында өзіңіз болдыңыз… Психологиялық тұрғыдан қандай күйде болды?
– Рас, соңғы жылдары аса бір жанкеш­ті­лікпен жұмыс жасады. 2017 жылдың жел­тоқсанынан екі жыл демалыс алып, тек қана жазумен айналысты. Үй түгіл, Атырауға сыймай, аптасына Астана, болмаса Түркия, Мәскеуге бір-екі күнге ұшып барып келетін адам, үйден шықпай жұмыс істеді, күні-түні жазумен болды. Сосын Жаһангиріне бар аталық махаббатын төкті. Қағаз бетіне соңғы жазған сөзі «Рахымжан Жаһангир». Ақ қағаздың бетін толтырып жазып тастапты. Мен кешке жұмыстан келгенде, «сені күтіп отырмын, шай ішейік, бүгін дала бетін көрмедім» деуші еді. Негізі, үйде теледидар қоспаймыз, шаршаған кезде, анда-санда жан-жануарлар әлеміне қатысты бағдарлама көретін. Қазір балалар осы каналдың дауысын естісе, әкелері төрде теледидар қарап отырғандай күй кешеді.
2018 жылды қарсы аларда жаңа жылда бажасын арнайы құттықтап шықпақ болған, бірақ жазуын қимай түнгі екіге дейін жазу үстелінен тұрмады. Қаңтарда менің туған күнімде, түнгі он екіден кейін балаларымен құттықтап, у-шу болып жатқанда, өзін біртүрлі артық адамдай сезінді. Артынан ойлап қарасам, келген қонақтармен сөйлесіп отырып, қоштасатын адамның әңгімесін айтыпты. Сосын қоймай жоспарларымен бөліскені есімде. «Астанаға, одан Пекинге, Пекиннен Алматыға келемін, ақпанның 12-14-інде Бішкекке ұшамын, одан Астанаға, Астанадан Қарағандыда қойылғалы жатқан «Мұқағали-Фариза» пьесасының премьерасына қатысамын, он алтысы үйге ұшамын» деді.
Күнделігіне «16.02.18. – Үйге ұшу» деп жазып қойыпты… Содан он алтысы емес, он жетісі атар таңда кетіп қалды… Сол жоспарымен ақпанның бірі Астанаға ұшты, «аман жеттім» деп хабарласты, ертеңінде №54 мектепте кездесуі болды. Сол кездесуден кейін қатты қуанып телефон соқты: «Мен Жаһангирімді сағындым, Бішкекке бармаймын, артынан барармын. Пекиннен Алматы арқылы үйге ұшамын» деді. Пекинде бес күн болып, үйге келді. Ермерей әуежайдан қарсы алған. Мен жұмыстан келсем, қағаз қарап отыр екен. «Осындай делегациямен керемет барып қайттық, келісімшартқа тұрдық» деп сапары ­туралы әңгімесін айтты. Ұзақ жылғы жобасы еді… Содан екі-үш күн өткен соң, денсаулығы сыр берді. Астрахандағы бір жеке клиникаға хабарластық, сол жақтан дәрігер шақырттық. Қыс қатты, боран, тайғақ. Сонда да, бес-алты сағаттық жолды еңсеріп, жедел жәрдем келіп жетті. Сенбі-жексенбі күндері халі өте жақсы болды, бірақ ұйықтамайды. Дүйсенбі күні мені жұмысқа жеткізіп салып, өзі театрға кетті. Он екілерде маған қоңырау шалып: «Қарағандыда ел күтіп отыр екен» деп барғысы келетінін айтты. Денсаулығына алаңдап, мен баруына қарсы болдым. Сол күні билетті тапсырыпты. Сейсенбі күні қатты мазасызданып кетті, мен жанында болдым. Көңіл күйі күрт өзгеріп, ұйықтай алмады. Біреулерге телефон шалды. Кірді, шықты, шықты, кірді, киімдерін, заттарын қарады. Бала-шағаны басқа үйге жіберіп, Қаракөз екеуміз жанын­да болдық, кешке Ермерей келді. Өзін қояр­ға жер таппай аласұрып кетті. Сәрсенбі күні облыстық ауруханаға жатқыздық. Жиыр­ма жеті жылда өмірдің ащысын да, тәт­тісін де бірге көрдік қой, бірақ дәл сол сәтте, сол кезде кетіп қалады деп ойламаппын…
Соңғы айларда Айжамалдың телефонынан Жансаясына видеоқоңыраулар көп шалыпты. «Алысқа оқуға жастай жібердік-ау…» деп уайымдайтын. «Мына көкемді қиып қалай кетем» деп, Айжамалына көп алаңдады. Бірде қарап отырып: «Сен төрт баланы өзің асырайтын жағдайың бар екен, сен жоқ болсаң мен төртеуін төрт жаққа бытыратып алам-ау» деді.
