ТЕЛҚОҢЫР

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Екі мәрте Еңбек Ері, шопан ата Жазылбек ҚУАНЫШБАЕВТЫҢ
егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбай туралы бір үзік сыр

…Алыстан байқап келеміз. Паркке жақындағанда алдымыздан бір алып бейне асқақтай көрінді. Жолбасшы жігіттеріміздің бірі, аудандық әкімдіктегі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Мақсат Сейдалиевтің түсіндіруінше бір кездегі «Шопаната», қазіргі «Жазылбек Қуанышбаев» ескерткіші осы екен. Бұл жерде біз «бір кездегі» деген сөз тіркесін текке қолданып отырғанымыз жоқ. Білетіндердің айтуына қарағанда, биіктігі астындағы тұғыртасымен қоса есептегенде 5 метрдей болатын монумент алғаш рет ашылғанда, онда «Шопаната» ­деген жазу тұрыпты.

2006 жылдың жазы. Жолсапардамын. №4-ші Астана – Алматы жүрдек пойызы Шуға таң ата жетеді екен. Ал менің барайын деп келе жатқан жерім – Мойынқұм. Ол біз жақындап кеп қалған аталмыш стансаның өкпе тұсы. Сондықтан мана күндіз хабарласқан адамдарыма берген уәдем бойынша осы жерден түсіп қалуым керек.
Солай еттім де.
Перронда мені ұзын бойлы, аққұба жігіт қарсы алды. Өзін: «Аудан әкімінің орынбасары Бәкен Тұрарқұлұлы Бейсебаев» деп таныстырған ол: «Бұрын Мойынқұмда болып па едіңіз?» деді әңгімеге тартып.
– Жоқ. Бірінші рет келе жатырмын, – дедім мен.
– Іссапарыңыздың мақсатын білуге бола ма? Егер айып етпесеңіз жол үстінде оны да айта отырсаңыз. Өйткені соған орай жоспар құрсақ деген ой ғой менікі.
– Дұрыс-ақ. Мақсат та, міндет те біреу бауырым. Ол – ­шопаната Жазекеңнің, атақты ­Жазылбек Қуанышбаевтың егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбайды көру. Кезінде қарияның бір перзентке зар болып, құдайдан мойнына бұршақ салып жүріп тілеп алған тұяқтары емес пе еді олар. Міне, сол егіздер қандай жігіт болып өсіп, нендей кәсіппен шұғылданады екен, соны біліп, өздерімен ауызба-ауыз сөйлесу. Әңгімелесу. Одан басқа ешқандай шаруам жоқ, айналайын!
– Міне, қызық! – деді осы мезетте манадан бері мәшинесін ұршықтай үйіре үнсіз айдап келе жатқан жүргізуші жігіт. – Мойынқұмда қанша жылдан бері тұрып, жұмыс істеймін. Бірақ Жазекеңнің сіз іздеп келе жатқан ұлдарының егіз екенін білмеппін. Оларды мен ағалы-інілі адамдар деп жүрсем, бір күнде туған төлдер екен ғой.

Осыдан кейін мәшине ішінде тым-тырыс тыныштық орнады да іле әңгіме қайта жандана бастады. Серіктерім сұрақ қояды, мен оларға қадери-халімше жауап беруге тырысамын. Сауал мазмұны негізінен: «Шопаната Жазылбек Қуанышбаев алған қос Алтын Жұлдыз белгісі – Социалистік Еңбек Ері деген атақ қашан, қалай пайда болған? Оны алғаш және соңғы рет алған қазақтар кімдер? КСРО құлағанға дейінгі 70 жыл ішінде бұл жоғары награданы республика бойынша қанша адам иеленген? Солардың ішінде Жазекең сияқты кеудесіне екі «Алтын Жұлдыз» таққан қандастарымыз нешеу?» деген сияқты тақырыптарға саюда.
