Ақ тулы ЖАБАЙ БАТЫР

Ұлтмыздың бірегей тұлғаларының бірі Жабай Қазыбекұлы ұрпақтары таратқан шежіре мен тарихи деректерге сүйенсек, ол 1728 жылы өмірге келіп, 1810 жылы бақилық болған. Баба өмірін зерделеп зерттеген Еркебай Бүрлібайұлы мен Ерген Махатбайұлының жазуын­ша, оның кіндік қаны қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау елді мекені маңына тамған. Түпкі тегі Бораш мырза атанған ұлы бабадан тарайды. Ол кісіден Құбасай туылған. Сіргелі атауы осы Құбасай аталған тұлғаға тікелей қатысты екенін де оқырманның есіне сала кетсек жөн болар. Құбасайдан Райс би, ары таратсақ Ақсиық, Таңатар, Тәжімбет, Әжімбет молда, Алыбай батыр, Есназар, Ш­орман, Қараша, Қазыбек қажы, ­Жабай атаға тікелей келіп тіреледі.

Жабай тоқсаба әулиенің ұрпағы Нұрболат Ергенұлы анасы Майра Оразбайқызымен
Жабай тоқсаба әулиенің ұрпағы Нұрболат Ергенұлы анасы Майра Оразбайқызымен

Сіргеліден тарайтын Жабай атаның шыққан тегі – қалың қазақтың қабырғалы көне руларының бірі. Аңыз бен нақты деректерді ұштастыра қарасақ, Ойсыл (кей деректерде Ойсын) ұрпақтары іргелі ел екендігі әйгілене түседі. Солардың арасынан шыққан Бораш мырза хан әскерінің қызметінде қолбасшы лауазымында болған. Бұл – жазба дерек емес, шындыққа жақын шежірелік аңыз. Оның шындыққа жақындығын Л.Гумилевтің «Хұндар» («Қазақстан» баспасы, 1988 ж.) кітабынан табамыз. Онда Сіргелі тайпасы мен одан тарайтын кейбір рулар туралы айтылады. Әбілмәжін Жұмабаев пен Пернебек Бейсенов аударған нұсқада былай деп жазылады: «Сіргелі – тайпа, Ұлы жүз құрамындағы 11 арыс елдің бірі. Қазақтың барлық шежіре деректеріне қарағанда Үйсінмен бірге туған… Бізге жеткен жазба деректерде Сіргелі атауы алғаш рет Рузбеханның «Михман наме-и Бухара» шығармасында ХV ғасырдың аяғынан ХVІ ғасырдың басынан белгілі. Мұнда қазақтар Итильдің (Еділдің) бойын­да көшіп жүрді» деп нақтылай түседі. Бұдан ары қарай Л.Гумилев ертедегі жазба деректерге сүйеніп: «Ноғайлыда аталатын бір тайпаның бірі – Сіргелі» деп жазады. Демек, сол ғасырдағы белгілі тайпалардың бірі болса, онда Сіргелі тарихы тым тереңде жатқаны күмәнсіз. Бұған қоса Сіргелі ұрпақтарының Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кеткенін айтсақ та жеткілікті. Сіргелі Елшібек батырдың ұрпақтары Екібастұз маңында өмір сүріп жатқанын біреу біліп, екеу білмейтіні анық. Сол маңда Сіргелі тоғайы, Сіргелі құдығы, Семейдегі Абыралы ауданында Сіргелі төбесі, Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов ауданында үш бірдей Сіргелі ауылы болғандығы белгілі.
Өзбекстаннан Худоерхонзода автор­лығымен шыққан «Анжум ат-таворих» атты өзбек тіліндегі мұрағаттық зерттеу кітабында Абылай хан қалмақ шайқасынан кейін Дулат, Сіргелі елдеріне Ташкент төңірегіндегі жерлерді бөліп бергендігі баян етіледі. Атап айтқанда, Ташкенттің шаһарын төртке бөліп, соның Шайхантәуір бөлігін Сіргелі еліне беріпті. Бұл қалмақ-жоңғар соғысына Сіргелі елінің үлкен үлес қосқандығын көрсетеді.
Қазіргі Қызылорда облысының аумағындағы Талас өзенінің табанынан Түгіскен жеріне қарай «Бозарық» деген канал суы ағады. Осы каналдың қазылуына Сіргелі руының азаматтары көбірек еңбек сіңіргендіктен, кейінірек сол су жүйесі «Сіргелі арығы» деп аталған. Ол араны Сіргелі Керімқұл датқаның ұрпақтары әлі күнге қоныс етіп келеді.