«Менен бір мүшелдей кіші болсаң да, жанымды сен түсіндің» деген Рахаң, күнде­лігіне: «Сен мені осы күнге шейін сақтадың, Сәуле, саған рақмет!» деп жазыпты…
– Рахымжан аға көпшіл адам болғанын білеміз. Қашан да ол кісінің айналасында адам көп болатын. Өнер мен әдебиетке жақын адамдар ғана емес, ел сыйлайтын игі-жақсылардың өздері де ағаның қасына магнитше тартылды. Ал жазбаларынан жалғыздық лебі есіп тұратын еді…
– Ойыңды түсіндім. Рас, мінезі ауыр және тік болатын, солай бола тұра, жүрегі нәзік еді. Оның көпшілдігі танымалдылығынан, қоғамдағы орнынан, белсенділігінен болса керек. Көп адамдар жеке шаруаларын айтып келетін. Бірақ «кіндігіңді кескеннен кейін адам басына – бір жалғыздық» деп өзі жиі айтатыны сияқты, Рахымжанның жалғыздық тақырыбы, жалғыздық күйі, мұңы, сонау балалық шақтан, анасы Шәмсия Дәулетқызы қайтыс болған кезден бастап ажырамаған екен. Анасы кеткеннен кейін ата-әжесі бетінен қақпай, еркелетіп өсірген. Алайда ананың жөні бөлек. Ана құшағын сезінбей өскен ол анасын аңсайтын. Анасы бар адамдарға қызығатын. «Түр-сипаты су астындағы елес­тей еміс-еміс есімде, күлімдеп қарайтыны есімде, Ермерейдің көзі Шәмен апасына тартқан» дейтін. Анасы мен Бекежан інісі, қарындасы Райса кетіп қалғаннан кейін, екінші анасынан бауырлары болса да, өзін «жалғызбын» дейтін. Ермерейді «жалғызым» деп өтті.
Бала кезден «тілші болам» деп өскен мен үйге келетін «Пионер», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын, «Қазақ әдебиеті» газеттерін жібермей оқитынмын. Өлең жаздым, соларды жіберіп тұратынмын. Рахымжанның «Қазақ әдебиеті», «Жалынға» шыққан бүкіл шығармасымен таныспын, шығармашылығын жақсы білетінмін. Жерлес ағам деп, араласып жүргенде, маған жігіт ретінде көңілін білдірді. Шешем өте ақылды, сабырлы кісі. Әкем мені қатты жақсы көретін. «Үйде ата-анам күтіп отыр» деп, Атырауға кетіп қалғам. Сөйтсем, Рахымжан артымнан ұшып келіп, екі-үш ай елде болды. Ішкі сырын, шерін айтты. Күнделігін оқытты. «Алдайын деген ойым жоқ, мен шынымен де жалғызбын. Бұл жазбалар саған өтірік айту үшін жазылмаған» деген жолдар бар еді. Расын айтсам, оның тағдырына деген сезімімді оятқан күнделіктердегі жазбалар еді. «Бас» романындағы кейіпкерінің: «Алғаш құрған некем сәтсіз болды» дегені – сондағы маған айтқан сөзі болатын…
Ішкі жалғыздығы, рухани жалғыздық­тың сорын кешіп жүрген жеке өміріндегі ауыр кезеңде мен оған кездескен екем. Оны жүрегіммен жақсы көрдім. Алғаш қосылған жылдары өте көп әңгімелесетінбіз. Ермерей де, Қаракөз де жазды ғой, үстел басында екеу­ден-екеу отырып, ол шай ішіп, мен әңгіме тыңдайтынмын.