Біздің білуімізше, 1938 жылы өмірге келген бұл атаққа ең алғаш рет Ақмола облысының азаматы Ж.Асайынов деген ағамыз ие болған. Ол кісі аталмыш марапатқа бейбіт кезде емес, Ұлы Отан соғысындағы еңбек армиясының сапында жүріп, 1943 жылы Ленинград бағытындағы өте маңызды темір жол торабын мерзімінен бұрын пайдалануға берудегі жанқиярлық жұмысы үшін қол жеткізген. Ал оны соңғы рет алған адам ол – күміс көмей, жез таңдай атақты әнші Бибігүл Төлегенова апамыз. Бұл КСРО атты алып империяның ыдырап жатқан 1991 жылғы желтоқсан айы еді. Енді: «Кеңес Одағы кезінде біздің респуб­ликамыздан осы атаққа қанша адам ие болған?» деген сауалға келсек, оны 1984 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Социалистік Еңбек Ерлері» атты қос томдық кітаптан анық білуге болатын сияқты. Онда қазағы мен орысы, оймауыты бар 1658 адамның аты-жөні келтірілген. Одан кейінгі 6 жылда Қазақстан еңбекшілеріне бұл атақ онша көп бұйыра қойған жоқ. Ары кетсе 5-6 адам алған шығар, бірақ одан көп емес. Себебі 1985-1991 жылдар аралығы М.Горбачев билік құрған, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы мен басқа да себептерге байланысты оның ішіне қан қатып, біздің республикамызға қырын қараған кезі-тін. Ал: «Қос Алтын Жұлдызды қандастарымыз кімдер?» десек, оның саны Қазақстанда төртеу де одақтас республикада біреу екені еске түседі. Олар: Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Дінмұхамед Қонаев (үш рет!) және өзбекстандық қазақ Жабай Балиманов. Осы ағаларымыздың ішіндегі өмірбаяны бәрімізге онша көп белгілі емес соңғы қандасымызға тоқталар болсақ, көрші елдің Тамды ауданындағы Ақтау колхозында шопан боп еңбек еткен Жабай ақсақал Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атаққа алғаш рет 1951 жылы ие болған екен. Одан кейінгі екінші «Алтын Жұлдызға» 1958 жылы қол жеткізіп, 1966 жылы 73 жасында сол Өзбекстанның Ажырық елді мекенінде өмірден озған.
Біз міне, осындай жәйттерді кезек-кезек сөз ете отырып, Мойынқұмға қалай келіп қалғанымызды байқамай да қалыппыз. Әкімдікте аудан басшысы Оңдасын Жиенқұлов қарсы алды. Ол өте қарапайым, болмыс-бітімі педагогтарға ғана тән пара­саттылыққа ие, бет-әлпетінде еш­қандай жасандылық жоқ, қимыл-қозғалысы көзіміз көріп жүрген көп көкелеріміздегі кердеңдіктен ада, мінезі жібектей жан екен. Осыған қарап оның бұған дейінгі қызмет баспалдақтарынан асығыс аттап емес, абайлап, яғни бәрін де басынан бастап біртіндеп басып өткен білікті маман, нағыз халық ортасынан шыққан адам екенін байқағандай болдық.
– Мұнда келген мақсатыңызды түсіндім. Сондықтан әңгімені тек іссапар тақырыбына бұрар болсақ, мәселе былай, – деді Оңдасын Елубайұлы. – Біздің осы өңірден кезінде Жазекең бастаған 9 Еңбек Ері шыққан. Ал бұл дегеніңіз Қазақстандағы көп ауданның қолы жетпеген жетістік. Соны ескеріп, осы Мойынқұм жерін 20 жылдан астам уақыт басқарған Айтбай Назарбеков деген абзал ағамыз бүгінгі ұрпаққа бір керемет істі бітіріп беріп кетіпті. Ол бұл кісінің сонау 80-ші жылдардың соңында сәулетшілер мен мүсіншілерге арнайы тапсырма бергізіп, басы «Шопаната» деген монументтік ескерткіштен тұратын, ал соңы «Батырлар аллеясы» деп бітетін жоғарыдағы Еңбек Ерлерінің бюсті бейнеленген ке­шенді орнатқызғандығы. Қазір біз патриоттық тәрбиенің құрамдас бөлігі болып табылатын осы ескерткіштер ансамбліне қарап: «Заманның кең кезіндегі қолға алынған сол шараның өз уақытында біткені қандай жақсы болған!» деп бәрін де ризашылықпен еске аламыз. Жүріңіз, орталық парктегі сол жерді сізге көрсетейік. Өйткені онда Жазекең мәңгілікке дамылдаған. Қарияның зираты сол жерде. Тағзым етейік.