Өзбекстан аумағында да Сіргелі ­руына қатысты жер мен ел атаулары жиі кездеседі. Кеңес дәуірі кезінде Ташкенттің батыс жағынан салынған темір жолдың бойындағы бір разъезге он екі ата рулы елдің түпкі атасы атанған Құбасайдың аты берілген еді. Өйткені Сіргелінің түпкі бабасы саналатын адамның бейіті сол жерде жатқаны белгілі. Разъезд де Құбасайдың атымен аталатын. Бұл атау өзбек ағайындардың бұрмалауымен 1970 жылдардан кейін алынып тасталды. Дегенмен, сол кездері сызылған темір жол картасында «Құбасай разъезі» деген атау сақталып қалған. Іздегенге архивтерден бұл картаның табылары сөзсіз.

Жабай тоқсаба әулиенің өзі пайдаланған мөрі
Жабай тоқсаба әулиенің
өзі пайдаланған мөрі

Кеңес дәуірі кезеңінде Ташкенттің Қойлық базарына қарайғы бағытында Сіргелі атымен аталатын шағын аудан болатын. Қазір өзбек ағайындар оның да атын өзгертіп, «Сиргали» («Сырғалы») деп атап жүр. Дегенмен, бүгінге дейін сол жерде өмір сүретіндердің арасында «Біз Сіргелі ұрпақтарымыз» дейтіндер әлі де кездеседі.
Сіргелінің іргелі ел, көне тайпалардың бірі екені әйгілі Сүйінбай ақын мен қырғыз жырауы Қатағанның айтысында да айтылады:
«…Одан да ары Сіргелі,
Ол да бір жұртым іргелі.
Батырлары шетінен,
Теке жәуміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені» дейді атақты Сүйінбай.
Осыдан-ақ Сіргелінің қазақ арасын­дағы ірі тайпалардың бірі екендігін айқын аңғаруға болады. Сүйінбайдың бұл айтқанын әңгіме арқауына айналған рудың бас ақыны атанған Төлеш «Сөз айтсам он екі ата – Сіргеліден» деген толғауында тірілте түседі.
Сөз айтсам он екі ата Сіргеліден,
Жұрт еді кең тараған ілгеріден.
Бұл елде батыр да мол, дана да мол,
Айтайын мен соларды жөн-жөнімен…
Бұл толғауда он екі ата Сіргелі тайпа­сының алпысқа жуық тарихи тұлға­ларының есімі аталған. Олардың арасынан Абылай хан заманындағы әйгілі мыңбасы Қарабатыр атанған Тілеулі бабаның есімін ерекше атауға болады. Сондай-ақ Мағжан ақынның «Батыр Баян» поэмасында «Сіргелі шапшаң оқтан ер Елшібек» деп жырға қосылатын батырдың даңқы бүгінге дейін ел аузынан түскен емес. Сондай-ақ Сіргелі тайпасынан шыққан атағы алысқа кеткен, даңқты тұлғаларының бірі әрі бірегейі – Жабай Қазыбекұлы.
Қасиетті Жабай ата Сіргелі тайпа­сының Алыбай (Батыр), Толыбай (Жайдақ) тармағынан тарайды. Ел басына күн туған арпалыс заманда Алыбай батыр інілері Толыбай мен Қалыбайды соңынан ертіп, қазақ ханы Еңсегей бойлы ер Есімнің жасағына қосылады. Ол 1626-1627 жылдары Қара Ертіс бойында болған қазақ-қалмақ соғысында көзге түсіп, жасақ басшысы дәрежесіне көтеріліп, қол бастайды. Оның ерлігіне сүйсінген Есім хан: «Алыбай ерім, сен енді еліңнің батыры атандың» деп жұрт алдында сый жасап, марапаттайды. Содан кейін жұрт Алыбайды «Батыр», жауға жайдақ атқа мініп шапқан Толыбайды «Жайдақ» атап кетеді. Ер Жабай – сол Алыбайдың тікелей ұрпағы.
Жабайдың бойындағы ерекше қасиетті оның бала кезінде-ақ хан аталған ұлы тұлға Төле би байқаған деген дерек бар. Бұл деректің шындығына ешкім күмәнданбаса керек. Өйткені Ташкенттің жеке дара билеушісі болған қазақтың төбе биі өзінің құзыретін көне шаһарға ғана емес, Алатау мен Қаратаудың арасындағы қалың жұртқа жүргізетін. Хандар мен батырлар, рубасылары оның келісімінсіз ел басқару мәселелерін шеше алмайтын. Әрі әділ, әрі тереңнен толғайтын кемеңгер би қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз арасында биік бедел мен абыройға ие еді. Сондықтан да еларалық, ұлысаралық, руаралық маңызды мәселелер оның тікелей араласуымен шешімін тауып жататын. Сол кездері Жабайдың әкесі Қазыбек те Сіргелі жұртының мүддесін күйттеп ұлы бидің алдына талай рет барғандығы жөнінде ел аузында әңгімелер сақталған. Сондай сапарлардың бірінде бала Жабайды әкесі атқосшыларына қосып ерте кетеді. Көрегендік қасиеті бар Төле бидің назары жасөспірімге түсіп, оның болмыс-бітімінен, көз жанарынан киесі барын аңғарады. Аңғарады да ішкі сырын көңіліне түйіп қояды. Бұл оқиға жөнінде көненің көзі болған марқұм Сарқұл Ысмайылұлы ақсақалдың айтуынша ,Төле би бала Жабайға ойлана қарап тұрып: «Мына баланың несібесі артық жаралған екен. Алла қаласа, өте қасиетті кісі болады. Екеуміздің қабіріміз Ташкентте болар. Бұл баланы бәле-жаладан, тіл-көзден аман сақтаңдар» деп бата жасаған көрінеді. Бұдан кейін де олар бір-біріне жолығып жүріпті.
