ҰЛЫ ДАЛАМЫЗДЫҢ КӨНЕ САРЫНЫ

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай еліміздің барлық аймақтарында «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтуде. Аталмыш шара Павлодар қаласына да жетіп, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрында ән мен күй, жыр мен терме кеңінен насихатталды. Өнер кешінің шымылдығын көмекейі бүлкілдеп, қария сөзді жырлаған Алмас Алматов ашып, жүргізді. Еліміздің әр жерінен жиналған дәстүрлі өнер иелері ұлттық киімде, еш фонограммасыз таза дауыста ән шырқап, күй төкті. 

Белгілі композитор, термеші Жәкен Омаров Майлықожаның термелері мен өсиеттеріне халықты жетеледі. Жетісу мектебінің өкілі Шолпан Дәржанова Кененнің «Бастауын» айтты. Танымал әнші Гүлмира Саринаның орындауында бірнеше ән шырқалды. Дәстүрлі әнші Медғат Манапов Ысқақбайдың «Желдірмесін» нақышына келтіре шырқаса, Ерлан Рысқали Ақан серінің «Маңмаңгерін», ­Жанболат Байсолтан Естайдың «Құсни-Қорланын», Гүлназ Қыздарбекова Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әндерін орындады. Батыс Қазақстанның төкпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі Батыржан Мықтыбаев қызу қанды екпінді күйлердің легін тоғытты. Сондай-ақ Серік Сыздықов, Әсел Арынова, Нәзира Омар күй шертті. Ал «Ерке-Наз» ансамблі сызылтып салған әндер көрермен көңілінен орын тапты. Ұлы даланың көне сарындарын әуелеткен бұл кеште сыбызғы үні де естілді. Сыбызғышы Архат Қайраттың сыбызғысынан төгілген үн сауырын күнге сүйгізіп, керіліп жатқан кең даланың тарихын бейнелеп жатты.
Жалпы Ертіс-Баян топырағы қазақ өнерінде өзіндік орны бар ілкі дәстүрлері мен ірі мектептері қалыптасқан өңір. Атап айтсақ, Жаяу Мұса, Жарылғапберді, Бүркітбайдың Мұстафасы мен Итаяқтың Ысқақбайы, Бәйтен сал мен Иманжүсіп, Құдайберген мен Иса, Естай мен Майра, Қали Байжанов, Темірболат Арғынбаев, Тоқбай Жұмағұлов, кезінде ­Жамбыл, Динамен сахнада қатар өнер көрсеткен Балабек Ержанов, Сапарбек Қуандықұлы, дауысының сиқыры бар Байғабыл, қоңыр үнді Жабай Тоғандықов, Қырықбай әнші, күйші Рүстембек Омаров сынды дарындардың дүниеге келген жері. Осындай дара өнерпаздардың ірілерін берген топырақ. Бұл өнер кешінде осы тұлғалардың жартысының ғана есімі аталды. Ұмыт болған өнерпаздардың барлығын дерлік қамту үшін алдағы уақытта осындай концерттер жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ұлы даланың жеті қыры ашылып, өшкен есімдер қайта жаңғыратыны анық.

Айдана АЙТУҒАН
Павлодар облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.