ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМНЫҢ КОДЫ

Мәскеуде білім алып жүрген қазақ жастарының «Қазақ жолы» деген интеллектуалдық клубы бар. Жиі бас қосып, түрлі тақырыптарда талқылаулар жасап отырады. Таяуда Ресей Федерация­сы үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты, заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиевтің модераторлығымен Мәскеудегі жастар «Дөңгелек үстел» өткізді. Жиын Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен өткен.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары әңгіме арқауына өзек болып, ондағы жетекші ойлар қазақ дүниетанымының басты ұғымдарының бірі – «жол» категориясы арқылы қарастырылған. «Жол» ұғымының этнолингвистикалық, тарихи, құқықтық, мәдени, шаруашылық және философиялық қырларымен қоса Қазақ Елінің алдағы даму кезеңіне дүниетанымдық тұғырнама қалыптастыру сұрақтары талқыланды.
Басқосуға Қазақстанның Мәскеу қаласында білім алып жүрген докторанттар, магистранттар, студент жастар мен Елшілік қызметкерлері қатысты.

«ЖОЛ» ҰҒЫМЫ – ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ КОДЫ

Нұрлан АСҚАРОВ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верси­тетінің докторанты, филология ғылымының кандидаты:
– Қазіргі кезде ұлттық дүние­танымның негіздерін, қайнар-көздерін, бастауларын іздестіру өте өзекті. Дүниеде дербес тұру мен өзіндік көзқарасы нық іргелі елге айналу да тікелей осы дүниетанымның беріктігіне тәуелді. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да, таяуда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да қазақтың рухани өзегін, дүниетанымдық тұғырын іздестіру, жаңғырту, қалпына келтіру бағытындағы игі бастама.
Қазақ дүниетанымының бастаулары мен оны құрайтын мағыналық ұғымдарға іздеу салғанда «Жол» ұғымының жүйе құраушылық қасиеті көрінеді. Яғни дүниетанымды жүйе ретінде қарастырсақ, онда осы жүйені құрап тұрған басты тірек ұғым – «Жол» атауы. Басқаша айтқанда, «жол» ұғымы – қазақ дүниетанымының коды.
Адамның өзін, қоршаған ортаны, жалпы кеңістікті игеруі, яғни танып-білуі жолдан басталады. Жол – адам мен қоршаған ортаны байланысқа түсіретін құрал. Қазақ «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың бар да ел таны беріп жүріп» дегенді неге айтқан? Өйткені өмірдің мәні – қозғалыс, қозғалыс – жолды тудырады, жол – танымды кеңейтеді.
Көшпелі тұрмыс салтын ұстанған қазақ халқы қоршаған ортаны бақылау негізінде әр заттың, құбылыстың өз жолы бар деген түсінікке келген. Мысалы, аспан денелерінің қозғалысы, жан-жануарлардың тіршілігі, өзен-көлдердің ағысы. Осылардың барлығын пайымдай отырып, өзі де тіршілік салтын, өмір сүру дағдысын соларға үйлесімді етуге тырысқан. Тіпті қазақ тілінің өзі осы ұлы үйлесімге негізделген. Ондағы басты заңдылық та – Үндестік заңы (сингармонизм). Қазақ күнтізбесі, жыл санау, уақытты белгілеу, қашықтықты өлшеу, бәрі-бәрі осыдан бастау алып жатыр.
«Жол» ұғымының мағыналық кеңею эволюциясы төрт кезеңді қамтиды. Бірінші, көне түркі жазба ескерткіштері кезеңі (Ырқ бітіг, Орхон-Енисей және т.б.), екінші, ислам келген кезең (Әбу Насыр әл-Фараби «Бақытты болудың жолдары», М.Қашғари «Құтты білік», Ж.Баласағұн және т.б.), үшінші, Қазақ хандығы кезеңі (ақын-жыраулардың мұралары, би сөзі және т.б.) және төртінші, Алаш Орда қозғалысы кезеңі («Айқап», «Қазақ» сияқты ұлттық басылымдардағы ізденістер).
Көріп отырғанымыздай, «жол» ұғымының мағыналық кеңеюі Алаш Орда қозғалысына дейін жалғасқан. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін даму басқа арнаға бұрылды да, қазақ халқы төлтума қасиетінен ажырай бастады. Ғасырлар бойы тұтынып келген жазуы өзгерді. Ертедегі әдеби-мәдени мұралардан көз жазып, рухани сабақтастық үзіліп қалды. Дегенмен, ол архетип ретінде түпсанада сақталып, салт-дәстүр, жол-жора, мақал-мәтел күйінде халық санасында өмір сүруін жалғастырған. Бірақ ары қарай даму, кеңею процесі әлсіреп, бәсеңдеді. Оған бөтен идеологияның, билеу жүйесінің енгізілуі (дүниетаным­дық тұғырды өзгертті); шаруашылық, өмір сүру салтының түбегейлі өзгеруі; жазудың ауыстырылуы; қазақ тілінің тұрмыстық қолданылу деңгейіне ығыстырылуы себеп болған.
Яғни «Жол» ұғымы мағыналық тұрғыдан қазақ өз дүниетанымына сай өмір сүрген кезде кеңейіп отырды да, «жолдан тайған» кезінде ары қарай кеңею процесі тоқтады. Тіпті тарылу үрдісі қылаң берді. Ендігі кезеңде осы жолды қайта мағыналық тұрғыдан кеңейту Қазақ елінің де дамуын жеделдететін тың қуат болмақ. «Жол» ұғымын кеңейту тарихи және рухани тамырға жалғану арқылы жүзеге асады. Бұл ұлттың жасампаздық қуатын оятып, шығармашылық қасиетін дамытады.
Қорыта келгенде, «Жол» – қазақтың осы кезге дейінгі кеңістікті, тіршілікті, ішкі жан дүниені игеруі нәтижесінде жинақтаған бүкіл тәжірибелерінің, дүниетанымының жиынтығы.