Қазақтың төбе биінің Ұланбике деген қызы Сарығаш өңіріне келін болып түскен еді. Одан туылған жиені Ескелдіден кемеңгер би үлкен үміт күткендігі шежірелік аңыздарда жиі айтылады. Осындай жағдаятпен Төле би Сарыжылға мен Әлімтау өңіріне ат басын жиі бұратын болған. Қазыбек батырдың да ауылында қонақ болып, буыны бекіп келе жатқан Жабайға сын көзбен қарап жүреді.

Жабай тоқсаба әулиенің немересі Бекмұрат батырдың құбылнамасы (компасы)
Жабай тоқсаба әулиенің немересі Бекмұрат батырдың құбылнамасы (компасы)

Жабайдың әкесі Қазыбек Қарашаұлы да өз заманының айтулы азаматы, жауырыны жер иіскемеген палуан болыпты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында ел қамын жеген ерлердің бірі екен. Ташкентті билеп тұрған Төле бимен тығыз қарым-қатынас жасаған.
Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың тікелей тапсырмасымен Өзбекстан елінің тарихы мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан тұлғалар, әулие-әмбилер туралы ауқымды зерттеу жүргізіліп, жүріп өткен өмірі, олар туралы аңыз-әңгімелер жинақталды. Зерттеу нәтижесінде, Ташкент қаласынан өзбек тілінде «Тошкентнинг Табаррук зиератгохлари» кітабы жарық көрген екен. Бұл кітапта Ташкент шаһарындағы әулие-әмбилер туралы жазылған. Кітаппен танысу барысында, Жабай бабамыз туралы құнды дерек табылды. Бұл жерде өзбек халқы бабамызды әулие деп көрсетіп, Қоқан хандығында қабылдауда болғанын айтып кетеді. Сол мәтінді өзбекшеден қазақшаға аударып көрдік:
«ЖАБАЙ АТА
(Қазыбекұлы Жабай әулие)
(1728-1810)
(Шайхантауер ауданы, Көкше махалләсы, «Шайх Зайниддин баба» қабірстаны)
«Сіргелі Жабай атаның әкесі Қазыбек қажы өте білімді, шешен кісі болған дейді. Сол уақыттағы Ташкент қаласының басшысы Қазыбек атаны Қоқан хандығына бара жатқан елшілердің басшысы етіп тағайындап жібереді. Бұны естіген тоғыз жасар ұлы Жабай да өзін көппен бірге алып кетуді әкесінен өтініп сұрайды. Әкесі рұқсат бермеген соң бала Жабай керуеннің артынан жасырынып еріп, Қоқан қаласына жол тартады. Елшілер Қоқан шаһарына кіре бергенде, Қазыбек баласының еріп келе жатқаны туралы хабарды естиді. Ханның уәзірлері елшілерді үш күннен соң қабылдайтынын айтады. Сол күні түнде ханның түсіне еніп, еліне жас бала болып әулие келгені, сол құлағында кесік белгісі бар екені аян береді. Хан ерте тұрып, қызметкерлеріне алыстан келген елшілерді жедел түрде қабылдайтынын хабарлайды. Сарайға барлығы түгел жиналған соң: «Сіздер білесіздер ме, бұл жерде мықты әулие кім?» деп сұрақ қояды. Сарайда отырғандардың барлығы: «Білеміз, бұл жерде әулие сізсіз» деп бірауыздан жауап береді. Хан: «Жоқ» деп орнынан тұрып, адамдардың арасымен өтіп барып, әкесінің арқасына тығылып отырған баланы көрсетеді. Қолынан ұстап жетектеп бара жатқанда құлағының кесік жерін көріп қалады. Сарайда баламен ұзақ сұхбаттасады. Елшілермен бірге баланы бірнеше күн қонақ етіп күтеді. Қоштасар алдында баланың әкесіне білімді ғалымнан білім алуы қажеттігін айтып түсіндіреді. Өз жұртына келген соң әкесі Қазыбек баласы Жабайды оқытады. Жылдар өтеді. Сіргелі Жабай ата өз заманының ел қорғаған батыры ретінде танылады. Сіргелі Жабай атаның жатқан жері Ташкенттегі Көкшедегі «Шайх Зайниддин баба» қабірстанында орналасқан»(А.А. Мухаммадкаримов, А.Х.Обидов, З.С.Искандаров. Тошкентнинг Табаррук зиератгохлари, Ташкент, «Наурыз» баспасы, 2016, 84-б.).