…Алыстан байқап келеміз. Паркке жақындағанда алдымыздан бір алып бейне асқақтай көрінді. Жолбасшы жігіттеріміздің бірі, аудандық әкімдіктегі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Мақсат Сейдалиевтің түсіндіруінше бір кездегі «Шопаната», қазіргі «Жазылбек Қуанышбаев» ескерткіші осы екен. Бұл жерде біз «бір кездегі» деген сөз тіркесін текке қолданып отырғанымыз жоқ. Білетіндердің айтуына қарағанда биіктігі астындағы тұғыртасымен қоса есептегенде 5 метрдей болатын монумент алғаш рет ашылғанда, онда «Шопаната» ­деген жазу тұрыпты. Ал кейін Жазекең бақилыққа аттанып, денесі осы жерге қойылған соң тұғыртастағы анықтама қаңылтырды бұрандасынан босатып алғанда, оның астынан ­«Жазылбек Қуанышбаев» деп жазылған сөз шыға келген. Осы жерде бір жағынан тірі кезінде көзін бақырайтып қойып орнатқан ескерткішті ақсақал қалай қабылдайды деген ұлттық менталитет-тен туындаған сақтықты символдық ұғым арқылы шешкен, екінші жа­ғынан заман ертең қалай болады, бәрі де жетіп-артылып тұрған мынадай молшылық кезде қарияға қам қылсақ артықтық етпес деген қос ойды қатар ұстаған сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің тапқырлығына тәнті болғандайсың. Соның нәтижесінде ол кісі әрі халық ұғымындағы шопанатаны да, әрі оның өмірде бар бейнесі Жазылбек Қуанышбаевты да көзге анық елестететін монументті қоладан құйғызып тұрып орнатып кеткен.
Осындай әңгімелерді тыңдай келіп, ескерткіш түбіндегі ата ­зираты шетіне тізе бүктік. Сол сәтте бізбен бірге осында еріп келген атақты құсбегі Жапар Сатылғанов зауылдатып тұрып құран оқыды дейсіз. Дауыс мақамы жүйке-жүйеңді босатады. «Бұл да бір дұрыс, иманды іс болды» дедік біз ішімізден. Сөйттік те құран аяқталғаннан кейін бетімізді сипап, кезінде Жазекең тұрған, қазір ұрпақтары тіршілік кешіп жатқан еңселі үйге бет алдық.
…Аулада бізді қарияның кемпірі Әлімхан апа мен ұлы Тойшыбай қарсы алды. Алғашқы аман-саулықтан кейін: «Қойшыбай қайда?» деп сұрадық. «Таразда тұрады, әйелі, бала-шағасымен бәрі сонда» деп жауап берді әжей. Содан кейінгі әңгімеден ұққанымыз, Әлімхан апа зейнеткер, баласы – аудандық ішкі істер басқармасы бастығының көмекшісі, ал оның келіншегі осы Мойынқұмдағы Жазекеңе арналған мұражайдың меңгерушісі екен.
– Мен өзім осы облыстың бұрынғы Луговой ауданындағы Аспара елді мекенінің тумасымын қарағым, – деп бастады әжей әңгімесін. – Әкем Байділда үш ағайынды кісі еді. Үшеуі де соғысқа кетіп, одан қайтіп оралмады. Анам Қойлықыздың майданнан қара қағаз келген сол 1943 жылдан бастап көрмеген азабы жоқ. Балалары біздер үшін ол кісінің отқа да, суға да түскен жайы бар.
– Жазылбек атамызға қашан, қалай қосылып едіңіз? Оған не себеп болды деп ойлайсыз?
– 1965 жылы. Соғысқа кеткен әкемізден бір ұл, екі қыз қалдық емес пе. Шешем екеуміз міне, соларды жеткіземіз деп жүргенде менің жасым 28-ге келіп, «отырып қалған қыз» атанған жайым бар. Ал аталарыңның 64-тегі кезі болатын. Бәйбішесі ­Жайшыбала құрсақ көтермей, бір перзентке зар болып жүр екен.
– Қойшыбай мен Тойшыбай қа­рияның сол көптен күткен тұңғыш­тары ғой шамасы.
– Жоқ. Аталарыңның босағасын аттағаннан кейін бір жылдан соң ­Рашид деген ұл баламыз өмірге келді. Денесі аппақ борықтай, үлкен қара көзді, торсық шеке сол сәбиімізге көз тиді-ау деймін, алты айдан кейін шетінеп кетті. Ғайыптың құсы деген… Сөйтіп жүргенде 1967 жылғы наурызда бәрімізді қуантып Қойшыбайым мен Тойшыбайым өмірге келді емес пе.
– Есіңізге түсіріп көріңізші… Бұл балалардың кіндік шешесі кім? Егіздеріңіздің аты қалай, қандай жағдайда қойылып еді?