ЖІБЕК ЖОЛЫ: ТАУАРЛАР ЖОЛЫ, ИДЕОЛОГИЯЛАР МЕН САЯСИ МҮД­ДЕ­ЛЕР

Сәкен НҰРБЕКОВ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік ­универси­тетінің докторанты, тарих ғылымының кандидаты:
– Көшпенділер санасында берік орныққан «Жол» ұғымының әлеуметтік-саяси және экономикалық мәні зор. Ұлы «Жібек жолы» әлем халықтары мен көне мемлекеттер арасын жалғады. Олардың қатарында Рим империясы, ежелгі Грек, Византия империясы, көне Парсы, Үндістан және Қытай бар. Бұл тауарлар, идеологиялар мен саяси мүдделер жолына айналды. Шын мәнінде, бұл ел мен елді, алуан мәдениеттерді бір-біріне тоғыстырудың бастапқы кезеңі, алғашқы жаһандану жолы еді. Бұл жолды кім салғанын, ол қалай дамығанын тек көшпелі түркілердің тарихына бойлап қана түсіне алмақпыз.
Тарихтан белгілі, көшпенділер отырықшылардың тауарларына мұқтаж болды, ал өз кезегінде отырықшылар көшпенділер тауарларын алуға мүдделі еді. Иә, көшпенділердің тауарларына. Өйткені тауар деген сөздің түп төркіні түркілерге тиесілі.
Әлемдік экономика теориясының классиктері сауда-саттық мәмілелерін жасау үшін алдымен баламаны ­(эквивалент) белгілеудің қажеттігін тұжырымдайды. Ертеде әлі ақша ­пайда болмаған кезде тауарлар баспа-бас ­айырбасталды. Балама бірден қалыптаса қойған жоқ. Мемлекет ішінде немесе тайпалар арасында сауда-саттық тайпаның беделді тұлғалары (абыздар, көсемдер, т.б.) белгілеген келісімге сай жүргізілді.
Халықаралық саудада бұл мәселе біртіндеп баяу қалыптасып, белгілі бір жолдан өтті. Қақтығыстар да туындады, түсіністікке де келді, сый-сияпаттар да жасалды. Сөйтіп ортақ бітім-бәтуа – келісімге келу арқылы тауарды тауарға айырбастаудың белгілі бір тәжірибесі қалыптасты.
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихында орта ғасырларда сауданы соғдылықтар жүргізгені айтылады. Мұнымен келісу қиын. Біріншіден, олар негізінен жер өңдеушілер еді. Екіншіден, олардың жүргізген алып-сатар саудасы Маркстің анықтамасы бойынша балама тудыра алмайды.
Айырбас жергілікті нарық шегінен сыртқа шығып кеткенде, жалпыға ортақ балама функциясын ақша болатындай бір тауарға байлау қажеттілігі туындады.
Сонымен, Макс Фасмердің эти­моло­гиялық сөздігі бойынша ақша дегеніміз не?
М.Фасмердің сөздігінде берілген кең таралған нұсқа бойынша, орыстың «деньги» сөзі (жеке тұлға, ауызша «деньга») түркінің «теңге» немесе хазарлық «таңба» («тавро», «клеймо», «печать») деген сөзінен шыққан.
Яғни ақша ұғымы балама мәнін берген, бірақ ақша болып есептелмеген. Ол белгілі бір тауарлар жиынтығын жылқы малына айырбастауды білдірген. ­Айырбас тұрақтанған соң балама монета түріндегі нағыз ақша формасын иеленеді. Осыған орай Теңге (араб елдерінде данек; Персияда дангх; Үндістанда, Цейлонда, Тибетте және Непалда танка, тангка немесе таньга; Хиуа және Қоқан хандықтарында, Бұхар әмірлігінде ­таньга немесе теңге) – бастапқыда ұсақ күміс монета, кейіннен Шығыс елдерінде мыс шақа. Ежелгі Греция мен Парсыларда бұл тиындарды данака (грек. Δανακη; парс. danaka) деп атаған. Кейде грекше обол (мысалы, антикалық дереккөздерге сәйкес марқұмды о дүниеге апару өтемі – Харон оболы) деп те атаған.
Афанасий Никитиннің «Хождении за три моря» туындысында (XV ғасыр) үнді және қытай ақшасы тенка, тенки деп аталады, мысалы, «а родится дитя бѣло, ино гостю пошлины 300 тенекъ», «Почка алмаза новой копи по пять кени, чёрного — по четыре — шесть кени, а белого алмаза — одна тенка».
Қазіргі кезде теңге – Қазақстанның ақша бірлігі.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, ТЕҢГЕ халықаралық сауда-саттықтағы алғашқы балама, кейіннен халықаралық валюта болған деп нық сеніммен тұжырымдауға болады. Мұны көшпелі түріктердің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі ретінде ЮНЕСКО-да бекіту қажет деп ойлаймын. Жалпы Ұлы Жібек жолы халықаралық сауда-саттықты дамытудың катализаторы болды.