Арқа сүйеп жүрген елдің ағаларының аузынан «неге уақытында қаратпады, неге сақ болмады, неге алдын алмады?» деген сөздер шыққаны жаныңа батады екен… Бұл заманда жесір болу да, адамының артын күту де – сын емес, сынақ екен. Сенің қайғыңмен ісі болмайды екен… Кейбір адамдардың қолдан жасаған қиындығымен күресіп өмір сүріп жатырмыз…

– Ол рас, «ҚазМУ-дегі он екі мың қыз­дың ішінен таңдап алдым» деген жан жары – өзіңізге де нәзік пейілі ерекше екенін әр сұхбаттарынан білеміз. Жалпы барлық сұхбат­ын қайталап оқып шықтым. Отба­сына деген асқан сүйіспеншілігі білінеді. Әр баласының атын аялай атайды. Бола­шақ­тарынан үлкен үміт күтеді… Аға отбасында қандай еді? Ол кісінің өзі «отбасында қандай қожайынсыз?» деген тілші сұрағына: «Қателеспесем, әжептәуір қожайынмын-ау деймін» деп жауап беріпті. Рас па?
– Ермерей дүниеге келгенде, өмірімнің жалғасы, ер бала дүниеге келді деп қатты қуанды. Қатты сыйласып, бір-бірімізге түсіністікпен қарап өмір сүрдік. Үй шаруасына қолғабыс тигізуден қашпайтын. Өзім қаланың қазақы отбасында өскен қызбын, үй тірлігі көбіне әйелдің қолында деп ойлаймын. Шешем қазақы жөн-жосықты, тәрбиенің дұрыс-бұрысын санамызға қатты сіңіріп өсірді. Әкем жұмыстан келгенде, үйге киетін аяқ киімі, тақиясы, сүлгісі бәрі орнында тұратын. Сосын үйде көп бала болсақ та, шыбынның ұшқаны білінбейтін, біз әкені сыйлау дегенді солай болуға тиісті қағида деп өстік. Өзім құрған отбасында осы тәртіпті сақтауға тырыстым. Рахаңмен әкемнің мінездері ұқсайтын. Жалпы кейінгі жылдары үйдің тіршілігі толықтай менің мойнымда болды, тіпті күрделі жөндеуге дейін… Біз үлкен сыйластықпен өмір кештік. Отбасында болатын тұрмыстық қиындықтар үшін ренжіскен жоқпыз. «Дара жолда» «жеке бас қиындығым бар, Сәуле соның бәрін көтерді» деп айтты ғой.
Рахымжанның мінезінде сәл нәрсеге қуанып, сәл нәрсеге ренжіп қалатын шығармашылық адамына тән бір нәзіктік болды. Ешқашан «жоқ» деп алдына келген адамның меселін қайтармайтын. Біреуге ренжісе, онысын сыртқа білдіртпейтін. Кейінгі кезде мазасын алатын жұрттан мезі болып, телефонын сөндіріп қоятын болды. Керек адамдарына артынан өзі қоңырау шалып жатады. Жоғарыда айтып кеттім, біз о бастан күйлі, дәулетті тұрған жоқпыз. Кейін жағдай түзелген кезде асып-таспадық. Оның материалдық игілік емес, бастысы рухани байлық, жан тазалығы деген ойын хош көрдім.
Ер адамның жағдайын жасау – әйелдің міндеті. «Отбасында бақытты адам ғана – бақытты» дейді, ол бала-шағасының ортасында, шынымен де, мағыналы ғұмыр кешті. Танымал азаматтың жары болу – үлкен жауапкершілік. Ел шығармашылық адамының жеке өмірі, бала-шағасы жоқтай көреді. Кейде сені итеріп тастағысы кеп тұратындар көп. Ол тек оның ғана емес, жұбайының да бірге өткен жолы екенін көп адам түсінбейді… Үйсіздікті де, жоқтықты да, ағайын-достың сатқындығын да бірге көрдік. Сырт көзге қатал болғанымен, перзенттерін өте жақсы көрді. Қаракөз жасөспірім кезінде «барабан тартқым келеді» дегенде, Түркиядан дауылпаз алып келгені бар. Кез келген алыс-жақын сапардан бәрімізге сыйлық алып келетін. Жалпы қазақ әйелінің бақытын басымнан Рахымжандай азаматпен бірге өткізгенім қиындықпен келген бақыт. Бір көңіл шайда нағашы апасының «Кімнен айырылғаныңды емес, кіммен бірге өмір сүрдің, кімді бақытты еттің, соны ойла» дегені бар. Осы рас сөз.