– Толғақ қатты қысып, Бірлік ауылындағы ауруханаға түскенімде, мені қарсы алып, бақылауға алған Жұлдызай Әбішова деген медбике мен бір неміс келіншегі екендігі әлі күнге жадымда. Кіндік шеше атанған да сол екеуі. Кейін білсем, қос перзен­тім жерге шыр етіп түскеннен кейін бір сағаттан соң медбикелер шалды телефонға шақы­рып, сүйінші сұраған ғой. Сонда аталарың әлгі екеуінің әрқайсысына бір қой, бір ешкіден атап, ол малдарды үйлеріне бірден жеткіздіртіп беріпті. Ауруханада үш-төрт күн жатып, қол-аяғымды бауырыма жинаған соң, мені үйге шығарып алуға шалдың бәйбішесі Жайшыбала келді. Сонда: «Апа, міне мынау сіздің ұлыңыз. Құдай алдында сұрауым жоқ. Шын айтамын. Алыңыз!» деп егіздің жарық дүниеге келген алғашқысын әлгі кісіге қарай икемдедім. Мына сөзді естігенде жарықтық есі ауған адам сияқты теңселіп кетті де аңырап жылаған күйі мені құшақтай алды. Содан біраз уақыт өткеннен кейін екеуміз екі баланы құшақтаған күйі үйге келіп кірдік. Құтты болсын айтушы кісі көп екен. Солардың алдында аталарың қос перзентіне ат қойды. «Қойшыбай мен Тойшыбай болсын», – деді көзі жасаурай толқып. Сөйтіп, балаларымның есімдерін әкесінің өзі қойған шырағым. Бұл анық нәрсе.
Әлімхан апа осы сөздерді айтып болды да: «Тағы қандай сауалың бар?» дегендей бетіме барлай қарады. Мен бірауық терең ойға кеттім. Көз алдыма 1992 жылдың 4 қаңтары келді. Дәл сол күні мен Димекеңнің, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың алдағы келе жатқан 80 жылдық мерейтойына байланысты ақсақалдан сұхбат алуға барған едім. Сондағы ол кісіге дайындап апарған 12 сұрақтың ішінде: «Диқанбаба Ыбырай Жақаев, шопаната Жазылбек Қуанышбаев, қазақ ауыз әдебиеті Могиканының соңғы тұяғы Кенен Әзірбаев… Осы кісілермен алғаш рет қалай таныстыңыз? Сізбен кезінде бұл адамдардың тағдырын байланыстырған не нәрсе еді?» деген сауал да бар болатын. Бұған Димекең: «Жазылбек Қуанышбаев менің есімде төрт түлік малдың киесі, сайын даланың иесі ретінде сақ­та­лып қалды. Ол кісіні исі қазақ бала­сының бағы мен бақыты бір басынан байқалатын кеңпейіл қария деп те айтуға болады. Мен Жазекеңмен көп әңгімелесетінмін, ол еңбек ететін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына жиі барып тұратынмын. Атақты шопанның мұрагері – егіз ұлдар Қойшыбай мен Тойшыбай дүниеге келгенде ақсақал мені сол қуаныш тойына да шақырған. Кейін әлгі қос жеткіншек қарт шопан әкесін ертіп Алматыға келді. Оқуға түспек ниеттері бар екен. Мен оларға үй жөнінен жәр­дем бердім» деп жауап берген еді.

Димекең: «Жазылбек Қуанышбаев менің есімде төрт түлік малдың киесі, сайын даланың иесі ретінде сақ­та­лып қалды. Ол кісіні исі қазақ бала­сының бағы мен бақыты бір басынан байқалатын кеңпейіл қария деп те айтуға болады. Мен Жазекеңмен көп әңгімелесетінмін, ол еңбек ететін Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына жиі барып тұратынмын. Атақты шопанның мұрагері – егіз ұлдар Қойшыбай мен Тойшыбай дүниеге келгенде ақсақал мені сол қуаныш тойына да шақырған. Кейін әлгі қос жеткіншек қарт шопан әкесін ертіп Алматыға келді. Оқуға түспек ниеттері бар екен. Мен оларға үй жөнінен жәр­дем бердім», – деп жауап берген еді.

Жазекеңнің қара шаңырағын­да отырып мен сол сөзді есіме алдым. Есіме алдым да үй иелерінен: «Сіздер сол жүздесуді білесіздер ме? Білсеңіздер кеңірек айтып беруге қалай қарайсыздар?» деген өтініш білдірдім.