ЖОЛ ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНЫҢ АБСОЛЮТІНЕ ІЗДЕНІС

Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты, заң ғылымының кандидаты:
Жол дүниетанымы. Қазақ халқының «жол» арқылы жүріп-тұрып білім іздейтін, қоғамдасып қатынас орнататын, дүниенің тұруына зер салып, ой түйетін ерекшелігі – дәстүрлі дүниетанымы селкеусіз қалыптасқан әр қазақ баласына ұғынықты. «Жол» ұғымы – космологиялық таным (құс жолы), кеңістіктің парқы (көш жолы), антропоморфтық өлшем (кісі жасы), әлеуметтік категория (ханның, бидің, байдың, батырдың, құданың жолы ­дегендей), саяси-құқықтық ­абстракция («Қасқа Жол», «Ескі Жол»), діни-сакральды әлем (Йол Тәңірі, Яссауидың «хаһ жолы» ілімі) сияқты қабаттарға сыналай өте отырып көшпелі қазақ өмірінің рухани әлемін ­байытты және дүниетанымдық жүйесін қалыптастыруда жетекші рөл атқарды.
Қазақ жолы мәселесі. Қазақ жолы дегеніміз – халқымыздың ғасырлар бойы жүріп өткен қара жолы. Қай қырынан алып қарасақ та «жол» мен «орын» ұғымдары тетелес. Сол себепті әлемдегі өз жолымызды (орнымызды) анықтау – тағдыршешті һәм дүниетанымдық мәселе. Осы күнге дейінгі рухани ізденістеріміз – ұлт болып ұйысуымыздың белестері қызметін атқарып келді. Бүгін қазақ халқы – Тәуелсіз мемлекетін құрушы ұлт. Сондықтан ұлт жолын ой елегінен қайта өткізіп, тұтастай алып қарайтын уақыт келіп жетті.
Философия – өркениет өміршеңді­гінің кепілі. Әр ұлттың төл, тек өзіне ғана тән қайталанбас дүниетанымы болады десекте, олардың барлығы дерліктей өз алдына жеке-дара философиялық жүйеге айналып кете алған жоқ. Ал төл дүниетанымы философиялық ой түзу биігіне ұласа алмаған ұлттың болашағы бұлыңғыр, ертеңі көмескі. Алайда тұтас бір философия қалыптасуы үшін ұлттық дүниетаным ғана емес, тіпті өркениеттің болуы да аздық етеді. Неміс философы О.Шпенглердің өркениеттер ғұмыры туралы теориясына сенер болсақ, өркениет атаулы 1000 жылдан артық жасай алмайды-мыс. Олай болса кемінде үшмыңжылдық тарихы бар қытай өркениеті көрсетіп отырған өміршеңдікті қалай түсіндіруге болады? Бұл сұраққа өркениет туралы ХХ ғасырда қалыптасқан 5 түрлі ғылыми бағыттың бір де біреуі тұшымды жауап бере алмай отыр. Қытай өркениетінің күні бүгінге дейін сақталуының басты құпиясы – конфуцишылдық пен ­даосизмге негізделген төл философиялық жүйенің, яғни өздікті (самость) белгілейтін дәстүрлі дүниетанымдық ілімнің ­болуында жатыр.
Абсолютке ізденіс – Қазақ жолының әлқиссасы. Мыңжылдықтар бойына Қазақ Елінің мемлекет, ал қазақтың ұлт болып сақталып тұруы үшін төл философиямызды қалыптастыру керек. Алайда бір нәрсені ескеруіміз тиіс, ол – философияның еуроцентристік дәстүрде қазақ даласында қалыптас­пағандығы. Себебі жазбаша ой және оның сабақтастығы орын алмады. Абайдың Бұхар жырауға, Бұхардың Асан қайғыға, оның Әбу-Насыр әл-Фарабиге сілтеме жасап сөз сөйлеп, ой өрбітпегендігі бәрімізге белгілі. Сол себептен қазақ философиясы шығыстық дүниетаным типіне жататын ұжымдық ойдың туындысы ретінде қалыптасты. Бұл бағыттағы ізденісімізді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады: бастапқы уақытта – этнофилософиялық пайымдауларды қамтыса, келесі кезеңінде – дәстүрлі ілім қалыптастыруды көздейді. Этнофилософиялық ізденістер дегеніміз кәсіби философияда қалыптасқан уақыт пен кеңістік, қозғалыс пен тыныштық, өмір мен өлім секілді танымның шекті категорияларын ұлт дүниетанымының ерекшеліктеріне сай ой елегінен өткізіп, қазақ тілінде сөйлету һәм дискурс ашу. Ұлттық философия – тілдегі бар дүниетанымдық ұғымдарды әркім өз білгеніне салып түсіндіру емес. Бұлардың «матрица» секілді ортақ қисыны болуы тиіс. Әйтпесе бір ұғымның төңірегінде он ойшыл он түрлі пайым шығарып, пәтуасыз пікірталас тууы ықтимал. Сол себепті философияда ойды бір нүктеге бағыттап, өрбітіп отыру ­немесе керісінше, оны бір нүктеден шығарып, тарқату әдістері қолданылады. Мұны бір сөзбен айтқанда «Абсолютке іздеу салу үрдісі» деп атайды. Ал Абсолют дегеніміз не? Оның қазақ философиясындағы сұлбасы қандай? Бұл орайда бірнеше факторды ескерген жөн. Әуелі қазақтың мұсылман дінін ұстануымен байланысты. Олай болса Абсолют дегенміз – Құдай, бір Алла болып шығады. Монотеистік сарын. Серік қосуды қабылдамайды. Екіншіден, Абсолют биігіне көтеріле алмаса да ұлттық дүниетанымның ерекшелігінен туындайтын әрі Абсолютпен арадағы байланысқа өзінше бір мән беріп тұратын өзекжарды ұғымдар бар. Солардың бірі – «ата-баба аманаты» имепративі болса, екіншісі «ұят болады» культі деп көрсетеміз. Бұл ұғымдар төл дүниетанымды қалыптастыруда іргеқалушылық мәнге ие. Айталық, ар, намыс, абырой, ерлік, батырлық, азаматтық, қонақжайлылық, парасаттылық, дегдарлық секілді кісілік өлшемдерінің қай-қайсысы болмасын «ата-бабалар аманаты» мен «ұят боладының» безбеніне түспей қазақ дүниетанымының өзегіне байлана алмайды.