– Жазушылық шеберханасы туралы айтып берсеңіз. Жұмыс істеу тәсілі қандай еді? Үлкен тақырыпқа кірісер алдында, жұмыс үстінде өзін қалай ұстады? Үлкен бап қажет ететін бе еді? «Көп нәрсе жазушының өмірлік жарына байланысты» деген шындыққа жақын сөз бар, сол сөзді тірілтсек, жазушыға қалай қолдау білдіретін едіңіз?
– Рахаңның жазушылық шеберханасын «көшпенді шеберхана» деп атауға болады. Біз көп көштік. Алматыда үй жалдағаннан бастап көп көштік, одан Бішкекке жұмыс сапарымен кетіп, сол жерде бес жыл тұрдық. Жұмыстан келіп, тамақтанып алып, балалар ұйықтағаннан кейін жазуға отырады. Шаршаса да, өмір бойы осы тәртіппен жұмыс жасады. Әдебиеттің «қара жұмысына» барлық қалам иелері сияқты түнгі мезгілін арнайтын. Тақырып таңдағанда, ұзақ ойланбайтын. Сүйікті кейіпкерлері – тарихи тұлғалар мен ауыл адамдары еді. Жәңгір хан, Исатай мен Махамбетті жақсы көрді, Сырым батырды, Мұстафа Шоқайды, Әмірені, Ғабит атамызды, Сәкен Сейфуллинді, Темірбек Жүргеновті жазды. Жалпы не жазса да, зерттеп алмай, жазуға кіріспейтін.
Алғаш тұрмысқа шыққан жылдары жуынуға кіріп кетіп, өз-өзімен рахаттанып әңгіме айтып жатқанын естіп, шошып кеткенмін. Енді бір қызығы, қазір Қаракөзі сондай. Идеясы әбден пісіп-жетілген кезде ғана жазуға отыратын. Жазуға отырғанда ешкім мазасын алмауды қалайтын. Балалар өсіп, мазаламайтын жасқа жеткенде күндіз де жазуға көшті. Көбінесе, бір жазғанын қайтып түзетпейтін.
Өзі жылқышының баласы, жылқының етін жақсы көрді. Соғымның соңғы сүрлерін маусым айындағы Ермерейдің туған күніне дейін жеткізуге тырысамын. Жылқының еті үнемі алдында болатын, сол сияқты сүт қатқан шайды ерекше жақсы көрді, шайсыз ғұмырын елестету қиын. Әсіресе жазу жазғанда. «Сен таңдаған шайдың дәміне ештеңе жетпейді» деп, үйдегі шайдан жұмысына да алып кететін. Шұбат, құрт-ірімшік, балды жақсы көрді. Қиындығын бірге көремін деп қосылған соң, әрине, мен әйелдің міндетін орындауға тырыстым. Әйел ретінде жіберген қателіктерім де болған шығар, бірақ сол адам дұрыс болсыншы деген ой ғана болды менде. Өмір болған соң, көп нәрсесін кешірдім, көп нәрсесіне көз жұмдым. Әр нәрсеге тергеліп, тіркеліп, сөз қуып, жұрттың сөзіне еріп кетсем не болады? Жиырма жеті жыл бір шаңырақ астында өмір кешкеннен кейін оның әрбір әдеті, әрбір әрекеті «солай болуы тиіс» сияқты болып кетті. Бірге өмір сүрген сол ғұмырдың тез өтіп кеткеніне қазір таңғаламын… Өмірімізде ащы да, тәтті де нәрсе болды. Қай кезде де оның дұшпаны – менің дұшпаным еді, оның досы – төрімізден орын алатын. Қашан да ер-азаматымды қолдап, тілеуін тілеп, қиналса бірге қиналдым. Рахымжандай жаратылысы бөлек адамның, бала кезінен қиындық көрген адамның тағдыры үшін үлкен жауапкершілікті өз мойныма артқаным рас. Ол қарны тойғанға мәз болып өмір сүрген көптің бірі емес, сондықтан оның биік тұлғасына лайықты жар болу керек екенімді жақсы сезіндім. Бет-аузыңды бояп, әдемі киініп, қасында қуыршақтай болып тұру бөлек те, жанын түсініп, кешірімшіл болып, талантты адамның жары болу мүлдем бөлек, ол үлкен еңбек, керек десеңіз.