– Иә, ол жәйттен хабардармыз, – деді Әлімхан апа. – Қойшыбай мен Тойшыбай Мойынқұмдағы орта мектепті бітірген соң аталарына: «Алматыға барып оқуға түсеміз» демей ме. Шал екі ұлды жетектеп алып Димекеңнің үйіне ат басын тіремей ме. Мәселенің мән-жайына дұрыс түсінбеген бе, жоқ әлде басқа бір ойдан арыла алмай отырған ба, әйтеуір үлкен кісі: «Тү-у, Жазеке-ай. Сіздің осындай шаруаңыз бітпей-ақ қойды ғой» депті. Сонда аталарың: «Бұл жерде сіздікі, біздікі дейтін ештеңе жоқ, қарағым Димаш. Біле білсең менің балам, бүкіл Қазақстанның баласы, сенің де балаң. Сондықтан…» дей бергенде: «Түсіндім… Түсіндім, ақсақал. Қанша бала болса да әкеле беріңіз. Мен айтқан тілегіңізді орындаймын» депті күліп. Егіздердің бірі Қойшыбай – зоотехникалық-малдәрігерлік институтына, екіншісі Тойшыбай – ҚазҰУ-дің Заң факультетіне сол жолы осылай түсті емес пе. Ал үй мәселесіне келсек, ол да рас. Димекең шалға: «Оқудағы балаларыңызға келіп жүргенде қонақ үйді сағаламай осында тұрыңыз», – деп төрт бөлмелі үй берген. Басында бәрі дұрыс еді, кейін оны ұқсата алмадық. Туыс қызымыз: «Үй-жайым жоқ. Кіре тұрайын», – деді де артынан бәрінің басына су құйды. Қайтеміз, қолдан келер қайран жоқ. Бас аман болсын дедік те қойдық.
– Қазір қалай тұрып жатырсыздар?
– Құдайға шүкір. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей… Ел не көрсе біз де соны көрудеміз. 90-жылдардың басында отбасымыздың қатты бір қиналған кезі болды. Электр жарығы тапшы, еңбекақы мен зейнетақы уақытылы берілмей жатқан кез еді ғой ол уақыт. Сондай күндерде алты бөлмелі мына әңгередей үйді жылытуға мүмкіндік болмады. Көмір де, ағаш отын да тапшы. Екі қыс бойы дірдектеп шықтық. Содан кейін бұл үйді сатып, шағын бір баспанаға көшуге әрекет жасадық. Үй сатылады деген хабарды ауданға прокурор болып келген жігіт естіп: «Қазірше кіре тұрайық, ақшасын көктемге таман берейік» деді. Біз келістік. Сөйттік те осы көшенің келесі бетіндегі шағын үйге барып орнықтық. Сол-ақ екен екі немеремнің мазасы кетті. «Түсіме атам кірді, – дейді Еркебұлан. – Есіктің алдында мұңайып отыр екен. «Ата!» десем бұрынғыдай мейірленіп қарамайды». Екінші немерем Нұрлан да осындай бірдеңелерді айтады. Бір күні үйге прокурордың өзі келмесі бар ма. «Түн болса болды, терезені біреу таяғымен тарсылдатып қағады да тұрады. Далаға шықсақ ешкім жоқ. Не өңіміз, не түсіміз екенін білмейміз. Сіз бен бізге өкпелеп жүрген ақсақал емес пе екен? Ренжімеңіз. Біз басқа үйге көшейік» дейді ол. Сөйтіп шалымның шаңырағына қайтып келген жайымыз бар. Мұның бәрі 90-шы жылдардағы қиындықтан туған шарасыздық қой қалқам. Әйтпесе аруақты алаңдатып нем бар. Қазір құдайға шүкір, жақсымыз. Ауылдағылар үшін бұл күндегі ең үлкен байлық ол – балалардың жұмыс істегені ғой. Ұлымның да, келінімнің де қызметі бар. Соған таубе дейміз.
Әлімхан апа осы сөздерді айтты да бір сәтке үнсіз қалды. Мен анасының қасында отырған Тойшыбайға қарадым. Мінезі жұмсақ, салмақты, момын жігіт екені бірден көрініп тұр.
– Ал, батыр, сен не айтасың? Атаң туралы апаңның айтқандарына алып қосарың бар ма? – дедім мен оған.