«Ата-баба аманаты» императиві. Шығыстық дүниетанымда қоғамның мәдениеті оның өліге көрсеткен құрметімен өлшенеді. Бұл өз кезегінде қазақтардың дәстүрлі дүниетанымында «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін ата-баба культін қалыптастырды. Ұят боладысы бар қазақы мұсылмандықта «ата-баба аманатына» құрметпен қарау культі Аллаға серік қосуды білдірмейді. Абсолют пен «ата-баба» культінің өзара тығыз байланыста өмір сүруі шығыс халықтарының дүниетанымында кең тараған тәжірибе. Мәселен, Конфуций ілімінде Абсолют – «тянь» (аспан), ал ата-баба (отбасы) культі «сяо» ұғымы арқылы берілген. «Ата-баба аманаты» деген сөзді тарихи санасы қалыптасқан, дүниетанымына сызат түспеген көне көз қариялардың, ел билігінде жүрген азаматтардың, ғылым мен шығармашылық тұлғаларының аузынан жиі естіп жатамыз. Тілдік қорда бейсаналы түрде қолданылып келе жатқан осы бір рухы биік ұғымды естігенде селт етпейтін қазақ кемде кем. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «ата-баба» сөзінің 15 рет қайталануы да кездейсоқ болмаса керек-ті. Бұл мемлекет басшысының бабалар алдындағы перзенттік парызға адалдығын, ой-сана биігінде олардың аманатына құрметпен қарайтындығын білдірсе керек. Себебі «ата-баба аманатын» алып жүру әр азамат үшін бір жағы атан түйеге артарлық ауыр жүк болса, екінші жағы – абыройлы мәртебе, ұжымдық сана сенімі. Түптеп келгенде «ата-бабалар аманаты» шежірелік дәстүрге бас тіреп, әр қазаққа түбінің бір, тағдырының ортақ екендігін баяндап тұрады.
«Ұят болады» культі. 1948 жылы америкалық антрополог әйел Рут Бенедиктің «Хризантема және семсер: мәдениеттің жапондық үлгісі» атты зерттеуі жарық көреді. Осы еңбекте алғаш рет Батыс пен Шығыс мәдениетінің ерекшелігі сөз болып, оларды «кінә» және «ұят» культі арқылы ажыратып берді. Орыс ойшылы В.Соловьевтің картезиандық дәстүрді өзгертіп «мен ұяламын, демек, өмір сүріп отырмын» деп қарауды алғы әрі маңыздырақ деп біледі. Ф.Ницще болса «ұят, ұят, ұят – міне, адамзат тарихы» дейді екіленіп. Ұят феномені антропогенездік мәселе. Адамды адам еткен ұят. Еңбек емес. Құмырсқа да еңбек етеді. Алайда интеллектісі адамға жете қабыл маймыл, жылқы секілді тіршілік иелерінде отбасы ғана емес, неке түсінігінің де қалыптасқандығын зерттеулер көрсетіп отыр. «Жаман айғыр – жатырына шабады» дейді аңғарымпаз қазақ мақалы. Инцест құбылысына тиымды ­К.Леви-Стросс қоғамның пайда болу (социо­генез) шарты ретінде қарайды. Сол себепті «ұятменді» емес, «ұят боладысы» бар адамды зерделеу, оның қазақ дүниетанымындағы ерекшелігін анықтау өзекті мәселе. Фукусимадағы жарылыс кезінде ашық-шашық қалған үйлердің бірде-бірінің тоналмауы немесе кешегі Мәскеуде өткен футболдан әлем чемпионатында жапондықтардың қоқыс қалдырмай, артын жиып жүру әдеті әлем жұртшылығын жаға ұстаттырып, кезекті рет таңдандыртып алды. Жапон халқының сырт көзге тәртіпті көрінуге тырысуының астарында «ұят болады» культінің жатқандығын көпшілік жұрт аңғара бермейді. Бірақ бұл мінез қазаққа таңсық емес. Себебі қазақ баласы ес білгеннен бастап «ұят боладымен» өседі. Тәрбие көреді. Қазақтың мінезін «ұят боладымен» тәртіптеуі кеше ғана бүр жарған иә сырттан әкелінген дүние емес. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, әлеуметтік өміріміздің шындығына айналып, тарихтың тезінен өткен, мыңжылдықтар тізбегінде үзілмей іргелі де бірегей құндылықтарды өмірге әкеле білген төл мінезіміз. «Ұят болады» мәдениеті өрескел мінезді ­тыйып, өнегелі істі мақтап тәрбиелеуге негізделген жүйе. Сол себепті де мақтаулы мінез «ұят болады» сұратып отырған жақсының образы. Абайдың мақтанды «үлкен» және «кіші» деп екіге жарып сұрыптауындағы «үлкен мақтан» ұғымы осыны, яғни «жақсы» адам образын білдіреді. Үлкен мақтан, ол ірілік. Жақсы ісіңмен жұрт көңілін таба білу. Абырой биігі. Сол себепті де «ұят болады» мәдениетінің жарқырап көрінген бір қыры ретінде герой болуға деген пассионарлық ұмтылысты атауға болады. Бұл өз кезегінде батырлар жырын жаттап өскен ұрпақтың ойлау жүйесіне геройлық-трагедиялық сарын беріп, өмір мен елдің мұраты туралы сыңар тағдырлы пайымдарға жол ашты.
Геройлық-трагедиялық ойлау типі. 1949 жылы неміс ойшылы К.Ясперстің «Тарих тағайыны мен мағынасы» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Осы туындыға кіріспе мақала жазған А.Вебер (әйгілі М.Вебердің ағасы) еуроазиялық көшпелі халықтарға геройлық-трагедиялық ой кешу дәстүрі тән деп көрсетеді. Бұл дегеніміз өмірді «бір кем дүние» деп қабылдайтын батырлық сананы дәріптейтін ұстаным. «Ер туса – ел ырысы» деп, геройға, осы бір кетігі мол, мінсіз емес дүниені түзету миссиясын жүктейді. Сол себептен де герой санасы әманда дүниеге оппозиция келеді. Әлем оған трагедия һәм әділетсіздікке толы мекен ретінде елестейді. Есті ер мұндай кем дүниеде жер басып жүруін өзіне ар көріп, батыр бабалары салған жолменен іс қылады. Әділетсіздікпен қарсы күрес исламда да мұсылманның миссиясы ретінде қарастырылған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде былай деген екен: «Әділетсіздік көрсең қолыңмен қарсы тұр, олай ете алмасаң тіліңмен ара түс, мұның да реті келмесе ойыңмен қарсылық білдір» деп. Сондай-ақ пайғамбарымыз айтқан келесідей хадис бар делінеді: «Өлкені (дұшпандарға қарсы) қорғаудың күші онға бөлінеді: Оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді…» (ат-Табари). Бұл айтылғандардан көретініміз, геройлық болмыс қазақ дүниетанымының бір ерекшелігі екендігін білдіреді. Орыстың діншіл философы Н.Бердяев геройлық мінез үш түрлі элементтен тұрады деп жазады: 1) «еркек тоқты құрбандық» дейтін жанқиярлықтан, 2) агрессиядан және 3) үлкен идеяға қызмет етуден. Соңғысы алғы екеуінің мәнін ашып, мағына беруші күшке ие. Арыға бармай-ақ қазақтың соңғы ханы Кенесары мен кешегі өткен Қайрат Рысқұлбековтің жанқиярлығы – ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрес идеясы еді. Елдіктің, бабалар аманатының мәселесі-тұғын.