– Бала-шағаны, қара шаңырақты, мәңгі өлмейтін киелі туындыларына өзіңіз мұра­герсіз. Мұның барлығы нәзік болмы­сыңыз­ға аса ауыр салмақ екенін, әрине, сеземіз…
– Қара шаңырақ деген киелі ұғым. 2017 жылы қарашада жер телімін алып, «Жаһангиріме үй саламын» деп, сол жерден үй жоспарлап жатқан. Бірақ оған Құдай жеткізбеді, сол мақсаты, жоспары бізге аманат, Ермерейі, Қаракөзі бар, жанының саясы болған Жансаясы, Жамалы бар, сол тілегіне біз жетсек деп армандаймын.
Туындыларын көп жинамайтын, шашып жүре беретін. Алматыдан Бішкекке көшкенде, тез буынып-түйініп, көшіп кеттік. Заттарымызды сонда тұратын ағайынымыздың үйіне қойып кеткенбіз, бір-екі жыл өтіп, сол үйдегі жеңгеміз ренжігеннен кейін, Алматыға барып, екі-үш үлкен сөмкеге салып, тек қана Рахымжанның қағаздарын алдым да, қалған заттарды сол күйі қалдырып кеттім. Сол қағаздарды Бішкектен Ақтауға, одан Атырауға көшкенде бірге алып жүрдім. Ақыры, жинала-жинала келгенде, бір бөлме толды. Өзі өмірден өткеннен кейін Астанадағы үйде қалған қағаздарын жүк пойызымен алып келдік. Артында қалған жазба мұраларын жинақтап, жоғалтпай реттеп, болашаққа алып бару – біздің міндетіміз. Әрине, өзі кеткеннен кейін, артында қалған отбасына деген ел-жұрттың сыни сөзі болады екен. Арқа сүйеп жүрген елдің ағаларының аузынан «неге уақытында қаратпады, неге сақ болмады, неге алдын алмады?» деген сөздер шыққаны жаныңа батады екен… Бұл заманда жесір болу да, адамының артын күту де – сын емес, сынақ екен. Сенің қайғыңмен ісі болмайды екен… Кейбір адамдардың қолдан жасаған қиындығымен күресіп өмір сүріп жатырмыз… Кейбір досым деген адамдардың өзі айтқандай «иттің дос болғаны жақсы, достың ит болғанын көріп те» өмір сүріп жатырмыз. Кейбір ағайын-туғандарының сатқындық жасап, өзгерген мінездеріне таңғалып өмір сүріп жатырмыз… Бұл да Алланың берген сынағы шығар. Сол сынақты, сол жолды менің өтуім керек болған шығар деп ойлаймын. Біріншіден, өз-өзіме сабыр тілеймін, балапандары санасыз емес, ол үлкен қуат, әкесі әрқайсысына сеніп кеткенін түсінеді. Оның ұрпағы аман жүргенде, Рахымжанның мұрасы да, аты да өлмейді дегенге сенемін. Рахаңның әулеті осы идеяларды жүзеге асыру үшін жұмылып жұмыс бастап, жолға шықтық.
