Маңызды ғылыми жаңалық

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

ҚР ҰҒА ғалымдары «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» атты ғылыми жаңалық ашты. Осыған орай академия қабырғасында жаңалық авторлары ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов, ҰҒА академигі Ә.Баешов, профессор А.Баешова және доцент Ғ.Ізтілеуовті  диплом мен медальдармен марапаттау рәсімі өтті. 

Қазақстандық ғалымдар титанның сулы ерітіндідегі бұған дейін белгісіз болған постэлектролиздік химиялық еру құбылысын анықтады. Яғни титанды бейстационарлық токтармен алдын ала полярлаған кезде оның беткі қабатындағы қабыршығы жойылып, соның салдарынан электродтық әлеуетінің мөлшері өзгергендіктен қышқылды ерітінділерде химиялық тұрғыда еріп кетеді. Бұл – осы уақытқа дейін адамзатқа беймәлім болып келген құбылыс, сонымен қатар химия саласы бойынша Қазақстанда ашылған тұңғыш ғылыми жаңалық.
«Титан – ең тұрақты металдардың бірі. Қазақстанда оның өте көп қоры бар. Металл өте тұрақты болғандықтан, көптеген химиялық реакторлар, тікұшақ, ұшақ, кемелердің бәрі содан жасалады. Ол суда 20 жыл жатса да, өзгермейді. Бұл – оның жақсы қасиеті. Бірақ сол титаннан жасалған құралдар тозған кезде оларды ешқайда қолдана алмайтынбыз. Себебі оны қайтадан балқыту қиын еді. Біз соны оңай жолмен ерітудің жолын таптық» деді жаңалық авторларының бірі, химия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдуәлі Баешов.
Ғылыми жаңалықтың теориялық, практикалық тұрғыда еліміздің экономикасы үшін маңызы зор. Себебі қазіргі кезде сынықтар мен үгітінділер күйіндегі титан қалдықтары бүкіл әлемде қордаланып қалған және олар іс жүзінде өңдеуден өткізілмеген. Аталған зерттеулер химия мен титан технологиясы саласында жаңа бағытқа жол ашып отыр. Яғни тәжірибеде іске татымайды деп бағаланып келген сынық, үгітінді, ұнтақ күйіндегі титан қалдықтарын химиялық постэлектролиздік еріту арқылы одан металдың жаңа қосындыларын алуға болады.
Зерттеу нәтижелері баспа жүзінде жарияланған. Осы жаңалық үшін авторларға Мәскеудегі Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының қоғамдық академиясы төралқасының шешімімен №510 диплом табысталған.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.