Қазақ жолы – бұл қазақтың мінездегі тәртібі. Қазақ мінезі дегеніміз, ең алдымен, оның «ұят боладысы», осы бір биіктен һарекетімізге баға берілуі иә рухани жарауымыз дұрыс шықпай бір сәтте сыналып қалуымыз. Мұны Ғ.Есім «жар басында» деген философиялық этюдінде жақсы тарқатқан. «Ұят болады» культінде бір қызметі сол – жұрт мақтаған жігіттің жақсылығын асырып, жамандығын жасырушылық, оның бойы­нан геройға тән мінез бен іс-қимылды көрушілік. Ұжымдық сананың үкілеп үміт артуы.
Тоғыз тараулы «Қазақ жолы». Ұлттық дүниетанымның еркшеліктерін ескере отырып, оның этикалық ұстанымдарын тоғыз бағытта тарқатып отырмыз. Олар, 1) кең жол, 2) аманат жолы, 3) рухтаным жолы, 4) әділет жолы, 5) ар жолы, 6) абырой жолы, 7) құт жолы, 8) бітім жолы, 9) мейірім жолы.
Енді айтылғандарға қысқаша тоқтала кетер болсақ, кең жол дегеніміз қазақтың «кең болсаң, кем болмайсың» дейтін пейілдің, ойдың және рухтың кеңдігін білдіретін метафизикалық мәселе. Сондай-ақ кеңістік тұрғысынан да кеңейіп отырған он сегіз мың ғаламның материалистік сұрақтарын қамтиды. Бұл орайда Асан қайғының «жерді-ұйыққа» (жерұйық) айналдыру миссиясы қазақтардың әлемге ұсынатын глобалистік жобасы ретінде қаралуы тиіс. Алдағы уақытта адамзаттың ­космосты игеру ретіне қарай «көкті – ұйыққа» (көкұйық) айналдыру мұраты да кең жолдың кезекте тұрған бағыты.
Аманат жолы дегеніміз – адамды аманат иесі ретінде қарастырады. Уақыт тұрғысынан келер болсақ бұл кешегі өткен «ата-бабаларымыздың», ертеңгі келешек ұрпақтың және мәңгілік бар – Абсолюттің (Құдайдың) алдындағы аманат. Бүгін сәтінде осы аманаттарды арқалап адам тұр. Жүсіп Баласағұнның ойынша «өмір – адамға Алланың берген қарызы». Кеңістік тұрғысынан аманат тәннің, жердің және он сегіз мың ғаламның жүгін артады.
Рухтаным жолы дегеніміз – әрбір адам дербес әрі қайталанбас рухтың иесі деген тұжырымнан бастау алады. Жер бетінде неше адам болса соншалықты рух иесі бар. Рух – Алладан. Демек, рух деңгейінде адамда кемдік жоқ, әділетті Алла барлығын тең жаратып отыр. Әрбір пенде өзінің бойындағы дара болмысын, яки рухын тану әрі оның тынысын ашу арқылы ғана Алланың оған арнап берген сенімін ақтап шықпақ. Рухтаным жолы өткінші жасампаздықтан өресі биік, мазмұны терең ұстаным.
Әділет жолы дегеніміз үш түрлі мәселені қамтиды. Бірінші – адалдық мәселесі. Адал адам ғана – әділ болмақ. Екінші – теңдік мәселесі. Дистрибутивтік емес, метафизикалық мағынадағы теңдік. Бұл орайда теңдік жолы бейнелеп айтар болсақ «3К» қағидасынан тұрады: 1) өзіңді кем көрмеу, 2) өзгені кемсітпеу, 3) кемсітушілік атаулыға жол бермеу. Үшінші – әділетсіздікпен күрес мәселесі. Яғни зұлымдықпен (зулм) күрес геройлық-трагедиялық дүниетаным тұрғысынан да, ислам тұрғысынан да мұсылман баласының басты миссиясы ретінде қаралады.
Ар жолы дегеніміз қазақтың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін мінезіне негізделеді. Адам ары – ең жоғарғы құндылық, тіпті дүние-мүлікті былай қойғанда, адам өмірінен де биік бағаланатындығымен ерекше. «Өлімнен ұят күшті» деп жатады мұндайда. Ар ілімі – қазақ жолының дүниетанымдық өзегінің бірегей бастауы.
Абырой жолы дегеніміз – «жақсының» жолы. Абырой иесі – оның шығар биігі. Орыс тіліндегі «добродетель» ұғымының қазақша мағынасы. Абырой иесі болуы үшін үш түрлі соқпақты тең ұстау ләзім: 1) рухыңның қамын жеу, яғни оның Алладан екенін ұдайы естен шығармай, құрметпен қарау, жақсы нышандарын аңдап, дамытып отыру; 2) жақыныңның қамын жеу, яғни «жақынына жаны ашымағанның, жатқа басы ауырмас» деген мағына беріп, отбасылық, ағайынгершілік, туыстық қатынастарға көңіл бөлуге шақырады; 3) халықтың қамын жеу, яғни ел-жұртыңа қайыры бар халықшыл һәм қарашашыл азамат болу идеясын қамтиды.
Құт жолы дегеніміз еңбек етіп, дәулет жиюды білдіреді. Еңбек етудің мотивтерін үш деңгейде қарастырамыз: 1) материалды қажеттілікті өтеу үшін еңбек ету, 2) рух жасампаздығын дамыту жолында еңбек ету, 3) жақсылық жасау үшін еңбек ету.
Бітім жолы дегеніміз қазақтың бітімгершілік, кеңпейілділік пен кешірімшілдік мінездерінен туын­дап отыр. Бітім жолын интер­ком­муникативті рационалдықпен сабақ­тастырып, оның әлеуметтік (адам күні – адаммен), прагматикалық (бітім түбі – береке) және өнегелік (жеңіс емес, рухани жеңілдеу маңызды) қабаттарына маңыз беріп отырмыз.
Мейірім жолы дегеніміз үш түрлі қабатта көрініс табады: демеушілік (болам деген баланың бетін қақпа, белін бу), жебеушілік (жетім көрсең жебей жүр) және мейірім ілімі (қорғансызға қамқор болу, оны құпия істеу және мадақ күтпеу).