– Күнделігінде: «Өмір сүргім келмейді. Тап осы сәт Аллекем ақ мылтығын кезесе, «атқан қолдан айналдым» дер ем…» депті…
– Бұл соңғы төрт-бес жылдағы көңіл-күйінің бір сәттері. Бірде Атырау облыстық теледидарына сұхбат берді, ашылып, көсіліп сөйлеген сәтті сұхбат болды. Елдік, ұлттық мәселелерді ашық айтты. Әркез қазаққа төнген қауіпті өзіне келген кесапаттай қабылдады. Қоғамдағы кейбір мәселелер жанын жегідей жеді. Жан дерті меңдеген сәтте, осындай сөздерді айтқызды. Оны қинаған нәрсе – осы келеңсіздіктерге қарсы тұра алмағандығы. Айтқан жерде айтып, сөйлеген жерде сөйлеп жүргенімен, бұл проблемаға тоқтау қоя алмағандығы, шарасыздығы жанына қатты батты. «Ойлы адамға қызық жоқ» деп данышпан Абайдан артық айту қиын. Ол ақша шашып, думандатып, серілік құрып жүретін адамдардың қатарынан емес еді. Миында сан мыңдаған ойлары, жоспарлары тұрды, елдің басына түскен небір қиын жағдайларды естігенде, торығып, тіпті ұйқысыздыққа да ұрынған. Әсіресе соңғы екі-үш жылда. Бұрын бола­шаққа деген үміті, сенімі болатын. Торығып, қиналып кетті. Кейде ешкімді көргісі келмейтін…
– Ағаның мәңгілік мекенін ертерек, көзі тірісінде сайлап қойғаны рас па?
– Атыраудың шетінде «Томарлы» деген ауыл бар. Сол маңда екі үлкен қорым бар. Бір кездері Кіші жүзде Құныскерей деген күрескер, Кеңес үкіметі «банды» атаған мықты атамыз өткен. Сүйегі Түр­кіменстан жерінде қалып кетті. 1995-98 жылдары сол атамыздың сүйегін әкелеміз деп көп жұмыстанған. Жалғыз өзі емес, ағайындарымен бірге. Екі мемлекеттің ортасындағы мәселе шешілмей, ол аяқсыз қалды. Бірақ сол кезден бастап, әзіл-шыны аралас жиі айтатын болды. Аманатын баласына да тапсырып кетіпті.
– «Қызмет – қолдың кірі, саясат – бет­тің кірі, осы екеуінен де тазардым-ау» деген Рахымжан ағамыздың біржолата шы­ғар­­ма­шылыққа бет бұрған кезі қай уақыт еді? Қызметті қойған соң, жазушылыққа бір­жолата бет бұрды. Ал өндіртіп жазғаны қай уақыт еді? Жазғанына көңілі толатын ба еді?
– Ұлттық Академиялық кітапхана бас­шылығынан кеткеннен кейін «Ақ Жайық» журналын ашты. Содан кейін өмірі­нің соңына дейін Махамбет атындағы Атырау қазақ драма театрының көркемдік жетек­шілігін қатар атқарды. Сол жұмысын өте жақсы көрді. Театрды көтерем деп, ауырып жүрсе де, қолынан келгенінің бәрін жасады. Өмірінің соңында істеген қызметі – «Академиялық театр» атағын алып беріп кетті. Сол «Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалі» дүркіреп өткен, қаламынан туған сүйекті пьесалары қойылған сахнада сүйегі қойылып, ақтық сапарына сол киелі сахнадан аттанды… Рахымжан мемлекеттік қызметтен кетіп, қанша жерден «тазардым» дегенмен де, ол ортадан кете алмады. Барлығын тастап, бірыңғай шығармашылықпен отырған жоқ. Бірақ «үш жыл жазамын, үш жылдан кейін жазуды қоямын» деді. Ендігі жоспары – Атыраудан «Рахымжан Отарбаевтың әдебиет үйін» ашу еді. Оған лайықты ғимаратты да қарап қойған болатын. Талантты жастарға шеберлік класын өткізу, жастарды қамқорлыққа алуды ойлады. «Өзім Алматыға алғаш барғанда, көше орындығында ұйықтап жүрген күндерім сияқты, Атырауға ауылдан, шеттен келген жас таланттар қаңғып жүрмесін» деді. Әсіресе оралман жігіттерге қатты жаны ашитын, солардың жайын көп ойлады, қолынан келген көмегін аямады. Баспанаға зәру болса, біраз уақыт тұрып кететін, іштегі шері барлар пікірлесіп, аз уақыт әңгімелесіп кететін жастардың жып-жылы бір ұясын құруды алдына мақсат етті. Кемеліне келіп, шеберлігі шыңдалған кезде қазақтың жас таланттарына жол көрсетуді, жөн көрсетуді ойлады. Кейінгі толқынды жақсы көрді. Өзі айтқандай, әлем тағдырына алаңдайтын жағдайға келген, «жазушы боп уайымсыз, мұңсыз жүру мүмкін емес» дейтін ­Рахымжан шәкірт тәрбиелеуді мақсат етті. Өз шығармашылығына шек қойған себебі сол. Соңғы төрт-бес жылда өте өндіртіп жазды. 