Қазыбек палуан түрлі жағдайлармен отыздан асып, қырыққа қарай кеткенде үйленіпті. Ол жеңгелерінің қолқалауымен Қырбас деген қызды көруге барады. Жеңгелері қызды ертіп әкелген кезде Қазыбек оны қамшымен тартып жібереді. Екінші рет оңтайлана бергенде қыздың жеңгелері оның қолынан ұстап қалады. Сонда көріпкелдігі бар Қырбас: «Екінші сілтеген қамшыны бекер ұстадыңдар-ау, мен бұл жігіттен екі бірдей әулие перзент табар едім, әттең әулие ұлым біреу-ақ болып қалатын болды» депті. Сөйтіп, болашақ әулие Жабай жеті айлық болып дүниеге келіпті деседі. Бірақ оның киелілігі ойын баласы кезінен-ақ байқалыпты.
Бала Жабай әкесінің жанында жүріп Ташкент билеушісінің ордасында бірнеше рет болады. Сол кездері Сабалақ атымен жүрген Әбілмансұрмен танысады. Әбілмансұр қазақ ханы болған кезде Жабай оның қолдауымен Қоқан ханына қарсы жорықтарға қатысқан. Ал кемеңгер Төле би болса ел басқаруда сол жұрттан шыққан беделді, кейбір қасиеттерімен көпті аузына қаратқан адамдарға сенім артқан. Солардың бірі бойында ерекше киесі бар Жабай еді. Ұлы би ойлана келе Сіргелі руына басшылық жасауды Жабайға тапсырады. Қолына мөр беріп, Кертөбел ат мінгізеді. Кертөбел аттың тұқымы Жабай ата ұрпақтарына құт болғандығы жөніндегі аңыздар әлі күнге ел аузында жүр.
Қазақта «Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген мәтел бар. Шымыр Қойгелді де Сарығаш өңірінде дүниеге келіп, сол арада ержеткен атақты ердің бірі еді. Ол 1757 жылы Тарбағатай, Алакөл маңындағы қазақ-қытай соғысында Ұлы жүз қазақтарының қолына қолбасшылық жасайды. Сол жасақтың арасында жасы әлі отызға тола қоймаған Жабай да болады.
Қазақ-қытай соғысы туралы Тәтіқара жыраудың ұзақ толғау-жыры бар. Ерлік көрсеткендердің қатарында Жабайдың да аты айрықша аталып өтеді. Тәтіқара төкпелеп:
Жуан қарны іркілдеп,
Қытай қашып келеді.
Әзірейілдей зіркілдеп,
Жабай қуып береді.
О заманда бұ заман,
Мұндай қызық кім көрген?
Мінген аты астында
Сан бәйгеден жүлде алған,
Шабысы соққан желмен тең,
Аты шулы Кертөбел, – деп жырлайды (І.Есенберлин. Жанталас. Алматы, 2002, 452-б).
Жабай осы соғыста батыр атанады. Оны бұрыннан білетін Абылай хан 1758 жылы сарбаздарға сардар етіп тағайындайды. Бұл жөнінде тарихтың білгірі, жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» романының 288-ші бетінде былай суреттейді: «Хан кеңесі Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған Ұлы жүздің қолдары Қоқан әскерін Бадам мен Арыс өзендерінің бойында қарсы алсын деп шешті» (Бұл да сонда, 474-б.).
Демек, Жабай батыр қол басқарғанын осыдан-ақ айқын аңғарамыз. Оның сарбаздардың сардары болғандығы айқын.
Жабай баба осы Есенберлиннің «Жанталасында» айтылғандай, әскербасы болған. Жабай баба сардар болып, Дулат, Сіргелі әскерін басқарушы төрт сардардың бірі болып 1758 жылы ақ ту көтерген. Бұл ақ туды Абылай ханның өзі Жабай бабаға тапсырған. Демек, әулиенің әулеттерінде сонау 1928-1929 жылдарғы тәркілеуге дейін сақталған әулие бабаның ақ туы басқыншылардан елін қорғаған қасиетті жеңіс туы деп білеміз.
Н.Әубәкіров пен С.Бексейтов деген авторлар «Әйтеке би Байбекұлы – әділ сөздің алдаспаны» деген еңбектерінде «Әйтеке қасына Сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, Байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады…» деп Жабай бабамыз туралы айтып өтеді. Тарихи деректерге сүйенсек, Әйтеке билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп, кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып, Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан атақты тұлға. Әйтеке дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда біртуар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам. Оның есімі – қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім.