МАЛ ӨСІРУДІҢ ЖАҺАНДЫҚ МИССИЯСЫ – ҚАЗАҚТЫҢ БІР ЖОЛЫ

Жомарт КЕМЕШОВ, Ресей мем­ле­кеттік аграрлық университеті – К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл­ша­руашылық академиясының докто­ранты, ветеринария ғылымының кандидаты:
– «Жол мұраты – жету» демекші, «Қазақ жолы» деп атау беріп отырған бұл дүниетанымдық жүйенің бір қызметі – адам мен адамды, ел мен елді, мәдениеттер мен өркениеттерді қосу. Жаһандану дәуірі десе жұрт санасы елеңдеп, қорқыныш пен үрей сезімін қатар туатыны рас. Алайда «жол» дүниетанымы тұрғысынан келер болсақ, кеңейіп бара жатқан әлемге қарсылық көрсетудің орнына, дәнекерлеуші күшке айнала білу, осы бағытта Абай айтпақшы «ақылда бірлік» тауып, қазақ баласына өресі биік өркениетжаюшы миссия арқалатып, жұмыла іс қыла алсақ, міне, көшелі ісіміз осы болады түбінде. Жылқы мен түйе малы күні кешеге дейін осынау төрткүл дүниені қосқан жолдың һәм коммуникация мәдениетінің ­басты кейіпкерлері еді. Ұлы сауда жолдарын дамытуда, олардың азықтық және күзет қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде – ірі қараның орны ерекше болды. Тұрмыстық қана емес, геостратегиялық маңызға ие-тұғын. Тіпті күні кешегі кеңестік Қазақстанда жүрген мұнай құбырларын тарту, теміржол желісін салу сияқты индустрияландыру процестері де сан мыңдаған қазақтың төрт түлігінің арқасында іске асты. Мал өсіру мәдениетінің өркениет биігіне көтеріле алған бір мағынасы бар десек, ол осы – «жол жүргізу» дәстүрі. Сол себептен ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған глобализм жобасын көне заманнан келе жатқан көшпелі түркі халықтарының өркениетжаюшылық миссиясымен байланыстырамыз, тіпті оның қайта түлеуі десек те жаңсақ кетпейміз.
Тіршілігіміз көшіп-қонып, мал өрістету ғана емес, ел танып, жер танып, кеңістікте болсын, пейілде болсын, кеңеюді аңсар еткен соң, түлік баласының да заманға лайықты тағайынын белгілеп келдік. Олай болса, «бүгінгі таңда төрт түлік мал өсіруіміздің жаһандану үрдісіндегі орны қалай болмақ, ата кәсіпке қандай жаһандық мағына мен мән жүктей аламыз және ол қаншалықты деңгейде жауап бере алады» деген философиялық сұраулар сөзсіз мазалауы тиіс-ті.
Осы орайда, төрт түлік мал өсірудің қазаққа берер екі ерекшелігін атағым келеді. Біріншіден, төрт түлік мал қазақтың құты, ұлтты идентификациялайтын шаруашылық сипаттағы базалық элемент. Дүниетанымды айнытып жіберу үшін шаруашылық негізді сылып тастаса болғаны. Тілдің өрісі күрт кеміп, тынысы т­арыла ­бастайды. Ой саязданады. Сол ­себептенде АҚШ, Жапония секілді озық елдер дәстүрлі шаруашылыққа тұрақты түрде мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр. Екіншіден, мал бағу дегеніміз қазақтың кең даласын ұтымды игеруде сабақтастығы үзілмей келе жатқан көне дәстүр. Даласы малға сыймай шұрқырап жатқанда өзін бақытты сезінетін аз халықтың бірі қазақ екеніде жасырын емес. Қуана білудің де ұлттық ерекшелігі болатыны секілді, әр халықтың бақытты сезінуі де әр қалай. Мұны өзгертуге емес, ескеруге тырысып салихалы шешімдер кешені қабылданғаны жөн деп ойлаймыз. Сондықтан кең даланы мал шаруашылығын дамыта отырып игерудің ұлттық жобасы әзірленуі тиіс.
Мұны екі бағытта көреміз:
1. Отандық мал шаруашылығының сапасын үнемі арттырып отыру ісі. Бұл орайда кәсібилік, технологиялық, кадрлық, экномикалық және құқықтық сұрақтарын үйлестіруге мән берген жөн. Атап айтар болсақ, жоспар қуған заманнан қалған жыртылған жерлерді экологиялық баланста ұстау, қалпына келтіру; жайылым алқаптарды ұтымды пайдалану мен айдын көлдердің тазалығына көңіл бөлу; өңірлерде жер ыңғайына қарай төрт түлікті асылдандыруды қолға алу; жеке меншік иелеріне түсініктемелік іс шараларды тұрақты жүргізіп, әр маусымға байланысты қаржылық көмек көрсету; жас мамандарды келісімшартпен айтылған нысаналарға жұмысқа шақыру, тұрмыстық жағдайын жасау сияқты шараларды қамтуы тиіс. Осы күнге дейін ауыл қазақтарында көбесі тесілмей сақталып келе жатқан дәстүрлі жер пайдалану құқығын заң дәргейінде мойындау да маңызды. Бұл ауыл халқын асырап отырған мал шаруашылығына тиесілі жайылымдық жерлерді латифундистердің қолына өтіп кетуден сақтаған болар еді. Қазақтың тамыры ауыл болғандықтан, оның дамуына стратегиялық маңыз беру мал шаруашылығын дамытудағы басымды бағыт болуы тиіс.
2. Төрт түлік мал өсіру мәдениетін туризмді дамыту ісіне жалғау. Бұл орайда әлемді дүр сілкінткен ұлы тарихи оқиғаларды ұтымды туристік жобаға айналдыруға болады. «Ұлы Жібек жолы», «Халықтардың Ұлы көші», «Ата жұрт», «Мадиярлардың көші» сияқты тартымды атаулармен әлем жұртын қазақ даласының мәдениетімен, соның ішінде мал бағу, атқа отыру салтымен таныстыратын үйлесімді жоба керек. Мемлекет тарапынан картасы жасалып, жобаға қатысушы мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылып, тұрақты қолдау көрсетіліп отырса жөн болар еді. Төрткүл дүниені жалғап жатқан керуен көштерді, малшы қауымның маусымдық көшін туристік жобаға ұтымды үйлестіре білсек – ел экономикасына ғана емес, рухани жаңғыруымызға да қосатын үлесі мол болмақ.
Көш барысында дала заңдарының бойында бар мәдени универсумдарды, қадым заманнан келе жатқан «жол үстінде» алдамау этикасын дәріптей отырып туристерді төрт түлік малмен және одан алынатын өнімдердің дәстүрлі технологиялық үрдістерімен (ет сақтау, сүт өнімдерінен алынатын заттарға, тұрмысына қызықтыру, кигіз үй, оның ішіндегі жабдықтары) қызықты етіп таныстыруда маңызды.
Қорыта айтар болсақ, төрт түлік мал өсіру мәдениетінің жаһандану үрдісіне қосатын бүгінгі таңдағы негізгі үлесі тек азық-түліктік сипатта ғана емес, сонымен бірге ұлттық туристік жоба дәрежесіне көтерілуді көздеуі тиіс.

