Латын әліпбиінде диктант жазды

Былтыр елімізде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министр­лігінің ұйымдастыруымен  «Жалпыхалықтық диктант» онлайн режімде өткен болатын. Оған республиканың барлық өңірінен шамамен 1,5 млн азамат қатысты. Шараның мақсаты – қазақ әліпбиін насихаттауға, латын негізді қазақ әліпбиін тәжірибелік тұрғыдан меңгеруге дағдыландыруға бағытталды. 

Осы тақылеттес шара жақында ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында да ұйымдастырылды. Оқу орнының тәрбиелік, әлеуметтік-құқықтық және идеология жұмыстары жөніндегі басқармаға қарасты мемлекеттік тілді дамыту бөлімі ұйымдастырған дик­тантқа 1000-ға жуық әскери қызмет­шілер мен қызметкерлер қатысты.
Диктанттың мәтіні ретінде Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласынан үзінді алынды. Әскери қызметшілер латын қарпімен алғаш рет диктант жазып отырғандықтан оларға латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің кестесі ұсынылды. Экраннан латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің электрондық нұсқасы көрсетілді. Сондай-ақ жоғарыда аталған диктанттың бекітілген мәтіні аудио жазба түрінде дыбысталып, диктант жазушылардың мұқият тыңдауына жағдай жасалды. Аудио жазбадағы диктант екінші мәрте қайталап оқылып, шекарашылардың асықпай жазуына мүмкіндік туды.
Мемлекеттік тілді дамыту бөлі­мінің аға офицері Ерсін Маканчиннің айтуын­ша, әскерилердің жазған диктант жұмыстары қаншалықты емле-ережеге сай жазылғаны тексеріліп, тиісті баға қойылады.
– Бұл жерде негізгі мақсат – ­Елбасымыз бекіткен әліпбидің соңғы нұсқасына орай Тіл комитеті жасаған емле-ереженің жобасын халықпен бірге талқылау. Диктант жазу арқылы әскери қызметшілер әріптерді қалай қабылдады, мәтін жазған кезде көбіне қандай қателіктер кетеді, қандай мәселелерге мән берген дұрыс деген сұрақтарға жауап алып, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Орталық аппаратына жібереміз. Олар республика бойынша жинақталған мәліметтерді сараптап, қорытындысын шығарады, – деді Е.Маканчин.
«Ұлы даланың жеті қыры» тақыры­­бында болған диктантқа қатысқан сержант Анар Айдахунова латын әліпбиімен жазу аса қиындық ­ту­дырмағанын тілге тиек етті. «Күнделікті әлеуметтік желілерді пайдаланғанда латын графикасын қолданамын. Сол себепті айтарлықтай қиындыққа кезікпедім. Мен латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Себебі көрші Өзбекстан елі латынға көшіп, біршама ілгері істерге қол жеткізгендігін байқап отырмыз. Бұл, менің ойымша, өзге елдердің қазақ әдебиетін, мәдениетін немесе төл ­туындыларымызды оқуға жаңа серпін береді» деді сержант А.Айдахунова.
Алдағы уақытта, Алматы қалалық әкімі аппаратының тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының ұйымдастыруымен арнайы мамандар сегіз сағаттық дәріс оқитын болады. Аталмыш шараны тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр.

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз
хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. KG

    Kazak Grammar әліпбиінен артық латын әліпбиін көрмедім, kazak tili ücin eń tiyimdi jazıw KG nuskası.

  2. JAŃA ÁLİPPE

    A a — а
    Á á — ә
    B b — б
    C c — ш
    D d — д
    E e — е
    G g — г
    Ğ ğ — ғ
    I ı — ы
    İ i — і
    J j — ж
    K k — к
    L l — л
    M m — м
    N n — н
    Ń ń — ң
    O o — о
    Ó ó — ө
    P p — п
    Q q — қ
    R r — р
    S s — с
    T t — т
    U u — ұ
    Ú ú — ү
    W w — ў
    Y y — й
    Z z — з

  3. JAŃA ÁLİPPE

    Bıltır elimizde Qazaqstan Respúblikesiniń Mádeniyet jáne sport ministirliginiń uyımdastırıwımen Jalpıqalıqtıq diktant onlayn rejiminde ótken bolatın. Oğan respúblikeniń barlıq óńirinen camamen 1,5 múliyen azamat qatıstı. Caranıń maqsatı — qazaq álipbiyin nasıyqattawğa, latın negizdi qazaq álipbiyin tájiriybelik turğıdan meńgeriwge dağdılandırıwğa bağıttalğan.

  4. Аноним

    Циркуль, қаһарман, аю, ия сөздерін қалай жазамыз, Айдарды қалай жазамыз дауыссыз й жоқ қой

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.