Сондай-ақ Әйтеке бидің ғұмырнама­сын кеңінен зерттеп кеткен тарихшы-жазушы Мұқадес Есләмғалиұлы да «Әйтеке би» тарихи-философиялық кітабында Жабай атамыз туралы айтып өтеді. Онда Әйтеке би мен Мүсірәлі қожа әңгімесінде:
«… – Сен сіргелі Қазыбектің Жабайын танушы ма ең?
– Тоқсаба (жасақ басы деген мағынада) Жабай ма? Өткен жылы Мәртөбеде алыс­тан көргенім бар. Тілдеспеген адамым.
– Мынау – кәміл сол. Атқа отырысы – соныкі.
– Тоқсаба ғана емес, өзінің арқасы мен көріпкелдігі бар деген не сөз?
– Жұрт солай десе, құр жаяу болмағаны да. Ал қалың жау ішінен өз жасағын талай аман алып шыққандығын аңыз қылып айтып жүргендерді өз құлағыммен естігем…» (М. Есләмғалиұлы. Әйтеке би. Алматы. «Жазушы» баспасы, 2007, 40-б.).
Бұл жерде автордың Жабай атаның Сіргелі руынан шыққандығы, батырлығы, тоқсабалығы мен көріпкелдігі туралы ақпаратты пайымдауы дұрыс болғанымен, Әйтеке би мен Жабай атаның өмір сүру кезеңдері сәйкес келмей тұр. Жабай батыр ол тұлғадан жарты ғасырдай кейін өмір сүргендігі белгілі болып отыр.
Тарихымызда Керей Жабай Қарабиұлы деген батырдың болғаны анық. Ол 1680-1748 жылдар аралығында ғұмыр кешкен ірі тұлғалы батыр екен. Керей ­Жабай Қарабиұлының туғанына 338 жылдығына орай Алматыда 2018 жылы 15 қаңтарда үлкен жиын, ғылыми конференция өткізілді. Батырдың өмір сүрген дәуірі мен батырлық ерліктері өз дәуіріндегі тарихи оқиғалармен дәлелденіп нақты зерттеулер келтірілген.
Демек, жоғарыдағы екі автордың еңбек­теріндегі Жабай батыр ­туралы айтыл­ғандар Жабай Қарабиұлына, Сіргелі ­Жабай батырына қатысы жоқ болуы ықтимал. Бұл мәселелер келешекте кеңінен зерттелсе. Әйтеке бидің жанында құрдасы болып жүрген қайсы Жабай немесе Жабай батырдың қасындағы қайсы Әйтеке би деген сұрақтар шешімін тауып тереңдетіп қарастырылса құба-құп болар еді.
Жоңғар-қазақ, қытай-қазақ соғыс­тары дамылдап, елде мамыражай заман орнаған соң қазақ ханы Абылай ескі үзеңгілесі Жабайдың қолына мөр беріп, ел басқартады. Сол заттар және кісесі күні кешегіге дейін атаның жұрағаты шымкенттік Ерген Махатбайұлының үйіндегі сандықта сақталып келгенін әулиенің ұрпақтары біледі. Ал ­Азизбек (Әзізбек) Қалшабековтың үйінде ­Жабай бабаның мөрі сақталған. Кейінірек датқалық лауазымға өзінің көзі кеткен соң ұлы Дәулетияр ие болғанын да көзіқарақты жандар айтып та, жазып та жүр.
Кемеңгер Төле би жарық дүниеден өткен соң билік Қойгелдінің қолына көшеді. Бұл уақыт қоқандықтардың қазаққа қоқаңдап, тісін батыра бастаған тұс еді. Ат жалын тартып мінген ­Жабай ел-жұртын дұшпаннан қорғау үшін күш-жігерін аямады. Қойгелдімен бірге жауымен талай алысты. Екіжүзді саясат ұстанған Ресей билігінің құйтырқы әрекеттерінің нәтижесінде қоқандықтар оңтүстік өңірін жаулап алды. Дегенмен, олар Жабай атаның қарамағындағы елге азуын тым көп батыра алмады. Киесінен тайсалды.
Кие демекші, Жабай атаның ауызы дуалы екен, не айтса да аса сақтықпен, ойланып барып айтатын көрінеді. Егер ол кісі біреуге реніш білдірсе, киесіне ұшырайды екен. Ол жасы келіп қартайған шақта ел билігі Дәулетияр деген баласына, әскер басшылығы Мамадияр деген ұлына беріледі. Әскер басшылығындағы ұлы әрі өте дәулетті көрінеді. Байлыққа мастанған оның әйелі боз биенің саумалына шомылып, кесапаттық мінез танытыпты. Әулие атаның құлағы мұны шалып, келініне наразылығын білдіріпті. Бірақ байлыққа мастанған келіні әдетін қоймапты. Сонда Жабай ата кесапат келініне ашу үстінде: «Тұқымың құрысын, тұқымың құрғыр» деп кейістік білдіреді. Содан кейін оның дүниеге келген балалары шетінен шетінеп, өзі одан кейін құрсақ көтермей қалыпты.