ҚАЗАҚ ЖОЛЫ: ҰЛТТЫҚ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ

Болат КЕРІМБЕК, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верси­тетінің магистранты:
– Қазақ халқының Ұлы далада мәңгілік ел болып қалуының басты жолының бірі – ұлттық отбасылық-демографиялық саясат.
Бүгінгі таңда ұлттық демография­лық саясатты дұрыс жолға қоймаған Еуропаның дамыған мемлекеттерін «алдағы 50 жылда тұтас бір ұлт болып қала аламыз ба әлде жоқ па?» деген сұрақ алаңдатуда. Мәселен, ­Еуропа елдерінің жүздеген жылдар бойы жасаған өркениетін ­мигранттар өзгертіп отыр. Бүгінгі таңда миграциялық тенденция арқылы біз Африка халқының Еуропаға, Оңтүстік Америка мен Мексика халықтарының жаппай АҚШ пен Канадаға көшуін байқаудамыз. Жақсы өмір іздеген кедей мемлекеттердің халқы аталған елдерге өздерінің әлеуметтік мәселесін шешумен қатар, өз мәдениетін таратуда.
Ал керісінше басқару формасына (федерация) және демократиялық принциптерге қарамастан кейбір мемлекеттер ұлттық бірегейлендіру тұжырымы негізінде біртұтас ел болуға бет алуда. Ұлттық негізін күшейтуде. Яғни өз құрамындағы этностар мен ұлттарды тілінен, дінінен, мәдениетінен, рухани дүниесінен ­айыру арқылы жұтып қоюда. Бұл тенденция аз ұлттарға қауып төндіреді. Осы жолда Қытай, Ресей, Иран, Индия секілді мемлекеттер қарқынды жұмыс жасауда.
Қуатты мемлекеттің негізгі тірегі экономикамен қатар, демография. ХХІ ғасырда демография мәселесі басты орынға шығуда. Ұлттың мәңгі жасауының өзегі, қорғаушы иммунитеті, ұлттық коды – ұлттық мәдени-рухани мұралары (тіл, дін, діл, мәдениет, салт-дәстүр және т.б) болса, оны сақтаушы және дамытушы – халық.
Қытай (18,29%), Индия (17,86%), Пәкістан (3%), Иран (1%), әлем халқының жартысын құрап отыр. Ал Қазақстан болса Шығысында және Оңтүстігінде осындай елдермен көршілес бола отырып өзінің ұлттық демографиялық саясатын қайта қарауы қажет. Әйпесе аталған елдердің халқы алдағы 30-40 жылда одан әрі көбеюі анық. Яғни аталған елдерден еңбек миграциясы солтүстікке қарай бой алу қаупі бар. Еуропа тағдырын кешуіміз мүмкін. Әлем халықтарының 0,24%-ын Қазақстан халқы құрайды. Тіпті біз 70-ке де кірмейміз! Үлкен территорияны иелік еткен Қазақстан үшін ерекше ­назар аударатын мәселе. Алдағы уақытта Орталық Азиядағы экономикалық және демографиялық жағдай күрделі өзгереді.
Біз Қазақстан экономикасын дамытқанымен, дамыған елдердің қатарына қосылған күннің өзінде отандық экономиканың қуаттылығын арттыратын еңбек күші туралы ойланбаймыз. Бүгінгі заманның басты даму факторы жаңа технологиялар болса, оны жасайтын да, дамытатын да – адам. Сондықтан адам капиталына ерекше көңіл бөлгеніміз жөн.
Халық санын көбейту арқылы саннан сапаға көшеміз. Өз кезегінде бәсекелестік – ұлтты жігерлендіреді, шыңдайды.
Демография саясат ұлттық отбасы институтымен сабақтасып бірге дамуы тиіс. Сонда ғана біз ұлттық болмысымызды жоғалтпаймыз. Мәңгілік ел болудың алғы шарты осында.

«ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖОЛЫ – «ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ» ЖОБАСЫ»

Мұхтар БАЙМАҒҰЛОВ, Ресей Феде­рациясы СІМ-нің Дипломатия акаде­мия­сының магистранты, «Жас Тұлпар» ұйымының жетекшісі:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдар­ла­малық мақалаларында адам ресурсына, соның ішінде жастардың кәсіби біліктілігіне қатысты терең ойлар айтылған. Себебі замана ағысы, технологиялардың қарқынды дамуы мамандықтардың да тез ауысуын талап етіп отыр.
Бүгінгі таңда Ресейде 70 мыңға жуық қазақ жастары білім алуда. Ресейде білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны жағынан Қазақ­стан бірінші орында. Ал екінші және үшінші орында Қытай (24 мың) мен Украина (21 мың) елдерінен келген студенттер. Нақты және жаратылыстану ғылымдары бойын­ша Ресейлік ЖОО-ның сапасы әлемдік рейтингтердің көшін бастап тұрған жоқ, әрине. Бұл елдегі оқу ақысы арзан. Сол себепті қазақ жастарының қызығушылығы жуық уақытта әлсірей қоюуы екіталай. Олай болса орын алып отырған ахуалды түзетіп жібермесек те, білім алған қазақ жасының бетін елге бұруды қолға алуымыз қажет.
Тек Ресейде ғана емес, елдің сыртында білім алып жүрген қазақ жастарының интеллектуалдық қуаты мен тәжірибесін Қазақстанның дамуына жұмылдыру ісі жолға қойылуы тиіс деп ойлаймыз. Ол үшін, бірқатар мәселелерді шешу керек. Бірінші кезекте, шетелде білім алып жатқан жастардың елге оралып, жұмыспен қамтылуын үйлестіріп отырушы мекеме болуы қажет. Мұны біз, Қазақстанның шетелдегі Елшіліктері нысанында көреміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай елшіліктер өз жұмысында инвестиция тарту ісіне басымдық беруі тиіс.
Екіншіден, әлеуметтік жағдайдың дұрыс шешілуі ғана емес, одан бөлек жастар тарапынан да елге қызмет етсем деген ниетін оятатын ортақ бір рухани ұстаным болуы қажет. Бұл орайда қытай, жапон, корей секілді шығыс халықтарының тәжірибесі мен ментальдық мотивтерін зерделеу маңызды. Жалпы қазақ жастары «елге қызметті» ұлттық дүниетанымымызға сай «ата-бабаларымыздың аманатына» адалдық деп қабылдағаны жөн болар еді. Ата-бабаларымыз аманаттаған қазақтың кең даласын болашақ ұрпақ үшін сақтау – ортақ парызымызға айналуы тиіс. Себебі ел бюджетінің кірісі ат төбеліндей ғана 14 пайыз салық төлеушінің есебінен қампайып отырмағаны белгілі. Бюджеттің тірегі – қойнауы кенге толы қазақ даласы. Міне, осы «аманатқа қиянат қылмау» мәдениеті «елге қызметтің» рухани өзегі болуы керек.
«Дөңгелек үстелдің» ұсынысы:
1) Назарбаев зияткерлік мектеп­тері желісі негізінде қазақтар тығыз қоныстанған Ресей, Моңғолия, Қытай, Иран, Өзбекстан және Қырғыз­стан сияқты көрші елдерде, әсіресе күннен күнге еуроазиялық ынтымақтастығымыз нығайып келе жатқан Ресей Федерация­сында (мәселен, Орынбор қаласында) «Н.Ә.Назарбаев атындағы Еуроазиялық интеллектуалдық мектеп-интернат» халықаралық мектептер желісін ашу мәселесі құзырлы органдар тарапынан қолға алынсын;
2) Мемлекеттің бес негізгі белгісі бойынша қазақ мемлекеттілігінің көне дәстүрін көрсететін «Балбал тас» (аумағы), «Шежіре» (халқы), «Қару-жарақ палатасы» (әскері), «Орда» (мемлекеттік билік) және «Теңге сарай» (салық-қаржы жүйесі) мұражайлар кешенін Астана қаласында ашу;
3) Қазақ халқының өткені мен бүгінін және келешегін бір арнаға тоғыстыратын «Қазақ жолы» дүниетанымдық жүйесін қалыптастыруды маңызды деп тану;.
4) Сыртта білім алып жатқан жастардың елге оралып, жұмыспен қамтылуын көздейтін «Елге қызмет» жобасы әзірленсін;
5) ҚР БҒМ №127 бұйрығымен 31.03.2011ж. бекітілген «Ғылыми дәре­желерді тағайындау ережелерінің» 6-тармағының тиісті бөлігіне келесідей толықтыру енгізілсін: «Сондай-ақ шетелдік іргелі және қолданбалы ғылым саласында жарық көрген академиялық еңбекті мемлекеттік тілге аударған тұлғалар үшін рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар талап етілмейді».

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Алмабек

    Қызықты талқылау өтіпті. Жолдарыңыз болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.