2018 жылы жоспарлаған шара­лары бір-екі жыл кешігер, бұйыртса, бала-шағасы, жоқтаушы елі, әдебиет пен өнер жанашыры облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы барда ­Рахымжан арманы әлі жүзеге асады деп ойлаймын. Осы сәтті пайдаланып облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа, қалың көпшілікке, қарапайым оқырмандарына отбасы ­атынан Алла разы болғай деймін. Нұрлан Асқарұлының өнерді, сөзді, әдебиетті түсінетін тұлға екендігін фестиваль кезінде бүкіл ел көрді. Рахымжан кеткенде де анық сезіндік. Ел үшін атқарып жүрген еңбегі еселене берсін, Азаматтың!
– Әдебиеттанушы ретінде Рахымжан ағаның прозасының біразын талдадым. Соның ішінде айтары астарында жасы­рынған, ең терең де тылсым шығармасы – ­«Шың­ғысханның көз жасы». Жазушының бұл шы­ғар­масын түсіну үшін том-том монографиялар аздық етері анық. Ол аздай, ­о бастан бұл кітаптың тағдыры ауыр болғанын білеміз. «Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Қорқақ, қорқау бір мүскін менің өмірбаянымды қазып отыр… Өртемек тұрмақ, елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ. Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен. Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған. Әй, ел емес екенбіз ғой» деп қайысқанда, қасында болдыңыз ғой…
– Әр саналы адам өз істеген ісіне ­жауап беру керек қой? «Шыңғысханның көз жасын» өртегендер не үшін сол әрекетке барғандарына жауап бере ала ма екен? Мен мұндай жағдайдың болғанын Рахымжан естімесе екен деп қорғаштап, соншалық тырыстым… Осы жердегі бір «жанашырлары» компьютерден басып шығарып тұрып үйге алып келіпті. Ол кезде бұл шығармасы «Мемлекеттік сыйлыққа» ұсынылып, соның шешімін күтіп жүрген. Дәл сол уақытта осы кітаптың өртелгені өзіне қатты әсер етті, іштен шыққан баласын біреу қорлап жатқаннан кем қиналмаған шығар. Әрине, бейшаралықтан жасалған әрекет екенін жақсы түсінді, бірақ нәзік жаны тіпті қатты жараланды. Оны мынау қоғамда жеке басын ғана күйттеген ергежейлі адамдар қатты шаршатып жіберді…
– Ең үлкен арманы не еді?
– Ең бірінші әке ретінде перзенттерінің бақытына куә болуды армандайтын. Ал тұлға ретінде негізгі арманы – қазақ халқының тағды­ры­мен байланысты болды. «Біз әлі ұлт болып қалыптаспаған, көбіне рудың деңгейі­нен аса алмай жүрген сәби болмысты ұлтпыз ғой» дейтін. Ол қазағын рухы мықты, мәдениеті биік дәрежедегі ұлт ретінде көргісі келді. Екінші бір арманы – тіл мәселесі, қазақ тілі толық үстемдік құрса дегенді жиі айтатын. Өзінің жазушылық қуатына аса сенімді болғандығынан шығар: «Мен қазақтың қара сөзін қойша айдаймын» дегені бар. Жазған кезде арқасы ұстап, тылсым дүниемен байланысқа түсетіндей еді. Шығармашылық үстінде сөздің теңіз толқынындай лықсып, төгіліп түсіп жататынын бейнелі түрде «қойша айдаймын» десе, сөз киесінің өзіне жақындығын меңзегені болуы да мүмкін. Ол сөздің киесінен қорқатын.