– Жоқ. Бұл кісінің әңгімесінің бәрі дұрыс, – деді ол жөткірініп қойып. – Осылай, өзіңіз көріп отырған­дай тірлік кешіп, жүріп жатқан жайымыз бар, аға. Үйімізге сіз сияқты адамдар көп келеді. Атамыз туралы есімізде қалған жәйттерді сұрайды. Көңілі толмай ренжіп кете­тіндері де бар. Жазекеңнің атағын шығармадыңдар дейді… Ол кісі өзінің атағын өзі шығарып кеткен адам ғой. Түсінбейміз, не талап ететіндерін.
– Ондай сөздерге ренжімеңдер айналайын, – дедім мен Тойшыбайға. – Бір қазақ екінші қазаққа ақыл айтып кетпесе, ішкен асы бойына сіңбейді. Сендердің мына шаңырақты ұстап отырғандарың, аналарыңды әлпештеп бағып-қаққандарың, қарияның атына жаманат келтірмей өздеріңді өздерің дұрыс ұстап жүргендерің үлкен мәртебе. Бай да, бағылан да болмай-ақ қойыңдар. Адам болыңдар! Одан артық ештеңенің керегі жоқ.
Осы сөздерді айтқан мен үй иелерімен қоштасып, қақпаға қарай аяңдадым. Қонақ үйге келіп жолға жиналдым. Аудан орталығынан шығып, сәл ұзаған соң жүргізушіден мәшинені тоқтата тұруды өтініп, жол шетіндегі құмдауыт төбеге шықтым. Ойым – Жазекең туған, өмір сүрген өңірге көз тоқтата асықпай бір қарау. Сөйтіп тұрғанда есіме 80-жылдардың ортасындағы «Лениншіл жас» газетінде болған ғажап әңгіме есіме түсті. Осы редакцияда өзімізбен бірге жұмыс істейтін Қуаныш ­Жиенбаев деген әріптесіміз Жазекеңнің ­ауылы Мойынқұмның қып-қызыл құмындағы қызанақтай болып өскен Әтіркүл атты қызын алған жігіт еді. Қайын жұртына жиі келіп тұратын ол осы жерден естіген бір әңгімені жырдай етіп былайша айтып бергені бар.
1981 жылы Ыбырай Жақаев ­90-ға жақындап қайтыс болады. Ал Жазекеңнің жасы 85-те екен сол ­кезде. «Барамын, бармасам болмайды, – депті аупарткомның бірінші хатшысына. – Өз қолыммен барып бір уыс топырақ салайын, ағама көрсеткен соңғы жақсылығым сол болсын. Несіне қорқақтайсыңдар, жолдың алыстығын көтере алмасам, Ыбекеңнің қасында-ақ жатармын. Қазақтың кез келген жері туған топырағым емес пе?!»
Содан Мойынқұмнан шыққан топ Шымкентке жетіп, Түркістаннан өтіп, Жаңақорғаннан асады. Шиеліге жақындайды. Ыбекең тұрған көше де көрінеді. Сол-ақ екен, көз жасына ие бола алмаған Жазекең көлікті қаралы үйге 40 қадам жеткізбей тоқтатады. Сөйтеді де: «Алдымдағы ақылшым еді, ағам еді, данам еді» деп туыстарына келіп көрісіп, жиналғандарға сай-сүйекті сырқыратар сөздер айтады.
Қайран қазақтың қарттары-ай десеңізші. Бірінің қадірін бірі өте жақсы білген мұндай адамдарға қалай басыңды имессің. Қалай рухына тағзым етпессің. Қазіргі саясаттанып кеткен шалдарда осының жұғыны қалды ма екен, әлде қалмады ма екен. Әй, қайдам.
Мен құмды төбенің басында тұрып осыны ойладым. Ойладым да Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесіндегі бас кейіпкер Хамиттің орман ішінде өзіне ойда жоқта келіп соқтыққан Кудря сияқты қара күш иесімен күні бойы сілкілессе де итжығыс түсіп тарасатыны есіме түсті. Сонда оның өзіне-өзі көңілі толмай назаланып: «Қайдасың, Қажымұқан? А-а! Қайдасың?!» дейтіні бар емес пе. Сол эпизодты ойыма алған мен: «Қайдасың, Жазеке?» деп күбір ете түскенімді өзім де байқамай қалдым. Даусым құмығып шықты. Оны даланың екілене соғып тұрған есер желінен басқа ешкім естіген жоқ.
Ал Мойынқұм маңқиған күйі мұ­нарлана мүлгіп жатыр…
…Бұл 2006 жылдың жазы еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.