Жабай атаның көзі тірісінде тумалары мен туыстары, ағайын-бауырлары оның бетіне келмейді екен. Әулиенің киесінен сескенсе керек. Ол өзінің бақилық боларын үш күн бұрын болжап, әулеттерін алдына жиып, олармен қоштасыпты. Сонан соң: «Сендер мына менің балаларымдай болып кеткен Қыдырбай, Асыр, Қызылды бөле жарып қарамаңдар, көз алартушы болмаңдар. Осы шартымды бұзсаңдар, менің кием ұрады» депті. Аты аталғандар түрлі жағдаймен атаға келіп паналаған басқа елдің адамдары екен. Кейін олардың ұрпақтары: «Біз Жабай атаның төртінші әйеліненбіз» деп әулиеден тарайтын әулетке сіңісіп кетіпті.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ­Жабай әулие өзінің бақилық боларын алдын ала болжап біліпті. Сөйтіп, ағайын-туыс, жақын тумаларын жинап, өзінің үш күннен кейін мәңгілік мекеніне барып, жаны жай табатынын айтыпты. Кіндігінен тараған балалары әкелерін арулап шығарып салудың қамына кірісіп кетіпті.
Мысалы, Ерген Махатбайұлының кітабында былай деп өріледі: «Ол кісі көктемде Сыр бойындағы қыстауынан көктемдегі жайлауына көшіп келеді. Қазіргі кесене тұрған жерге келгенде, Ата көшті тоқтатып: «Мен үш күнге рұқсат сұрап едім. Онша ұзай алмадық, енді үй тігіңдер. Мен осы жерде Алланың аманатын тапсырамын. Мен дүниеден өткен соң Биесимасқа, Жанкел ақынның жанына қойыңдар, не болмаса дәл осы мен дүниеден өткен жерге қойыңдар. Бірақ ишандар, ел басшылары мені Ташкенттегі ишандар мазары Көкшеге қоятын болса, онда менің рухым Ташкентте болмайды, келешекте мені іздегендер осы мені жуған жерден іздесін. Баршаңызға ылаңдаған мал мен бедеу әйелдерге пайдам тиер» деген екен. Жабай ата жан тәсілім етер алдында кенже ұлы Шоңғарды шақыртып аузына түкірген екен. Үш-төрт жасар бала түкірікті құсып тастапты. Сонда атаның бәйбішесі құсықты жалап-жұқтап қойған екен. Әулие кісі баласы түкірікті (бәйбішесі жалап-жұқтап қойғанын білмей): «Жұтты ма, жұтты ма?» деп сұрай берген екен. Сонда сол жерде отырғандар: «Құсықты бәйбіше бала құсып тастаған соң, жалап-жұқтап қойды» дегенде, Ата: «Ойпырмай, өзім бермесем де билікті тартып алыпты ғой, билік жеті атаға дейін баратын болды ғой. Шоңғарым ақсақ болып қалдың ғой, арам жақпайтын болды. Таза жүрсең несібеңе өзім қарыздармын. Ертең Айша, Шоңғардың лайға батып жатқан лағын айдап шығарған адамды да қолдармын» деген екен.
Бәйбіше балаларына:
– Кез келген дау-дамайға барғанда қорланбай Шоңғардан бата алып барыңдар, олай етпеген күнде жолдарың бола қоймайды, – деген екен.
Шоңғар атамыз билікпен ісі жоқ, тура сөйлейтін, өзі тірі кезінде әулие атанды. Ол кісінің кереметтерін көрген біраз кісілер ауыздарының суы құрып әңгімелейді. Жабай ата Шоңғарға «Сенде әулиелік қалды. Адал жүрсең несібеңе өзім қарыздармын» деген екен. Шеңгелді станциясынан оңтүстік батыста 7 шақырым жерде, Шоңғар ата басына ескерткіш қойылған. Жабай атаға бара алмағандар Шоңғар атаға барып зиярат етеді.
Шоңғар атаның баласы Ысмайыл, Айтбайлар түрлі ауруларды дұға оқып жазатын болған. Бұлардың тақиясын беріп жіберсе, мартулап жатқан әйелдер аман-есен босанады екен.
Махатбай Айтбайұлы, Сарқұл Ысмайылұлы, кейін Төребек иттенген балаларды дұға оқып, оларға түкіріп жүрді. Сарқұл атамыздың оқуы әруақытта ем болатын. Атама көрші тұратын қожалар:
– Сіз «Ықылас» сүресін 10 рет қайталап оқып жібересіз. Сіздікі қалай ем болады? – дегенде, атамыз:
– Ем ететін Алланың құдіреті, бабамыз Жабайдың қолдауы, – деп жауап береді екен.
Кейін көршілерінің бұған көздері жетеді.
