«СЫБАҒАНЫҢ» СҮБЕЛІ СЫЙЫ

Елбасы Н.Назарбаевтың ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай, қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту, басқа ұлт өкілдеріне насихаттау мақсатында қаламыздағы ­«Силикат» зауытының жұмысшылары арасында «Сыбаға» акциясы өткізілді. Оны Қазақстан халқы  Ассамблеясының  Семейдегі белсенділері – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев пен «Силикат» зауытының директоры Борис Адианов ұйымдастырды.

Аталған мекемеде мемлекеттік тілді үйренсем деген өзге ұлт өкіл­деріне жиырма жылдан астам қазақ тілі пәні жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылдан бері осы мекемеде ұстаздық етіп келе жатқан Жұмагүл Қайырбекова арнайы келген қонақтарды сабаққа қа­ты­су­шылармен бірге қарсы алды. Кезекті сабақтың тақыры­бы – «Латын әліпбиімен таныстыру». Тың­­даушылардың сабаққа ынтасы, құлшынысы бірден көзге түсті. Мемлекеттік тілге деген ықы­лас­тарын байқатты.
Басқосуда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, ғалым, қоғам қайраткері Зейнолла Тоқаев, қалалық ардагерлер қоғамының төрағасы Амантай Доғалақов, №8 мектеп кешенінің директоры ­Айдын ­Байсарин және т.б. сөз сөйлеп, сыбаға сөзінің мән-маңызына тоқталды.
Сыбаға – құрметті қонаққа ­немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет мүшелері, тағам. Қазақ халқы мал шаруашылығымен айна­лысқан, қыста соғым сояды. Соғым кезінде ауыл адамдары бір-біріне сыбаға беретін болған. Осы жайлар кеңінен насихатталып, ежелгі салт-дәстүріміздің осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқаны айтылды.
Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның мүшесі, өнерпаз ұстаз Ғабдулхақ Ахунжанов шәкірті Эрик ­Хайбуллинмен қосылып қазақ, ­татар, орыс тілдерінде бірнеше ән орындап, бас­қосуды көңілді кешке ­айналдырды.
Кеш соңында зауыт ­директоры Борис Адианов сыбағаның ­рухани үлгісін көрсетті. Ол зауыт жұмыс­шы­лары мен көршілес №8 мектептің ұжымына республикалық «Ана тілі» газетінің 80 данасын жаздырып бергенін мәлімдеді.
Бұған ризалығын білдірген Орал Шәріпбаев алдағы уақытта бұл істің жалғасын табатынын, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттауда мұндай игі шараның өзге ұжымдарда да ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

Мұрат Әлин,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

СЕМЕЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.