– «Бас» романының алғашқы қолжаз­ба­сын өз қолымен өртеп жібергені рас па? Екінші нұсқасы қай уақытта жазылды? Бұл кітап неге оқырманға жетпей жатыр?
– Анар, бір қолжазбасын өзі жойып жібергені рас. Себебі ескіліктің көзқа­расымен жазылған шығарма деп, көңілі толмағаннан өртеген. Өзі бір сұхбатында айтады ғой: «Жас кезде жазған роман еді. Социалистік реализмнің даңғылына түсіп кетіппін. Исатай мен Махамбет – ұлттық батыр ғой. Ал Жәңгірді надан, хан иіс алмас ит-шошқа деппін. Фатима тоташты көрсеқызар, ақылынан тақымы жүйрік біреу деппін. Тұқым-жұрағатының бәрі қанаушы, қаскөй деппін. Кейін мұрағатқа кірейін… Ескі қолжазбаларды қазайын. Өткен дәуірдің шаңын жұтайын. Қайран қалдым. Бақсам, солай деп жазған жазушы ағаларым да, мен де надан екем» деп. Басқа бағытқа кетіп бара жатқанына көзі жеткен соң, сол әрекетке барды. Кейін романды қайта жазып шықты. Сол сияқты «Жәңгір хан» деген пьеса жазды. Ол сахнада қойылып жатыр. Әсіресе Орал театрына қатты ризамын. Кейінгі «Бас» романын шетелде бастырып жатырмыз. Біраз інілері, нағашылары, достары бар, қазірде үлкен бір топ жылдық асына дайындық үстіндеміз.
– «Бас» пьесасы сахналанып жатыр ма?
– «Бас» пьесасы сахналанған, Махамбет атындағы Атырау театры қойған, ­«Рахымжан Отарбаевтың ІІ халықаралық театр фес­тивалінде» сәтті қойылып, 1 жүлде алған. Әзірге театр репертуарында жүріп жатыр.
– «Рахымжан Отарбаев атындағы ­ха­лық­аралық театр фестивалін» дүркіретіп өт­кізген Атырау елінде бұл үрдіс жалғасын таба ма? Бұдан кейін жазушы, драматург мұрасы қалай дәріптелмек?
– Фестивальдің Атырауда қайта-қайта өткені рас. Бұл жауапкершілігі өте үлкен шара болғандықтан Рахымжан үшін салмағы ауыр болды. Сондай-ақ қатты қуанды да. Өз сұхбаттарында «өнер мерекесі» деп баға берген бұл игілікті үрдіс ел қолдаса, әкімшілік қолдаса, болашақта да жалғасын табар деп ойлаймын. Болашақта ­«Рахымжан Отарбаевтың руханият қоры» жұмысын үйлестірмек ниеттемін. Біз, отбасы, қазір алда келе жатқан 63 жасына орай «нендей мақсатта, қандай бағытта жұмыс жасаймыз» деп ойластырып отырмыз. Сол кезде Каракөз де магистратурасын бітіріп, елге келеді. Ермерей де өзінің бір жеке жұмысын жүргізіп, бағытын айқындап алса деймін. Алып бәйтерегіміз құлап, есеңгіреп қалған мына күйімізден еңсе тіктеп келеміз, енді отбасылық кемеміз өмір мұхитындағы ба­ғытын айқындамақ. Рахымжанның қал­дыр­ған мол мұрасын зерттеу, насихаттау, оқыр­манына жеткізу, бұл – менің, балала­ры­ның міндеті. Одан кейін қалың оқыр­маны қолдайды, күш береді деген үміттемін.
– Сұхбатыңызға рақмет, Сәуле ханым! Аға­мыздың жасамаған жасын артында қалған ұрпағы жасасын… Жазушы шығармаларының ғұмыры мәңгілік болсын деп тілейік…

Сұхбаттасқан
Анар ҚАБЫЛҚАҚ,
әдебиеттанушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.