Бәйбішеден таралған ұрпақ жеті атаға дейін ел билеу ісіне араласып келеді. Дәулетиярдың ұрпақтары бек, болыс, датқа, ояз болды. Атап айтқанда: Бекмұрат – бек, Қоқан ханының мыңбасы, Бекмұраттың баласы Қалшабек – болыс, Қалшабектің баласы Махамбет – болыс, Махамбеттің баласы Аппазбек – Шеңгелді Кеңесінің 15-20 жылдай төрағасы, ­Пазылов Балхия – аудандық сот төрағасы, облыстық соттың мүшесі (Е.М.Айтбаев. «Жабай тоқсаба әулие». Алматы. 2012, 38-39 бб.). Кезінде Сүлеймен болыс, Әбдіқадір ояздың лауазымды адамы болған. Бұл да әулие жанның қасиетін айғақтай түссе керек.
Біз Жабай атаның көзі тірісінде адамдарға жасаған қызметінің ел аузындағы бірен-саранын айттық. Енді оның бақилық болған соң адамдарға тигізген шарапатына көпшіліктің назарын аударайық.
Қасиетті баба қайтыс болғанда, оның ел билеген, әскер басқарған қолбасылығын, атақ-даңқын қастерлеген қалың жұрт Ташкенттегі үлкен зираттардың біріне апарып қоюды жөн көріпті. Сөйтіп, Әлімтау даласында дүниеден өткен әулие бабаның мәйіті көз жұмған жерінде ­жуылып, сол арадан бір күншілік жердегі шаһарға жерлеуге алып кетіпті. Мәйітшілер жолда Сарыжылға өзенінің бойына түнейді. Олар таңертең ертерек тұрып қараса, мәйіт қойылған жерге бір тамшы қан тамып қалыпты дейді. Мәйітшілер сол жерге белгі қойып кетеді. Келер жылы сол араға соққан адамдар бір түп ақ шеңгелдің өсіп тұрғанын көреді. Сонымен, бабадан Әлімтау даласында екі белгі қалады. Біреуі – оның мәйіті жуылған жер, екіншісі – оны жерлеуге алып бара жатқанда түнеген орнында бір тамшы қаны тамған жер. Бұрынырақ ел осы екі жерге де сиынып, зиярат жасайтын болған. Бұл тұстан өткен жолаушылар әулиелі орынға тоқтап, Құран оқып аттанған. Дегенмен, уақыт өте келе бір түп шеңгел өскен орындағы белгі жойылып кетіп, ол жердің анық қай орын екендігін анық білетін кісілердің көзі қалмаған. Сондықтан бүгінде қасиетті бабаға сыйынатын жұрт оның денесі жуылған «Жабай белгісіне» барып тәу етеді.
Тылсым құдірет қонған бұл жерден әлі күнге жыл маусымының барлық мезгілінде де адам аяғы үзілмейді. Көбіне сәрсенбі, бейсенбі күндері зиярат етуге келіп, мал сойып, қан ағызып, құрбандық береді. Көптің айтуына қарағанда «Жабай белгісінің» басына түнеп, тәу еткен адамға әулие баба аян беріп, керемет құдіретімен оларға шапағат нұрын тигізіп жатады. Мұндай ғажайып ғаламаттарды басынан өткерген замандастарымыздың сол бір сиқырлы қасиетті таңғаларлық жыр етіп айтқанын өзіміз де естіп, біліп жүрміз.
Қасиетті бабаның нұры қалған сол орынға бүгінгі ұрпақ зәулім ғимарат салып, Самарқанның көк тасымен сән салтанатын сәулеттендірді. Қазіргі кезде мұнда келушілер қатары молайған. Шындығында, атеизм асқынып, тіпті аспандап тұрған кеңес дәуірінде де ­Жабай атаның жуғысына келіп тәу етіп жүргендерді көргендердің біразының көзі тірі. Біз де солардың біріміз. ­«Жабай әулие» атанған жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Алтай өңірі, Моңғолстан, Ресейдегі мұсылман жұртынан адамдар келіп тәу етіп жататын. Сол кездің куәгерінің бірі Еркебай Бүрлібаев есімді ел ағасы өзінің арғы атасы, әулие Сіргелі Жабай туралы зерттеуінде былай деп жазады: «Жабайдың белгісіне түнеп, оның рухын көрдік дегендер, әуелі Ташкент (жерленген жері) жақтан ақ саң көрініп, одан ақ боз атты бабаның бейнесі елестегені жөнінде айтқанын талай естідік. Ал бұрынғы Әлімтау кеңшарының молдасы Маман қарияның айтуынша, мұнда денсаулықтары нашар, кемтар жандар, перзент тілеушілер көбірек келеді екен. Кейде партия, кеңес органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің де қарапайым киініп, жасырын келіп, Құран оқытып жатқанын да байқағанбыз. Жалпы айтқанда Сіргелі Жабай атаға деген көпшіліктің сенімі, пейілі ерекше. Солай болып қала береді де».
Кеңестік дәуірдің кезінде Жабай атаның тікелей ұрпағы Рахманберді деген азамат орысша сауатты болып, ел басқару ісіне араласыпты. Сонау отызыншы жылдары ел басына нәубет келіп, елді ашаршылық жайлай бастағанда оның әйелі кесапаттық жасап, малдың ішек-қарнын суға ағызып жіберіпті. Ал Рахманбердінің өзі мақтангершілікпен ақшаға махорка орап шеккен кездері болыпты. Содан түсіне Жабай ата еніп, қатулы қабақ танытса керек. Ол сол күні таңертең орнынан тұра алмай сал болып қалыпты. Шайқап өмір сүрген әйелі мүгедек болып қалған оны тастап, қолда бар байлықты иемденіп, басқа адамға тұрмысқа шығып кетеді. Тәубасына келген ол күні-түні аруаққа жалынып, арғы бабасына сыйынумен болады. Бірде оған Жабай ата аян беріп: «Әй, балам-ай, жылап қоймадың ғой, мейлі қолыңды жая қой» деп бата жасаған көрінеді. Содан ол ауруынан құлан-таза жазылып, бертінге дейін өмір сүріпті. Басқа әйелге үйленіп, одан перзент көріпті. Оның үрім-бұтағы әлі күнге дейін ағайын арасында өмір сүріп жатыр.

Жабай тоқсаба әулиенің кісесі
Жабай тоқсаба әулиенің кісесі

Аруақты, қасиетті жандардың өздеріне ғана көрінетін пірі, киесі болады. Жабай батырдың пірі – қос жолбарыс пен ақ түйе. Бұл киелер Жабай батырға қалай келді, қай кездері көрінеді? Бұлар жайлы көнекөз қариялар, шежірешілер, ұрпақтары күні бүгінге дейін аңыз етіп айтып отырады. Жазушылар Момбек Әбдәкімұлы, Нұрғали Ораз, Шойбек Орынбай және басқа да ғалым-қаламгерлер Жабай бабаның пірлері жайлы жан-жақты зерттеп, жазып жүр.
Міне, бізді Сіргелі Жабай баба ерлігімен қатар ел ішінде аңыз болып кеткен көріпкел көрегендігі таңғалдырды. Ерекше жаратылысы жайлы естіп біліп, арнайы зерттеуді қолға алған едік.
Жабай батырға Абылай хан жеңіс туы – ақ туды салтанатпен беріп, сеніп тапсырған. Жабай қоластындағы қолының, сарбаздарының ық жағындағы қалқаны, жау жағындағы панасы бола білді. Елі, жері үшін талай-талай жорықтарға қатысып, үлкен қолбасшы, нағыз ту ұстаушы сардар екендігін ­танытты. Елдің есінде «Ақ тулы Сіргелі Жабай батыр» деген атпен есімі қалды.
«Ен-таңбасы болмаса, малды қайдан танырсың, Ақ туы егер болмаса, батырды қайдан танырсың?» деп әз Төле би айтқандай Жабай бабаның ақ туы ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып, мұндаға дейін сақталған.
Жабай батырдың қолбасшылығы, батырлығы, ержүректілігі жайлы аңыз әңгімелер қаншама?!
«Атың тайғақ болса – ақтекенің мүйізімен тағала, Заманың тайғақ болса – бір жақсыны панала» демекші, өз заманында Жабай баба бүкіл Сіргелінің пана тұтар данасы атанды. Сондай-ақ оның жанына жан-жақтан әртүрлі жағдайлармен келген басқа атаның балалары да күні бүгінге дейін еншісі бөлінбей атаның ұрпағы болып кеткен.
Сіргелі Жабай батырдың көріпкел қасиетімен бірге көсемдігі, шешендігі, турасын айтатын кемеңгерлігі жайлы да ел арасында әңгіме көп-ақ. «Адам – ақылымен бай, жер – дақылымен бай» демекші, елі мен жері үшін ат белінен түспей, жауға да, дауға да қатысып, батыр­лы­ғымен аты шығып, қолбасшы болып, Абылай ханнан Ақ туды алған Жабай баба жасы ұлғайғанда даналығымен елді тәнті етті. Бүкіл елінің ақыл сұрар абыз ақсақалы атанды. Айтқаны келген әулие, болашақты болжаған көріпкел, көреген атанды.
Аты алысқа кетіп, ел есінде аңыз болып сақталған Жабай батырдың туғанына 190 жыл толуына орай ұрпақтары бірталай игі шаралар ұйымдастырып өткізуді қолға алып отыр.
«Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы адам – ортақ» дегендей, Сіргелі Жабай батырдың сан қырлылығы жайлы жазылар жайлар, зерттеу дүниелер әлі де жалғаса берері сөзсіз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының
бас ғылыми қызметкері, жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.